Алаш Орда үкіметі неге Жапон еліне қызықты?

Жарнама

«Тірі тұрсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген ұстанымды ұстанған кешегі Алихан Бөкейхановтар бастаған Алаштықтарды кеңес үкіметі «халық жауы» деген жаламен қоса «жапон тыңшысы» деп те айыптағаны тарихтан белгілі.

Қарап тұрсақ, XIX ғасырдың соңы мен  XX ғасырдың басындағы Еуразия ке­ңіс­тігінде Батыстың экспансиясына ұшы­ра­маған бірден-бір ел Жапония мен Ресей патшалығының отары болып күй кешкен кең байтақ қазақ жерінің арасында қандай байланыс бар? Және де неліктен Алаш Орда үкіметі осы Жапон еліне қызықты?

Алдымен Алаш зиялыларының осы тақырыпта айтқан сөздерін келтіре кетсек. Алихан Бөкейхан  1910 жылдары жазған «Қазақтар» атты очеркінде 1904-1905 жылдары болған орыс-жапон соғысы жайлы былай деген: «Орыс-жапон соғысы басталды… Телеграмдар жапондардың үздіксіз жеңістерінен хабарлар әкеліп жатыр…» Осыдан кейін Алаш зиялылары орыс патшалығын жеңген қандай ел, олардың бұлай тез арада дамып кетуіне не себеп болғанына қызықса керек, өз кезегінде 20 жастағы Мұхтар Әуезов те «Жапония» атты мақаласында күншығыс елінің 1861 жы­лы жүзеге асырған әйгілі «Мэйдзи» ре­фор­ма­сын талдай келе, соның ішіндегі бі­лім­ге қатысты тұсына баса назар ау­дарады. Ал Халел Досмұхамедов бір сөзінде: «Сенен басқа ондаған, тіпті жүздеген қазақтың баласы жоғары білім алып жатқанын ойласаң, бұл халық та еңбекке, дамуға қабілетті екенін, бәлкім болашақта әлемдегі өзінің орнын ойып тұрып алатын екінші Жапония бола алады дегенге көз жеткізесің» деген.

Демек, Алихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтар бастаған зиялылар сол кездегі күйреген қазақ хандығын 20-25 жылдың ішінде жаңа дәуірдегі заманауи Алаш мемлекетіне айналдырғысы келді. Ол бұл мемлекеттің даму үлгісі мен моделін XIX ғасырдың соңы мен  XX ғасырдың басындағы артта қалған аграрлы-феодалды самурайлар елінен өте аз ғана уақыт ішінде әлемдік державаға айналған Жапония елінен көрді.

Енді сол Жапон мемлекетін неге үлгі еткеніне тоқталсақ, алдымен олардың сол замандағы қазақтармен ортақ тұстары бар екен олар:

Біріншіден Жапондар отар болмаса да артта қалған феодалды-аграрлы ел еді, сол себепті олар мен көшпелі-феодалды қазақ елі де ұқсас еді. Демек олардың даму үлгісі де ұқсас болмақ.

Екіншіден Жапондықтар иператорды құдай ұлындай көретін өз салт-дәстүрлеріне, діндеріне берік мемлекет еді, ал қазақтар ол кезде Ислам дінін ұстап, не болса да барлығы Алланың қалауымен болады деген сеніммен өмір сүрген. Яғни, екі ел де «діншіл» ел еді.

Үшіншіден Жапондардың «ұлттық-национализм» идеясы, яғни өз дәтүрің мен тіліңді, мәдениетіңді бұзбай, батыстың озық ғылымын игеріп, дамыған елге айналу идеясы сол кездегі медреседен білім алып өскен, ұлттық ұстанымын жоғалтпаған «қазақтың әрбір тасы қазақтың өңіріне түйме болып тағылып, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек» деген ұстанымды темірқазық қылған Алаш арыстарының идеясымен дөп түсіп тұрды.

Алихан Бөкейханның түрмеде отырса да ораза ұстап, Ахметке жазған хатында «бүгін оразамды сумен аштым» деп жазуы да сол дәстүр мен дінге деген ұстанымдарының мықтылығы еді. Бүгінгі заманда көптеген зиялыларымыздың елдің қамы үшін жасап жатқан еңбектерінің еш нәтиже көрсете алмауының себебі  де өз қара бастарын ойлап, ұлттық мүдде мен дәстүрін ұмытуы деп ойлаймын.

Осы тұста Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай да өзінің осы тақырыптағы мақалаларында ұлттық бірлік пен Тәуелсіздік жолында құрылған Алаш партиясының негізгі бес ұстанымын талдай келе, «Бесінші – ең негіз­гі ұстанымы бойынша ғылымға, со­ның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәс­түр­ге негізделген, заңға сүйене отырып, Жапония үлгісіндегі  ұлттық  демократиялық мемлекет құрылуы керек еді. Алаш қай­раткерлерінің бұл ұстанымының дұрыс­тығына саму­рай­лық дәстүрге негізделген жапон ұлтының бар-жоғы 20 жылдың ішінде біртұтас им­пе­рияға айналып шыға келуі дәлел болса керек. Дәстүрге беріктік деп отырғаны – осы», – дейді.

Ал Томохико Уяма атты жапон ғалымы  өзінің бір ғылыми ізденісінде Алаш пен жапон байланысы туралы: «Жапония ІІ дүниежүзілік соғысқа дейін және соғыс кезінде де идеоло­гияландырылған ел болды. Алайда жапондарды соғыстан кейін, ел еңсесін қалай көтереміз деген сұрақ көбірек мазалайтын болды да, сол арнаға бет бұрды. Меніңше, жапондықтар мен алашордалық­тарды елдің экономи­калық және мәдени, рухани ахуалын қайтсек көтереміз деген ойы ортақтас­тырды» -деген.

Алаш Орда мелмекетінің бұл мақсаты орындалмауына негізгі себептері мыналар еді:
Біріншісі, қазақ халқы жапондар сияқты дербес емес еді.
Екіншісі, әскер саны өте аз әрі қару-жарақтың тапшылығы.
Үшінші, сол кездегі кейбір зиялылардың Алашты қолдамай, бөлініп жүруі.
Төртіншісі, Алаш автономиясының қаражатынынң аздығы.

Бесіншісі, большевиктік Кеңес үкіметінің билікке келуі, олардың сұрқия саясаты. Осы сияқты көптеген себептерге байланысты бұл асқақ арман орындалмай қалды. Бірақ осы жолда небәрі үш жыл (1917-1920) өмір сүрсе де қазақтың әліппесі мен грамматикасынан бастап, шекарамыздың сызылуы, қазақ жерінің экономикалық зертеулеріне дейін жүргізіп үлгерген Алаш Орда үкіметі шынымен де 20-25 жылда қазақ халқын өзгертіп жіберуге шамалары жеткеніне дәлел еді. Олардың газет шығаруы, әскер құруы, ғылымға көңіл бөлуі, көшпелі қазақ елін отырықшы елге айналыдру идеясы да  ұйқыдағы қазақ қоғамын үлкен өзгерістерге ұшырата бастады. Оның бір мысалы  күні кеше ғана байлары болыстыққа таласып, жақсының артынан арыз жазумен өткен, тіпті Абайды сабап кетуге де барған Оразбайлардың өзі Алаш өкіметі құрылғанда өзгеріп, мың жылқысын әкеліп тастағаны, газет шығаруға ат салысқандары дәлел.

Бірақ та амал қанша, сол арыстармыз көздеген мақсаттарына жете алмай сол жолда құрбан болды. Оның негізгі себебі Кеңес үкіметің жеңіске жетіп, билікті алғаннан кейін Алаш зиялыларын қудалап, көзін жоюы еді. Кеңес үкіметінің келуі осы тарихи даму үдерісін жүз жылға шегіндіріп тастады, 1917-1919, 1921-1922, 1930-1933, 1937-1938 жылдардағы ашаршылық пен қуғын-сүргін халықтың санымен қоса зиялы қаймақтарын да қысқартса, олардың шовинистік саясаты бізді әбден орыстандырып, өз-өзімізді танымайтындай мәңгүрт әрі құдайын танымайтын дінсіздікке апарды. Бұл жоғарыда айтылған даму принципінің кереғары еді.

Сөзімізді түйіндей келсек, қазақ елін дербес мемлекет етем деп армандаған алаш зиялылары жапондардың осы ғылым мен білімге деген ұмтылысын, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды сақтауға деген беріктілігін үлгі тұтса керек. Демек, қазіргі Қазақстан елінің де дамуы осы екі нәрседе екен. Біз батыстың ғылым мен білімдегі жетстіктерін меңгеруіміз керек, алайда олардың мәдениетін емес. Қашан өз тіліміз бен дінімізді, мәдениетімізді қадірлейміз және ғылым мен тәрбиеге көңіл бөлеміз сонда ғана мықты мемлекет бола аламыз деп айтқым келеді.

     Жексембиев Ақылбек Берікұлы

 


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz