Жастар конференциясы өтті

Жарнама

Жастар конференциясы өттіХХІ ғасырда Қазақстанның дамыған, бәсекеге қабілетті және әлемдегі беделді мемлекеттер қатарында қалыптасып әрі қарай дамуы үшін бүгінгі жастардың қоғамдағы рөлі ерекше. Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мен жастар – біздің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! «Нұрлы Жол», міне, біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы!» — деген еді. Бұл тәуелсіз Қазақстанның болашағы жастардың қолдарында екенін білдіреді. Жастар үшін бұл – үлкен сенім, зор жауапкершілік. Осыны ақтау үшін жастардың бойында шынайы отансүйгіштік, елшілдік қасиеттер, озық білім, парасат пен мәдениет болуы шарт.

Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында бүгінгі жастардың қоғамдағы рөлін талқылау мақсатында Алматы технологиялық университетінде “Жастар – азаматтықтың үлгісі және олардың қоғамдағы рөлі” атты Алматы қаласы жастар ұйымдарының қалалық конференциясы өтті.

Конференцияға Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры, Алмалы ауданы әкімдігі, қаладағы 32 жоғары оқу орындарының өзін-өзі басқару студенттік органдары, жастардың қоғамдық ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Алматы технологиялық университеті Жастар кеңесінің құрылғанына 15 жыл толуымен тұспа-тұс келген конференция жұмысында қазіргі жастардың өзекті мәселелері мен оларды шешу жолдары, жастардың әлеуметтік, азаматтық-құқықтық, патриоттық, инновациялық және шығармашылық әлеуетіне қатысты мәселелер талқыланды.

Конференцияның қонағы Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Бекжанова Айнұр Серікқызы Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында жастарға үлкен міндет жүктеліп отырғанын атап өтті. Жастар сол үшін өз білімдерін, бар күш-жігерін «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясатының іске асырылуына бағыттауы қажет. Алматы технологиялық университеті өзін-өзі басқару мәселелерінде көшбасшылардың бірі болып табылады. Жастардың өзекті мәселелерін талқылап, тиісті шешімін табуда Жастар кеңесінің рөлі аса зор екенін атап өтті.

Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры Сейітов Совет Сауытұлы «жастардың білім алаңында АТУ Жастар кеңесі беделді орынға ие, себебі ол жастардың көптеген игі бастамаларын көтеріп, қарқынды жұмыстар жасауда. Сондықтан да Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры Жастар кеңесімен тығыз байланыста бірігіп жұмыс жасауға ниеттіміз» — деп атап көрсетті өз сөзінде.

«Осыдан он бес жыл бұрын Жастар кеңесінің құрылуы болашақтың жарқын бастамасы болды деп нық сеніммен айта аламын. Жастар кеңесінің атқарған жұмысы – жастар үшін баға жетпес тәжірибе. Жастарымыздың тың идеялар жинап, одан әрі қарыштап дамуына жол ашылды. Жастар кеңесі жұмыс жасаудың инновациялық әдістерін үнемі іздеп-жетілдіріп, жастарға еліктеу үлгісі әрі қамқоршы бола білді» — деді өз сөзінде университеттің бірінші проректоры, профессор Бауыржан Нұрахметов.

“Нұр Отан” партиясы Алматы қалалық филиалының жетекші маманы Мөлдір Шаухарова өз баяндамасында “Нұр Отан” партиясының партиялық жобалары арқылы жастар саясатын дамыту мәселесіне тоқталды. «Қазіргі таңда жастар саясатын тиімді дамытуға арналған 12 мақсатты бағдарлама іске асырылуда. «Жастар – Отанға!», «Сәтті қадам», «Жастар кадрлық резерві», т.б. партиялық жобалар жастардың еңбек нарығындағы бәсекелестігін арттыруға, қазіргі заманғы білікті басқарушылар шоғырын қалыптастыруға бағытталған» — деді ол.

«Бүгінгі таңда жастарды, әсіресе жұмыспен қамту ісі өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл жерде, білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы сәйкессіздік пен алшақтықтың себебінен, жоғары оқу орындарын бітірген жастар сол алған білімдерін өндіріс орындарында пайдалана алмай келеді. Жастар ұйымдары осы мәселеге баса назар аударып, осындай отырыстар ұйымдастырып, өз ойларын ортаға салулары тиіс» — деді өз кезегінде ВТБ Қазақстан банкінің сату және жеке тұлғаларға қызмет көрсету бөлімінің бастығы, Жастар кеңесінің бұрынғы төрағасы Арман Бекебаев.

Қазақстан Президентінің жастарды елдің дамуына күш-жігерлерін салып үлес қосуға үндеуі конференцияға қатысқан жастар тарапынан үлкен қолдау тапты. Сонымен қатар, конференция барысында жастарға қатысты өзекті мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдарына орай әр түрлі ұсыныстар айтылды. «Ел жастарының мақсаты бір, жетістіктері мол, Елбасы алға қойған ортақ мақсат үшін барлығымыз бірлесіп, жұмыс жасайық» деген ұсыныс-ойларға барлық жастар қызу қолдау білдірді.

Конференция жұмысын қорытындылаған АТУ тәрбие ісі жөніндегі проректоры Қалтай Батхолдин: «Еліміздің ертеңі – жастар. Елбасы өзінің биылғы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында жастарға үлкен үміт артатындығын жеткізді. Сондықтан, Тәуелсіздіктің даму даңғылын Нұрлы жолға айналдыру жолында ешқандай қиындыққа қарамай, қажырлы еңбек ететін, қоғамдық мәселелерді шешуге барынша атсалысатын уақыт жетті. Жаңа қазақстандық патриотизм бұл – Мәңгілік Ел идеясы. Ол – ұлы құндылық! Елдің біріктіруші күші. Осы жолда Елбасының сенімін ақтау – сіздер, жастардың алдағы ең басты мақсат-міндеттеріңіз» — деді ол.

Асхат Әбішев


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz