Данишон

Жарнама

Мирас терезеден қарап отырған еді. Күн еңкейіп, айнала қараңғыға батып жатқан кез… Сұр бұлт, түсі суық аспан… Мирас әкесі мен анасын күтіп отырды. Оларды тағатсыздана күткені соншалық, көзін анау тұрған көше шамынан бір сәтке де алмады. Өйткені, әдетте, Мирас оларды ең бірінші дәл сол шамның қасынан бұрылығанда-ақ көретін.

Әкесі мен анасы күнде жұмысқа кететін, апасы Дария Ақтөбеге әжесіне қыдырып кеткеннен бері Мирас күні бойы үйде жалғыз қалатын болды. Анасы оған қарны ашқанда жеп алсын деп азын-аулақ тамағын дайындап кетеді. Сосын анасы келгенде олар барлығы бірге отырып тамақтанатын.

Ай, уақыт шіркін өтіп болмайды ғой! Әншейінде апаларымен сәл нәрсеге таласып ренжісіп қалатын еді. Енді сол апаларының орыны ойсырап қалды-ау! Үйдегі ойыншықтар да апалары жоқ болған соң қызықсыз болып қалғандай. Үйде тұрған кітаптардың барлығын басынан аяқ қарап шыққан. Алты жасар Мирас әлі әріп танымайтын еді.

Бөлме іші салқын. Мирас қатты тоңды. Бөлме іші қараңғыға батса да Мирас жарықты жағуға асықпады. Мұңын қалай басарын білмей, төсегіне жатып, әлем не үшін мұңға толы екенін ойлануға кірісті. Дәл осы сәтте оның құлағы бір нәрсенің дауысын шалып қалды… Төсегінің астынан өте кішкентай, болар-болмас естілетін қадамдардың дауысын естілгендей. «Біздің үйде елестер жүр ме?» — деп таңданды да, кереуетінің астына үңілді. Көзіне кереуеттің астында тұрған біреудің сұлбасы ілінді… Ия, ия. Бұл – кәдімгі бала еді, кәдімгі бала, тек көлемі кіп-кішкентай, шынашақтан да кіші.

— Сәлем! — деді әлгі бала.

— Сәлем! — деді таңырқап қалған Мирас.

— Сәлем! Сәлем! – деп бала тағы қайталады да, арада бір сәтке тыныштық орнады.

— Сен кімсің? – деп сұрады сәлден соң Мирас. – Менің төсегімнің астында қайдан жүрсің?

— Менің атым Данишон, мен осында тұрамын. Дәл сенің кереуетіңнің астында емес енді, одан сәл төменірек. Әне, ана бұрышта менің есігім! – деп Мирастың төсегінің астындағы тышқан ініне нұсқады.

— Бұл жерде қашаннан бері тұрасың? – деп сұрады Мирас таңданысын баса алмай.

— Бірнеше-ақ күн болды, бұған дейін Каспий теңізінің жағалауындағы ұсақ шөп-шаламның арасында тұрдым. Бірақ өзің білесің ғой, күзге қарай теңіздің мәні кетеді. Сөйтіп қалаға қайтуға тура келді. Қайта менің жолым болды, осы жерде тұратын тышқан Рахат

ауылындағы апасына көшіп, өз үйін маған жалға беріп кетті. Қазіргі уақытта пәтер табу қиын ғой, өзің білетін шығарсың.

Ия, Мирас бұл туралы талай естіген.

— Пәтері жиһазсыз, — деп әңгімесін жалғастырды балақай, сосын сәл кідіріп: — Бірақ ол да жақсы, оның үстіне өз жиһазың болса…

— Өз жиһазың бар ма?

— Сол жоқ болып тұр ғой, — деді балақай мұңайып. Бір кезде бүрісіп қалды. — Б-р-р-р, менің бөлмем не деген салқын десеңші! Бірақ сенікі де оңып тұрғаны шамалы екен.

— Ия, расымен солай, — деп келісе кетті Мирас, — мен де қатып қалдым. — Үйімізге пеш бар, бірақ мен оны жаға алмаймын.

Балақай жылынбақшы болып өзін-өзі құшақтап алды да, Мирасқа үлкен бота көздерімен қарап:

— Ал сен күні бойы үйде не істейсің? – деп сұрады.

— Ештеңе! Жайдан жай жүрем де қоям, ештеңе істемеймін!

— Дәл мен сияқты екенсің… – деді балақай. – Жалғыз өзің болған қандай жаман, ә?

— Ия… ішің пысады… – деді Мирас мұңая.

— Менің бөлмеме бір сәтке кіріп көргің келе ме? – деді балақай жандана.

Мирас тарқылдап күлді.

— Ойбай, мен ана тесікке сыяды деп ойлайсың ба?

— Ол оп-оңай, – деп түсіндіруге тырысты балақай. – Іннің қасында тұрған шегеге бассаң, мен сияқты болып кетесің.

— Шын ба? — деп қуанып кетті Мирас. — Ал сосын өз кейіпіме қайта орала аламын ба?

— Әрине, — деп балақай қорқынышын сейілтті. — Ол үшін шегеге қайтадан басу керек.

— Мәссаған! — деп Мирас таң қалды. — Ал сен мен сияқты бола аласың ба?

— Өкінішке орай, мен ондай бола алмаймын — деп күрсінді балақай. — Не болғанда да сен менің үйшігіме түсіп бір көрсең күшті болар еді.

— Ендеше кеттік! — деп Мирас келісті. Ол төсегінің астына кіріп, сұқ саусағымен шегені басып, Данишондай балақайға айналды.

Данишон Мирасқа қолын созды.

— Ал кеттік төменге!

Мирас өзінің басынан бір ғажайып, керемет хикаяның өтіп жатқанын ұғынды. Ол тышқанның қараңғы ініне тезірек кірсем, ішін көрсем деп асығуда.

— Абайлап түс, бір жердің тіреуіші сынған.

Мирас абайлап кішкентай тас баспалдақпен төмен түсті. Бұл жерде баспалдақ бар екенін кім білген! Баспалдақ біткен жерде кілттеулі есік тұр екен.

— Тұра тұр, жарық жағайын, — деді де Данишон қосқышты қосты.

Есікке «Балақай Данишон» деген жазуы бар бір жапырақ қағаз жабыстырулы тұр екен.

Данишон есікті ашты да, тағы бір қосқышты басып, жарық жақты. Мирас бөлмеге кіріп келді.

— Бұл жер аса жайлы емес, – деп қипақтады Данишон.

Мирас жан-жағына көз салды. Бөлме кішкентай, суық екен, бір терезесі және көк түске боялған тақтайшалы пеші бар.

— Ия, рас айтасың. Ал түнде қайда ұйықтайсың?

— Жерде.

— Тоңасың ғой! Б-р-р-р… — деп Мирас тітіркеніп кетті.

— Айтпа! Тоңғанда да қандай! Қатты тоңатыным соншалық, жылыну үшін түнде атып тұрып жүгіріп-жүгіріп алам.

Мирас баланы қатты аяды, өйткені ол өзі күндіз тоңса да, әйтеуір түнде тоңбайды ғой. Сол сәтте оған керемет ой келді.

— Не деген ақымақ едім! Мен саған отын тауып бере аламын ғой!

Данишон лезде оның қолынан ұстай алды.

— Шынымен тауып әкеп бере алам деп ойлайсың ба?

— Әрине, – деді Мирас, алайда оның көзіндегі қуаныш лезде жоғалып кетті. – Бірақ маған шырпы жағуға рұқсат жоқ.

— Ештеңе етпейді! Сен тек отын тапсаң болды, ал оны жағуға қам жеме, мен өзім-ақ қатырамын.

Мирас баспалдақ бойымен секіре жоғары шығып, шегені басты да, бұрыңғы Мирасқа айналды.

Мирас тез-тез кереуеттің астынан шықты да ас үй пешіне еңбектеп барды. Ол жақта жанған шырпылар толып жатыр екен. Мирас оларды бөлшек-бөлшек етіп сындырды да, тышқан інінің ауызына апарып жинап қойды. Сосын шегені басып, қайта кішкентай болып шыға келді.

— Данишон, маған көмектес!

Данишон жүгіріп келді де, екеуі отынды әрең-әрең төмен тасып алды. Данишонның қуанышында шек болмады.

— Бұл – әлемдеге ең жақсы отын! Ия, ия ең күшті отын! – деп қуаныштан жарылардай айқайлады. Ол пешке отынды толтырып салып, отынды жақты да, қалғанын бұрышқа жинап қойды.

— Қандай керемет жалын. Жаз біткелі бұлай жылынбап едім.

Екеуі жалындаған оттың алдына жақындап отырып, тоңғаннан жуыспай қалған қолдарын жылытты.

— Әлі қаншама отын бар! – деді риза болған Данишон.

— Ол бітсе тағы әкелем, – деп уәде берді Мирас. Ол да қуанышты болды.

— Ал сен немен тамақтанасың?

Данишон қызарып кетті.

— Қолыма түскенін жеймін, – деп сенімсіздікпен жауап қайтарды Данишон.

— Ал бүгін не жедің?

— Бүгін бе… бүгін, ештеңе жемеген сияқтымын.

— Ендеше сен қып-қызыл аш екенсің ғой.

— Ия, – деді Данишон қызара.

— Оой, манадан бері айтпайсың ба?! Қатырасың! Қазір мен әкелем.

Данишон қатты қуанып кетті.

— Егер сен маған жейтін бірдеңе тауып әкеліп берсең, мен мұны ешқашан ұмытпаспын!

Мирас баспалдақтан тез-тез мініп, шегені басып өз қалпына айналды да, ас үйге қарай зымырады. Ірімшіктен кіп-кішкентай бөлік, наннан бір үзім үзіп алды. Сосын нанның үстіне май жағып, оның үстіне кіп-кішкентай ет, оның үстіне екі түйір мейіз салып алды. Осының барлығын үйшіктің алдына қойды да, қайта кішкентай көлемге енді.

— Данишон, төменге түсіріс! – деп айқай салды.

Олар барлық азық-түлікті төменге тасып тастады. Данишонның көздері жұлдыздай жарқырады. Мирас та қарнының ашқанын сезді.

— Әуелі еттен бастайық – деп ұсыныс тастады Мирас.

Еттің көлемі Данишонның басынан үлкен болмаса кіші емес еді. Кім бірінші болар екен деп екеуі екі жақтан бастап жей бастады. Данишон бірінші болды. Одан соң олар нан мен ірімшікке кірісті. Кіп-кішкентай нанның түйірі таудай боп көрінді. Ал ірімшікті Данишон бөлек алып қойды да:

— Түсінесің бе, мен тышқанға ай сайынғы пәтер ақысын ірімшікпен төлеуім керек. Әйтпесе, мені пәтерден қуып жібереді, – деп өз әрекетін түсіндірді Данишон.

— Ол жағына саспа, бір ретін табармыз, – деп жұбатты оны Мирас. – Ірімшігіңді жей бер.

Сөйтіп, олар ірімшікті де тауысты, одан кейін мейіздің кезегі келді. Бірақ Данишон мейіздің жартысын таңертеңге қалдыратынын айтты.

— Пештің қасы жылы болар, сол жерде ұйықтайын.

Бір кезде Мирас айқай салды:

— Таптым! Таптым! Алақай!

Мирас жоқ болып кетті. Ол ұзақ уақыт келіп болмады. Бір кезде Данишон Мирастың «Мында кел, мына кереуетті тасуға көмектес!» деген дауысын естіді. Мирас әлемдегі ең сүйкімді аппақ керует сүйреп әкеліпті. Негізінде ол кереуетте апасының қуыршағы жататын. Бірақ қуыршақтан гөрі Данишонға артығырақ керек қой.

— Мен саған жаялық пен жұмсақ мата алып келдім, көрпенің орнына осы матаны жамыларсың.

— О! – деді де Данишон үндемей қалды, сөйлеуге әлі болмады.

— Қуыршақтың ұйықтағанда киетін көйлегін де алып келдім. Қуыршақтың киімін киюге қарсы емессің ғой, ия?

— Жоқ, әрине, – деп сыбырлады Данишон. – Өзі жып-жылы екен. Нағыз кереуетте өмірімде ұйықтап көрмеппін, жата қалып, тәтті ұйқыға бата қалғым келіп отыр.

— Ендеше жата ғой, мен де кетуім керек. Әкем мен анам да келіп қалар.

Данишон үстіндегі киімін тезірек шешіп тастады да, досы әкеліп берген киімді киіп алды. Төсекке қарғып мініп, көрпесіне оранып алды.

— О! Лық тойдым-ау. Үйшігім жып-жылы, енді қатты ұйқым келіп кетті.

— Онда сау бол! Ертең таңертең келем, – деді Мирас. Бірақ Данишон терең ұйқыға батып кеткен болатын, ештеңені де естімеді.

…Ертеңіне Мирас әкесі мен анасының кетуін тағатсыздана күтті. Неге сонша айналшықтап, кетіп болмай жатыр десеңші! Әншейінде Мирас олармен мұңды жанармен қоштасушы еді. Ал бүгін бәрі басқаша болды. Ата-анасы кетер-кетпестен Мирас кереуеттің астындағы досына ұмтылды. Данишон оянып, пешті жағып үйді жылытып та қойыпты.

— Отынды жағып жатқаныма қарсы емессің бе? – деп сұрады Мирастан.

— Әрине қарсы емеспін, қанша жақсаң да жаға бер, – деді де Мирас айналасына бір көз тастады.

— Мына жерді жинастыру керек сияқты.

— Ия, жаман болмас еді, – деп ұсынысты қабылдады Данишон. – Еденнің ластығы сонша, ешқашан жуылмаған сияқты.

Мирас үйді жинау үшін қажетті құралдарды әкелуге тайып тұрды. Ас үйдегі үстелде көне, жасарын жасап болған щетка жатқан. Мирас соны алды да, сабын сындырды. Сосын ыдыс-аяқ салатын шкафқа үңілді. Онда кіп-кішкентай кесе бар еді. Анасы соған тосап құйып дастарханға қоятын. Мирас сол кесені алды да, ішіне су құйып, кішкентай сабынның түйірін салып жіберді. Екеуі құрал-жабдықтарды үйге тасып алды.

— Неткен үп-үлкен щетка еді!

— Ол саған әлі керек болады.

Екеуі еденді жуа бастады. Мирас щеткамен ысқылады, ал Данишон болса құрғақ шүберекпен артынан сүртіп отырды. Кеседегі су әбден қап-қара болды. Есесіне еден мұнтаздай таза!

— Кел, баспалдақтың қасына отыршы, – деп Мирас Данишонды шақырып алды. – Сені тосынсый күтіп тұр. Көзіңді жұм, қарама!

Данишон көзін жұмып алды. Ол Мирастың жоғарыға, яғни өз үйіне көтеріліп кеткенін, одан соң бір нәрсені сүйреп алып келе жатқанын естіді.

— Ал енді көзіңді ашсаң болады!

Қараса, көз алдында үстел, шкаф, екі өте әдемі арқалы орындық пен екі арқасыз орындық тұр. Данишон өз көзіне өзі сенбеді.

— Бұндайды мен өмірімде ешқашан көрмеппін! – деп айқайлап жіберді Данишон қуанғаннан. – Сен нағыз сиқыршы екенсің!

Әрине Мирас сиқыршы емес. Бұл жиһаздың барлығы апасы – Дария ойыншықтары еді. Мирас сол ойыншықтардың арасынан апалары тоқыған кілемшені де ала келіпті. Олар әуелі сол кілемшені жайды. Ол бөлмеге құйып қойғандай дәл екен.

— Ой, неткен әдемі еді! Өте жайлы болып қалды, – деп тамсанды Данишон. Бірақ шкафты бір бұрышқа, үстел мен арқалы орындықты бөлменің ортасына, ал арқасыз екі орындықты пештің қасына орналастырған кезде бөлме нағыз жанға жайлы, құстың ұясындай бола қалды.

— Осылай тап-тұйнақтай қылып алуға болады екен-ау! – деді Данишон.

Мирас та солай ойлады, тіпті өз үйінен де күшті болып қалғандай.

Олар арқалы орындыққа жайғасып алды да әңгіме-дүкен құрды.

— Ияя, енді өзімді де жөнге келтірсем артық болмас еді, – деп қояды Данишон. – Әйтпесе жаман кір-кір үстім.

— Суға түсіп алсақ қайтеді, а? – деп Мирас тағы ұсыныс жасады.

Мінекей, манағы тосап салатын кесеге таза, жылы су құйылды, ескі жыртық сүлгінің жыртындысы керемет сүлгіге айналды. Мирас пен Данишон тез-тез киімдерін шешіп тастап, суға сүңгіді. Ой, шіркін! Неткен керемет десеңші!

— Арқамды ысып берші, – деп өтінді Данишон.

Одан соң Данишон Мирастың арқасын ысып берді. Сосын олар суды шылпылдатып ойнауға кірісті. Судың бәрі жерге төгілді. Бірақ ештеңе де етпейді, өйткені олар кілемді алдын ала қайырып қойған-ды. Еденнен су тез кеуіп кетеді. Сосын олар сүлгіге оранып алып, жанып тұрған пештің қасына отырды. Мирас тезірек барып шекер мен құп-құрттақандай алманың түйірін алып келді. Екеуі соны отқа қақтады. Мирастың есіне ата-анасы келетін уақыт болғаны тарс түсті. Сосын асығып-үсігіп киіне бастады. Данишонда да апыл-ғұпыл киінді.

— Шіркін, сен де менімен бірге бара алсаң ғой! – дейді Мирас қиялдай. – Сен менің киімімнің ішіне тығылып қалар едің де, ата-анам сені көрмес еді.

Бұл ұсыныс Данишонға өте қызықты көрінді.

— Мен тышқан сияқты тып-тыныш отырамын! – деп уәде берді. – Барайыншы.

***

— Не болып қалды? Шашың неге су-су? – деп анасы таңдана сұрады барлық отбасы жиналып ас ішіп отырған кезде.

— Мен шомылдым.

— Шомылдымы нес? Қайда шомылдың?

— Мына кесенің ішінде, – деді Мирас сықылықтап күліп.

Әкесі мен анасы оны қалжыңдап отыр деп ойлады.

— Мирастың қайтадан жадырап жүргені қандай жақсы болды, – деп әкесі қуанды.

— Ай, байғұсым-ай, күні бойы бір өзі отыратыны қандай қиын! Апасы Ақтөбеден тезірек келсе екен, – деп анасы күрсінді.

Мирас көйлегінің астынан бірдеңенің жыбырлағанын сезді.

— Уайымдамаңыз, анашым, мен бір өзім болған кезде сондай көңілді жүремін.

Саусағын жай ғана киімінің ішіне кіргізіп Данишонды сипалады.


«Крошка Нильс Карлсон» атты ертегінің (авторы – швед жазушысы Астрид Линдгрен) қазақ тіліне еркін аударылымы (аудармашы – Әсел Шынтасқызы).


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz