Ұстаздық және «Құдайға бет бұру»

Ұстаздық және «Құдайға бет бұру»Өзімнің ұстаздық етіп жүргеніме жиырма жылдың жүзі болыпты. Қанша жерден тәжірибелі ұстазбын десем де осы мамандықтың қыры мен сырын әлі толық меңгеріп кеткенім жоқ. Білім мұхитының ол шеті мен бұл шетінің арасында жүзіп өту де мүмкін де емес-ау сірә. Деседе, көкірекке түйген дүниелерді ортаға салып ой бөлісуде бір ғанибет қой.

Менің пайымдауымша кез келген оқытушыны ұстаз деп атауға болмайды. Себебі, ұстаздық ол аса қастерлі есім. Ол есімге жету үшін оқытушыларда тек қана академиялық білім мен бірге ізденіс, еңбек керек, ал ең бастысы, рухани тереңдік қажет. Менің рухани білімді басты орынға қойып отырумдағы себеп: ол ұстаздықтың басты және түпкі мәні. Егер оқытушы болам десе оған алған білімі жеткіліті, ал егер жақсы оқытушы болам десе білімімен қоса сол мамандыққа деген қызығушылығы мен тоқтаусыз іденісі керек. Ал енді «ұстаз» болам десе, бұларға қоса рухани өресі мен талғамы қажет. Өйткені ұстаздық дегеніміз — адамдарға ізгі ниет, шынайы махаббат бағыштаудан басталып, олардың бүгіні мен болашақ жолына сәулелі жарық түсіретін жұлдыздық сипаттағы құбылыс.

Алайда, адамзат қоғамында барлық адамдға бірдей махаббат бағыштай білу де оңай дүние емес, екінің бірінің қолынан келмейтіні де сондықтан. Тіпі, өз жанашыр жақындарына да жақсы көріп жарытпайтындар да бар, олардың қатары жыл өткен сайын көбейіп те келеді. Бұл да біздің заманымыздың өзекке түскен құрттай әлеуметтік зардабының бірі.

Осындай рухани дағдарысқа тап болған заманымызда, өзін түгіл өзгені сүюді дәріптеудің өзі де аса қиын мәселе. Ол үшін оқытушы адам алдымен бір жаратушы Хақ Тағаланың бар екендігіне және бір екендігіне шынайы мойынұсынуы лазым. Әрі Жаратушының күллі тіршілік иесін, жалпы жаратылысты және адамзатты тегін, мақсатсыз жасамағанына, сондай-ақ оларды аса жақсы көріп жаратқанына шынайы жүрегімен илануы шарт. Абайша айтқанда:

«… Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті,
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Хақтың жолы осы деп — әділетті …»

Міне, осы үшеуін «имани гүл» деп түйіндеген ұлы ойшыл. Түсінген жанға барша имандылықтың көркі осы үш сүюде жатыр. Алдымен Алланы сүю, одан соң оның ең ардақтысы- адамзатты сүю керек. Адамзатты сүюің Алланы сүюдің көрінісі, яки Аллаға деген ризашылықтың белгісі. Ал адамзатты сүю үшін олар арасында әділдікті жақтау қажеттігі басты ұстаным. Әділдікті жақтамайтын адам, адам баласын сүйе алмайды. Егер адамдар Алланы шынайы, шын жүрегімен түсініп сүйетін болса, онда бұл дүние мүлде басқаша сипатқа ие болар еді. Өкінішке орай, адамдар Алланы білеміз, оны тыңдаймыз, Оған қайшы келмейміз және қорқамыз дегенімен де, ешқашан шынайы түрде оны тыңдаған, одан қорыққан емес. Ондағы басты себеп, адамдар Алланың құдіретін шын жүректен түсінген емес. Олардың ойынша, Алла ғаламды жаратушы және оны бақылаушы, сауапты ісі үшін жарылқаушы әрі күнәсі үшін жазалаушы деп түсінеді. Бұдан арғыға барған емес, бармайды да. Осы түсінікке барғандардың өзі де көп емес. Ал көпшілік адамдар Алла және оның құдіреті туралы ойланбайды. Ал Алланы шын түсіну үшін жоғарыда айтылғандай оның жаратушы, жарылқаушы, жазалаушы сипаттарынан басқа да сипаттарының бар екендігін түсінуіміз тиіс. Ең бастысы, осы ғаламдық дүниенің Алланың құрамдас бөлігі екенін, әр жанды жансыз заттардың барлығы да және олардың атомдық зәрдей бөлшегінде де Алланың ұлы сипаттарының жасырынып жатқанын түсіну керек. Себебі, Алла әр затты аса ұлы шеберлікпен және ғылыммен жасап, махаббатын сіңірген. Демек, әр затта жаратушының сипаты жасырынған. Жаратушы өзінің сипаттарын беріп, жасаған дүниелерінен адамзатың қоршаған ортасы пайда болған. Ал барша қоршаған орта, ондағы жанды жансыз жаратылыстың барлығы да тек қана адам баласы үшін жарытылған. Олар адамға «қызмет көрсетуде».

Міне Ұлы Жаратуы адам баласын өзінің шексіз құдіретімен қоректендіріп отыр. Біз отын етіп жаққан ағашта, жеген жемісімізде, рахаттанып жуынған суда, серуендеп шығатын таулар мен аялай соққан самалдарда да Жаратушының құдіреті жатыр. Былайша айтқанда, Жаратушы өзінде барды біздің жолымызға төсеп, бізге барынша жақсылықты үйіп-төгіп отыр. Адам баласы үшін Алла Тағала қолда барын аяп қалып отырған жоқ. Сондықтанда қасиетті Құранда «біз адам баласын ардақтадық» деген. Бұдан артық қандай ардақтау болсын. Ал енді ойла, саған осындай жағдай жасаған кім бар? Әрине ешкім жоқ. Алланың қамқорлығының қасында ата-ананың баласы үшін шыр-пыр болып жасаған жақсылығы мұхитқа тамған тамшыдай ғана деуге болады. Олай болса, осынша игіліктер мен санап тауыса алмайтын жақсылықтарды жасаған жаратушыны неге сүймеске?

Алла тағала жартытылсыстарының ішінде ең бағалы етіп адамзатты жасаған. Күллі тіршілік адам үшін жасалған. Демек, әр адамың жүрегінде Алланың ұлы сипаты бар. Адамның ақылы мен санасында Алланың шексіз құдіреті мен сипаттары шоғырланған. Олай болса, адам баласын неге жақсы көрмеске? Неге сүймеске? Себебі, оны сүю Алланы сүймек. Кім де кім адамды жақсы көрсе Алланы жақсы көргендік болмақ. Оның үстіне адамның бойында Алланың барлық сипаттарының көшірмесі бар. Адамда көру, есту, емдеу, сабыр, мейірім, рахым т.б. қасиетер де бар. Сондықтан да адамды Алланың барынша қарапайымдасқан, кішірейтілген, құдіреті шектелген нұсқасы деуге болады. Бірақ адам мен Алланың сипаты бір болғанымен сапасы мен деңгейі жер мен көктей алшақ, теңестіруге келмейтін шамалар. Сондықтан да жарытылыстардың ішінде ең ардақты адам саналады. Сол үшінде Алладан кейінгі сүюге лайықты жаратылыс болса ол — адам. Ал адамды сүю үшін алдымен әділдікті , теңдікті, шындықты сүю керек. Егер шындықты айтпай, әділдікті жақтамай тұрып адамды сүйемін деу, ол бос әурешілік. Енді мұны керісінше дәлелдесек, адам баласы алдымен әділдікті жақтау, сүю шарт, әділдікті сүйген жан ғана адамды сүйе алады. Адамды сүйген адам ғана Алланы шынайы сүйе алады.

Ұстаздық міне осы адамды, шындықты сүюмен тікелей байланысты кәсіп. Егер ұстаз болам десең адамды сүйе білу керек. Содан бастау алу тиіс. Алайда, шындықты айту да, әділдікті жақтау да айтуға оңай болғанымен істеу қиын дүние. Егер оны істей алсаңыз онда адамды құрметтеуге, бағалауға , ардақтауға қадам тастадым дей беріңіз. Көз алдымызда отырған әр бір шәкіртімізді бағалау, олардың бойындағы кемшіліктерін кешіре білу, жасылықтарын арттыра білу, ізгілікке бастай білу адамды сүюден басталады. Себебі, әр адам табиғатың қайталанбас туындысы. Біз оларға дұрыс қарасақ оларда бізге дұрыс мәміледе болады. Адам жанарынан төгілген шуақ келесі адамның көзінің жарқылынан көрінеді деген осындайда айтылса игі.

Адам тәрбиесі аса жауапты және күрделі жұмыс. Себебі, біз Алланың сипаты толық дарыған тіршілік иесін тәрбиелейміз, кішірейтілген «Алланы» жөнге саламыз демек, оның миханаты мен маңызы да өте ауыр. Адам жақсы көрген дүниесі үшін тер төгетіні анық. Сондықтан тәрбиенің анасы — сүю болмақ. Бұл жайында ғұламалардың барлығы да Алланы сүю негізінде білім алу керектігін айтудан жалыққан емес. Ұлы Абай бідімсіз істеген құлшылықтың ғибадат орнына бармайтынын айтса, Ы.Алтынсарин атамыз «Бір Аллаға сиынып кел балалар оқылық» деген емес пе? Ал біз қазіргі құдайсыздану заманы кезінде осы өлеңнің бірінші жолын алып тастадық та

«Кел балалар оқылық»-ты қалтырдық. Шындығын да осы өлеңнің құны да, маңызы да осы Бір Аллаға сиынып деген жолда жатқан жоқ па?

Кеңестік шекпеннің астында, құдайсыздық тәрбиенің уағызымен өскен біздің қоғам егемедік алса да әлі де ата-бабаларымыз айтқан Аллаға сиыну арқылы білім алудың маңызын мойындамай келеміз, мойындағанды қойып, айтудан да қорқамыз. Біз неге дінен қашамыз? Себебі, үрейден арыла алмай келеміз. Жалпы адам баласы сенім негізінде жасайды. Сенім болмаған жерде үрейдің орын алары анық. Адам баласы кімге сенуі керек?-десеңіз.

— Адам баласы үш сүйюге сенуі тиіс. Алдымен Аллаға, одан соң адамға және әділдікке сенуі керек. Егер қоғамда осы үш сенім болса, ол қоғам нағыз адами құндылықтар ардақталған қоғам болмақ. Ол қоғамда әділдік салтанат құрып, мейірімділік үстемдік етіп, өзара түсіністік жалпыласады. Бірақ рухани ауру адамдар шоғырланған есалаң қоғамда ондай жақсылқтың болуы мүмкін емес.

Алланың құдіретін шынайы түсінбегендіктен, қазіргі қоғамда жаратылыс заңдылықтарына теріс, құлшылықтың ішкі мәні мен мәйегіне емес, сыртқы формасына қарайтын, дүмше діндарлар мен қитұрқы діндер көбейіп кетті. Діни сауатсыздық салдарынан адамдар адамдық этикаға симайтын жабайылықтың тұрпайы түрлеріне ойысты. Сондықтан ата-бабаларымыз аңсап, зорға қол жеткізген тәуелсіздігімізді мәңгі баянды ету, елімізді қуатты, халқымызды шуақты етуіміз үшін жас ұрпақтың бойына рұхани білім нәрін егіуді мектеп қабырғасынан бастау заман талабы. Осы ұлы міндетті атқаруда тек қана ұстаздардың қолынан келері анық. Қорыта айтқанда, жалпы жер бетінде күллі адамзат үшін кез-келген салада «құдайсыздықтан» қайта «Құдайға бет бұру» кезеңі келген секілді.

  Сарқытқанұлы Қастер,
педагог, ғылым кандидаты, Абай ат.ҚазҰПУ доценті
8-707-1170515

+5
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии