Элладаны тамсандырған Анарыс

skif-anakharsisЕжелгі гректерде риторика (шешендік) өнері өте жоғары дамыған. Осы орайда элладаны тамсандырған сақ шешені Анарыстың (Анахарсистің) орны ерекше. Ол шамамен б.з.б. 620-555 жж. өмір сүрген. Әкесі сақ көсемі, шешесі грек қызы болған ол екі елдің тілін, мәдениетін еркін меңгеріп өскен. Кейін Грекияға арнайы барып, атақты тұлғалармен танысып, білімін жетілдіреді. Грек ғұламалары оны зор құрметпен «скиф Анахарсис» деп атай отырып, философиялық ойлары мен шешендік өнерін жоғары бағалаған. Мысалы, Понт Евксинский «Понтта бірде-бір руда өзінің данышпандығы немесе білімдігімен Анахарсисқа тең келетін адам жоқ» – деп, осы қасиеттерін баса көрсетеді. Диоген Лаэртскийдің «Скиф Анахарсис Гнурдың ұлы және скифтердің патшасы Кадуидтың інісі… Ол скиф және эллиндік салттар, соғыс өнері туралы 800 өлең жазған» – деген сөздерінен оның текті тұқымнан шыққаны және ақындық қасиеті аңғарылады.

Анарыс шешендігін элладаға алғаш келгеннен-ақ мойындата білген. Ол Солонға достасу ниетімен келгенін сырттан хабарлағанда, Солон: «Кісі досты жат елден емес, өз елінен табады» – деп, қабылдамайды. Сонда Анарыс: «Олай болса, Солонның дос табуының да, достасуының да сәті түсіп тұр – мен өзге елден келсем, Солон өз үйінде, өз Отанында отырған жоқ па?!» – деген екен. Сөзіне риза болған Солон оны зор құрметпен қабылдайды.

Анарыс сақтардың адам заңынан гөрі Құдай заңын жоғары санауын зор мақтан тұтады. Бұған оның Крез патшаға берген жауабы айғақ: «Жан біткеннің әділеттісі – дала тағысы. Өйткені олар заңға табынбайды, табиғат талабын ғана мойындайды. Табиғатты Құдай жаратқан, ал заң – адам ақыл-ойының туындысы. Адам орнатқан тәртіптерге табынғаннан Құдай жаратқан табиғат талаптарын мойындаған әлдеқайда әділетті, патшам… Құдайдың заңын адамдардың заңынан жоғары санау – данышпандықтың басты белгісі».

Сонымен бірге Анарыс сақтарды варвар санайтын гректердің астам ойларына үнемі рет тойтара жауап береді. Мысалы, “Сенде флейта мен әмиян болса, менде – садақ пен жебе. Сондықтан сен құлсың, ал мен еріктімін” – деген сөзі оның асқан батылдығымен қатар, элладалықтар ортасындағы беделін де байқатады. Грек данышпандары Анарыстың отаншылдық қасиетін тамсана бағалаған. Бірде Клеобулдың ақылды да сұлу қызы Евтемида мен Анарыстың жарасымды отырысын көрген Фалес: «Анарыс – үлкен білім иесі, терең ойдың адамы. Қызға ол сақ даласындағы адамдардың күнкөрісі, тұрмыс-тіршілігі жайында қызықты әрі әсерлі әңгімелер айтып отыр. Қыз оның әңгімесін ықыласпен тыңдап, өз білімін толықтырып, оны аялап отыр» – деп, сүйсіне қараған екен.

Анарыс сақтардың сөзді бағалай білу қасиеттері туралы: “Сақтар істің мәнін жете түсіндірген сөздердің қандайын да мансұқ етпейді. Егер сөз мағыналы айтылып, мағыналы іске асатын болса, онда ол жаман бола алмайды. Сақтар мағынасыз сөзді ғана бос сөз деп біледі” – деп жазады. Бұл

қазақтың “Жүйелі сөз жүйесін табады”, “Көп сөз – көбік, аз – сөз алтын” деген мақалдарындағы ойлармен сабақтас.

Анарыстың элладалықтармен қысқа жауаптасулары қазақ шешендерінің осы тектес тілдесулерін еске түсіреді. Мысалы, “Адам бойындағы әрі жақсы, әрі жаман нәрсе не? ” – сұраққа: “ Ол – тіл” – деп жауап береді. Әрі бұл сөздер қазақтың “Ащы да – тіл, тәтті де – тіл” деген мақалымен үндес. “Кісінің жауы нәрсе не?” – сұраққа: “Кісінің жауы – өзі” – деген жауабы “Басқа бәле тілден” деген мәтелмен астарлас.

Анарысты жоғары бағалаған Солон: “Мына жателдік азамат Анарыс, сақ бола тұра, ақылға бай әрі дана. Ол менің көзімді ашып, ойымды байытты, көптеген пікірлерімді басқаша пайымдауға көмектесті. Толып жатқан кеңес беріп, білім мен пайдалы іске үйретті. Сондықтан бұл азаматты ел үшін де, мемлекет үшін де құтты, қайырлы деп санап, оның мүсінін мыстан құйып, ең бір құрметті жерге халық қалаулыларымен қатар қойыңдар” – деген бұйрық беріпті. Содан соң мыстан құйылған Анарыстың мүсіні жасалып, оған мынадай сөз жазылған екен: “Тіліңе, құлқыныңа, нәпсіңе ие бол!”.

Сөйтіп, данышпандығы мен шешендігі осылай бағаланған Анарыс бабамыз Грекияның ең жоғарғы билік орны – Ареопаг мүшесі болумен қатар, атақты жеті данышпанның бірі ретінде тарихқа енген.

Мақсат Аюбай

+2
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии