Дархандығы даласына тартқан Ауыл аруы

Абай  өз заманында  “Қазақ қасында жүрген бiлiмдiнi,  зерделіні мойындамайды, бiр белдiң астындағы бiреудi данышпан десе соған ат сабылтады, аруақ көтерiп, пiр тұтады. Ал, сол бел астындағы “данышпанның” өзiнiң қасындағы бiлiмдiнiң қолына су құя алмайтынын бiлмейдi”-деп сынаған  ғой.   Адам қабілетін  дер  кезінде  тани білу  кезкелгеннің қолынан  келе  бермейтін  шаруа.  «Адамды  адам түсінбейді , түсінуге  ғана  ұмтылады»  деген  бар.   Ақыл-ой ,  интуициялық  коэффициенттерін  мың  жерден  олай-бұлай  тексерсең де  адам  қабілеті  жұмбағын  ашу  оңай  емес. Зерделілік  белгілерін  ешқандай  кандидаттық , докторлық дипломдармен  өлшеуге  болмайды.  Зерде  — сүйекке  сүтпен  сіңген    қасиеттердің  бірі .  Бұл  қасиеттің  бірі  адамға  туа  бітеді ,  екіншісі  жүре  жетіледі.    Қажымай  талмай  еңбектену  арқылы  жүре  келе  көзі  ашылатын  жандарға  білуге  құмарлық , табанды  талпыныс , ісін шын  беріле  істеу сияқты  талаптылық   тән.  Түйсігі  мықты ,  құйма  құлақ  жандар   ғана   көксеген  көкжиектен  көріне  алады.

Адам    қабілетінің  жетілу  жолы мен  сырының  жұмбағы  көп.  Десе де,  бір  нәрсе  анық – ол  таудай  талап,   білуге  құмарлық,  табанды  талпыныс . Қабілет , жігерлі  талаптылық – топырағына  тартып  туады  деген  бар.  Анау   көне  заманғы  мысырлықтардың   пирамидалары   европаның  құнарлы  топырағында  емес,  мұхиттың  жағасында  емес,  құм- шөлейттің  ортасында  салынды.  Олар    өнертапқыштық  қызығушылығымен   жер  жаһанды  таңдандырған  пирамидалар  тұрғызды.   Топырағына  бермеген   қазына  байлықты   құдай  олардың   миына  сыйлаған  болуы  керек. .  Бүгінде  сол  алып  пирамидаларының  арқасында  әлемге танылып  отыр.  Қазақ  даласы да  сондай  құм-шөлейтті  аймақ.  Қазақ  даласында  да   сиқырлы   табиғаты  мен топырағына  тартып  туған талантты  іскер жандар  аз  болмағаны  тарихтан  белгілі.  Әттең  дұрыс білім — тәрбие  беріп ,  қамқорлық жасай  алсақ  дейсің.  Сонда  ғана  әрқайсысының  басында  бір-бір  « пирамида »   пісіп  жатар  еді.

 Ауылдастары   іскер де , елгезек  мінезді,  бір   қызды  жақсы  біледі…  Сырт  пішіні  сұлу, жаны  сезімтал,  ықылас – пейілі  дархан.  «Көрсін, білсін, үлгі  тұтсын  деп жаратылған қыздың  үлгісі.    Қоғам мен отбасы алдындағы жауапкершілігі қазақ әйелінің болмысына тән қасиет . « Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен»  асыл жандар бүгінде көптеген кәсіптің негізін қалаушылары  қатарында  көрінуде..  Қолға алған кәсібін кеңейтіп, әр ісіне тыңғылықты жүргізетін кәсіпкер  Сәния  Тұрдығалиқызы  – солардың бірі.    Жылой  өңіріне  танымал  үлкен отбасында дүниеге келді.  Арнаулы  қаржыгерлік  мамандығын  алып, кәсіпкерлік  ісін  сәтті бастады.    Ауыл  жастарын  қамқорлап , жұмыс орындарын  ашып   орналастырды .  Оларды  бауырмал болуға, еңбекқорлыққа тәрбиеледі. Бүгінде оның  іскерлік әлеміндегі жетістігімен биіктен көрінгісі  келетін  талпыныстары  өз жемісін беруде.

Ол  тіршілік  есігін   мазасыз тықылдатып,  бір  ісім бар жайлы  етер, бір ойым бар сайлы етер деп жүрген    қарапайым қазақ әйелдерінің бірі.    Сырттай қарағанда момын, мінезі салмақты, асып-сасуды білмейтін, көп сөйлемейтін,  ісіне тындырымды жан. Ортадан жоғары бойлы, толқынды қара шашты, ойлы көзді, сымбатты  бітімі бар.   Сырты – кербез, тәкаппар сияқты көрінгенмен, іші – қарапайым, кішіпейіл. Қадала қараса сыртың мен  ішіңді көріп тұрғандай сынампаз.  Бүкпесіз майда сөзді, жұмсақ мінезді .  Тіршілік ағыны осылай деп көлеңке бетпен жүре бермейді.  Ағынды тіршілік  арнасында  толқын  тудыра алар еңбекқор.  Нарық заманының  заңдылығына негізделген кәсібі мен ісі бар. . Адал істің  жолын тауып,  өнімді істің кілтіне қолы жетіп жүр..     Жас бұтақтай  көктеп,   толысқан бәйтеректей  жапырақ жайған  табанды  еңбегі табыс  әкелуде..

   Ол — кезінде  талай өмір  белестерінен  аброймен  өтіп,  ел-жұртына  танымал  болған  әулеттің  ұрпағы.      Жылойдың   Дарабозы атанған  әке мен  жаны мейірімге  толы анасы жеткен биіктікті  сол биік  күйінде  аласартпай жүрген  ұрпағының бірі.   Тегінің  тамыры тереңде болғандығын  көрсетіп жүр.  Өзім ғана жетілдім демей, айнала туыстарының жоғын  жоқтатпауға,  кемтігін толтыруға ұмтылысы солардан қалған  ұлағат. Құнарлы жерге себілген егін  секілді еңбегі шығымды. Жиған – тергені адалдығымен, тазалығымен,  кісілік қасиетімен суарылғандықтан  болар, табысы жұғымды. Сабырмен сөйлеп, сабырмен айтатын әдемі әзілімен үнемі сыйластықты тілейді.  Қызметтестерін  ырқына көндіріп, дегенімен  жүргізе білетін миының ішінде миы бар.  Басы толған шаруа.   Орынсыз шашпа дарақылықты ұнатпайды. Әдемі жүреді, әдемі киінеді. Біреуден асып көрінгісі келмейді.  Табиғат оған  іскерлік қабілет берген. Сол қабілет оны адастырмай, тілеген бағытымен жүргізіп  келеді..  Оқыс бассаң шырт сынатын  қурай емес, сүйене қалсаң  тіреу, пана  болар құба тал сияқты. . Өрде демейтін, ойпаңда қолтығыңнан сүйейтін  адамшылығы мол.

Мінезі ашық-жарқын болғандықтан достары да көп. .  Өмірде жолы оңынан  болып  жүргені осы мінезінің  арқасында болса керек. .Жеке өмірінде де оң өзгерістер орын алуда  Үлкен ұлы  Астанада оқиды  Қызы биыл мектеп бітірмек. Кіші ұлы  оқу  озаты.   Өзі  сияқты  өмірлік серігін  кездестіріп, өмір жолында  қол ұстасып бірге жүріп, жарқын болашаққа жол ашып жүр.. Отбасының   жарастылығы  мен   талпыныстары  табысқа  жеткізуде ..   Шын күліп,   шын сүйсінетін,  азаматтық күйін сақтаған  осындай тәрбиелі  жандардың    талаптылығы,  жігері  мен  парасаты  бүгінгі  жастарға  үлгі  боларлық .

                   Сәкен  Бозаев   .  Атырау облысы ,  Құлсары қаласы.

0
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии