Кітап- Шам

«Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар»
Ы. Алтынсарин

Жаздың шілдесінде әкем түскі асқа бұлқан-талқан болып келді. Экскватор жүргізушісі еді. Тұздыбастаудағы ескі мәдинет үйін қопаруға кеткен. Ақырындап мән-жәйін білсек:

«-Қазіргі қоғамға кітаптың қажеті жоқ болып қалды.

Ескі кітапхананың кітаптарын тау-тау етіп үйіп, өртеп жатқандардың үстінен түстім. Сәкенім мен Ілиясым, Абай менен Мұхтар, қала берді әл-Фараби жанып жатыр»,-деп назданды. Жастайымнан кітапқа жақын болып өскен мен үшін бұлда бір қаралы хабар еді. Шындығында да, қарыштап дамып жатқан, бұл қоғамға кітаптың қажеті болмай қалды ма?

Осы тақырып аясында зерттеу жасап, өзім қатарлы жас буынан сауалнама алдым. Жастар оқымайды емес, кітапты оқиды. Оқыған кітаптарымыздың санын түгендеп әуре болмайық, сапасына басты назарларыңызды аударғым келеді.  Екі мың он бірінші жылы білдей бір топпен, американның махаббат трилогиясын оқығанымыз есімде. Қазірде оқып жүрген кітаптарымыздың жөні осы тектес.  Олардың пікірінше, «Ескі заманды сипаттайтын, көшпелілердің оқиғасын оқу-ішпыстырарлық». Десекте, олар айтқан ескі заман сипаты мен көшпелілер оқиғасы не екеніне көз жүгіртейікші.

Қазақ халқы Кеңес отарлығы келмей тұрып, көшіп-қонып жүретін шаруа халық еді. Жаз-жайлауға, күз-күздеуге көше жүріп, ұрпаққа тағлым болатын аз дүние қалдырған жоқ. Табиғаттың асыл сырлары, туған жердің қадірі мен қасиеті, ата-текті сақтау мен оны дәріптеу, дала философиясы мен тылсымға толы жануарлар дүниесі. Осының бәрі туралы деректер біздің халық ауыз әдебиетімізде бар.

Шетелдің ойдан табылған тылсым күшті батыр робаттары туралы кітап емес, өзіміздің өмірі аңызға айналғандардың өмір тарихы жазылған дастан, эпос, жыр тағлымға, дәріппен насихатқа толы. Ертеңгі ел тізгінін ұстар азамат тәрбиелеуде қазақ халқының құпия қаруы. Н.Ә.Назарбаев: «Қазақтың тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ»,-дейді. Расында, біздің жас буын қазақтың осындай жауһар тарихы жазылған қазыналардан қол үзе отырып, ұлттық санасының дәрежесі құлдырап, рухы жаншылып, майдаланып бара жатқан жоқ па?!

Заманауи инновациялық қоғам, әлем елдерімен тереземіз тең болу бағытындағы IT болашақ, ақпараттық-технологиялық сұраныс. Дұрыс. Жөн. Қажет. Десекте, жұмыстан келе сала ұялыға таңылып, қызық бейнеролик көріп, я  болмаса сабақтың тапсырмасын әлуметтік желі арқылы алып, біз технологияның өнертабыстарына тәуелді болып бара жатқан жоқпыз ба?!

Біздің қоғамның тым сорақы сипаты, бір үйде отырып, тіптен бір бөлмеде отырып ұялының месенджері мен «whatsapp» хаттары арқылы сөйлесеміз. Желіде келген он адамға тарату қажет хаттың маңыздылығын анамыздың «айналайынынан» биік қоямыз. Бір сағатқа өзімізді дамытуға бағыттайтын, еліміздің болашағын көркейтуді насихаттайтын кітап оқуды ұсынса, минуттар мен секундттарды санаумен уақытымыз өтеді.

Кітаптар бұл қап-қараңғы сана тұңғиығына сәуле түсіріп, көкірегімізге білім нұрын жандыратын ғажап жаратылыс. Кітап оқыған адам сан құбылған, аумалы-төкпелі заман құбылыстарына дес бермей, қоғамның толқынды өзгерістеріне оң көзқараспен баға бере алады. Ең бастысы, еліне, отанына, өзі мен отбасына тиімді, қажетті әрі дұрыс жолды өз сана-сезімімен түйсініп, қабылдай біледі.

Америка мен кореяда ғұмыр кешіп, түрлі қиындықтарды жеңіп қосылған қос ғашық тағдырын оқи отыра, біз нені бойымызға сіңіреміз?

Ол ғашықтардың қосылғаны біздің қазақ атты ұлттымыздың денінің саулығы мен болашақ ұрпақ тағдырына нендей пайда әкеледі?

Осы сұрақ тұрғысынан ойласансақ, ешқандай. Дұрыс па?

Кешегі елім деп еңіреп өткен ер оғландардың тікелей ұрпағы, алпыс екі тамырында қазақтың қаны тулаған байтақ елдің мұрагерлері кітап оқу болмашы іс болса да, оның біздің мәдинетімізге, әдебиетіміз бен ұлттық болмысымызға тигізер әсері мол. Қарапайым қара сөзді кітаптардан ажырап, тағдырымызды тектілік тамырынан ажыратып жатырмыз. Сондықтан, қандай нұсқада болсын: жазбаша әлде электронды, өзімізге, өзіміз арқылы ұлтымызға, дінімізге пайда әкелетін кітап оқиық.

Шетел әдебиетімен таныс болған жөн. Тек, алысқа арба артпас бұрын, өзіміздің дорбамызды теңшеп алайық. Сіз керек етпеген Абай, Шоқандар мен Ыбырайлар, Абылай, Кенесары мен Махамбеттер, Әлихандарды өзге келіп керек етпейді.

 

Іңкәр Нұрлан

«Алашқызы»
Алматы облысы, Талғар қаласы
4 курс студенті

0
-1

Share This Post

guest
1 Комментарий
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии
Қанатбек
Қанатбек
2 жыл бұрын жазылды

«деп назданды»-Назданбайды бұл арада НАЛИДЫ