Осы көгілдір экраннан қарша борап жатқан деректердің қаншасы біздің санамызға сіңіп, ақылымызды улап жатқанын саралап көрейік. Жаңалықтар мен бағдарламаларды сынайтын, сарапқа салатын өз саласының мамандары жеткілікті шығар, мен қарапайым көрермен ретінде теледидардан үзбей көрсетіліп жүрген телехикаяларды сөз еткім келіп отыр.
Алдымен, телехикаяның шыққан тарихына үңілетін болсақ, европада бір кездері халықтың арасында өзін-өзі өлтіру көбейіп кеткен екен. Билік бұдан шығар жол іздеп, олардың өміріне қызығушылық кіргізер, стимул берер нәрсе іздейді. Ақырында, білгіштер көптеген бөлімдерден тұратын, оқиғалары шиленіскен шым-шытырық телехикаяларды ойлап табады. Оның адамдарға әсері сол, оқиғаның шарықтау шегіне жеткенде бір бөлімі бітіп қалады да, екінші бөлімін асықтыра күткізеді. Келесі бөлімдері тура солай жалғаса береді. Сүйікті кейіпкерінің тағдыры алаңдатқан адамдар келесі күнді асыға күтетін болады. Сөйтіп, халықтың өміріне сәл де болса қызығушылық енгізіп, адамдардың өзін-өзі өлтіруін азайтқан деседі.
Біздің еліміз де нарықтың қыспағына ұшыраған, қысылтаяң шақта қандай мақсатты көздеп енгізілгені белгісіз, білдірмей кіріп, біртіндеп бүткіл арналарды жаулап алған телехикаялар сол жылдардан бері халыққа не әкелді. Ең алғаш арналарға «Байлар да жылайды» телехикаясымен еніп, халықтың зейінін өзіне аударған сериалдар легі кейін «Қарапайым Мария», «Жабайы Роза» болып жалғасын тауып, дәл қазір нақты санына жете алмайтын дәрежеге жеттік. Енді осы судай ағылып жатқан телехикаялардың қоғамға тигізіп жатқан зиянын, одан кейін болса, пайдасын тізіп көрейік.
Бірінішіден, телехикаялардың көрермендері жас талғамайды. Бір жанұядағы бес жасар баладан, белі бүгілген кәріге дейін тапжылмай бірге отырып көре береді. Онда болып жатқан ересектердің мәселесі, баланы да «ойландырып» қояды. Ол не мәселе дейсіз ғой, толып тұрған «махаббат», «ойнастық», «зұлымдық», «қатігездік». Ұяттың бәрін жиып қойып, сезімдерін сөзбен де, іспен де көрсетіп жатқандары. Бұрын ата аналар ондай нәрсе көрсетіп жатса, балаларын басқа бөлмеге жіберіп, қаратқызбай жатушы еді, енді оның көптігі соншалық бірге отырып тамашалай беретін, қалыпты жағдайға айналып барады. Бұндай істерге ес білгелі көзі үйренген жеткіншектеріміз, есеймей жатып ересектердің ісін істеп жүргендеріне таң қалмай- ақ қойыңыз. Бұдан кейін, мектеп жасында бала тауып, жеңіл жүріске түсіп немесе қылмыс жасап жатса, кімді кінәлаймыз?
Екіншіден, ойдан шығарылған оқиғалардың, тұрмыс қылмай зинаға бару, бірінің әйеліне бірі ғашық болу, ойнастық, махаббат үшін немесе ақша үшін қиналмай кісі өлтіру, өтірік, өсек айту, ерлі зайыптылардың арасына от салу, өз әкесін, анасын немесе бауырын жек көру, өлтіру сияқты шым-шытырық оқиғалары адамның сана сезімін улап, ішкі дүниесін лайлап жатқаны анық. Денеге тигізілген зияндардың әсерлері бірден шықпай, біраз уақыт өткен соң, жаман ауруға айналатыны сияқты, санамызға білдірмей кіріп жатқан улар, уақыт өте келе «жаман ауруға» айналмайтынына кім кепіл?
Әсіресе, үйде бос отырған ауыл адамдарының басты ермегі болған телехикаялар, олардың өмірінің қызығына айналып, басқа мақсаттарды ұмыттырып жібергендей. Дәл қазір бразилия, мексика телехикаяларынан жалыққан олар корей, түрік телехикаяларына ден қоя бастапты. «Бұларда «жаман нәрселерді» көрсетпейді, тәрбиелік мәні бар» деп өздерін алдаусыратады. Бірақ, зинаны сыпайылықпен көрсететін корей телехикаялары мен бір-бірінің қанын ағызып, атып, шауып жатқан түрік телехикаяларының да беріп жатқан пайдасы шамалы. Шетелден қаламыз ба, біз де солардың көшірмесі іспеттес, қазақи табиғатымызға жат телехикаяларды шығара бастадық. Тапқан пайдамыз қазақ пен орысты үйлендіріп, ортасынан «будан» алғанымыз шығар. Орыс демекші, Ресейлік режиссерлар сол телехикаялардан халыққа тигізер пайдасы бар бірен-саран телехикая ойлап тапқаны рас. «Солдаттар», «Кодеттіктер» сияқты телехикаялар шығару арқылы халықтың әскерге баруға деген қызығушылығын оятып, патриоттық сезімдеріне әсер ете алған екен. Біздің режиссерлардың «құлағына алтын сырға».
Біріншіден, елінің болашағын уайымдаған азамат ретінде, одан кейін ұрпақ тәрбиелеп отырған ата-ана болғандықтан, ең ақыры қарапайым телекөрермен ретінде телехикаяның да телехикаясы бар, телеарналардан халықтың санасын өшіретін емес, өсіретін, балаларымызды адастыратын емес, тура жолға салатын, ішкі дүниемізді улайтын емес, тазартатын парасатты, салиқалы бейнефильмдерді, телехикаяларды тамашаласақ деймін.
тамаша мақала аудандық газеттерге шығарса дұрыс болар еді
Ассалямуалейкум!Өте дұрыс айттыңыз,толықтай сізбен келісемін!ОЯН ҚАЗАҚ ! ! ! бірде хабар тыңдап отырсам теледидардан бір жағдай көріп жылағым келді!Қазахстандықтар Үнді телехикаясы Келіннің бас кейіпкері Анандиді елімізге қонақ қылып шақырып,Анандиге айтар алғысы шексіз!корермендерімен кездестіріп ел аралап жүр!Анандиді кездестірген әжейде мәз мейрам,қуанышында шек жоқ!ҚАЗАҚТАР ОЙЛАНЫҢДАР ӘЛІДЕ КЕШ ЕМЕС!Анандиге жұмсаған қаржының орнына,менің,сіздің, қазақтың жағдайы мүшкіл жасөспіріміне көмек көрсетпеген екен ?!Телеарналарда апаратуралар болады,статистика бойынша нақты уақытта қанша адам қандайда бір телеарна қарап отырғаны,осыларға жүгіне отырып электр тоғына төленген қаражаттың белгілі бір пайызы төленіп отырады.нақтырақ айтқанда халық төлейді,пайда келсе болғаны сериялдарға әліде уланамыз!Ояныңдар,қарамаңдар,жастарға көрсетпеңіздер!нәфсіні жеңіп қана түзелуге болады!