Қазақ тілін өзге ұлт оқушыларына қалай үйретеміз?

Жарнама

Адамға екі нәрсе керек тегі,
Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі.
( Жүсіп Баласағұни )

 d8d4e72056621535986e3ce3029f2f9d«Қос тіл — қос қанатың» деп ұлы Абай айтқандай, біздің елімізде қос тілді білу — өмір талабы. Қазақстанда қазақ тілі 1989 жылдан бастап мемлекеттік тіл болғаннан бері, қазақ тілі біртіндеп өз орнын тапты. Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Мемлекеттік тіл – тәуелсіз елдің негізгі рәміздерінің бірі. Кез келген өркениетті елдің өзінің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, шекарасы болатыны секілді мемлекеттік тілі де болады. Біздің қазақ халқының тілі өте бай, айтылуға орамды, көркем тіл. Тіл – адамның барлық саналы өмірінің құралы: өнер-білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды тіл арқылы үйренеді. Тіл оның ішінде біздің ана тілі еліміздегі халықтардың барлық іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болуы тиіс, оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру әрбіріміздің борышымыз. Тіл туралы заңның қабылданғаны, оның баптарының жүзеге асырылуының бағдарламаларының жасақталғаны, мемлекет басшысының тіл саясатында дұрыс бағыт ұстап, қолдау танытып отырғаны көпке мәлім. Аталған әрекеттердің бастауы мектептерде қазақ тілін оқып үйретуді дұрыс жолға қою болып табылатыны сөзсіз. Сол себепті басты жауапкершілік тіл мамандарына, яғни біздерге жүктеліп отыр. Ата заңның баптарында сонымен қатар «Тіл саясатының тұжырымдамасы» мен «Тіл туралы Заңда» айтылған басты мәселе — мемлекеттік тілді дамыту.

Қазақ тілі — әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сондай-ақ, ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің, мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр.

Тіл – қастерлі де, қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ана тілін сүйген адам туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз. Ал, бұлардың бәрі – адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер – ана тілі.

Тіл туралы сөз қозғалғанда, бұл мәселенің ішінен басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытуды жеке бөліп алмаса болмайды. Өйткені, қазіргі таңдағы көп жұмыс істелініп, жан-жақты қарастырылып отырған проблема – орыс аудиториясында қазақ тілін оқыту. Сонымен қатар, бұл тілдік коммуникацияның тікелей зерттеу объектісі бола келіп, қазіргі кезеңде өзекті болып отырған қазақша сөйлеуге үйретудің тиімді жолдарын табуға көмектеседі. Орыс аудиториясында қазақ тілі сабағын жүргізумен айналысып жүрген ұстаздар, тілшілер, ғалымдар: Ш.Х.Сарыбаев, И.В.Маманов, Ғ.Бегалиев, С.Жиенбаев, Т.Аяпова, Ш.Бектұров, К.Сариева, А.Жүнісбеков, Ф.Р.Ахметжанова, Ф.Оразбаева, Қ.Бітібаева т.б. Бұлардың әрқайсысы әр түрлі мәселелерді қарастыра келіп, қазақ тілін оқыту саласының дамып, жетілуіне үлес қосуда.

Бүгін біздің алдымызда тұрған мақсат — өзге тілді аудиторияны қазақ тіліне үйрету ғана емес, сонымен қатар алдымызда отырған шәкірттердің Отанының қадір-қасиетін сезініп, оның алдындағы ұлт жауапкершілігін ұғынып, ол үшін басын бәйгеге тігетін тәуекелге баратын тұлға қалыптастыру. Сол сияқты, барлық отандастардың Отанымен рухани және материалдық тығыз байланыста болуы, өзі өсіп -өнген аймаққа деген сүйіспеншілігін арттыру — патриотизмнің қайнар көзі.

Мемлекеттік тілді өзге ұлт мектептеріндегі оқушыларға үйрету – аса күрделі ізденісті қажет ететін жұмыс. Мұны мектеп мұғалімдерімен сұхбат барысында байқадық. Мемлекеттік педагогикалық практикадан өткен №17 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Кенжеғалиева Гүләнда Мынжасаровнаның пікіріне сүйенсек, «Оқушыларға мемлекеттік тілді үйретуде жақсы жетістіктерге жетуі үшін: біріншіден, пәнді үйрету, ғылым негіздерімен қаруландыру; екіншіден, саналы, мазмұнды, бағдарлама мен оқулықтар; үшіншіден, әрі тиімді, әрі пайдалы инновациялық технологияларды пайдалана білу керек, сонда ғана біз оқушы бойындағы тілге деген қызығушылықты арттыра аламыз» — дейді. Сабақтың қызықты, сапалы өтуі тікелей мұғалімнің шеберлігіне байланысты болады. Қызығушылықты арттыруға арналған қазіргі кезде көптеген технологиялар бар.

Соңғы жылдардағы тілші, әдіскер ғалымдардың зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сүйенсек, мектеп оқушыларының көпшілігінің сөздік қоры жұтаң, сөз тіркестерін, сөйлем және мәтін (топик) құрауда дәрменсіздік танытатындығын, ойын жүйелі түрде жеткізе алмайтындығын, ауызша сөйлеу дағдысының төмендігін байқауға болады деген пікірді тілге тиек етіп отыр. Қазіргі кезде өзге тілді оқушылардың ауызша сөйлеу әрекетін қалыптастыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылады. Осы жерде К.Г.Мынжасаровнаның мына сөзін айта кеткім келеді: «Әр мұғалім мектепте жұмыс атқару барысында білім беру мен тәрбиелеуде оңтайлы нәтиже беретін өз әдістемесін құрғаны жөн. Сол жағдайда ғана жыл сайын оқушыларының білім деңгейінің өсуін байқауға болады. Мемлекеттік тілді үйретудегі басты мақсат – тіл дамыту болғандықтан, сабақ барысында көздейтін мәселе – оқушылардың сөйлеу тілін, сауаттылығын таныту, тілді қызықтырып оқыту амалдары арқылы қазақ тілінде еркін сөйлей білу дағдыларын қалыптастырып, оқушылардың лексикалық қорын байытып, мемлекеттік тілде сөйлей, жаза, оқи білуге үйрету ».

Қазіргі кезде тілді коммуникативтік оқыту мәселесіне ерекше назар аударуда. Өзге тілді ұлт мектептеріне қазақ тілін оқытудың жаңа технологиясы тілдің коммуниктивтік қызметін ескере отырып, оны коммуникативтік танымдық жағынан меңгертуді көздейді.

Коммуникативтік оқыту технологиясы дегеніміз пікір алысуға негізделген әдістеме. Ал, адамдар тілді сөйлем түрінде қолданғанда ғана бірін-бірі түсініп, пікірлесе алады. Оқушыларды белгілі бір дәрежеде сөйлеуге, өз ойын басқаға жеткізе алатын, біреудің сөйлеген сөзін, жазғанын түсіне алатын дәрежеге жеткізу үшін, алғашқы сабақтан бастап сөйлем түрінде үйретілуі тиіс. Себебі, жеке атау тұлғалы сөздер де, грамматикалық формалар да өзара бір-бірімен байланысып, сөйлем құрамына енгенде ғана тұтас аяқталған ойды білдіре алады. Өзге тілді ұлт мектептерінде қазақ тілін оқушыларға үйрету барысында коммуникативті оқыту

технологиясын пайдалану өз жемісін береді деген ойдамын, себебі оқушыларға тілді үйреткенде жалаң сөзден гөрі сөйлем арқылы үйрету, оқушылардың тілді тез меңгеруіне септігін тигізеді. Өзім осы технологияны практика барысында қолданғанымда, оқушыларымның сөйлеу,пікір алысу деңгейлерінің өскендігін байқадым.

Оқушылардың сабақта айтылған хабарлардың мағынасын түсінуі, олардың түпкі мақсатын танып білуі және өзінің жеке мақсатын іске асыруы өте маңызды іс. Осы біліктілік коммуниктивтік деп аталады. Оқытудағы коммуникативті біліктілік деңгейді Германияның оқу бағдарламасын жасаған неміс ғалымдары Г.Нойнер, Г.Хунфельд былай түсіндіреді: коммуникация – тіл және іс-қимыл (күлу, дауыс ырғағы сияқты) әрекеттер арқылы болады. Ол алдын-ала жоспарланған, дайындалған болуы немесе жоспарланбаған болуы мүмкін. Сабақ үстінде әдетте дайындалған, жоспарлы сөйлеу коммуникациясына көп көңіл бөлінеді.

Коммуникативтік біліктілік мынадай оқу мақсаттарын қамтиды:

1. Когнитивті мағыналық мақсат, яғни оқушы коммуникативтік жағдаяттарды әңгімелесу, сөйлесу, қарым-қатынас туындайтын жағдайларды таба білуі керек. Ол өзінің іс-әрекетінің, сөйлесуінің, қарым- қатынас жасауының барысында — осы жайттарды ескеруге дағдылануы, үйренуі қажет.

2. Әлеуметтік мақсат оны жүзеге асыру кезінде оқушы өзін-өзі қалай ұстайтынын біле отырып, өз іс-әрекетіне жауап бере алады. Алға қойған мақсатына басқалармен бірге жетуге ұмтылады, сондай-ақ қарым-қатынас жасайтын әріптесімен жеке тұлға ретінде тең жағдайда болуға тырысады.

3. Лингвистикалық біліктілік мақсат. Бұл мақсатқа сәйкес оқушы ойларын, іс-әрекетін сөйлеп жеткізе алуға ынталы болады.

Г.Нойнердің пайымдауынша, бұл үш компонент бөлек-бөлек емес, керісінше, өзара тығыз байланыста болады.

Қазақ тілін оқытуда коммуникативтік мақсатқа жетуде ауызша сөйлеудің маңызы зор. Сөйлеуге үйрету үшін оқыту әдісі ситуативті болуы керек, себебі: ситуативтілік сөйлеу әрекетінің табиғи қасиеті болып табылады.

Сөйлеуге үйрету үшін қажетті ситуацияларды мынадай жолдармен беруге болады:

  • а) «көз алдыңа елестетіп көр», «қиялдап көр» деген сияқты т.б. тапсырмалар арқылы ситуациялар құру;
  • ә) белгілі бір ситуацияны жасайтын сурет немесе ситуацияны дамытатын, күшейтетін суреттер тізбегіне қарап, соның көмегімен сөйлеу;
  • б) күнделікті өмірдегі болып жатқан жағдайға ұқсас нәрселерді сипаттау.

Аталған мектептің оқушылармен әңгіме барысында байқағанымыз, түрлі суреттер, ситуациялық сұрақтар, жарыс сабақтар біріншіден, олардың бойындағы қызығушылықты оятса, екіншіден, өз ойларын жеткізе білуге дағдыландырады, белсенділігін, ынтасын арттырады. Және де күнделікті өмірдегі болып жатқан құбылыстар, қоршаған ортамен байланысты, т.б. да түрлі сұрақтар оқушылардың сөйлеу тілінің дамуына зор ықпал етеді. Мысалы, «Бүгін ауа райы қандай?» деген сұраққа біреуі «күшті», екіншісі «Бүгін күн жылы, мұндай ауа райы маған ұнайды»,енді бірі «Ауа райы тамаша»,т.б. жауаптар беруі мүмкін.

Коммуникативті оқыту технологиясы оқыту процесінде маңызды рөлге ие. Әртүрлі әдіс-тәсілдерді, оқушыларға тың мәлімет, қызықты тапсырмалар беріп отыру мұғалімнің ұйымдастыру қабілетіне байланысты.Оқушыларға қалайда қазақ тілін жақсы меңгертсем деген ұстаз оқытудың түрлі тәсілдерін қолданады. Қандайда бір әдіс болмасын, оның өзіне тән артықшылықтары мен кемшіліктері болады. Коммуникативті оқыту технологиясы негізінде ақпаратты инновация технологияларды қолдану барысында көптеген артықшылықтарға көз жеткізуге болады, себебі осы технологиялардың негізінде білім беру — оқушыны ауызша (тыңдау, түсіну, сөйлеу) және коммуникацияға (оқу, жазу) тарту яғни, оқылып жатқан тілде қарым-қатынас қалыптастыру деген сөз. Коммуникативті оқыту технологиясы қазақ тілін оқытудағы оқу-тәрбие үдерісінің барлық мақсат міндеттерін қамтиды.

Біздің мақсатымыз өзге ұлт өкілдерін қазақ қылып шығару емес, оларға мемлекеттік тілді түсініп, әдет-ғұрпымызды сыйлап, алған білімдерін іс-жүзінде іске асыра білуге тәрбиелеу. Үйренушіге жалаң сөздермен сөз тіркестерімен жаттанды сөйлеуге қалыптастырмай, үйренген сөздерін сөйлеуде, әңгімелескенде дұрыс қолдана білуге жаттықтыру.

Республикамыздың президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Мемлекеттік тілді игеру — әрбір азаматтың ізгілікті борышы» деген сөзі Қазақстанда тұратын әрбір адамды ойландыруға тиіс.

Сөз соңындағы айтарым, қазақ тілі – дәстүрлі, тұрақты, қатаң тілдік нормасы бар, стильдік тармақтары сараланған, жалпы халықтық тілден ұлттық деңгейге көтерілген тіл.

Біздің ана тіліміз — қазақ тілі:

  • — түпкі түрін сақтаған түркі туыстас байырғы тіл;
  • — ежелден жазба мәдениеті бар тіл;
  • — әдеби тіл, жергілікті тіл (диалекті), сөйлеу тілі, қарапайым сөйлеу тілі тәрізді формалары бар;
  • — демографиялық тірегі мықты ұлттық тіл;
  • — құрылым-құрылысы кемелденген тіл;
  • — егеменді Қазақстан Республикасы өз қамқорлығына алған мемлекеттік тіл.

Елбасымыз: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» — деп атап көрсетті.

Мемлекеттік тіл Елбасымыз атап айтқандай, «барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы» екендігін әрқашан есте сақтауымыз керек.

 

Шәйкенова Бану Шоқанқызы
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе
өңірлік мемлекеттік университеті,
филология факультетінің
ІV курс студенті.


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz