Баласағұн қаласы ежелгі жазба әдебиеттерде

Жарнама

(Атауының шығуы және тарихи орны)

Баласағұн

Баласағұн қаласы – ортағасырдағы түркі халықтарының ірі мәдени-тарихи орталығы болған қала. Өзінің мыңжылдықтардағы даму барысында көптеген шапқыншылықтар мен қақтығыстардың, әртүрлі қағанаттар мен мемлекеттердің саяси ордасына айналып, талай тарих тебершіктерін басынан кешірді. Қала іргесі сонау Түріктер заманында соғылып қаланғанымен оның мәдени жаңғыруы мен өркендеуі әсіресе Қарахандар заманында жоғарғы дәрежеде дамыды. Себебі, Баласағұн Түргештердің, Қарлұқтардың, Қарахандықтардың және Қарақытайлардың саяси астанасына айналып, өзінің рухани жаңғыруын дамыта отырып, Оңтүстік өлкедегі ірі қалалардың қатарына қосылды да «Жібек жолы» атты әлемдік сауда транзитінің ауқымды орталығына баланды. Қай кезеңде болмасын қаланың мәдени және экономикалық жаңғыруы көбінесе үстемдік жасап отырған мемлекеттің әл-ауқатына тығыз байланысты болады. Осы аталған ортағасырлық қағанаттардың барлығы да өз кезегінде саяси-экономикалық өрлеудің маңыздылығына аса мән берген. Соның арқасында көптеген қалалар жанданып, өркениетін өрге домалатып отырды. Ондай қалалардың қатарында Тараз, Баласағұн, Меркі, Құлан т.б. секілді қалажұрттар бар. Осының ішінде біз сөз етіп отырған Баласағұн қаласы өз кезегінде ерекше өркендеп, қағанаттардың астанасы бола білді.

Осы уақытқа дейін аталған қаланың орны мен атауы жөнінде ғалымдар арасында әртүрлі пікірталастар болып келді. Тарихи деректерді тереңнен қаузаған біраз ғалымдарымыз Баласағұн қаласының орны Қырғызстандағы Борана қаласы десе, кейбірі ол қаланың тарихтағы Баласағұнның орнына сәйкес келмейтінін алға тартуда. Ал біздің ғалымдарымыз болса, қазіргі Шу ауданындағы Ақтөбе ауылының қасындағы көне қалашықты Баласағұн деп дәлелдеуде. Әрине, оған да дәлел болса керек. Осы Ақтөбе қалашығын 30 жылдан астам археологиялық қазба жұмыстарын жүргізгізіп зерттеген У.Шалекенов ағамыз нақты заттай деректер арқылы бұл қаланың Баласағұн екенін анықтады. Қалашық сонау ерте ортағасырлық дәуірлерден бастап барлық шығыстық және батыстық деректерде кеңінен жазылып қалған. Аты әлемге әйгілене бастаған Баласағұн қаласы туралы талай ортағасырлық тарихшылар тамсана жазған болатын. Қала әсіресе Қарахандар кезеңінде гүлденудің биік шегіне жетті. Мәдени және саяси тұрғыда әлеуметтік өркендеп, мемлекеттің тарихи астанасына айналды. Алғашқы бұл қала жөніндегі дерек қытайдың саяхатшысы Цзя Даньның «Төрт бағыттағы жол туралы естеліктері» атты көне жазбасында сақталып қалған. Онда: «Тау аңғарын жағалап біраз жүргенде Суйаб өзені жазыққа шығар аузына жетеді, осы арадан 80 ли жерде Пэйлоцзянцзюнь (Баласағұн) қаласы бар» деп суреттейді. Бұл осы атаумен Баласағұнның Қытай деректемелерінде бірінші рет кездесуі болатын. Мұндағы алдыңғы «Пэйло» сөзі «Бала» сөзінің қытай тіліндегі дыбыстық аудармасы, «Сағұн» — мансап аты, яғни қолбасшы болған

Цзянцзюнь сөзінің дыбыстық аудармасы делінеді (Аудармашыдан). Дәл осы жазбаға түскен уақытта Баласағұнның нағыз гүлденіп тұрған кезі болатын. Ал бұдан да көне деректі ортағасырлық ғалым М. Қашқари береді. Ол өзінің «Түркі сөздігі» атты еңбегінде Баласағұн жайлы кең хиқаятты жазып қалдырады. Аталған кітабында Түріктердің Шу хақаны жайлы айта отырып былай дейді: «Зұлқарнайын Самарқандтан асып, түрк қалаларына қарай беттеген кезде, түріктердің Шу есімді бір жас хақаны болған екен. Ол үлкен қосынның иесі болған. Баласағұн жанындағы Шу қаласын Шу хақан басып алған да өзі салдырған. Баласағұндағы сарайының алдында күн сайын бектер мәртебесіне үш жүз алпыс бес рет дабыл қағылып тұрған……». Осы дерекке қарап отырсақ атақты Баласағұн қаласы б.д.д 300-ші жылдары болғанын аңғару қиын емес екенін көреміз. Әрине, мүмкін Қашқари жаңылыс кетуі де мүмкін, болмаса тариқта екі Баласағұн болған ба деген де ой келеді.

Шыңғысхан дәуірі кезінде де қаланың өз дәргейінде дамып, гүлденіп тұрғаны айтылады. Шыңғысханның бас бітікшісі және жұлдызнамашысы болған ұлты қидан, қара көк хан тұқымынан шыққан Елюй Чуцайдың Шыңғысханмен бірге Орта Азияға жасалған жорыққа қатысып, көрген-білгендерін жазған («Батысқа саяхат естелігі») дерекнамасында: «Одан (Алмалық қаласынан) батысқа қарай жүргенде Иле деген үлкен дария бар. Дарияның батыс жағында Хусыволудо (Баласағұн) деп аталатын қала бар. Бұл қала бұрын батыс Ляо мемлекетінің астанасы болатын. Қаланың айналасында неше ондаған қалалар мен кенттер орналасқан. Одан батысқа қарай жүргенде неше жүз ли жерде Тараз қаласы бар» деген жазбасы біз үшін өте құнды дерек болары анық. Қытай жазбасында Хусыволудо деп жазылуы, сол дәуірдегі қаланың атауының өзгергенін білдіреді. Бұл сөз Құз орда деген атауының қытайша айтылуы болатын. Махмут Қашқари өзінің әйгілі кітабында: «ұлұш – қала, қыстақ (Шігілше). Баласағұн мен оның жанындағы Арғу шахарларында тұратын халықтар тілінде «ұлұш» сөзін «шаһар» дейді. Содан барып Баласағұн шаһарын «Құз ұлұш» деп атаған. ордұ – Баласағұнға жақын қала. Баласағұнды да «Құз ордұ – Құз орда» дейді» деп Баласағұнның екінші атауының болғанын дәлелдей келе және өз заманында қаланың атауы Баласағұн емес, Құз орда деп аталғанын нақтылай түседі. Себебі, бұл кезде қала гүлденіп, Қарахандықтардың ұлы ордасына айналып тұрғандықтан ел оны «Құз орда» деп атаған. Бірақ, бір өкініштісі қала осыдан 100 жылдан кейін өзінің өмір сүруін тоқтатып, Моңғолдардың шапқыншылығынан күйреп, қирағаны белгілі. 1263 жылы жазылып болған дейтін, Мөңкенің жарлығы бойынша Қарақорымнан аттанып хан інісі Құлағу ханға кездесіп қайту үшін Батыс Азияға аттанған Лю Юй, Чан Дэ атты елшілердің «Батысқа елшілік сапардан естеліктер» атты еңбегінде: «Ақпанның 24 жұлдызында екі таудың ортасынан өткеннен кейін, кең жазықтың шетіне іліндік, мұнда халық өте тығыз қоныстанған көрінеді, біз сапар үстінде бұл маңнан егістік жерлерді, айқыш-ұйқыш қазылған арықтар мен тоғандарды, күл-толқаны шығып күйреп жатқан ескі қалалардың қирандысын жиі кездестіре бастадық. Ондағы жергілікті тұрғындардан кей жайларды сұрастырғанымызда, олар бұл жер бұрынғы қидандардың ескі

жұрты екендігін айтты» деп жазылған сөздеріне қарап, Қидандардың ескі жұрты деп тұрғаны астанасы болған Баласағұн қаласын айтып тұрғаны дау тудырмайтын ақиқат екені белгілі. Өйткені, Баласағұн қалашығы 90 жылдан аса Қарақытайлардың астанасы болғаны тарихи шындық қой. Мұхамед Хайдар Дулати өзінің «Тарихи Рашиди» атты еңбегінде осы жайлы айта келіп: «Беделді кітаптар мен тарихи шығармаларда Баласағұнды Афрасиабтың салған қалаларының бірі деп атайды. Оны өте жоғары мақтаған. «Мажма ат-тауарихта» («Тарих жинағы») былай деп айтылған: «Баласағұн қара қытай заманына дейін Афрасиабтың (ұрпақтарының) билігінде болған. Қара қытай Гурхан Баласағұнды Илек ханнан тартып алды, ол Афрасиаб нәсілінен еді. Содан оны өзінің астанасы етті. Тоқсан бес жыл бойы Баласағұн қара қытайдың астанасы болып келді. Жейхуннан бергі, оның шығысында жатқан барлық ел мен өлкелер түгелдей оған салық төлеп тұрды. Моғолдар Баласағұнды Қаралық деп атаған» деп нақтылай түседі. Көріп отырғанымыздай Баласағұн қаласы ортағасырда үлкен мәдени иеліктің ортасы болғанын аңғарамыз. Әлемдік мәдениетте өзінің орнын нақты айқындап алған бұл қала жайлы көптеген тарихи жазбалар қалғанын да көріп отырмыз. Енді осы аталмыш қаланың атауының шығу тарихына келейікші. Баласағұнды 30 жылдан аса зерттеген У.Шалекенов ағамыз өзінің «Қазақ мәдениеті» атты кітабында былай дейді: «Қашқари еңбегінен Баласағұн қаласының этимологиясын анықтадық: «Сағұн»: Қарлұқ жұртының мықтыларына берілетін ат, лақап. Түрік тәуіптерін Ата сағұн дейді». Қаланың аты екі сөзден құралған. «Бала» деген түрік сөзі баршаға мәлім болса, «сағұн» — хакан, хан, князь. Олай болса, Бала + хакан; бала + князь; бала + хан болып, Бласағұн деген ұғымды құрайды, яғни жас түркеш, әйтпесе Қарлұқ хаканының қаласы деген сөз» деп өз ойын түйіндейді. Ал С.М.Сыздықов өзінің «Қарлық – Қарахан мемлекеті» атты монографиясында: «Ал осы қала атының әуелгі екі түбірі бары байқалады. Олар: «бола» және «сағұн». Этимологиялық талдауда: біріншісі – «боло» «було», яғни тайпа аты, ал екіншісі «соғұн», «сағұн» болып, қарлық тайпасының көсемі атағын білдіреді. Мына бір жайттың жалпы біз қарастырып отырған мәселелерге қатысы бар. Қытайдың Хань жылнамаларында түркілер ғұндардың «со» (Сорхы) аталатын атақты тайпасының ұрпағы ретінде көрсетіледі сонда бұл лауазымның өзі «со» және «ғұн» деген екі түбірден құралады деуге негіз бар. Бұл жағдайда барлық түбірлерді қосқанда: «Бол-со-ғұн» құрылымы, ал генеологиялық тәртіппен орналастырсақ: «ғұн-со-боло» болып шығады. «Со» түбіріне семантикалық тұрғыдан көне сары ұйғырлардың : Соқалық, Саоқозымен, хакастардың: ақ сохы, көк сохы, хара сохысымен, ал қазақтың Арғын құрамындағы: ақ сопы, қара сопы, тәнбі софы этнонимдері сәйкес келеді. Сонымен, бір сөзбен айтқанда, Баласағұн қарлықтардың басты бір – моуло, яғни болат тайпасының көсемі тұратын ордасы деп ұғыну керек» деп тұжырымдайды.

Ал менің зерттеп зерделеп жүргенім бойынша да негізі осы ұғымдарға біршама жақындай түседі. Қала атауы екі негізден тұратыны айқын. Бұл атауды «Балауса және ғұн» деп алсақ та болады. «Балауса» сөзі көне

түріктің осы күнге дейін мағынасын жоғалтпай сақтап келе жатқан ежелгі сөзі екені айтпаса да түсінікті. Ол жас дегенді білдіреді, ал ғұн Орта Азиядағы ежелгі ұлы тайпалардың бірі екені белгілі. Сонда «Жас ғұн, яғни, жас немесе балауса ханзада» дегенді білдіреді. Қалай болғанда да бұл қаланы ғұндардың жас патшасы салдырғаны немесе билегені осы атаудан-ақ байқалады. М.Қашқаридың «Түркі сөздігі» атты еңбегінде б.д.д. 300 жылдары өмір сүрген Түркінің жас ханзадасы Шу хақан туралы аңыз бар. Онда ол Александр Македонсскимен соғысып, Шу өзені бойынан Шу қаласын салдырып билегені айтылады. Мүмкін осы аталған жас хақан Баласағұнды да салдырған болар?! Кім біледі, бәрі де мүмкін ғой. Ал енді қаланың орналасқан орнына келсек. Тағы да көне деректерге жүгінейік. М.Қашқари өз кітабында: «арғу – екі таудың арасы. Тараз(Талас) бен Баласағұн арасындағы шахарларды «Арғу» дейді. Өйткені, ол жерлер екі тау арасында жатыр» дейді. Енді осы айтылған жерлерді анықтап көрейік. Баласағұн қаласының оңтүстік жағында Қырғыз Алатауы орналасқан, одан Шу өзеніне барып құятын Шарғау, Ақсу, Қарабалта, Тоқташ атты өзендер шығады. Осы өзендердің Шуға құятын төменгі ағысындағы жері тегіс, құнарлы, суы мол және ауасы таза алқабында Баласағұн қаласы орналасқан. Ал, солтүстік-шығысын Жайсан тауы қоршап жатыр. Осы айтып отырған жерімізді тағы бір қытайлық дерек нақтылай түседі. Мақаламыздың бас жағында айтып кеткен, 1263 жылы жазылып болған дейтін, Мөңкенің жарлығы бойынша Қарақорымнан аттанып хан інісі Құлағу ханға кездесіп қайту үшін Батыс Азияға аттанған Лю Юй, Чан Дэ атты елшілердің «Батысқа елшілік сапардан естеліктер» атты еңбегінде: «Ақпанның 24 жұлдызында екі таудың ортасынан өткеннен кейін, кең жазықтың шетіне іліндік, мұнда халық өте тығыз қоныстанған көрінеді, біз сапар үстінде бұл маңнан егістік жерлерді, айқыш-ұйқыш қазылған арықтар мен тоғандарды, күл-талқаны шығып күйреп жатқан ескі қалалардың қирандысын жиі кездестіре бастадық. Ондағы жергілікті тұрғындардан кей жайларды сұрастырғанымызда, олар бұл жер бұрынғы қидандардың ескі жұрты екендігін айтты» деп жазылған. Осындағы екі тау арасындағы кең жазықтық, егістік жерлер, қазылған арықтар мен тоғандарды саралай келіп, деректерге көз жүгіртсек қазіргі Баласағұн қаласының орнына сай келетінін анық көруге болады. Бұл қала өз дәуірінде Түркі халқының ең ірі тарихи-мәдени орталығы болғаны осындай жазбалардан-ақ көрінеді. Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи Рашиди» атты еңбегінде: «Моғолстандағы бірсыпыра қалалардың аттары беделді кітаптарда жазылған және ол қалалар турасында көптеген түсініктер берген. Солардың бірі – «Баласағұн» деп ашып жазады. Ал Уахит Шалекеновтың «Қазақ өркениеті» кітабында: «Махмуд ибн Уали (1595) Иранның ортағасырлық белгілі мемлекет қайраткері, географ ғалымы Хамдаллаһ Мустауфи Казвиниге (1281-1349) сүйене отырып, Баласағұнда жұма намазын оқитын 40 мешіт, күнделікті намаз оқитын 200-ден астам мешіт, 20 ханака және 10 медресе болған» деген деректерді алға тартады. Осыған қарап-ақ Баласағұнның ортағасырда қандай ірі қала болғанын аңғару қиын емес.

Көріп отырғанымыздай елімізде сонау ортағасырларда көптеген ірі қалалардың болғанын аңғарамыз. Әлемдік мәдениетте ойып орын алған Баласағұн қаласы да біздің халқымыздың қала мәдениетін қалыптастырған ел екенін дәлелдейді. Кеңес кезеңіндегі көптеген ғалымдардың қазақ елін «көшпенді, қаласы жоқ, жабайы мәдениет» деп бағалаған сөздеріне бұл үлкен соққы болып тигені анық. Тіптен қазіргі таңда Еуропаның көптеген ғалымдары өздерінің өркениет жайған мәдениетінде көшпенді Түркі халқының мәдениеті бар екенін мойындауда. Қала мәдениеті де, дала мәдениеті де біздің дархан даламызда өркендеп қанат жайғаны ғылыми зерттеулердің арқасында дәлелденді. Біз – ұлы халықпыз. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Біз – бабаларымыздың осындай ұлы істері мен әлемдік аренада тарихи-мәдени бет бейнесі мен шексіз дамытқан өркениетін әрқашан мақтанып айта аламыз.

Асылжан Шайдилдаев

«Ежелгі Тараз ескерткіштері»
Тарихи-мәдени қорық-музейінің
ғылыми қызметкері


Пайдаланылған әдебиеттер:

Мұхаммед Хайдар Дулати «ТАРИХИ И РАШИДИ» Мұхаммед Хайдар Дулати қоғамдық қоры «Тұран» баспасы, Алматы 2003 ж 401 – бет.
Бұл да сонда: 402 – 403 беттер.
«ҚАРЛЫҚ – ҚАРАХАН МЕМЛЕКЕТІ: саяси тарихы және мәдени мұралары» Монография «Фоллиант» баспасы Астана – 2015 ж. С.М.Сыздықов 64 – бет.
«ҚАЗАҚ ӨРКЕНИЕТІ» У.Х.Шалекенов-Баласағұни. Алматы «Қазақ университеті» 2009 ж 149 – бет.
Бұл да сонда: 299 – бет.
«ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ ТУРАЛЫ ҚЫТАЙ ДЕРЕКТЕМЕЛЕРІ» І – ТОМ
(Саяхатнамалар мен тарихи географиялық еңбектерден таңдамалылар)
Алматы «Дайк – Пресс» 2005 51 бет. Бұл да сонда: 61-бет. Бұл да сонда: 77-бет
М.Қашқари. «ТҮРКІ СӨЗДІГІ» Алматы қаласы «Хант» баспасы 1997 ж.
1-том, 91-бет.
Бұл да сонда: 1-том, 154-бет
Бұл да сонда: 1-том, 157-бет.


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz