– Артымнан еріп жүр, әлсіз денеңнің шаршап талғанына қарама!
Аяғыңа кірген тікенге, жырған тасқа, қарама! Өліп қалсаң да артымнан еріп отыр! – деп жүріп кетті. Әлсіз жетім:
– Ағатай, жетіммін… – дей беріп еді, алакөз қайта жарқ еткенде, артынан жүгіріп кетті. Қасым өкпесі үзілгенше ентігіп жүгіріп отырды. Көз ұшына жоғалып кетті. Түн ортасы болған кезде, таудың осы мөлшеріне бектерде келе жатқан үш жігіт жетті…
Аздан соң аттан түсіп, қасына келіп қараса – жыртық киімді, өңі құп-қу болып, қаннан айырылып жүдеген он-он бір жасар бала екен. Ол – өлік. Бірақ денесі әлі түгел мұздап та болған жоқ екен…»
Мұхтар ӘУЕЗОВ,
«Жетім», 1925 жыл
«Отырса опақ…»
1943 жыл. Сұм соғыс талай жүрекке жара салған кез. Бурабайдың баурайын жағалай қоныстанған «Жаңаталап» ауылында шекесі торсықтай ұл өмір есігін ашты. Бердалин әулеті мәре-сәре. «Бауы берік болсын!», «Қайырлы болсын!» – деген тілектер ана жүрегін шат-шадыман қуанышқа бөледі. Шақалақ шаңыраққа шырай әкелді. Ағайын-тума азан шақырып, «Алла тілегін қабыл етсін» деген ниетпен сәбиді Тілектес деп атады. Алайда, осы тұңғыш ұлын құшағына басып, маңдайынан иіскеу әкесіне нәсіп болмапты. Оның ақтық сапарға аттанып кеткеніне біраз болды.
Ана жүрегі әкенің орнын білдірмеуге тырысады. Алайда асқар таудай әкенің орнын кім басар дейсіз? Ес біліп, етек жиған сайын Тілектес тұйықтала бастайды. Көкейін кернеген жалғыз сұрақ: «Басқа балаларға әкесі кәмпит, мәшине алып береді. Ал менің әкем қайда?» Ана баланы алдаусыратқандай болады. Айтатыны: «Әкең ұзақ сапарға кеткен». Ананың көңілінде үлкен мұң, қабағында қалың қайғы бар… Балалық басымдау болды ма екен, Тілектестің алаң көңілі тез басылатын.
Туған апасы – Дәметер тұрмысқа шыққан соң, анасы екеуі соның қолында тұрды. Сөйтіп, жесір әйел мен жетім бала «Айсары» ауылына қоныс аударды.
Көп ұзамай ажал анасын да алып кетті. Жан дегенде жалғыз сүйенішінен айырылды. Тілектес бұл кезде 13 жаста еді. Үлкен кісідей қайғыға, қаралы күйге түсті. Бұрын еркелеп жылайтын, енді шын жылап, ботадай боздап қалды. Тілектес түс көргендей болды. Анасы қайтып келетіндей. Бірақ… Үміт үзіле бастады. Ана бейнесі алыстап барады. Уатып айтатын ертегісі де, алдына алып, күпісіне орап айтатын әні өзімен бірге кеткендей.
Араға уақыт салып немере ағасы «Жаңаталапқа» апарып, оқытпақшы болады. Мінезі шатақтау туысы жетімдігін бетіне басып, қорлық көрсетіп, шыдатпайды. Тілектес «отырса опақ, тұрса сопақ». Үйдің отымен кіріп, күлімен шықса да күн бермейді. Күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ.
Қорадағы қорлық
Тұл жетім тұйыққа тіреледі. Шақшадай басы шарадай болып, не істерін білмейді. Мейірімнен мақұрым қалады. Тілектес бұл күндерін ауыр күрсінген күйде еске алып, бізге баяндап берді.
– Ағам таңертең сағат 4.00-ден бастап протез аяғымен теуіп оятып, жұмысқа салады. Оның өзіммен шамалас балалары тәтті ұйқының құшағында жатқанда мен малдың соңында жүретінмін. Бірде сол үйдің қара текесі ойда жоқта жоғалып кетті. «Текені тауып келмейінше, қараңды көрсетпе, мына үйдің табалдырығынан аттама», – деп, ит терісін басыма қаптап, үйден қуып шықты. Бұл қыстың қақаған кезі еді. Бурабайдың қалың қарағайлы орманында түнеймін. Ағаштың басында бүрсеңдеп ұйықтаймын, күндіз текені іздеймін. Орманға ойнауға келген ауыл балалары мені аяп, үйлерінен сүт, нан әкелетін. Екі жұмадан соң, әупірімдеп жүріп текені тауып алдым. Балалығым әлі басылмаған ғой, текенің үстіне мініп, үйге тарттым. Өмірде бір рет қуанғаным осы шығар. Тілі салақтаған текені көрген ағам амандығымды да сұрамастан, «малды шаршаттың, неге оны аямай мініп алғансың?» – деп ашумен үйден тағы да қуып жіберді. Барар жерім, басар тауым қалмаған соң, ауылдағы бір адамның шөп сақтайтын қорасын паналадым. Итқорлықпен өткізген өмірімнің қайсыбірін мысал етейін (терең күрсініп алды – А.Қ). Әкемнен қалған дүние-мүлікті иемденіп алған ағам ешкінің қатқан терісін босағаға төсеп, мені соған жатқызатын. Өзі бала-шағасымен тамағын ішіп болған соң, қалдықтарын маған қарай лақтырады. Тамақ қалмаса, ол да жоқ. Мені ит секілді көретін. Соған қатты ызам келетін. Ақыры шыдамай әпкемнің (Дәметер – А.Қ) қолына қашып кеттім, – дейді балалық шағын қорлықпен өткізген Тілектес.
Сөйтіп, сарыауыз бала-қыран «Айсары» ауылында тұрақтап, 40 жыл қой бағып, адал еңбек етеді. Сол жерде үйленіп, үйлі-баранды болады. Жан жары – Гауһартас Құдайдың қалауымен тоғыз құрсақ көтереді. Тілектеске тағдырдың тезіне тағы төзуге тура келеді. Шақалақтары бірінен соң бірі шетіней бастайды. Алладан келген сынаққа сабырлықпен шыдас берген ол үш бірдей сәбиді жер қойнына тапсырады. Қалған төрт қыз бен бір ұлды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді.
Жүрегі «жоқ» жақын
Тілектес өмірінде тағы бір оқиғаға тап болады. Бұл 1990 жыл еді. Ел экономикасы тоқырап, қаржылық дағдарыс шарпыған кез. Қарын тойғызу қайғыға айналған шақ. «Айсары» ауылына көшіп келгеніне көп бола қоймаған бір отбасында қайғылы оқиға орын алады. Отағасы араққа сылқиып тойып алып, есінен адасып, өз жұбайын ұрып-соғады. Көк-ала қойдай қып сабап тастайды. Онысымен қоймай, шайтан азғырып, бала-шағасының көзінше пышақтап, парша-паршасын шығарады. Бір қауымның қабырғасын қайыстырған оқиға құқық қорғау органдарының құлағына жетеді. Қапасқа қамайын деп жатқан жерінен ауыл ақсақалдары бас көтеріп, басу айтып, ел болып, әлгі адамды түрмеден алып қалады. Барлық күнәнің бастауы, жамандықтың жолдасы – арақ оны ақыры ажалға жетелейді. Араға бір жыл уақыт салып, өзімен «бөтелкелес» адамның қолынан қаза табады. Сөйтіп, бес қыздың көзі жаутаңдап, жетім қалады. Жетім балалардың әкесі мен анасының жақындары жиылып, марқұмдардың мал-мүлкін бөліске салады. Ағайындары ақылдаса келе аудан орталығынан мәшине алдырып, өрімдей қыздарды «Балалар үйіне» апаруды ұйғарыпты.
Тілектестің тәуекелі
– Бұғанам бекімей тұрып, жетімдіктің азабын тартып, таудай уайымды мойныммен көтерген менің бұған жол бергім келмеді, – дейді Тілектес сөзін жалғап. – Жарым Гауһартаспен ақылдасып, әлгі жетім қыздарды асырап алуға шешім қабылдадық. Жетімнің мәселесін мойнына алуға именген мектеп директоры қыздарға қамқорлық көрсетуге қауқары жетпейтінін жеткізді. Бұл мәселені аудан әкіміне де хабарлапты. Ауданның атқамінері маған өзгенің баласын асыраудың қиындығын, екі-үш баласын асырай алмай жүрген жұрттың жағдайын айтты. «Бұл ойыңнан бас тарт», – деді. Жетімді жетілдіруге ниет қылып, белімді бекем буған мен бұл ұсынысты қабылдамай тастадым. Көне қоймасымды сезген әкім бір баланы аудандық білім бөлімінің басшысына, бірін ауылдың мектеп директорына, тағы бірін ауыл әкіміне беріп, бір баланы маған тапсырғысы келді. Сөйтіп, бес баланы бөліп алу туралы ұсыныс жасады. Қаным басыма шапты. Ашудан булығып, кесімді пікірімді айтып, шорт кестім: «Бөліп бере салатын бұлар мал емес қой. Жетімдерді біреуге жалтақтатып, жан-жаққа сенделтіп, олардың обалына қаламыз деп қорықпайсыз. Құдайдан қорқыңыз. Жетімнің көз жасына қалмайық. Қиналайын, қысылайын, оларды өз қамқорлығыма аламын. Құдай жерге қаратып қоймас. Тығырықтан шығар бір жол табылар. Алла нәпақасыз қалдырмас».
Қайтарымсыз қайырымдылық
Бес баласына бес жетім қыз қосылған Тілектес: «Ойпырым-ау, енді не болар екен?» – демей, он балаға бірдей мейірімін төгеді. Бөліп-жармай тәрбиелейді. Күңкіл сөзге көңіл бөлмей, әрекетке кіріседі. Әкімнің сөзіне еріп, «көрпеңе қарап көсілмейсің бе?» – дейтіндер көбейген. «Ертең нан таба алмай, он балаңмен қаңғырып кетпе», – деп мұқатқандар да табылған. Өмірінің біраз бөлігін қой бағумен өткізген Тілектес «Дүниеге бір қозы келсе, бір түп жусан артық шығады» деген дана сөзді басшылыққа алып, тәуекелге бел буады. Өйткені, Алла адамның бүкіл ішіп-жемін, бір сөзбен айтқанда, ризығын ана жатырында жатқан кезде белгілеп қояды.
Тілектестің айтуынша, «Айсары» ауылы аудан орталығынан 40 шақырым жерде орналасқан. Қыс айында жол жүру мүмкін емес. Қалың қар басқан жол төрт-бес айға жабылады. Аудан орталығына бару арманға айналады. Азықтарын күзде тасып, қыс бойы соны жеп жатады. Елде ұн тапшы. Жұрт кебек илеп жейді. Күз айында Тілектестің тілегі қабыл болды. Алла азықсыз қалдырмапты. Күллі ел керемет оқиғаның куәсі болды. Сол күздің аяғы мен қыстың басында көрші ауданда егін егумен айналысып жүрген Қанат есімді жігіт ауылға аяқастынан диірмен салды. Бұл жайт жұртты таңдандырды. Себебі, әлгі жігіттің жолай қанша ауылдан өтіп, ел-жұрт аяқ баспайтын «Айсарыға» диірмен салғаны таңғаларлық жайт. Сөйтіп, ауылға қайтадан жан біте бастады. Ауылдың ажары кірді. «Айсарыға» бидай тиеген жүк көліктері ағылды. Қар еріп, жер қарайғанша ашылмайтын жол тазартылып, көрші аудандармен қатынас қанат жаяды. Екі қолға бір күрек таппай жүрген жастар жұмыспен қамтылады. Жұрттың жағдайы жақсарып, елдің еңсесі көтерілді. Ауылда наубайхана ашылады.
Тілектестің ерлігін естіген Қанат ойланбастан жетімдер тұрған үйге бет алады. Қап-қап ұн әкеліп, бұдан былай қамқорлық жасауға қашанда дайын екенін айтады. Ай сайын ұн жіберіп, қолдан келген көмегін аямайды. Наубайханасынан ыстық нан жіберіп тұрады. Әу баста сыртынан күліп, сынап-мінеп, «көрпеңе қарап көсіл» деп «кеңес» берген кейбір қуыс кеуделер енді Тілектестен ұн сұрап, алақандарын жайыпты.
Сәттілік алдындағы сәтсіздік
– Менің өмірден түсінгенім, – дейді кейіпкеріміз сөзін қорытып, – адам өзгеге қамқорлық көрсетпесе, өзіне қамқорлық көрсетілмейді. Біреуге мейірім жасамасаңыз, өзге адам сізге мейірімін төкпейді. Кез келген сәтсіздік, сәттіліктің алдындағы үлкен сынақ. Өзіңді сүйгендей, өзгені де сүю керек. Өзгені сынағандай, өзіңді де сынап, сөгіп тұрған дұрыс. Кешірімділік – аса ұлы күш, кекшілдік – әлсіздік екен. Менің осыған көзім жетті.
Көп ұзамай Тілектес бұл ауылдан көшіп кетеді. Бір қызығы, сол күзде диірмен де жұмысын тоқтатады. Ал жетім қыздар жетіледі. Қазір олар бала-шағалы. Қыздардан тараған жиендері Тілектеске өз немерелеріндей ыстық. Екі жақтың балалары бүгінде араласып-құраласып тұрады.
Алланың құдіреті шексіз ғой! Осындай жандарды жаратқан Аллаға қалай мадақ айтпассың! Не деген адам! Бәріміз үлгі алар тұлға! Былайша қарасақ, бәріміздің қолымыздан келетін іс, бірақ… Сансыз «бірақтар»… Әйтеуір, сылтау табамыз… Ішімізден осындай амалдарды жасауға мүмкіндік іздемейміз, керісінше ондай амалдарды жасамайтыныңды «ақтайтындай» сылтау іздейміз…