Шүкір еткізген Coca-Cola

Тақырыпқа қарап, бұл мақалада Coca-Cola-ның зияны немесе пайдалары туралы айтылған деп ойлап қалмаңыздар. Бұл мақалада Coca-Cola-мен байланысты бір оқиғаның куәсі болғандығым жайлы баяндалады. Ол оқиға, менің байқағанымша, тұрмыс жағдайы төмен бірақ жомарт кісі жайлы.

Бірде көше бойында бір аллеяның бойымен өтіп бара жатқанмын. Аллея ішін, қала тазалығына жауапты «ЛТД Тұрмыс» компаниясының қызметкерлері тазалап жүргенін байқадым. Маған жақын тұста бір үлкен кісі мен жас жігіт газон қырқып жатыр екен. Ал аллеяның арғы шетінде бір әйел кісі жерден қоқыс теріп жүр. Уақыт түске таяп қалған. Күн демей түн демей, суық немесе ыстық демей жұмыс істейтін адал қызметкерлер, түскі асты да көшеде жейтін сияқты. Аллеяның бір шетінде екі әйел кісі түскі асқа дайындалып дастарқан төсеп жатыр екен. Сол кісілерге көзім түсіп кетті. Біреуі сөмкесінен Coca-Cola алып шықты. Ешқандай ерекше нәрсе байқамадыңыздар ма? … мен де ешқандай ерекше нәрсе байқамастан кете бердім. Өйткені Coca-Cola мен үшін аса қиын қолжетімді сусын еместін. Өкінішке орай біреуге оңай келетін дүние басқаға қиын келетіні рас. Тіптен кейбіреулеріміз оны күніне бірнеше рет ішеміз. Кенеттен «құйшы маған, құйшы», — деген дауысты естідім де жаңағы кісілерге қарадым. Мен ол кісілердің жас балаша қуанып жатқандарын көрдім. Алғашында түсінбей қалдым, не нәрсеге қуанып тұрғандарын. Бара жатқан жеріме асығыс емес болғандықтан, тоқтап бұрылып қарадым. Маған да қызық болды оларға қуаныш әкелген себеп. Сол сәтте қуаныш дауыстарын естіген басқа қызметкерлер де жалт қарады. Қоқыс жинап жүрген шеттегі әйел кісі қоқысын тастай салып, «маған да құйшы, маған да..», — деп, жүгіре жөнелді. Газон қырқып жатқан үлкен кісі, «бір ұрттайыншы, қалдыршы», — деп жүгіре бастаған кезде, … көзіме жас келді. Жас жігіт дереу сол жерден табылды. Ол кісілер сол Coca-Cola-ны ішкендеріне сондай бақытты көрінді. Ал Coca-Cola-ны әкелген әйел кісі, екі көзі мөлдіреп қарап тұр. Ішіп жатқан кісілер: «қайдан алдың бұны?», «мәссаған неткен керемет», — деп қуаныштары қойындарына сыймай бақытқа бөленіп жатты.

Мен бұл кісілердің тұрмыс жағдайын елестетіп, қайран қалдым. Кейде өзім қиын кезеңдерде байларға қарап «шүкір» сөзін ұмытып қоятыным өтірік емес. Мені және таңқалдырған жәйт, ол әйел кісінің жомарттығы еді. Кейде өзіміз әрең қол жеткізген дүниені қызғанып қалатын жағдайлар болары өтірік емес. Бұл оқиға бір-екі минут қана созылғанымен, маған көп нәрсені еске түсіріп, көп пайдалар берді. Соның ішінде ең үлкен алған пайдам ол шүкіршіл болу. Сол оқиғадан кейін әрдайым Coca-Cola сусынын ішкен сайын шүкірлік есіме түсетін болды.

+6
-1

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии