Алыстан әкесінің қарасы көрінгенде жүрегі жиірек соғып, «әкем арақ ішіп алды ма екен?» деген қорқыныш тұла бойын билеп алған кіп-кішкентай қыздың жүрегіне үңілетін болсақ: « «Арақ» деген жауызды кім жаратты екен? Мас кезінде әкем дүниедегі ең жек көретін адамыма айналады. Сонша ұратындай анамның не кінәсі бар? Біздерге де өштесіп алады. Әкелері арақ ішпейтін балалар қандай бақытты! Шіркін барлық дүкендердегі арақтарды сындырып, жойып жіберсем ғой? Әкем сатып алатын жер қалмаса, сонда біз тыныш, бақытты өмір сүрер едік. Әкем сондай жақсы адам болар еді.» деп ойға шомған оны, әкесінің ақырған даусы бөліп жібереді. Мөлдіреген көздеріне жас толып, анасын іздейді. «Қашып үлгерсе, қашып үлгерсе екен.» Осындай арпалыста жүріп, анасы әкесінің қатты соққыларынан зақым алып, өмірмен қош айтысты. Үрей мен секем, арпалыс, қорқыныш бітті. Бірақ бала жүрегіндегі жара қалып қойды. Анасынан айрылып, шырқырап жылап жатқанда, артынан ерген іні-сіңілдері бұғанасы қатпаған, алды-артын болжай алмайтын өзіне арқа сүйеп қалғанын сезінді ма екен?
Бұл — өмірдің ащы шындығының бір көрінісі. Мейірімді ана ішкіш әкенің соққыларының зардабынан ақыры көз жұмды, ішкіш әкенің де түбіне арақ жетті. Тек солардың куәгерлері ретінде төрт балақай, жетімдіктің ащы дәмін татып өмір сүріп келеді…Соларды көрген сайын жүрегімде арақ ішетін адамдарға деген өшпенділік оянады.
Әлішер Науаи: «Адамдар аспанда құс боп ұшуды үйренді. Теңіздің астында балықтай жүзуді үйренді. Енді жер бетінде адам құсап жүруді үйренсе ғой» — деген екен. Адам атты асыл сөзді қор қылып, биік басын төмендетіп, арақтың құлы болып жүргендерге қарап осы сөздерді еріксіз айтқың келіп тұрады. Тіпті, анасына, әкесіне қол жұмсап жатқандарды да көзіміз көрді. Өз бетімен кез-келген адам саналы түрде бұндай іске бармасы анық. Ендеше арақтың, шайтанның құлы болды деген осы. Ал сол құлдықтан шығатын жол бар ма?
Біреулер емші, тәуіпке барып, енді біреулер дәрігерге жүгініп жатады. Бұл уақытша көмектескенімен, шайтанның азғыруын имансыз жүрек жеңе алмай, бәрібір қайтадан құрбан болады. Сондықтан адамның жүрегінде шайтанға қарсы ең үлкен қару – ИМАН болуы тиіс. Алла тағала адам баласын жер бетіне Өзіне құлшылық ету үшін жаратқан еді. Қазір көптеген бауырларымыз арақтың құлы болып, соның әмірлеріне толық бойұсынып жүргеніне куәміз.
Әрбір адам өзінің үміт етіп отырған баласының болашақта арақ деген азғындықтан алыс болғанын қалайды. Сондықтан, өсіріп отырған өреніміз арақтың емес, Алланың құлы болуы үшін кішкентайынан жүрегіне иман нұрын ұялатуымыз қажет. Иман – кез-келген жамандыққа қарсы тұра алатын жалғыз қару . Бұл қару арақтың арбауына, шайтанның азғыруына төтеп бере алады. Адамдықтың ақ жолымен жүріп, азғындықты жеңу үшін — адамдардың жүрегінде азайып бара жатқан ізгіліктің бастауы иманның сәулесін жас ұрпақтың жүрегіне себе білейік. Соз соңын Тұрмағамбет Ізтілеудің мына өлеіңімен бітіргім келеді:
Есіріп отырсыңдар ішіп арақ,
Итсіңдер иесіне үрген барақ.
Нәрседен сорлататын бойды сақтап,
Жүргендер көлеңкелі гүжім дарақ.

