Арақсыз отбасы – сауатты отбасы

Жарнама

Бүгінде ішімдіктің зиянын, тағдырымызға тигізетін кесірін білмейтін жан жоқ. Ақыл-есі толысқан әрбір азамат бұл жайында уағыз-насихаттардан да, әлемдік ғылым жаңалықтарынан да әбден қанық. Алайда еліміздегі ішімдік саудасының қарқынынан көңіл жабырқап, мерейіміз жадау тартып тұрғаны шындық.

Теріскейдегі алып көршінің ықпалымен бір ғасырға жуық уақыт ата жолымыздан, асыл дінімізден алыстаған шақта осы бір індетке шалдықтық. Ендігі уақытта бодандықтан босап, іргемізді қымтасақ та, ішімдік ішу дейтін арсыз қылықтан арыла алмай келеміз.

Кешегі Кеңестік дәуірдің іргесін шайқалтқан 86-шы жылғы ұлы оқиғаның өзінде отаршыл билік туған елдің намысы үшін алаңға шыққан жастардың ерлігін алдымен арақтың күшімен жеңбек болғаны тарихтан белгілі. Алаңда ереуілдеп тұрған қазақтың ұлы мен қызына, яғни қалың топтың арасына ауыр көлікпен келіп, жәшіктеп ащы судан қойып жатты. Сол уақытта халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің «ішпеңдер, ішпеңдер, ағайын!» деген жан айқайы бүгінгі күнде де жаңғырығын жоймағандай.

Дана қазақтың «Қызың арақ ішсе – қызығыңның кеткені, ұлың арақ ішсе – ырысыңның кеткені» деген ұлағатты сөзі бар.

Бауыржан Момышұлы атамыз да «Адамды үш нәрсе бүлдіреді: арақ, ақша, атақ» деген екен.

Ел ардақтыларының арақ құмарлық жайлы айтқан осындай ұлағатты сөздерін көптеп айтуға болады.

Алайда табиғатында сөзге тоқтай білетін қазақ елі ішімдікке келгенде ішер асын жерге қоятын халде жүр.

ХХ ғасырдың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген еді. Зиялы жанның бұл сөзінде меңзеп отырғаны – ұрпақ тәрбиесі. Ал қазақ шаңырағында ұрпақтың тәрбиесіне алдымен ана жауапты. Бүгінгі таңда ащы судан татып алудан безбейтін сол аналардың өзін алдымен түзеу керегі сияқты.

Ғаламтордағы бейресми статистикаға жүгінсек, маскүнем әйелдерден туған балалардың жартысына жуығы дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы айларда шетінейді екен. Шетінеуге нәрестенің миындағы ісікті сырқаттар себепкер болады деген түсініктеме бар. Қалай десек те, емшекте баласы бар әйелдердің маскүнемдігі тіпті өрескел, ұлт үшін ауыр азаптың өзі.

Ғылымда ішімдік атаулының барлық түріне «биологиялық у» деген баға берілген. Бүгінде ішімдіктің кез келгені адам тәнінің барлық органдарын зақымдайтыны ғылыми ақиқат болды. Ағзаның жұқпалы ауруларға қарсы тұратын қабілетін бірден жойып жіберетінін ел тұрғындарының бірі білсе, бірі бейхабар. Өзектен өткен ащы суды аш ішек тез арада сіңіріп, қанға бірден өткізеді. Қан алкогольді барлық денеге таратады. Ол ең алдымен мидың қызметін бұзады. Ал мидың жұмысы бұзылса не боларын жас бала да жақсы біледі.

Арақ атаулының бір адамға ғана емес, тұтас адамзатқа тигізер кесірі жайында да ғылымда кеңінен түсініктеме беріліп, дәлелді деректер

баяндалады. Сол деректерде спирттың у концентрациясы 70-80%-ке дейін жететіндігі айтылады. Бұл мөлшер қандағы спирттің мөлшерінен әлде қайда көп. Спирт бауырда да көп жиналады – 48 %. Алкоголь ағзаға өте тез арада сіңеді, небәрі 5-7 минут ішінде қанға сіңіп, бірнеше биохимиялық-физиологиялық өзгерістер туғызады. Нерв жүйесін бұзады. Эпилепция ауруын тудырады. Күнделікті тұрмыста болатын зақымдардың 20%-і ішімдік ішуден болады. Ал жол-көлік апаттарының 50%-і тағы осы ішімдік ішуден туындайды. Алкоголь адам ағзасындағы витаминдерді (Вь РР, С, А, Ғ) жойып жібереді. Сондықтан да адам бойындағы зат алмасу үрдісі кенет төмендеп кетеді. Алкогольдің алапат кесірінен адамзат баласы биологиялық деградацияға ұшырайды. Біртіндеп жер бетінен жоқ болады. Мұны «популяциялық деградация» деп атайды. Мұның барлығы ғылыми дәлелденген аксиома.

Ал, енді, осы бір өзекті мәселенің шешімін іздеу барысында қолданатын амалдардың кешенді жолын жасаған абзал деген ойдамыз. Анықтап айтсақ, арақ құмарлықпен күрес жолында мына жайттарды бірлікте ескеру керек болар:

1) ішімдік ішу – ауыр күнә; ақиреттегі азабы ауыр амал;

2) мастықтың зияны денсаулығымызға да орасан зор;

3) отбасымздың материалдық жағдайын нашарлататын кесапат;

4) иманды әлсіретумен қатар адамның ақыл-есін, білімін, сауатын, ойлау қабілетін төменететін кесел;

5) ата-анамызбен, туған-туыс, балаларымызбен қарым-қатынасымызды бұзатын әлеуметтік фактор.

Алкогольді өнімдердің сұранысын азайту, тіптен жоққа тән ету барысында адамды мас ететін кез келген сусынның зиянын айтумен қатар ішімдіксіз өмір сүрудің рахатын, ұтымды жағын да кеңінен баяндауды ескеру қажет.

Жоғарыда санамалаған бес фактордың оң сипатын да кеңінен ашып айту осы миссия үшін тиімді шара болмақ. Яғни арақтан ада жүрген адам Алланың алдында осы бір күнәдан пәк болатынын, денсаулық күтімінде көш ілгері болатыны, ризық-несібесін араққа емес, адалға жұмсап, дүниелік табысын сақтап қалатынын, ағайын-туысымен сыйластықта болатынын, отбасылық тұрмысты берекелі ететінін, діни және ғылыми білімін дамыта алатынын, ойлау жүйріктігін жетілдіре түсетінін жете түсіндіру аса қажет.

Сондықтан ішімдіктің зардабымен күрес барысында оның адам баласына, еліміздегі әрбір шаңыраққа тигізетін залалын айтумен бірге арақтан аулақ жүрген әрбір жанның, әрбір отбасының Алланың алдындағы қадірі артық, қоғамда беделді, санасы сергек, сауаттылығы жоғары болатынын ескерте білуіміз керек.

Педагогикалық ғылымдар магистрі,

Нұржан Нұрланұлы


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz