Рақымды да Мейірімді Ұлы Раббымның атымен бастаймын. Жер бетін мейірімді мекен етіп, көкті көрікті күмбез қылған, күнге шуағын төккізіп, сансыз тіршілікке ризығын таратқан Алла Тағалаға сансыз мақтаулар болсын!
Сәуір айының арайлап тағы бір таңы атты. Таң біліне салысымен Раббысын ұлықтауға асыққан құстар өз уақытынан жаңылмастан шықылықтап айналаны әсем бір әуенге бөлеп жіберді. Кешегі толассыз жауған жаңбырдан күн де мейірлене нұрланып, айналаға шуағын барынша молынан төге түскендей. Бейне-бір «әрбір қиындықтан кейін жеңілдіктер бар, әрбір қиындықтан кейін жеңілдіктер бар», — деп айналаға жар салып тұрғандай. Қыстың қытымыр суығынан аман құтылған қара жердің денесі жіпсігенмен, қыс ызғары әлі де білінеді. Рахима күндегідей ерте тұрды. Тағы намазын оқып, Жаратушысын ұлықтағанннан кейін өзінің үй мен шеберхананың арасындағы қарбалас күйбең тіршілігіне кірісіп кетті. Шаршау мен қамығуды білмейтін көңілі әрдайым үйіне келген қонағына да жетіп жататын. Кеше кішкентай ұлымен төркіндеп келген қайын әпкесіне шәй беруді ұмытпады. Дөңгелек көзді, әрдайым жымиып жүретін 4 жасар Әли бұл үйді жатырқамайды. Нағашыларына жиі келіп, көп уақытын осында өткізетіндіктен үйдің қуыс-қуыс, қыр-сырының бәрін білетін. Сондықтан таңғы асын ішер ішпестен, қызықты ойын іздеп жүгіріп кетті. Баласының сенімді орында екеніне жүрегі жайланған Мариям: « Біраз жұмыстарымды бітіріп келейін», — деп, ұлын құдаша қызға табыстап қалаға кетті.
Рахима бірнеше жылдардан бері есігінің алдындағы шағын шеберханада тігінші қыздармен бірге мұсылман әйелдерге арналған киімдер тігеді. Киімдерге әртүргі үлгі ойлап тауып, маталарды соған сай пішу оның күнделікті міндеті. Бүгін де түске дейін сол қарбалас тірліктің арасында жүрді. Үйге түскі асты даярлауға кірген ол бірден Әлиді іздеді. «Әли, Әли балақай келе ғой шәй ішеміз». Жеңгесінің даусын естіген Әли жүгіріп келіп, үстел басына жайғасты. Рахима оның асын даярлап беріп, шебереханадағы тігінші қыздарды асқа шақыруға кетті. Қайта айналып үйге кірген ол үстел басына отырғызып кеткен Әлидің жоқ екенін көріп таң қалды. «Әли, Әли келе ғой, тамағыңды ішпепсің ғой», бірақ баланың үйден дыбысы шықпады. Рахима сыртқа шығып, дауыстап тағы шақырды. Әйтсе де айналадан ешкім көрінбеді. Көңілі алаңдай бастады, айналасы бес-он минуттың ішінде ол қайда кетуі мүмкін?! Кенет оның есіне үй артындағы шұңқыр түсті. Жолдасы жуынды төгуге шұңқыр қаздырған, әйтсе де бұл жақтың жерінің ерекшелігі кішкене қазылса, су шығып кетеді екен. Жер асты суына жаңбыр суы қосылған осы шұңқырдың беті ашық тұр еді. Рахима дереу сол шұңқырға қарай жүгірді. Шұңқырдың бетінде қалқып жүрген баланың денесін көзі шалды. Жүрегі дүрсілдеп жаны алқымға келді. «Көмектесіңдер! Көмектесіңдер!» деп шыңғырып жіберіп, балаға қарай ұмтылды. Бар күшімен оны тартып шығарды. Баланың көзінің ағы көрініп, жүзінде тіршіліктің белгісі қалмаған еді. Дәл осы кезде есігінің алдында жүріп бұның даусын естіген көрші де жүгіріп жетті. Дереу балаға қолдан дем алдырып, денесін уқалап алғашқы жәрдем көрсете бастады. Рахима баланың денесін жылы киімге орады. Тек сол кезде ғана баланың ыңырсыған даусы шықты. Дереу жедел-жәрдем шақырып, ауруханаға кетті.
Аурахана іші ығы-жығы адам. Өмір толқыны әртүрлі тағдырды бір арнаға әкеліп тоғыстырғандай. Әсіресе, жан сақтау бөліміндегі жағдай мүлдем бөлек. Көздерін уайым, көңілдерін үміт пен үрей басқан қамкөңіл жандар бөлім сыртында күтіп отыр. Әли жан сақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр. Дәрігерлер үміттің өте аз екенін айтып: «Баланың аман қалуы екіталай. Аман қалған күннің өзінде тұншыққан кезде ішкі органдарға қан толады, өкпе ісініп, орталық жүйке жүйесінде ауыр дистрофиялық өзгерістер дамиды», — деп ескертті. Мариям көз жасына ие бола алмады. «Баламның аяғына батқан шөгір тікен менің маңдайыма кірсін» дейтін ана жүрегіне балапанының мына жағдайы әсіресе ауыр тиді. Көз алдынан «Анашым…»деп күлімдеп күлгені кетер емес. Осының бәрі елес болып қалғаны ма?! «Жоқ, жоқ…», — Мариям дереу есін жиды, «Раббымның мейірімі
шексіз, Оның Құдіреті барлық нәрсеге жетеді. Иә, Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Раббым! Құлынымды аман қыла көр! Расында Өзің Мейірімділердің Мейірімдісісің!»…
Рахима аурухана терезесінен далаға көз тастады, ой әлемі оны өзінің терең тұңғиығына батырып әкетті: «Шеті мен шегі жоқ көк аспан. Бірде түнеріп, бірде жадырап, ал бірде мүлдем қап-қара түнекке айналатын осынау көк күмбездің жаратылысында мін жоқ-ау. Нөсерлетіп жаңбырын төгіп жерді құнарландырып, қыс болса, айналаны ақ мамыққа орап тастайды. Адам баласы сәл ғана ойланса, мінсіз Жаратушы Алла Тағаланың бар екенін сезер еді-ау. Осындай қиындыққа тап болғанда, өзіңнің қорғансыз, әлсіз бір жаратылыс екеніңді еріксіз мойындайсың…» Мариямға көз тастады. «Ана үшін ең үлкен сынақ — баласының қиналғаны болар. Жер бетінде ана мейірімінен артық мейірім бар ма екен?!» Тағы да терезеге көзі түті. Оның сұрағына жапырақтары жерге иіліп, жағалай өскен ағаштар, алыстан мұнарлаған біик таулар, ерекше сұлулықты бойына жиған көркем табиғат жауап беріп тұрғандай болды: «Әрине, бар! Ол сені де, мынау көркем табиғатты да, күллі әлемді жаратқан Ұлы Жаратушының мейірімі! Ана баласын тоғыз ай көтеріп, дүниеге әкеледі, ал Алла Тағала оны ананың құрсағында жаратып, жан береді. Анасы нәрестесіне ақ сүтін беріп қоректендіреді, ал Мейірімді Раббысы оны өмір бойы ризықтандырады. Анасы баласының қанаты қатайғанша бағып қағады, ал Алла Тағала оған өмірінің соңына дейін қорған болады…» Оның ойын дәрігердің сөздері бөліп жіберді: «Үйлеріңізге қайтып, сол жақта күтіңіздер. Барлық нәрсеге дайын болыңыздар».
Мариямды сүйеп, барлығы үйге қайтудан басқа шара қалмады. Күн көкжиекке көтеріліп, екінті асып қалыпты. Барлығы намазға тұрды. Алақандарын жайып, шын жүректен Раббысына жалбарынып дұға сұрады. Бұл жағдайды естіп қаладан әдейі келген Әмина да жолдасы екеуі қарап қалмады. Барлық таныс бауырларға қоңырау шалып, Әлидің денсаулығы үшін дұға сұрауын өтінді. Естіген жандар бірі-біріне айтып, Алла Тағаладан шипа сұраумен болды. Күн бозарып батып, ұясына қонды. Дәл осы сәт алыс-жақын көптеген мұсылман ақшам намазын тұрды. Алланың мейірімі шексіз екеніне шынайы иман келтірген барша мүмін Раббысына алақанын жайды. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кімге дұғаның есігі ашылар болса, оған мейірім есіктері ашылды деген сөз. Алланың ең жақсы көретін нәрсесі – Өзінен кешірім тілеу. Дұға барша бәлеге тосқауыл. Сондықтан, дұғаға бет бұрыңдар», — деген хадисі әрбір мүміннің көңілінде сайрап тұр.
Алла Тағалаға мақтау мен мадақтар болсын. Кенет қоңырау шалынып, ар жақтан дәрігердің қуанышты хабары естілді. Әли есін жинапты. Көңілді қаптаған уайымның қара бұлты сейіліп, жадырап күн шыққандай болды. Жүректер дүрсілдеп, көздерден қуаныш пен шүкірлік жасы ақты. «Шүкір, шүкір Алла, Өзің Ұлықсың», — деген сөздер жан-жақтан естіліп жатты. Дәрігерлер «бала толық есін жинап, денсаулығына аса қауіп төніп тұрмағанын, тек өкпесі кішкене суықтағанын» айтып, таңданыстарын жасыра алмады. Бұндай жағдай өте сирек кездеседі екен. Әйтсе де, тек қана Алладан үміт етіп, жалбарынған жандар бұның сырын жүректері ұққандай іштерінен Рабысын ұлықтаумен болды…
Эпилог
Аулада жүгіріп ойнап жүрген Әлиге көзім түсті. Ешнәрседен хабарсыз бейкүнә күлкісімен балалық балдәуреннің қызығына батып жүр. Анасы болса қызғыштай қорғап, жанынан шығар емес. Балапанымен қайта қауышқанына шексіз разы ана жүрегі әр сәт сайын «шүкір, шүкір» деген сөздерді қайталай береді. Бұл екеуі Алла Тағаланың мейірімін танытатын оқиғаның кейіпкері болып, қаншама адамның Раббысына жақындауына, Оған шүкірлік етіп, мақтау мен мадақ айтуына себепкер болғанынан бейхабар еді. Тек Әлидің тұнық көздерінен өмірге деген құлшынысты байқадым. Мен оған: «Әй , Алла Тағаланың Ұлы мейірімінің жер бетіндегі шуағы! Сені алдыңда «өмір» атты сан түрлі соқпағы, кедірі мен бұдыры көп ұзақ жолдар күтіп тұр. Сол жолдарда жүректегі иманыңды шамшырақ етіп алсаң, ол сені ешқашан адастырмайды. Кедірі мен бұдырына түскенде, сабырыңды сүйеу қылсаң, ол сені құлатпайды. Қиындыққа тап болмай тұрып, Раббыңа мақтау мен мадақ айтып, шүкірлік ет. Ол сені ешқашан тастамайды. Жан-жағыңа мейірім шуағыңды төк, сонда саған Раббыңның мейірімі төгіледі. Себебі сен Оның Ұлы Мейірімінің кіп-кішкентай куәгерісің ғой! Әрбір аттаған қадамыңда, әрбір атқызған таңыңда сен осыны паш етуге міндеттісің! » — деп айтқым келді.
Бисмилляхи-р-рохмани-р-рохим!
Мир и благословение Аллаха Пророку Мухаммаду, его семье, сподвижникам и праведным последователям.
Ассаламу алейкум уа рохматуллахи уа барокатуху.
МашаАллах, автор великолепен, невозможное возможно только Творцу всего и вся!
МашаАллах! Адамнын конилине турли сезимдер оялататын адеми макала екен. Кайгы жасынан сон куаныш жастар акелетин, Раббымыздын шексиз мейирими мен Кудиреттилигин есине тусиретин тамаша макала! АЛЛА разы болсын!
Аллахқа шүкир талдағы жапырақта Аллахтың калауынсыз туспейди, басымызга осындай жағдайлар кенеттен келсе әр қайсымыздын иманымыздын денгейі белгілі болатын секілді,сондыктан қиындық келген сәтте неге менімен,немесе болган оқиғаға біреуді кіналамай,Аллахтын қалауына разы болған турде сабыр етсек,сол сәтте Аллах бизге жылдар бойы күні түні жинай алмай жүрген сауапқа кенелдіреді.Аллах тағала бәримізге сабырлық нәсип етсин.
Аллаһ елшісі былай деген: «Қияметтің күнінде бұл дүниеде жапа шегіп, қиындық көргендердің сауабы берілген кезде, дүние тіршілігінде қиындық көрмегендер, біздің денеміз бұл дүниеде кескіленгенде еді деп тілейді екен». Сондықтан адам баласы кездескен қиындыққа сабыр сақтаса өзінің мүмін екендігін дәлелдегені. Ал егер сол қиындықтың артында, одан үлкен саап бар екенін сенсе Раббысына шүкірлік еткені.
Ассалям Уалейкум оте маганалы ма кала екен, коз жасымды тия алмадым! А лиге Аллах узак гумыр берсин.