Тұрар

Жал­пы, Т.Рысқұловтың Қазақстанда атқарған жұмыстары де­ген сұраққа толық жа­у­ап бе­ру тек бір ғана тарихшының қолынан кел­мес еді. Өйткені, Т.Рысқұловтың бүкіл са­на­лы ғұмыры мен қоғамдық-са­я­си және мемлекеттік қызметі қазақ халқының болашағы жо­лы­на бағытталды. Оның тағдыры – қазақ халқының та­ри­хы­мен еншілес. Сондықтан, Т.Рысқұловтың сан-са­ла­лы қызметі мен қажырлы қайтпас күресі, ұлтқа сіңген еңбегі көптеген тарихшылардың зер­т­теу еңбегіне жүк бо­лып келеді. Біз тек қана, басқа тарихшылардың на­за­ры­на іліне қоймаған кейбір мәселелерге тоқтала кетейік.

Мы­са­лы, Т.Рысқұлов кеңестік қазақ автономиясының ұйымдастырылуы қарсаңында оның ас­та­на­сы Таш­кент қаласы бо­луы тиіс де­ген пікірді ұстанды. Ол 1919 жы­лы күз ай­ла­рын­да ұлттық рес­пуб­ли­ка­лар құрамына өз халықтарын біріктіру мәселесін көтереді. 1917 жы­лы желтоқсанда өткен екінші Орын­бор сиезі күн тәртібіне қойған қазақ жерлерін біріктіру мәселесін ары қарай жылжытқан Т.Рысқұлов біріккен қазақ жерлерінің ас­та­на­сы ретінде Таш­кент қаласын белгілеуді үзілді-кесілді та­лап етеді. Біз бұл жер­ден Т.Рысқұловтың ал­ды­мен ұлтшыл, со­дан кейін түрікшіл болғандығын көреміз.

Сол кездегі ірі са­я­си, экономикалық, әрі мәдени-ру­ха­ни орталықтардың бірі болған Таш­кент қаласын Қазақстанның ас­та­на­сы­на ай­нал­ды­ра оты­рып, ша­шы­лып жатқан қазақ жерлерін біріктіру иде­я­сы сол та­ри­хи ке­зен­де ең ұтымды идея бо­ла­тын. Себебі, қазақ халқының жар­ты­сы­нан ас­та­мы Түркістан өлкесін мекендейтін, сон­дай-ақ көшпелі қазақ аймақтарына қарағанда халқы тығыз орналасқан, шаруашылықтың түр-түрі дамыған Түркістанға қарасты қазақ жерлері арқылы өзге қазақ жерлерін әкімшілік жағынан басқару, шаруашылығы мен тұрмысын ұйымдастырып, мәдени өміріне ықпал ету анағұрлым оңай әрі тиімді бо­лар еді.

Екіншіден, Таш­кент қаласын Қазақстанның ас­та­на­сы­на ай­нал­ды­ра оты­рып, қазақ жерінің ас­та­на­сын тұтас түрік конфедерациясының да орталығы бо­лу­ын қамтамасыз ету арқылы қазақ ұлтының алдыңғы қатарлы жетекші ұлт бо­лу­ын қалыптастыру бо­ла­тын. Са­ны жағынан түрік халықтары ара­сын­да Түркия түріктерінен кейінгі екінші орын­ды иеленетін және Ә.Бөкейхан айтқаңдай «мәдениет жо­лын­да бізден де төмен» өзге Түркістандық түріктердің арасыңдағы ең са­у­ат­ты, көзі ашық халық ретінде қазақтардың бұл орын­ды иеленуі әбден дұрыс бо­лар еді. Қазақстанның ас­та­на­сы ретіңде Түркістан өлкесінің орталығында орналасқан Таш­кент қаласының ұсынылуы Т.Рысқұлов та­ра­пы­нан жасалынған, нақты мақсатқа бағындырылған, әрі өзге түрік халықтары та­ра­пы­нан дәл сол кезеңде қолдауға ие болған әрекет бо­ла­тын.

Тұрар Рысқұловтың аштықпен күрес сияқты және басқа да ірі та­ри­хи қызметтерін айтпағанның өзінде, оның Түркістан АКСР-іне қарасты қазақ жерлері үшін жасаған нақты іс-ша­ра­ла­ры бір төбе. Мы­са­лы, ауылдық жер­лер­де ке­дей­лер комитетінің құрылуы жөніндегі 1918 жылғы 11 маусымдағы дек­рет Жетісуда 1920 жыл­дан соң ғана жүзеге асы­ры­ла бастаған еді. Себебі, оған дейін кеңестік Түркістан Рес­пуб­ли­ка­сы­на қарасты Жетісу облысының шын мәніндегі қожасы – байыған орыс ку­лак­та­ры мен қарулы ка­з­ак­тар еді. Кеңес өкіметінің қаулы-қарарлары жергілікті тұрғындарға – қазақтарға дер кезінде же­те бермейтін. 1920 жы­лы 21 қаңтарда Тұрар Рысқұловтың Түрікатком төрағасы бо­лып сай­ла­ну­ы­нан кейін ғана бұл істің беті бері қарай бас­та­ды. Жетісудағы жағдайды рет­те­уде 1920 жы­лы 16 на­урыз­да Т.Рысқұловтың күш са­лу­ы­мен жарияланған «Жетісу облысының тұрғындарына» үндеуі шешуші рөл атқарды. Бұл үндеуде ұлттық белгілеріне қарай қуғындауға қатаң тый­ым са­лы­на­ты­ны, бұған жол бергендердің ату жа­за­сы­на кесілетіні, өз аумағында жергілікті халықты тонаған не­ме­се өтірген бо­лыс, ста­ни­ца, се­ло­лар мен де­рев­ня­лар тұрғындарына ауыр салықтар са­лы­на­ты­ны ерек­ше атап көрсетіліп, егер аумақтардың атқару комитеттері ұлтаралық қақтығыстарға жол бер­ген жағдайда, толық құрамымен Революциялық-әскери трибуналдың со­ты­на тар­ты­ла­ты­ны ескертілді.

Жетісудағы жергілікті халықтардың жағдайын жақсарта түсуде 1920 жы­лы 31 на­урыз­да жарияланған Тұрар Рысқұловтың Жетісу об­лы­сы бой­ын­ша тезистері де аса маңызды бол­ды. Осы тезистерді талқылаған ТК(б)П комитетінің 1920 жылғы 31 наурыздағы пле­нар­лы мәжілісінде Т.Рысқұлов Жетісудағы ку­лак­тар мен ка­з­ак­тар­ды қарусыздандыруды жүзеге асыруға, Жетісудың босқын қазақ және қырғыз халықтарын ор­на­ла­с­ты­ру үшін 100 000 000 сом қаржы бөлдіртуге қол жеткізді. Яғни, қазақ халқының ата жа­уы – орыс-казактарының қазақ халқының ба­сын­да ойнаған әңгір-таяғына тоқтау са­лып, оларға тұңғыш рет соққы бер­ген Тұрар Рысқұлов бо­ла­тын.

Тұрар Рысқұловтың осын­дай нақты іс-шараларының нәтижесінде, Жетісу облысының уездерінде алғаш рет ке­дей­лер комитеттері құрыла бас­та­ды. Ке­дей­лер мен жал­шы-батырақтардың осы алғашқы комитеттері Кеңес өкіметі қабылдаған дек­рет­тер мен қаулыларды іске асы­рып, Түрікатком мен об­лат­ком, уездік ат­ком та­ра­пы­нан күн сай­ын келіп түсіп жа­та­тын түрлі нұсқаулар мен қаулыларды қалың бұқараға жеткізіп, олар­ды на­си­хат­тап оты­ру­да үлкен еңбек сіңірді. Біз бұл жер­ден өзі шыққан әлеуметтік ортаның жай-күйіне жа­ны аши­тын, үлкен жүректі азаматтың ада­ми бейнесін көреміз.

Тұрар Рысқұлов Түркістан АКСР Халық ко­мис­сар­лар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған жыл­да­ры кеңес өкіметінің оқу-ағарту саласындағы оң саясатының қазақ жерінде тиімді жүзеге асу­ы­на ерек­ше көңіл бөлді. Осы са­я­сат нәтижесінде қазақ кедейлерінің ертеңгі күнге де­ген үміті ар­та түсті. Бұл ту­ра­лы Т.Рысқұловтың 1923 жы­лы 24-28 қаңтар аралығында өткен ТКП Жетісу облыстық ІІІ пар­тия кон­фе­рен­ци­я­сы­на қатысып кет­кен Жетісу сапарының қорытындысы ретінде жазған «Жетісу мәселелері» ат­ты кітабында жан-жақты ба­ян­дай­ды. «Жетісуда халық ағарту істерінің халі өте на­шар, — дейді Т.Рысқұлов, — Об­лыс­та қанша мек­теп­тер бар екенін ағарту бөлімдері білмейді. Мектептердің дұрыс са­нын білу мүмкін бол­ма­са ке­рек… Мектептердің үйлері бар да, кітаптары, үй ас­пап­та­ры жоқ. Ба­ла­ла­ры киімсіз һәм аш. Балалардың көбі ке­дей­лер ба­ла­ла­ры. Әке-шешесі балаларға үйлерінен жалғасып тұратын бол­са ке­рек. Білім алу, балалардың та­лап­та­ры өте зор көрінеді… Сон­да да қырғыз-қазақ ара­сын­да шығындарынан қашпай, мек­теп ашуға та­ла­бы бар­лар көп. Халық ара­сын­да жастардың да са­я­си мәселелерге түсінгісі келіп, ұмтылулары мықты көрінеді. Қырғыз-қазақ өмірінде мұндай әлеуметтікті туғызған ұлы өзгеріс һәм кеңес үкіметі се­беп бол­ды…». Осы­лай­ша, Т.Рысқұлов қазақ ауылдарындағы білімге де­ген күшті ұмтылыстың бар екендігін ай­та оты­рып, қазақ ауыл­да­рын­да жап­пай мек­теп ашу­ды ұйымдастыру үшін нақты іс-ша­ра­лар жүйесін іске асы­ру­ды ұсынды. «…Кедейлердің мек­теп ашуға күші жетпейді, — дейді Т.Рысқұлов, — Өкімет оларға жәрдем ет­пе­ген. Үкімет бөлімдері кіріссе орыс, мұсылман қыстақтарында кеңестер мектептерін ашуға бо­ла­тын. Ұзынағашта исполкомға бір мек­теп ашыңдар де­ген соң халық қозғалып, мек­теп ашуға кірісті. Қыстақтарда пар­тия ошақтары болмағандықтан һәм га­зет алынбайтындықтан са­я­си ағарту істерінің аты да жоқ. Халық ара­сын­да мек­теп ашу жұмыстарын жүргізуге бо­ла­ды. Мұғалімдер, кітаптар та­бы­лып, халық ағарту бөлімдері мек­теп­тер ашып бер­се, халық мек­теп шығындарын өз мой­ны­на ала­ты­ны анық.» Т.Рысқұлов, мем­ле­кет мек­теп­ке кететін шығындардың үштен бірін бер­се де бо­ла­ды дей оты­рып, ең ал­ды­мен қырғыз-қазақтар үшін аудан орталықтарында мек­теп-ин­тер­нат­тар ашы­луы тиіс деп атап көрсетті.

1923 жы­лы өткен ТКП Жетісу облыстық ІІІ пар­тия кон­фе­рен­ци­я­сы­нан кейін, Жетісу облыстық әскери революциялық комитетінің төрағасы қызметін атқарып отырған Қабылбек Са­ры­мол­да­ев (ол 1922 жылдың 14 қазаны мен 1923 жылдың 18 шілдесі аралығындағы об­л­рев­ком төрағасы бо­лып жұмыс істеді) Т.Рысқұловтың тап­сыр­ма­сын орын­дай оты­рып, барлық аудан орталықтарында ке­дей ба­ла­ла­ры­на арналған мек­теп-ин­тер­нат­тар ұйымдастыруды қолға ала­ды. Осы са­я­сат ая­сын­да уездік революциялық ко­ми­тет­тер мен Қосшы одағынан жергілікті кеңестік орындарға Жетісу облыстық мек­теп-интернаттарға жетім, жал­шы және ке­дей ба­ла­ла­ры­нан оқуға адам жіберу ту­ра­лы ар­найы нұсқаулар жіберілді. Міне, осы са­я­сат ая­сын­да көптеген қазақ ба­ла­ла­ры білім алып, 30 жыл­да­ры қазақ халқына қызмет етті. Олардың қатарында Нұрбапа Өмірзақов, Ақай Нүсіпбеков сын­ды және т.б. қайраткерлер де бол­ды.

Түркістаннан кет­кен­нен кейінгі кезеңде 9 ай Коминтерннің өкілетті өкілі ретінде Моңғолияда жұмыс істеген Т.Рысқұлов 1925 жылғы шілде айының ба­сын­да Мәскеуге қайтып кел­ген соң өзінің Моңғолиядағы қызметіне есеп береді. Оған дейін-ақ, 1925 жы­лы 10 шілдеде өткен МХ­РП ОК-нің мәжілісінде Т.Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметін тұтастай мақұлдап, оған оң баға бер­ген бо­ла­тын. Көп ұзамай, КС­РО Сыртқы істер хал­ко­мы Г.В.Чи­че­рин де осын­дай баға берді және Т.Рысқұловқа ба­рын­ша қолдау көрсету қажет де­ген пікір білдірді. Осы­дан соң, БК(б)П ОК-і Т.Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметіне жоғары баға бе­ре оты­рып, әбден ысылған пар­тия және шаруашылық қайраткерін одан ары жұмысқа пай­да­ла­ну мәселесін ой­ла­с­ты­ра бас­та­ды. Т.Рысқұлов бұл кез­де Түркістанда үкімет бас­шы­сы болған қызметі арқылы-ақ өзін ше­бер шаруашылық қожайыны, ТК(б)П Мұсылман бюросындағы жұмысы арқылы да­рын­ды партиялық ұйымдастырушы ретінде мойындатқан, Моңғолиядағы қызметі арқылы халықаралық дәрежедегі сұңғыла са­я­сат­кер, ше­бер мәмлегер екенін көрсеткен тұлға болғандықтан да оған қай са­ла­дан бол­са да қызмет ұсынуға бо­ла­тын еді.

БК(б)П ОК Ұйымдастыру бю­ро­сы Т.Рысқұловты партиялық жұмысқа пай­да­ла­ну орын­ды бо­ла­ды де­ген тоқтам жа­сай­ды. Бірақ, сол кезеңде БК(б)П Қазақ өлкелік пар­тия комитеті аса қиын жағдайда жұмыс істеп жатқан еді. 1925 жылдың қыркүйек ай­ын­да Қазөлкекомының бірінші хат­шы­сы қызметіне кіріскен Ф.Го­ло­ще­кин Қазақстанда асқынып тұрған қазақ топшылдығымен күрес бас­та­ды. Әрине, бұл күрес өте тәжірибелі са­я­сат­кер, кәнігі басқарушы Ф.Го­ло­ще­кин үшін де оңайға соқпады. Бұл күрестің аса ауыр, әрі ұзаққа со­зы­ла­ты­нын БК(б)П ОК-і де, Ф.Го­ло­ще­кин де анық түсінді. 1925 жылғы желтоқсан ай­ын­да өткен V Бүкілқазақстандық пар­тия кон­фе­рен­ци­я­сы мұны анық көрсетіп берді. Оның үстіне, бұл кезеңде рес­пуб­ли­ка шаруашылығы да 1913 жылғы деңгейге көптеген са­ла­лар бой­ын­ша же­те ал­май, ақсап жатқан бо­ла­тын. Сондықтан, БК(б)П ОК-і Т.Рысқұловты Қазақ өлкелік пар­тия комитетіне қызметке жіберуді ой­ла­с­ты­ра бас­та­ды. Көп уақыт Қазақстанда болмаған Т.Рысқұлов та осыған қарсы емес еді.

Т.Рысқұловтың Қазақстандағы топшылдыққа ешқандай қатысы жоқ. Ол біріншіден, Қазақ АКСР-інде бұған дейін қазмет атқарған жоқ. Екіншіден, Түркістан АКСР-індегі оның то­бы – Орталықтың эмиссарлық ор­га­ны Түріккомиссияға қарсы жергілікті түрік халықтарының мүддесін қарсы қоя білген Мұсбюро бо­ла­тын. Түріккомиссияның Т.Рысқұлов то­бын талқандауы – Түрік Кеңес Рес­пуб­ли­ка­сы мен Түрік халықтарының Ком­пар­ти­я­сын құру ту­ра­лы идеяға берілген соққы бо­ла­тын. Сондықтан, Т.Рысқұловты топшылдықпен ай­ып­тау ешбір қисынға ке­ле қоймайды.

Бірақ, Қазақ АКСР-індегі асқынған топшылдық одан әлдеқайда жоғары тұрған түрікшіл тұлға Т.Рысқұловқа да салқынын тигізбей қоймады. Ол 1926 жы­лы Қазақстанға қызметке кел­ген кез­де осы мәселемен бет­пе-бет кездесті.

Т.Рысқұловты Қазақстанға жұмысқа жібермес бұрын БК(б)П ОК-і Ф.Голощекиннің және Қазөлкеком бюросының өзге де мүшелерінің көңіл-күй ауа­нын байқау мақсатымен Т.Рысқұловты Қазақстанға жұмысқа жіберсек қалай қарайсыңдар де­ген мазмұнда же­дел­хат жол­да­ды. Өйткені, БК(б)П ОК-нің Ұйымдастыру бю­ро­сы 1919 жы­лы Түріккомиссияның мүшесі болған Ф.Го­ло­ще­кин мен Т.Рысқұлов арасының жақсы емес екенін өте жақсы білетін. Оның үстіне, оған дейін өте жоғарғы деңгейдегі партиялық және мемлекеттік қызметтерді абы­рой­мен атқарып, халықтың құрметіне бөленген Т.Рысқұловтың қатардағы қызметке келмейтіні ау бас­тан-ақ белгілі. Яғни, бұл дегеніңіз, біреудің жы­лы ор­ны­нан жыл­жуы де­ген сөз. Бір қызығы, 1926 жы­лы 10 ақпанда өткен БК(б)П Қазөлкекомы бюросының Ф.Го­ло­ще­кин, И.Ки­се­лев, О.Жан­до­сов, Н.Нұрмақов, Ж.Мыңбаев, А.Серғазиев, С.Сәдуақасов, О.Иса­ев, М.Тәтімов, И.Игеновтардың қатысуымен өткен мәжілісінде «Жол­дас Рысқұловты Қазақстанда жұмысқа пай­да­ла­ну ту­ра­лы ОК-тің же­дел­ха­ты» қаралып, «жол­дас Рысқұловтың жұмыс істеу үшін Қазақстанға келуіне қарсылық жоқ» де­ген қаулы қабылданды. Осы жер­де, барлық жағынан тығырыққа тіреліп, одан шығар жол іздеп отырған Ф.Голощекиннің бұдан басқа ама­лы жоқ болған шығар де­ген ой­да­мыз. Себебі, Т.Рысқұловтың ке­ре­мет ұйымдастырушылық да­ры­ны Қазақ АКСР-і үшін ауа­дай қажет бо­ла­тын.

Қазақ өлкелік пар­тия комитетінің рес­ми келісімін алған БК(б)П ОК Ұйымдасыру бю­ро­сы 1926 ж. 3 на­урыз­да БК(б)П ОК Хатшылығының келісімімен Т.Рысқұловты БК(б)П Қазөлкекомының қарауына жіберу ту­ра­лы шешім шығарды.

Біздің қолымызға Т.Рысқұловтың Қазақстанға дәл қай күні келгенін айғақтайтын құжат әзірге түсе қойған жоқ. Тек белгілісі – 1926 ж. 10 сәуірде өткен Қазөлкекомы бюросының мәжілісі оның қатысуынсыз-ақ «жол­дас Рысқұловтың жұмысы ту­ра­лы» мәселені қарап, оны БК(б)П Қазөлкекомының Баспасөз бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындады. Ал 19 сәуір күні өткен атал­мыш бю­ро мәжілісі Т.Рысқұловтың қатысуымен өтеді. Осы мәжілісте Ф.Го­ло­ще­кин «Еңбекші қазақ» газетінің редакциялық алқасы ту­ра­лы» ха­бар­ла­ма жа­сап, ол бой­ын­ша «Рысқұлов, Сәдуақасов және Жан­до­сов жол­дас­тар «Еңбекші қазақ» редакциялық алқасына мүше бол­сын, Т.Рысқұлов газеттің жа­у­ап­ты ре­дак­то­ры бо­лып тағайындалсын» де­ген шешім қабылданды. Яғни, Т.Рысқұлов Қазақстанға осы екі аралықта кел­се ке­рек.

Т.Рысқұлов Қазақстанға ке­ле са­лы­сы­мен-ақ әдеттегіше жұмысқа қызу кірісіп кетеді. Ол кез­де Қазақстанда 29 мерзімді ба­сы­лым шығып тұратын еді. Оның 16-сы орыс тілінде бол­са, 12-сі қазақ тілінде, 1-уі ұйғыр тілінде шығатын. Т.Рысқұлов өлкелік баспасөз бөлімінің меңгерушісі ретінде ауыл кеңестерінің жұмысын жан­дан­ды­ру бағытында ора­сан жұмыс атқарды. Үнемі қазақ ауылдардарындағы қоғамдық қатынастарды рет­те­уге, қазақ кедейлерінің кеңестердегі рөлін арттыруға баспасөзді жұмылдыруға күш сал­ды. Со­ны­мен қатар, республикалық баспасөзге жұмсалатын қаржыны көбейтуге, губерниялық баспасөз бөлімдерінің жұмысын жетілдіруге ба­са на­зар аудар­ды. Біз Т.Рысқұловтың аз уақытта Қазақстанда атқарған жұмыстарын кеңірек көрсету үшін нақтылы де­рек­тер­мен бе­ре кетуді жөн са­нап отыр­мыз.

Мы­са­лы, Т.Рысқұлов 1926 ж. 21 сәуір күні өткен Қазөлкомы хатшылығының мәжілісіне қатысады. Т.Рысқұловтың мәжілістегі рөлі мен ықпалы, оның энер­ги­я­сы хатшылықтың хат­та­ма­сы­нан-ақ айқын сезіліп тұр. Осы мәжілісте Т.Рысқұлов қаржының жетіспеушілігі сал­да­ры­нан шығуы тоқтап қалудың аз-ақ ал­дын­да тұрған «Қызыл Қазақстан» жур­на­лы­на қаржы іздестіру ту­ра­лы мәселені көтере оты­рып, жур­нал­ды шығаруды тоқтатпау және оған бөлінген 3000 сом суб­си­ди­я­ны жеткіліксіз деп есеп­тей оты­рып, керекті қаржыны тез ара­да та­бу­ды Қазақ ХКК ком­ф­рак­ци­я­сы­на жүктеу, журналдың ре­дак­ци­я­сы­на жур­нал­ды та­ра­ту мен на­си­хат­тау бой­ын­ша бірқатар ша­ра­лар­ды жүзеге асы­ру­ды ұсыну, 5 ма­мыр күні өтетін «Баспасөз күні» мерекесіне орай Қазақстанның партиялық ұйымдарына журналдың беделін көтеру мен оны та­ра­ту мәселесіне көңіл ауда­ру­ды сұрау жөнінде шешімдердің қабылдануына ұйытқы бол­ды. Со­ны­мен қатар, Т.Рысқұлов Сыр­да­рия губкомының Сыр­да­рия облысының «Ақжол» және «Смыч­ка» газеттерін өлкелік «Еңбекші қазақ» және «Со­вет­ская степь» газеттерімен біріктіру ту­ра­лы 1926 ж. 27 наурыздағы қаулысы ту­ра­лы ай­та келіп, губкомның шешімін мақұлдау және осы шешімді аяғына дейін жеткізу үшін Ә.Байділдинді Шым­кент қаласына іссапарға жіберу жөнінде шешім қабылдатты.

Көріп отырғанымыздай, Т.Рысқұловтың бір күндік жұмысының нәтижесінің өзі осыншалықты ауқымды. Бірақ, Т.Рысқұловтың  ба­сы үнемі кеңестік ноқта мен партиялық жүгенге сия бермейтін. Сондықтан да, Ф.Го­ло­ще­кин одан үнемі тар­ты­нып, аяғын аңдап ба­са­тын. Ф.Го­ло­ще­кин БК(б)П ОК-нің рес­ми өкілі әрі Қазөлкекомының бірінші хат­шы­сы ретінде Орталықпен ым-жы­мы бір болғанымен, көп жағдайда Т.Рысқұловтың беделі, қайраткерлік қарымы мен тұлғалық мы­сы Ф.Го­ло­ще­кин­нен ба­сым түсетін. Сондықтан да, Т.Рысқұловтың Қазақстанда одан ары жұмыс істей беруі де­ген сөз – Ф.Голощекиннің көп ұзамай қызметтен кетуі бо­лып шығар еді. Ал Т.Рысқұловтың Орталық үшін тиімсіз тұстары көп бо­ла­тын. Өйткені, қазақ қайраткерлерін бір-біріне бөліп соғу тәсілімен Орталықтың отарлық жымысқы са­я­са­тын жүзеге асы­ра­тын әккі Ф.Го­ло­ще­кин кет­кен жағдайда, Т.Рысқұлов қазақ қайраткерлерін тұтас бір арнаға біріктіріп, орталық пен ұлт аймағы арасындағы қарым-қатынаста рес­пуб­ли­ка мүддесін қарыса қорғауы сөзсіз еді. Бұл жағдай, кейіннен, 1928 жылғы ірі бай­лар­ды тәркілеу науқанына бай­ла­ны­с­ты Т.Рысқұлов по­зи­ци­я­сы­нан анық көрінді. Осы жағынан кел­ген­де, Т.Рысқұловты басқа жұмысқа ауы­с­ты­ру Орталық үшін де Ф.Го­ло­ще­кин үшін де тиімді бо­ла­тын. Екіншіден, Т.Рысқұловтың РК­ФСР-дің орталық мемлекеттік басқару ор­га­нын­да қызмет атқаруы Қазақстан үшін де, өзі үшін де тиімді бо­ла­рын Ф.Го­ло­ще­кин де анық бағамдаса ке­рек. Осы­лай­ша, Қазақстанға келгеніне екі ап­та уақыт өтер-өтпес Т.Рысқұловтың басқа жұмысқа ауы­суы ту­ра­лы мәселе көтеріле бас­та­ды.

1926 ж. 25 сәуір күні Қазақ, Та­тар және Башқұр автономиялық рес­пуб­ли­ка­ла­ры қызметкерлерінің (Н.Нұрмақов – ҚАКСР ХКК төрағасы, Ж.Мыңбаев — ҚАКСР ОАК төрағасы, Ах­сан Мұхаметқұлов – БАКСР ХКК төрағасы, Ха­физ Ку­ша­ев – БАКСР ОАК төрағасы, Шай­гар­дан Шай­мар­да­нов – ТАКСР ОАК төрағасы) қатысуымен өткен кеңесте «РК­ФСР орталық мекемелерінің жа­у­ап­ты орын­да­ры­на ұлт қызметкерлерін ұсыну ту­ра­лы» мәселе қаралып, Т.Рысқұлов — РК­ФСР Халкомкеңесі төрағасының орын­ба­са­ры қызметіне, Са­ит­га­ли­ев – РК­ФСР Кіші Халкомкеңесі төрағасының орын­ба­са­ры қызметіне, Би­и­шев – РК­ФСР Қаржы халкомының орын­ба­са­ры қызметіне  ұсынылды. Ж.Мыңбаев осы кеңес шешімін бекітуді сұрап БК(б)П ОК-нің бас хат­шы­сы И.Сталиннің, хат­шы­сы В.Молотовтың, Орталық Бақылау комиссиясының төрағасы В.Куйбышевтың аты­на жазған ха­тын­да олардың тағайындалуын сұрай оты­рып, бұл шараның Орталық пен шет ұлт аймақтарының арасындағы шаруашылық және са­я­си байланыстарға жағымды дәнекер бо­ла­ты­нын атап көрсетті.

Т.Рысқұловтың РК­ФСР ХКК төрағасы қызметіне бекітілуі ту­ра­лы мәселе Орталықта қаралып жатқан тұста, ол өзінің қарымды қызметін жалғастырып жатқан бо­ла­тын. Ол 1926 ж. 26 сәуір күні өткен Қазөлкеком хатшылығының мәжілісінде «ком­со­мол баспасөзі ту­ра­лы» ай­та келіп, ком­со­мол газетінің қайта шығарылу қажеттігін, ком­со­мол газетіне қатысты Қазөлкеком шешімінің қайта қаралуы ту­ра­лы мәселені Бю­ро мәжілісіне қою керектігін, Қазөлкекомның баспасөз бөлімі мен БЛ­К­ЖО Қазөлкекомына бірлесе оты­рып бюроның келесі мәжілісінде шығатын газеттің си­па­ты мен оған керекті қаржы ту­ра­лы мәселені ба­ян­дау тап­сы­рыл­ды. Т.Рысқұловтың осы еңбегінің нәтижесінде 1924 жылдың 8 ақпанынан бері «Еңбекші қазақ» газетінің 4-бетінде қосымша ретінде «Лениншіл жас» ата­у­ы­мен, 1925 жылғы 3 ақпаннан (С.Сәдуақасовтың ре­дак­тор бо­лу­ы­нан кейін – С.Ш.) бері «Жас қайрат» ата­у­ы­мен қосымша ретінде шығып кел­ген ком­со­мол газетін же­ке шығару мәселесі орын­ды шешім та­у­ып, 1927 жылдың ба­сы­нан бас­тап «Лениншіл жас» газеті қайта шыға бас­та­ды.

Сон­дай-ақ, Т.Рысқұлов хатшылықтың осы мәжілісінде «Се­мей мем­бас­па­сы ту­ра­лы» ха­бар­ла­ма жа­сап, Се­мей мембаспасының мүмкіндіктерін рес­пуб­ли­ка үшін пай­да­ла­ну жөнінде шешім шығарып, Се­мей мембаспасының жұмысы мен Қазмембаспасының жұмысын ұштастыруды және оның орын­да­луы мен жүзеге асу­ын бақылауды өзі басқаратын бөлімнің қарамағына алу­ды ұсынды. Ұсыныс толық қабылданып, Се­мей мем­бас­па­сы республикалық маңызы бар баспаға ай­нал­ды.

Мәжілісте қаралған келесі бір мәселе – «Қазақстандағы ша­ру­а­лар көтерілісінің 10 жылдығын өткізу ту­ра­лы» мәселе бол­ды. Бұл мәселе бой­ын­ша да оң шешім қабылданып, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 10 жылдығын атап өтудің жос­па­рын жа­сау үшін Ж.Мыңбаев, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, О.Жан­до­сов, Бруд­ный, Ря­за­нов және Хан­ге­ре­ев­тер­ден тұратын ко­мис­сия құрылды. Осы ко­мис­сия жұмысының нәтижесінде 1916 жылғы көтеріліске алғаш рет орын­ды та­ри­хи баға берілгені белгілі.

Т.Рысқұлов Қазақстанға кел­ген­нен кейін көп ұзамай, 1926 жылдың 30 сәуірі – 3 ма­мы­ры аралығында өткен 5-сайланған Қазөлкекомның ІІ пле­ну­мын­да жергілікті кеңестердегі байлардың ықпалына соққы бе­ру қажеттігін көрсетті. Бай­лар рулық және туысқандық қатынастарға сүйенгендіктен емес, қолына биліктің экономикалық тұтқасын ұстағандықтан да кеңестерде жеңіске жетеді деді Т.Рысқұлов. Ал өз кезегінде осы жағдай қазақ ауылдарының әлеуметтік-экономикалық да­му­ы­на кедергі деді. Сондықтан, байларға са­лы­на­тын салық көлемін өсіріп, қазақ ша­ру­а­ла­ры мен жұмысшылар одағының нығаюына жәрдемдесу ке­рек де­ген пікір білдірді.

1926 жы­лы 5 ма­мыр­да қызылорда қаласындағы Іскерлер клу­бын­да Баспасөз күні мерекесіне арналған сал­та­нат­ты жи­ын өтеді. Осы жи­ын­да ба­ян­да­ма жасаған Т.Рысқұлов қайта құру жағдайындағы Қазақстанның да­му ба­ры­сы­на тигізетін баспасөздің рөлі мен маңызын ғана ай­тып қоймай, ол республикалық баспасөздің ал­ды­на нақтылы міндеттер қоя білді. 1926 ж. 13 ма­мыр күні өткен Қазөлкомы бюросының мәжілісінде қабылданған «қазақ баспасөзін жетілдіру жөніндегі іс-шаралардың» (Қазөлкеком Баспасөз бөлімінің жос­па­ры – С.Ш.) осы ба­ян­да­ма тезистері негізінде қабылданғаны ай­дан-анық. «Ре­а­ли­зо­вать пра­ва От­де­ла Пе­ча­ти Край­ко­ма, как са­мос­то­я­тель­но­го От­де­ла» деп бас­та­ла­тын атал­мыш құжаттан Т.Рысқұловтың ноқтаға ба­сы сый­май­тын қолтаңбасы мен «төртінші билік – төрге шық!» де­ген ұран мүлтіксіз көрініп тұрғандай әсер қалдырады. Бю­ро мәжілісі Т.Рысқұлов басқаратын бөлімнің жұмыс жос­па­рын бекітіп қана қоймай, баспасөзге бөлінетін жаңа қаржы көздерін іздестіру мен тар­ту бой­ын­ша да Т.Рысқұлов ұсынған ша­ра­лар­ды бекітті.

1926 ж. 19 ма­мыр күні өткен Қазөлкомы хатшылығының мәжілісіне қатысқан Т.Рысқұлов «Еңбекші қазақ» газетінің жа­зы­лу ақысын 8 мил­ли­он сомға дейін көбейту ту­ра­лы шешімнің шығуына ықпал жа­са­ды. Мұның барлығы оның беделі мен іскерлігін көрсететін еді.

Көп ұзамай, БК(б)П Қазөлкекомына БК(б)П ОК хат­шы­сы В.Мо­ло­тов­тан 1926 ж. 31 мамырдағы БО­АК Төралқасының қаулысымен Т.Рысқұловтың РК­ФСР Халкомкеңесі төрағасының орын­ба­са­ры бо­лып бекітілгені ту­ра­лы ха­бар­ла­ма келіп жетті. «Еңбекші қазақ» газеті бұл жөнінде 8 мау­сым күнгі са­нын­да рес­ми ха­бар берді. Ал 14 мау­сым күні өткен БК(б)П Қазөлкомы хатшылығының мәжілісінде, Т.Рысқұлов 5 мәселе бой­ын­ша ха­бар­ла­ма жа­сап, өз ұсыныстарын толық өткізіп кетті. Олар:

— Қазақ тілінде өлкелік шаруалардың жаңа газетін шығару шешілді;

— Өлкелік ша­ру­а­лар газетінің ре­дак­то­ры бо­лып Ж.Мыңбаевты, орын­ба­са­ры етіп Ә.Байдильдинді бекітті;

— БК(б)П Қазөлкекомы Баспасөз бөлімін басқару уақытша Ә.Бай­диль­дин мен А.В.Швер­ге жүктелді;

— «Еңбекші қазақ» газетінің уақытша ре­дак­то­ры бо­лып О.Жан­до­сов бекітілді;

— Қазақ тілінде ғылыми тер­ми­но­ло­ги­я­ны тексеріп, оны Қазөлкекомға ба­ян­дау Баспасөз бөліміне тап­сы­рыл­ды.

Осы­дан кейін, Т.Рысқұлов 14 мау­сым күні өткен Қазөлкомы хатшылығының және 16 мау­сым күні өткен Қазөлкомы бюросының мәжілістеріне қатысады. 16 маусымдағы бю­ро мәжілісі Т.Рысқұловтың жаңа қызметке тағайындалуына орай, оны Орталыққа жіберу ту­ра­лы шешім шығарды. Осы­лай­ша, Т.Рысқұловтың Қазақстандағы қызметі небәрі 2 айға ғана со­зыл­ды. Осы қысқа ғана уақыттың ішінде Т.Рысқұлов Қазақстан та­ри­хы­на өзінің өшпес қолтаңбасын қалдырды.

Сәбит Шілдебай,та­рих ғылымдарының кан­ди­да­ты,

Абай атындағы ҚазҰПУ Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Ма­гист­ра­ту­ра және PhD док­то­ран­ту­ра ин­сти­ту­ты директорының орын­ба­са­ры

+10
-1

Share This Post

guest
1 Комментарий
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии
Акмарал Сейдалиева
Акмарал Сейдалиева
10 жыл бұрын жазылды

Адам көргенін ітейді ғой. сондықтан бұл мәселені шешү үшін біріншіден теледидарда трансляцияға біздін менталитетімізге жарасатын сериалдарды, музыкалық клиптерди, кино, т.б. жарнамаларды корсету керек.