Егер ұлт тәуелсіздікке жете алмаса, ол жайында сөз қозғаудың өзі қисынсыз. Себебі қаналушы елдің тарихы қашанда қанаушы ел идеологиясының ықпалымен бұрмаланып жазылатыны дәлелдеуді қажет етпейтін шындық.
Ұлт тәуелсіздігін қорғай алған жағдайда сол сәттен бастап, халықтың шын тарихы жазыла бастайды. Сонда филосифия ілімінің өркендеуіне негіз қаланады. Демек, шындықты суреттейтін туындылардың жазылуына жол ашылады.
Қай заманда қамсыз жатқан ұлтты басқалар өз тілінде сөйлетіп, дәстүрін жалғастырып, дінін қастерлетіп, ата қонысында еркін тайраңдатып қойған? Тіптен, іштен ірітушілерді айтпағанда пайда іздеп қасқырдай анталаған сыртқы жаудың тыныш жатуы мүмкін бе? Әрине, жоқ. Осындайда сыртқы жау басып алған кезде ұлттың бұрынғы қалыптасқан тыныс-тіршілігі дерліктей бүліншілікке, бүліншілік кедейлік пен кемсітушілікке жалғаспай ма?
XX ғасырда жазу-сызусыз үгіт-насихаттың пәрменді жүргізілуі мүмкін бе еді? Әрине мүмкін емес! Алғашында өлең, әңгіме жазған Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әрпін түзіп, онан әрі грамматиканы, әдебиет теориясын жасауды мойнына алуы – ұлы істі қайта жаңғыртуы еді. Әттеген-айы – бұл жетістіктердің ұзаққа созылмай, 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін бірте-бірте талмаусырап, ақырында күйреуі еді. Оның үстіне дербес мемлекет болуды армандаушыларды былай қойғанда, көкірегі ояу деген азаматтардың көзін жойды. Осыдан кейін рухани жұтаған, үмітсіздік пен ашаршылықтан есеңгіреген халықты коммунистік идеологияның тезінен өткізіп, сананы өзгерту арқылы орыстандыруға бірыңғай кірісті. Ел басқарған хан, аға сұлтан, болыс, би, байлар жемқор бейнесінде суреттелді. Алаштың арқа тұтқан көкірек көзі ашық азаматтары «ұлтшыл» деп қараланды.
Қазақ халқының бір замандағы тұтастығына сызат түсірген бір фактор – ұлтымыздың орыс және қазақ тілді болып, іштей бөлшектенуі. Біз қазір тап осындай қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мемлекеттік тілдің мерейін үстем етіп, тез қамданбасақ, мәселе ушығып кетуі кәдік.