Исламдағы еңбек этикасы

Жарнама

Кез келген қоғамның оның әлеуметтік қарым-қатынастарында көрініс табатын құндылықтар сатысы бар. Білек күшін қажет етер мал мен дән өсіру болсын, сол қара жұмысты жеңілдетер технологияларды даярлауға керек ой еңбегі болсын, мейлі, жан баулу сынды нәзік дүниелер болсын – еңбекті қажет етеді. Біле білген адамға өмір сүрудің өзі де – үлкен еңбек.

Еңбек – адамды қоршаған ортамен байланыстырушы дәнекер буын, сол себептен оның адам болмысы үшін өзінің құндылығын жоғалтуы мүмкін емес. Себебі адам тұлғасын еңбексіз көзге елестету де қиын, тіпті бүгінде еңбек адам инстинктіне айналды десе де болады. «Тірі жан тіршілік етеді» дейді қазақ. Осы бір тұрақты сөз тіркесінен қазақтарда өмірдің баламасы болып табылатын «тіршілік» сөзінің кей контексте жасалған еңбекті, іс-әрекетті білдіретіндігін де байқаймыз.

Бала санасына еңбек адамына деген ілтипат, таза еңбекке деген қошемет-құрмет сыныптап құйылуы керек. Ол үшін тұлға қалыптастырушы қоғамдық институттардың барлығы – жанұядағы, балабақшадағы тәрбиеден бастап, мектеп қабырғасы, жоғары білім беру ордасы, БАҚ және т.б. ортақ мақсаттылық танытып, еңбек құндылығын жоғары көтеруі абзал.

Сондай жан-жақты әрекеттер арқасында ғана адамның заңсыз әрекеттер жасауға өз сенімі, өз ұяты жол бермейтін болады, сонда ғана еңбек құдіретті күшке айналады. Ұяттың да өздігінен пайда болмайтындығы аян, ұят – Құдай алдындағы қорқыныштан, о дүниедегі жазадан, туған жер мен ел алдындағы, ал кең ойланар жанға жалпы адамзат алдындағы парыздан, жауапкершіліктен өрбиді. Терең үңілген адамға барлығы – өзара байланысты дүние. Мысалы, Ислам діні бойынша ырыздықты міндетті түрде іздеу керек. Бұл жөнінде Құранның «Қасас» сүресінің 73-аятында айтылған: «Алла сендерге өз мәрхаметінен түнді тынығу, күндізді кеңшілігін (ризық) іздеулерің үшін жаратты. Әрине, шүкірлік етерсіңдер».

Адамның еңбегіне қарай алатын несібесі жайлы Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбар да өз хадисінде: «Кім өз қолымен нанын тапса және айналысқан ісінің табысы адал болса, ол адамға жәннат уәжіп» деген болатын.

Құранда адамның жаратылыс мақсаттары, соның ішінде еңбек етудің міндеттілігі, осы дүниедегі несібесі жайлы дәлелдер көп: «Алланың саған берген дәулетімен ахирет жұртын ізде де, дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алла саған жақсылық еткендей сен де жақсылық істе, сондай-ақ жер жүзінде бүліншілік ізденбе! Алла бұзақыларды сүймейді» («Қасас»; 77) делінген.

Ислам діні өмір шындығынан қашқақтамайтын, о дүниені ойлай тұра, бұл дүниенің тұрмыс-тіршілігін күйттеуден алыстатпайтын нағыз өміршең дін болып табылады. Ислам дінінде еңбек қоғам мүшесінің міндеті ретінде қарастырылады. «Адамзат еңбегіне қарай ғана табысқа ие болады. Сөз жоқ, еңбегінің нәтижесін жедел көреді. Содан соң оған еңбегінің бодауы толық беріледі. Күдіксіз Раббыңа тиянақтайды» («Нәжім»; 39-42).

Ислам діні еңбекке өте зор мән береді, ол таза еңбекпен табылған табыс киелігін уағыздайды. Еңбек ету – әр адамның міндеті. Ислам діні соның ішінде адал еңбек етуді, таза жолмен табылған табысты, жасаған құлшылығы мен еңбегіне қарай әр адамға тиесілі несібені, ризықты уағыздайды. Бұл туралы Құранда да, ұлық пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) хадистерінде де аз айтылмағанын көріп отырмыз.
Кез келген нәрсенің іске асуы үшін белгілі бір жағдайлар қажет болатыны сияқты, еңбектің де жүзеге асуының шарттары бар. Ол шарттар – тәуекел мен талап .

Абай:

Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,
Еңбек қылмас еріншек адам болмас.
Есек көтін жусаң да мал тауып кел,
Қолға жұқпас, еш адам кеміте
алмас, —

дейді.

Тәуекел мен талап – іскерліктің, бизнестің шарты. Бұл ұғымдар қазақ мәдениетінде Құдай ұғымымен тікелей байланысты. Байлық – Құдайға тәуекел етумен табылады. Қазақ ұғымында байлықты Құдай береді, адам бермейді. Бірақ бұл түсінікті қате ұғынып, харекетке емес, әрекетсіздікке душар болған жандар да жоқ емес. Енді осы күрделі ұғымдарға түсінік бере кетелік.

«Байлықты жаратқан Құдай, кедейлікті де жаратқан Құдай. Бірақ сені бай қылған, кедей қылған Құдай емес» (Абай).

Кейбір адамдар таным-түсінігінің тайыздығынан өзінің кедейлігін Құдайдан көреді. «Жаман адам Құдайшыл» деген сол. Ал Құдай саған еңбек етіп мал табуға, бай болып, бар болуға барлық жағдай жасап отырған жоқ па? «Он екі мүшең сау болса, жарлымын деме, көңіліңде қайғы болмаса, зарлымын деме» деп үйретеді қазақ даналығының сарқылмас қазынасы мақал –мәтелдер. Осы қарапайым дүниетанымдық заңдылықтарды білмеген соң адам баласы байлықты Құдайдан сұрамай, өзі сияқты пендеден сұрап басының қадірін кетіреді. Сондықтан тағы да қазақ мақалы «Құдайдан сұрағанның екі бүйірі шығады, адамнан сұрағанның екі көзі шығады» деп біздің таным-түснігімізге коррекция жасайды. Өзі сияқты адамнан бірдеңе дәметудің абсурдтығын айтқаны. Ал осы «Құдайдан сұра!» деген қазақ мәдениетіндегі императивті қалай түсінуге болады? Көмеке тағы ғұламаларды шақырамыз:

«Және мал тілейсіңдер, неге керек қылайын деп тілейсіңдер? Әуелі, құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты халал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол» (Абай, «Оныншы сөз»).

Бұдан артық біз не айта аламыз?!
Адамның қадірі –еңбекпен дедік. Бұл — аксиома. Бірақ қандай еңбек? Еңбек өзі екіге бөлінеді: адал, арам. Арам- шариғатта тыйым салынған дегенді білдіреді. Ал адал /халал/ еңбектің кез келген түрі лайықты, оның қай түрінен де болса жиіркенуге болмайды. Абайдың: «Есен көтін жусаң да мал тауып кел» — дейтіні сондықтан. Бұл императивті дұрыс түсінбеген кейбіреулер мұны харам жолға пайдаланып жүр. Сөйтіп өздерінің оңбағандықтары мен бұзылғандықтарына Абайдың айтқанын негіз еткісі келеді. Қазақта тағы бір «жарлы болсаң арлы болма» деген мақал бар. Кезінде бұл мақалды Абай сынаған. Үлкен мораль тұрғысынан, ар-ұят тұрғысынан Абайдікі – дұрыс. Кедей екенмін деп ар-ұятыңды саудаға салуға әсте болмайды. Бірақ бұл мақал басқа бір мәселені де меңзеп тұрған секілді. Мәселен, осы «ар» сөзінен шығатын «арлану» деген сөз бар. Бір нәрсені бойына лайық көрмеу деген мағынаны береді. Қазақ айтып тұр: жарлы болсаң арлы болма, яғни, ешқандай халал жұмысты бойыңа ар көрме, жиіркенбе деп тұр. Бұл айтқанымызбен Абайдың есек туралы айтқаны үндес шығып тұр. Қазіргі кедейшіліктің басты себептерінің бірі – осы адал еңбектен арлану. Отбасың, әйел-бала-шағаң аш отырғанға арланбай, бір жұмысты бойына лайық көрмей арлану – барып тұрған сорақылық емес пе?

Кедейшілікке ұрындыратын, бізді еселі еңбектен тосатын тағы бір жайт –жанаярлық. Яғни, біздің өзіміздің жанымызды өзіміз шектен тыс аяуымыз. Мәшһүр Жүсіп бұл туралы:

«Байдың малы ардақты, // Кедейдің баласы ардақты» — деген.

Бай болатұғын кісі өзін де аямайды, баласын да аямайды. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, ұйқы көрмей, күлкі көрмей, күн қатып, түн қатып, жаны да жоқ ойында, ас-су да жоқ ойында, малдың қамын қылуға жытһады зор болады. Кедей малдың қамымен жұмысы жоқ, есі-дерті баласының суыққа тоңбағанын, қарны аш болмастығын, ұйқысы бұзылмағанын мақсат көреді. Жасынан жаман ғадетке табиғаты үйренген бала соны қалып алып, ақырында мұқтаждықта, қорлықта қалады». Міне, ғұламалар бізге байлық пен кедейліктің сырын айдан жарық, күнен анық қылып алдымызға жайып салып отыр. Осының бәрі – адамның өз табиғатын жете танымауында. Бойымызда: «Ойбай, өлесің!» деп сыбырлап, бізге үнемі жаны ашып тұратын «досымыз» бар. Шын мәнінде ол біздің досымыз емес, анық жауымыз. Оның аты — нәпсі. Осы «нәпсісін /жанын/ таныған адам ғана Құдайын таниды» — дейді қасиетті хадисте. Нәпсіні аямай, жастайынан еңбекке үйретіп, бас білғізіп тастаған адам ғана мына өмірде де, ана дүниеде де табысқа жетпек. «Аясаң – аяма!», «Баланы – жастан, қатынды – бастан» деген императив-мақалдар осы орайда айтылған деп білеміз.

Фото: centralasiaonline.com


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

1 Пікір на "Исламдағы еңбек этикасы"

avatar
Анар Қасымова
Қонақ

Жақсы мақала, маған ұнады

wpDiscuz