Құмардың құрсауында қалған құрбандар

Құмардың құрсауында қалған құрбандар

Қамшының сабындай қысқа өмірдің қадір- қасиетін жете түсінетіндер болғанымен, өкінішке қарай, бағамдай білмейтін жандар да жетерлік. Олар: арақтың арбауына түскендер мен құмар ойынының құрсауында қалғандар. Өкініштісі, құмарға қалай құмартып қалғандарын өздері де аңғармай қалады. «Құмар» негізі арабша сөз, бірақ аятта құмар сөзі емес «майсир» сөзі келтірілген. Бұл сөз жеңіл жолмен мал табу мағынасын білдіреді. Құмардың құрығына іліккендер әсіресе, табан ет маңдай термен келген еңбектен қарағанда, ауырдың астымен жеңілдің үстімен жүріп, оңай олжаға кенелгісі келген адамдар. Сондай- ақ, психологтар санаға ерік беріп, ойынға әуестенуі балалық шағында ата — анасымен баланың арасындағы келіспеушіліктердің салдарынан немесе әке-шешесінің ұрыс-керісінен қажыған баланың не істерін білмей, ойын арқылы бір сәт болса да жағымсыз жайттардан бойын аулақ салуы деп тұжырымдайды. Яғни, күйзеліс, депрессия, жанды жегідей жеген жалғыздық, үрей-қорқыныш т.б жағдайлар әсер етеді деген топшылаулар жасады. Медицина мен психологияда мұны аурудың бір түрі деп есептейді және оны «лудомания» деп атайды. Күн ұзаққа ойын автоматтарының алдынан тұрмай, нәр татпаған адамдар жүрек, қан тамыр ауруларына да жиі ұшырайды екен және өз ұтысына ие бола алмаған жандарды ашу кернеп, жүйкесінің тез жұқаруына ықпал етеді. Ең сорақысы, өз-өзіне қол жұмсауға да итермелейді. Бұл ойынның бастапқы белгісі-карта ойыны. Күнделікті өмір де істерге ісі жоқ жандар карта ойнайды, жолаушылардың да жолсапарда (пойызда) карта ойнағанын көзіміз шалып қалатыны рас. Алайда, әр нәрсенің шегі барын естен шығармаған жөн.

Қазақстан букмекерлер және тотализаторлар ұйымының құрамына 27 букмекерлік кеңсе тіркелген екен. Ал Спорт және денешынықтыру істері комитетінің мәліметі бойынша, букмекерлік кеңсе ашуға 55 рұқсатнама берілген. Алайда соның 17-сі ғана жұмыс істеп жатыр. Жалпы, «Ойын бизнесі туралы» заңның 9-бабына сәйкес, букмекерлік кеңселерге лицензия 10 жылға беріледі. Соңғы деректер бойынша елімізде бұл бизнес саласында шамамен 30 миллиард теңге айналымда жүрген көрінеді. Әйтсе де, нақты соманы дөп басып айту қиын. Өйткені, табысын жасырып қалатындар да болуы мүмкін. Негізі букмекерлік кеңсе қызметіне біздің елде рұқсат етілген. Оны ашу үшін керекті құжаттарды жинап, Мәдениет және спорт министрлігіне тапсыру керек. Лицензия алу құны ‒ 640 айлық есептік көрсеткішке тең (1452160 теңге). Сондай-ақ, букмекерлік кеңселерде 40 000 АЕК көлемінде, тотализаторларда 10 000 АЕК мөлшерінде міндетті қор болуы тиіс. Ал ай сайынғы салық мөлшері букмекерлік кеңселердің кассалары үшін ‒ 150 АЕК, солардың электронды кассасына ‒ 2000 АЕК-қа тең. Екі жыл бұрын осы ойын бизнесіне байланысты заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген-ді. Сонда міндетті қор көлемі мен салық мөлшері

ұлғайған-тұғын. Сондай-ақ, букмекерлік кеңселердің орналасуына қатысты да пункт бар. Атап айтар болсақ, 11-баптың 3-тармағында былай делінген: «Ойын мекемелері, тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің кассалары тұрғын емес үй-жайларда орналастырылуға тиіс. Оларды тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттардың) тұрғын емес үй-жайларында, өнеркәсіптік кәсіп-орындар мен олардың кешендерінің ғимараттарында және басқа да өндірістік, коммуналдық объектілерде және қойма объектілерінде, ғибадат үйлерінде (құрылыстарында), мемлекеттік органдар мен мекемелердің, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет ұйымдарының, әуежайлардың, вокзалдардың ғимараттарында, қалалық және қала маңы қатынастарындағы қоғамдық кө-ліктің барлық түрлерінің стансалары мен аялдамаларында орналастыруға тыйым салынады». Жалпы, бәс тігу әлем бойынша да кең көлемде жайылған. «Sportradar» деректер жинау орталығының директоры Даррен Смол «BBC» арнасына берген сұхбатында заңды және заңсыз кеңселерді қосқанда, букме-керлік нарықтың құны 700 миллиард доллардан 1 триллион долларға дейінгі аралықта болуы мүмкін екенін айтады. Ал «The Guardian» газетінің мәліметіне сүйенсек, бәске ақша тігетіндердің 82 пайызы ұтылып қалатын көрінеді. Аталған басылым букмекерлік кеңселердің әрдайым табысты болуының бірнеше себебін көрсетеді. Біріншіден, болашақты болжау қиын. Тіпті кәсіби мамандар да өз саласының келешегін нақты айта алмайды. Екіншіден, бәс тігу жүйесі құмарпаз үшін қолайсыз жасалған. Яғни, бәс тігушінің ұтылу ықтималдығы өте жоғарғы көрсеткішті көрсетіп отыр.

Құмар ойынның жетегіне еріп, жетесіздікке бой алдырғандардың саны күн сайын көбею үстінде. Ойынхана біреулердің қалтасын қалындатса, біреулерді мүлдем көк тиынсыз қалдырып жатыр. Құмар ойын бизнесіне мемлекеттік салық айлық көрсеткішпен 30-дан 830 есе мөлшерін құрайтын көрінеді. Бюджетті де қаржылардырып отырғаны ақиқат. Ойынхана Қазақстанның 2 аймағында ғана ресми түрде жұмыс атқаруға рұқсат берілген болатын. Олар: Көкшетау мен Алматыдан 70 шақырымдағы Қапшағай қаласы. Казинолар Қапшағайдың сәнін келтіріп қана қоймай, халықты жұмыспен де қамтамасыз етіп отыр. Балалық шағымда «үлкендер неге біз сияқты жүгірмейді екен, неге ойнамайды екен»,- деген ой әркімнің де басында болған шығар. Сөйтсек, үлкендердің өздерінің де ойнайтын жерлері бар екен. Ол ойында үлкен құмарлық, бір кірсе шыға алмайтындай, бойынды баурап алар қасиеттер жатыр. Бұл тек сыртқы пішіні ғана, ал біз білмейтін қаншама жасырын жайттар жатыр мұнда. Халықтың қаражатын жымқырғандардың да баратын орындары осы.

Қапшағай қаласында алғашқы казинолардың бірі болып ашылған Фламинго ойынханасы. Дәл осы ойынхананың алдында Сәкен Сейфулиннің ескерткіші орналасқан. Құдай-ау, бұл не сұмдық дерсіз… Бізді қойшы, сырт көз не дейді?

Қазаққа қал-қадерінше қызмет еткен Сәкен Сейфуллин сынды тұлғаны мынадай жерден көргендер атақты «Құмар патшасы» ма деп ойлап қалуы әбден мүмкін ғой.

Қазіргі таңда дәл сондай ойынханалар Құлсары қаласында да 60-қа жуық ашылды. Оның біреуінің өзі қанша есі кеткен ессіз адамды естен тандырып дуалауда. Салалары айналасындағы ауылдық жерлерден де бой көтеріп үлгерді. Бұл деген – барып тұрған сұмдық, масқара емес пе? Бұл деген – ұрпақты мәңгүрт етіп жаулау ғой! Азғындықтың шегі емес пе? Атам қазақ: «Қой терісін жамылған қасқырлар» деп дәл осындай сұрқияларды айтқан ғой. «Кәсіпкерлікті қолдау» бағдарламасы бойынша бұл құмарханаларды жаптыруға үкімет шарасыз болып отыр. Жаптырмақ түгілі тексеруге де қақысы жоқ болып қалды. Себебі, бұл «сайтанойынның» иелері кәсіпкерлер болып табылады, ал кәсібін дөңгелеткендерге (ол харам ба, халал ма, ол жағы ажыратылмастан) заң мейіріммен қарай қойды. Бұлар үкіметке салық төлейді-мыс. Қалайша?

Жұмбақ, тылсым жайттар құмарханаларда кездеседі. Мәселен, «Массагет» сайтында құмарханаларда неліктен айна болмайтыны туралы зерттеп, қарастырған. Құмарханалар қаз-қатар болып самсап тұрады. Ойын орталықтарының безендірілуі де бірінен-бірі өтеді. Бірақ Лас-Вегастағы әрқандай бір құмарханадан айна таппайсыз. Бұл – Лас-Вегас құмар саласындағы жазылмаған заңдардың бірі. Ол заңның аты: «Құмарханада айна болмауы керек!» Бұл жасырын заңдылықтың терең мәні бар. Құмархананың негізгі мақсаты ойыншы кісіні өтірік қияли сезімге шомылдыру. Сол сезімді дүниеге келтіру. Ойын орталығында айна болмауының себебі, құмархана қожайындарының клиенттерге өз образдарын көрсетпеуге тырысуында. Өйткені, егер ойын орталығында айна болса, ойыншы адам өзінің шын келбетін көріп, жалған бейнеге енген қияли сезімін жоғалтып алуы мүмкін. Егер ол осы сезімін жоғалтса, өзінің бұрыс әрекеті үшін ұялып, құмардан бас тартуы ықтимал. Демек, адамның жалған кейіпке енуі құмардың қозғаушы күші іспеттес. Сонымен қатар http://qasym.kz сайтында құмар ойнаған жігіттің өзекті өртеген өкініші туралы әңгімесінде айта кеткенді жөн көрдік. Бәлкім, осы жігіт сияқты ойыннан опық жеген жандар да ғибрат алар… Бір күні бір жерде құмар ойнаудан алдына жан салмаған атақты бір құмарпаз бар деген хабар алады. Әлгі жігіт мұны ести сала жолға түсіп, құмарпаздың алдынан бір-ақ шығады. Амандасып, танысқаннан кейін уақыт өткізбей дереу келген шаруасына көшеді. Асқан шебер құмарпаз болғысы келетіндігін айтып, соған жәрдем беруін сұрайды. «Егер үйретер болсаңыз, не қаласаңыз да орындауға дайынмын» дейді жігіт. Жасы егде тартқан құмаршы:

– Балам-ау, сенің мұнша құмарпаз болуға итермелеп тұрған не нәрсе? Мақсатың не, не істемексің? – деп сұрайды. Сонда жігіт:

– Мен осы жолмен тез байығым келеді, – деп жауап берді. Мұны естіген құмарпаз былай деп өзінің ащы тәжірибесін бөліскен екен:

– Жігітім, егер құмаршы болу арқылы баюға болатын болса, мен байыған болар едім. Сен мені ең шебер құмарпаз деп естіп, келіп отырсың. Мен шынында да елдің айтқанындай құмарлықтың шегіне шыққан адам едім. Бірақ қазіргі халімді қара, жағдайым өте нашар. Сол құмардың кесірінен бала-шағамнан безіп, бар дәулетімнен айрылып тындым. Қартайған шағымда қурайдай қу басым ғана қалды. Сол кездегі істеген істерімнің жазасын енді тартып отырмын. Маған қара да ғибрат ал! — депті.

Біздің қалам тербеуімізге түрткі болған басты тақырыбымыз- құмар арқылы құрдымға кеткен тіпті, құмар үшін құрбан болған қарапайым жандар. Өзіне де, өзгеге де зиян екенін біле тұрып құмар ойынынан неге құтыла алмайды? Біреу мәжбүрлей ме? Оның алдын-алу үшін не істей аламыз немесе ойынның құрбандарына қалай тосқауыл боламыз? Әрине, күрмеуі көп күрделі мәселе. Енді, 26 жасар жігіттің қазіргі кезге дейін басынан кешіріп келе жатқан оқиғасына тереңірек үңілсек. Жұбайына, ата-анасына жұмыстамын деп өтірік алдап, құмарханаларға барған. Міне, ойын адамды өтірікшілік пен жалқаулыққа, тіпті баукеспе ұры болуға да мәжбүр етеді. Уақыт өте келе, анасы біліп, ана жүрегі нәзік қой, шіркін баласы үшін ет жүрегі елжіреп несие алып, баласының қарыздарынан құтылуына жәрдем берген. Анасында әлі күнге дейін сөнбей келе жатқан бір үміт- «құмардан құтылады» деген үкілі үміті. Анасы емшіге де, имамға да, емханалардан көмек сұраған. Алайда, еш нәтиже болмаған. Қазақ халқының: «Бала бер, бала берсең, сана бер, сана бермесең, ала бер» деген сөзінің жаны бар. Санасыз баласынан бас тартпағанда қайтсін ата-ана?! Осы жігіт сияқты талай жандар әлі де бар, айрандай ұйып отырған қаншама шаңырақ шайқалуда… Ойынның салдарынан қаншама жандар өмірмен ерте қоштасуда… Құмар ойынның баязы заманнан келе жатқан тәртібі қатаң: бүгін ұтсаң, ертең ұтылдың, ақша бүгін бар да, ертең жоқ. Сөйтіп, құмарға кірген адам өз-өзін тоқтата алмай, күндердің күні бар байлығын шашып бітеді. Құмарлықтан құрдымға кетіп, бармағын тістеп қалады.. Дер кезінде құмарлықтан арылып, тәубәсіне келген жандарды да кездестіруге болады. Бірақ, ондай адамдар сирек. Олардың айтуынша, ешкім оларды мәжбүрлемейді. Бір бастасаң еркіңнен тыс құмартып, қанағатсыз болып, ойнауды тоқтата алмайсың.

Мұны ғасыр дерті десек те дұрыс болар. Тоқтатау әркімнің өз санасына, сабырлылығына, төзімділігіне тікелей байланысты. Мамандар, адамда ойнамаймын деген сенім болса да, ішкі жан-дүниесінде сенім жоқ деген талдау жасайды. Ол үшін адамда сенім нық болуы керек.

Сондай-ақ, діни тұрғыдан қарасақ, құмар туралы былай делінген: «Бос уақытында құмар ойын ойнаған мұсылман одан көңіл де көтере алмайды, демала да алмайды және одан ақша да таппайды. Лоторея, яғни ұтыс ойындары және бәс тігу секілді ойындар адамды бос үміт пен кездейсоқ жетістікке тәуелді қылып қояды. Құмар ойынға салынған адам Алла тағала бұйырған пайдалы да парыз істерден мақұрым қалады». Құмардың қай түрі болмасын, ойнауға болмайды. «Құмар ойнаудың пайдасы бар деген адам, өзіне ауыр күнә арттырады, ал кім оны адал десе иманнан айрылады. Бұл

жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Нарда ойнаушы Аллаға және Оның елшісіне құлақ аспаған болады» дейді

Құмар ойынының зардабы елдің дамуына кері әсерін беріп, жаһанды жаулап барады. Сайып келгенде, үлкен зияны алтындай уақытын, жастық шағын, нағыз елге қызмет жасайтын сәтте пайдасы жоқ құмар ойынын ойнап өткізіп алуы. Құмарлыққа құнықпау туралы ықылым заманнан бері даналымыз айтып келеді. Соның ішінде, ұлы ақын Абай:

Құмарланып, шаттанба,
Ойнап босқа күлуге, — десе, Шәкәрім Құдайбердіұлы:

Адамдық борышың,
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай,

Ар сақта, оны біл деген. Бабарымыздың осындай тағылымы мол сөзін қаперіне алатындар аз… Ақ жолдан айныған адамдар, арын сақтамағандардың саны күн сайын артып келеді. Ол үшін құмарханаларды түгел жабу керек. Жұмыссыздықты азайту қажет. Құмарханаға жұмыссыздар, бос уақыты көп жандар көбінесе, бас сұғады.

 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ- нің 4- курс студенттері:
Оташ Гүлбану, Диханбай Арайлым, Қайратқызы Шуақ

+4
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии