Біз әскери бекіністе тұтқында болдық
/Қазақ хандығының 550 жылдығына орай/
Қырық қыз қорғаны немесе Жарты төбе қамалына экспедицияға жолға шыққан едік. Алдын ала айта кетейін мұндай сапарларға шыққанда өзінізбен бірге жол дорба, жеке орамал, күннен қорғайтын қалпақ, күннен қорғайтын көзілдірік, компас, карта, дүрбі, оттық, қол шамы, байланыс құралдарынан билайн, мүмкіндігінше аяқ-қолды жабатын киім кию және медециналық қобдиша міндетті түрде болу керек. Сонымен қатар, топ басшысының рұқсатынсыз кез-келген жар-тасқа шығуға, шұқырлар мен үнгірлерге, жәндіктерге қол сұғып, жақын баруға болмайды, мұндай іс-әрекеттер адам өміріне қауіпті әрі жұмыс үшін қолайсыз жағдайлар туғызады.
Қазақ халқында «жау жолы» деген сөз болған. Парсы елі жағын қазақ халқы ежелде «жау жолы» деп атаған. Себебі, мыңдаған жылдар бойы жау тек бір ғана беткейден келген. Бүгін осы жау жолына қарай бет алдық.
Арыс қаласына қарасты Аққала ауылынан онға қарай Отырар қаласына апаратын жол шығады. Осы жолмен жүріп отырсаңыз тура Аққұм (келесі бір атауы Ақтөбе) ауылына барып тірелесіз. Оң жақа қарай Аққұм ауылы, ал сіз сол жақ жолға түсіп жүріп отырасыз. Көп ұзамай жолдың сол жақ бетінде алыстан биік төбе көрінеді. Осы тұста тура бір тылсымға толы жаужүрек қаһарман даланың әскери гарнизонына кіріп бара жатқандай әсерде қаласыз. Биік төбеге көз салып қарасаңыз, төбеден бақылап тұрған түсі суық сарбаздар сізді тоқтатып, бақылаудан толық өтпейінше өткізбейтіндей. Бұл төбе «Сазан төбе» деп аталады. Ежелгі заманда қолдан жасалған қарауыл төбе. Жау келе жатқанда келесі қарауыл төбеге от жағып белгі береді. Мұндай қарауыл төбелер көне Отырар қаласынан қазіргі Арыс қаласына дейін жалғасып жатыр. ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда орыстардың қазақ жерін айналдыра салған әскери бекіністері қай жағынан алсанда бұл қарауыл төбелердің шаңына да ілесе алмайды. Ел мен жердің тыныштығын, халықтың тәтті күлкісі мен ұйқысын бұздырмас үшін күндіз-түні жаудан қорғаған жаужүрек сарбаздардың бақылауынан толық өтіп, оларды еске алып, Көк тәңірден тілеп, рухтарына дұға бағыштадық.
Осыдан соң сапарымызды одан әрі ежелгі Ұлы Жібек жолы бойымен жалғастырдық. Зуылдаған машинамен жарысқан жол-жөнекей жылқылар тап бір б.з.д. 3 мың жылдардан бері атқа мініп, жауға шапқан қазақтарды көз алдынызға айнытпай акеледі.
Киелі даланың бетке ұрған салқын самалымен жүйіткіп келе жатқанымызда жолдың он жақ бетінде үлкен әскери бекініске келіп тоқтайсыз. Тоқтамасқа лажыныз жоқ. Себебі, қаһарына мініп, төбеден төніп тұрған мұндай зәулім, биік әскери қамалға қалайша тоқмасқа?! Мәселен, қазіргі ХХІ ғасырдың өзінде, өзініз шегарада немесе бекетте тұрған әскерилерге тоқтамастан өтіп көрінізші, сол жерде атып тастасын. Ал біз қазір, б.з.д. 1 мың жылдықта қабырғасы қаланған алапат үлкен әскери қамалға келіп тұрмыз. Ендігі жерде темір тұлпарымыздан түсіп бұл қамалдың бақайшағынан басына дейін темір сауытпен, бес қарумен қаруланған сарбаздарына сәлем бердік. Өзіміздің келген жайымызды айтып, қолбасшыға ішке кіруімізді сұраттық. Бұл әскери қамал «Қырық қыздың қорғаны» деп аталады.
Қош, сонымен қамалдың «жау жолы» жағына айқара ашылған қақпасынан ішке ендік. Қамалдың іші ат шабатындай кең, қақпаның арасы 10 метр екен. Қамал қабырғаларының топырақ үйіндісі биіктігі 4-5 метр аралығында. Бұл биіктік қабырғаның құлап жатқандағысы, ал қабырға құламай тұрғанда қандай керемет биік қабырға болғанын айқындай берініз. Қамал толықтай биік қабырғалармен қоршалғаны анық. Оңтүстік жақ қабырға мен шығыс жақтағы қабырғаның түйіскен бұрышында домалақтау және топырақ үйіндісі қабырғаға қарағанда тік биік болып келген ғимарат орны бар. Бұл қарауыл мұнарасы болғанын дәлелдейді.
Қамал іші екі бөліктен тұрады. Біз қақпа арқылы бірінші бөлігіне кірдік. Мұнда біздің зерттеуіміз бойынша сарбаздардың жылқыларын ұстап, оларды соғысқа дайындап отырған. Одан әрі қамалдың екінші бөлігіне өттік. Бұл жағы бірінші бөлігіне қарағанда биіктеу, мұнтаздай тап-таза, бір тегіс екен. Шамамен еденіне піскен кірпіштен плита төсеп, сәнін келтірген.
Оңтүстік батыс жағында үлкен ғимараттың үйіндісі бар. Бұл ғимараттың топырақ үйіндісі қамал қабырғаларының топырақ үйіндісіне қарағанда өте биік әрі домалақтау болып келеді. Зерттеуіміз бойынша бұл ғимарат қамалдың әкімшілік кеңсесі болған. Яғни, қолбасшылар карта сызып, жау шебін анықтап, әскери стратегиялық жоспар жасайтын орын болғаны анық.
Осы ғимаратқа қосыла екінші ғимараттың топырақ үйіндісі бар. Бірақ, бұл ғимараттың пішімі тік төрт бұрышты, төбесі бір тегіс. Бұл жер әскери асхана, тынығу орны. Ішінде бөлмелер бар болған. Үйінді топырақтың бетінде 5-6 жерінен диаметрі 1-2 метр болатын шұңқырлар пайда болыпты. Бұл дегеніміз көнеде ғимарат құлағанда ішіндегі бөлмелер қуыс болып қалған.
Қамалдың барлық жерінде іші, сырты толы көне ыдыс-аяқтардың қирандылары шашылып жатыр. Бұған қарап, тура бір қиямет қиян-кескі шайқас болғанын сезесіз. Піскен кірпіштер де (күйген кірпіш) көп. Піскен кірпіштерде адамның бес саусағының сылап, сипаған іздері анық тұр.
Қамал қабырғаларын сырт жағынан айналдыра тереңдігі 1-2 метр, ені 7-8 метр болатын ор қазып, оған су жіберіп, қорғаныс жасаған.
Ендігі жерде аңыз-әңгімелерге жүгінейік. Есте жоқ ескі заманда еркек кіндіктілер жауда опат болғанда, қырық қыз еркекше сауыт киіп, бақайшағынан басына дейін қаруланып, қамалды жауға алдыртпастан, жау бетін кері қайтуға мәжбүр еткен екен.
Топыраққа көмілген құпияны одан әрі ашу мақсатымен ат басын кітапханаға бұрып, даланың майлы топырағын шаңғыта шаптық. Кітапханада сағаттап бірнеше кітаптарды ақтара келе, «Оңтүстік Қазақстан энциклапедиясы» кітабында былай дерек келтірген: «Жарты төбе – ежелгі шағын қаланың орны. Арыс ауданында Сырдария өзенінің сол жағында. Ж.-сыртқы көрінісі төрт бұрышты төбе, ауданы 210 х 210, биіктігі 3м. Екі мұнарасы жартылай сақталған.».
Кітапта шағын қала деп көрсетілген. Былай қарасаңыз шағын қалаға еш ұқсамайды. Шағын қаладан көрі бір бақуатты байдың үйі болған десе сенуге болады.
Бұл төбе – әскери қамал екені айдан анық. Биік қабырғалары, қабырға бұрышында қарауылдық мақсатындағы мұнарасы, қамалдың ортасында жалғыз тұрған домалақтау пішінді әкімшілдік кеңсе және тағы бір төрт бұрышты үлкен ғимарат, қамалдың сыртын айналдыра ор қазып, су жібергені, қамал екі бөліктен тұр және «жау жолы» деп аталатын жаққа қарай үлкен қақпаның орнын зерттеу нәтижесінде анықталып тұр.
Қош, сонымен, Арысқа ат басын бұрып келе қалсаңыз, Арыс өлкесі қандай ел деп сұрай қалсаңыз мен сізге міндетті түрде қазағымның — ерлікке толы тарихымен, қайсар міңезімен, жауға қарсы қасқайып ақтық демі қалғанша шайқасқа түскен орны – Жарты төбе қамалымен жауап қатар едім. Мұндай мың жылдық тарихы бар, қаһарлы әскери қамалым болған деп қалайша мақтанбасқа?!
Арыс музейінің тарихшысы
ҚАНАТ Әмірбеков Дүйсенбайұлы
+7 (702) 291-50-15 [email protected]