Рамазан және әйел

«Әй, мүміндер! Сендерге тақуалыққа жетуде бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» (Бақара 183)

Жаратқанның  мұсылман жұртына жасаған ұлы тартуы, айлардың ең қайырлысы, уақыттың ең қасиеттісі де қадірлісі Рамазан айы да мұсылмандарға зор қуаныш сыйлап жетіп қалды. Бұл ай – он бір ай бойы кір шалып, тот басуға аз қалған рух пен жүректің қайта тазарып кемелденуі үшін Алла Тағаланың бекіткен зор нығметі. Пенделік қылықтардан мейлінше арылып, рухани кемелдікке жетуге тырысып, Хақ тағалаға барынша жақындауға ұмтылатын мүміндердің тәрбие айы. Сондықтан, қара ниетті шайтандар кісенделген бұл айдан әрқайсымыз өз үлесімізді алып қалуға тырысайық.

Әсіресе, асханамен тығыз байланыста жүретін, әңгімені сүйетін, күнделікті күйбең тіршілікпен күйіп-пісетін, балаларымен әлек болатын әйелдер  үшін бұл ай — нәфсісімен ұлы күрестің басталатын, сабырлылыққа,    шыдамдылыққа шақыратын тәрбие айы. Алла Тағаланың уақыт деген ұлы нығметін ысырап қылуға бейім әйелдерге айтарымыз әрбір күні істеген амал үшін сауаптар еселеніп берілетін қасиетті Рамазан айындағы алтын сәттеріңізді бос нәрселермен айырбастап алып жүрмеңіздер. Себебі, Пайғамбарымыз (Оған Алланыңигілігі мен сәлемі болсын)  Салман аль Фарисиден жеткен  хадисте былай дегенін айтады: «Ей, адамдар, ұлы және қасиетті ай жақындады, төбелеріңе көлеңкесі түсті. Бұл айда мың айдан да қадірлі Қадір түні бар. Алла сол қасиетті айдың күндізінде оразаны парыз қылды, түндерінде нәпіл намазын заңды қылды. Бұл айда үлкенді кішілі жақсылық істеген адам басқа айларда бір парызды орындағандай сауап алады. Бұл айда бір парызды орындау басқа айлардағы жетпіс парыз болып есептеледі.»

Егер ниеті дұрыс болса, әйел адам үшін жақсылық жасаудың қаншама мүмкіншілігі бар. Басқа істерді есептемегенде, аузы берік жүріп, күндіз балаларын тамақтандырған сабыры, еріне және ауыз бекіткен адамдар үшін әзірлеген ауызашары үшін алатын сыйының дәрежесінің өзі қандай! Бұл туралы Пайғамбарымыз (Оған Алланыңигілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кім ораза тұтқан кісіні тойғызатын болса, Алла оны менің құдығымнан шөлін қандырады, ол кісі жәннатқа кіргенше бұдан кейін мүлдем шөлдемейді». Тағы бір хадисте: «Кімде кім мұсылман бауырына ауыз аштырса, соның сауабындай сауап оған да жазылады. Одан тамақ берген адамдардың сауабы азаймайды,» дейді.

Ерін түнгі намазға оятып, өзі де оқып, кейін сәресі әзірлеп, ауыз бекіткен әйел істеген амалдарын тек қана Алла разылығы үшін істейтін болса, сауаптарды еселеп беруші әр-Рахимнің мейіріміне бөленеді. Құдси хадисте Алла Тағала былай дейді: «Ораза мен үшін, оның сый-құрметін мен беремін. Яғни, оразаның сыйлығы менмін, ешқандай хурилерім де, сарайларым да емес». Құл мен патшаның берген сыйлығында үлкен айырмашылық бар, ендеше Әлемдердің патшасы бізге қандай сыйлық даярлағанын біз елестете алмаймыз.

 Сол сияқты сәресіге тұру Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) асыл сүннетін орындаумен қатар, дұға тілектер қабыл болатын ең берекелі уақыт. Хадисте: «Сәресі ішіңіздер, себебі сәресіде береке бар. Бір жұтым су ішсеңдер де сәресіні тастамаңдар. Себебі, сәресіге тұрғандарға Алла Тағала рақым етіп, періштелер кешірім сұрайды».

Ораза –  тек ішіп-жемге ауыз бекіту емес, Ұлы Құдірет иесі разы болмайтын барша істерден тыйылып, күллі жаман ойлардан арылу. Тілімізді өсек, өтірік, ұрыс керіс сияқты лас нәрселерден тазартып, Құран оқу, Алланы еске алу сияқты көркем амалдармен безендірудің сауабы мол. Бұл болашақта әдетке айналып, өз жалғасын тауып жатса, тақуа әрі көркем мінезді құлдарының қатарына қосылуымызға септігін тигізеді. Бұл өмірдегі мақсатымыздың өзі осыған шақырады.

Сондықтан, барша мұсылман әйелдерге айтарымыз, мол сауаптар мен жәннаттың есіктері ашылатын береке айында күйбең тіршіліктің арбауында кетпей, әрбір сәттен, әрбір мүмкіндіктен үлесімізді алып қалуға тырысуымыз қажет. Қиямет күні Алла Тағаланың Өзі беретін сауабын азайтып алмай, «Райиан» атты жәннаттың есігінен кіруді жазсын деп тілейік.

+8
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии