«Қызым, егер ата-ананың байлығы себепті тұрмысқа шығуға мұқтаждық болмаса, сенің де туған ұяңды тастамауыңа болар еді. Өмір біз ойлағандай емес. Біз еркектер үшін жаралғанбыз, ал еркектер біз үшін жаралған.» Ертең өзің туып-өскен ұяңды тастап, өмірі көрмеген, білмеген адамның өмірлік жолдасына айналасың. Бейтаныс үйде өмірлік жолдасыңмен араң бұзылмас үшін, саған бірнеше өсиет айтайын. Осыларды іске асырсаң екі дүниеде де бақытқа кенелесің. Ал, қызым, маған құлақ сал:
- Қанағатты бол, яғни күйеунің әкелген азық-түлік, киім-кешегін разылықпен қабылда. Өйткені, қанағат жүрекке рахат сезімін ұялатады.
- Айтылған сөздерді әрдайым ықыласпен тыңда және оған бойұсын. Өмірлік жолдасыңа қарсы келмей онымен пікірлесіп, ынтымақта бол. Мұндай қылығыңмен Алланың разылығына ие боласың.
- Өмірлік жолдасыңның көзіне түсуі мүмкін нәрселерге зер салып, ісіңді ұқыпты ұста, оның көзі ешқашан жайсыз нәрселерге түспесін.
- Жаман иісі шығуы мүмкін нәрсеге көңіл бөл. Оларды тауып тазала. Үйіңнен әр қашан хош иіс шығып тұрсын.
- Тазалық суға байланысты, барлық нәрсе сумен тазарады.
- Еріңнің тамақтану, ұйықтау уақыттарына көңіл бөл. Тамақты оның әдеті бойынша әзірле. Өйткені, аштық ашу шақырады, ұйқысыздық қапаландырады.
- Еріңнің жақындарымен жақсы мәмеледе бол. Олар сенің жақсы әйел екендігіңді дәлелдейді.
- Еріңнің сырын ешкімге айтушы болма. Егер ол біреуден еститін болса ренжіп қана қоймайды, өзіңе опасыздық жасауға себеп болады.
- Еріңді құрметте, сөз қайтарып қарсы шықпа. Қарсы келіп дау шығарсаң, өзіңе дұшпан ретінде әрекет етуіңе себепші боласың.
- Ерің көңілі түсіп отырса, сен қуанышты көңіл-күйде жүрме. Оның уайым-қайғысына ортақтасып, сен де сондай көңіл-күйде болуға тырыс.
Осы бір ғибратты хикаяны оқыдым да, желкілдеп өсіп келе жатқан қыздарыма жеткізуге асықтым. Біздің халқымызда «Шеше көрген тон пішер, Ата көрген оқ жонар» деген нақыл сөз бар, және де «Шешесін көріп қызын ал» дейді. Бұл мақал-мәтелдердің өзі ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған сыр сөздерге толы үгіт-насихаттары. Мұсылман әйеліне тән сабырлылық, төзімділік, инабаттылық сияқты асыл қасиеттер ана сүтімен дариды. Сонымен қатар шыдамсыздық, көрсеқызарлық сияқты абыройсыздыққа ұрындыратын әдеттер де нашар тәрбиенің жемісі екендігі айтпаса де түсінікті. Ата-бабамыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп текке айтпаған. Анасының айтқан өнегелі сөздерін қызы жүрегіне сақтап, жүзеге асырса еліне елеулі, халқына қалаулы асыл ана болуы, сол арқылы үлгілі ұрпақ өркен жаятыны анық. Ерте заманнан кейінгі біздерге дейін сақталған ана өсиетінің бойтұмардай құдіреттілігі де әңгіменің мәні мен маңыздылығында. Қыз өссе елдің абыройы, намысы. Жоғарыда айтып өткен мұсылман әйелінің қызына айтқан өсиет-өнегесі бұлғақтап көз алдарымызда өсіп келе жатқан қыздарымыздың құлағына қорғасындай құйылып, санасына мөрдей басылып сақталса деймін. Сан ғасырлар өтсе де маңыздылығы күннен-күнге алмастай жарқырап өшпейтін тәрбие тағлымдарын әр қыз бала өміріне өзек өтсе жанұясында бақытты да, баянды шаттыққа толы өмір сүретіндіктеріне септігі тиеді ғой деп ойлаймын.
Автор: Орынгүл СМАҒҰЛ
Сайтттагы малиметтер кызык екен!Сиздерге макала, сухбат жолдауга болады ма???
Болады.https://makala.kz/bajlanys/