«Қымыранды бірқатар өңірлерде шұбат дейді. Кітаптарда, арнайы сөздіктерде де кейде шұбат, кейде қымыран деп жазады. Қай-қайсысын айтса-дағы таңдайыңызға тәп-тәтті әрі сәл-пәл ғана қышқылтым, жұмсақ-жұмбақ, мамық-мақпал, дәмді-нәрлі дүние білінер. Тіліңізді үйірер. Осы Оңтүстікте, оның ішінде ойсылқараны көбірек күйттейтін Қызылқұм мен Созақ атыраптарында қымыран деп атайды». «Қызылқұмның қымыраны» жайында жазушы, журналист Мархабат Байғұттың шығармасынан шағын сөз бұл. Қымыран дегеніміз шұбат. Ұлттың шөлін ұлттық сусындар қандырады. Кәдімгі қымыз, кәдімгі шұбат немесе қымыран. Соның ішінде шипалық қасиеті мол шұбатқа шетелдіктердің өзі қызығып отырған көрінеді. Шұбат пен қоса, қымызға деген қызығушылық та басым.
Күні кеше қымызды қазақтан үйренемін деп немістің кәсіпкері келді. Жәй келмей, жаңа технологиямен дайындаған қымызын меске құйып әкепті. Дәмін де таттық. Кәдуілгі қымыз. Қазір "патент" деген "пәле" болды. Соны қолға алмаса болмайтын түрі бар. Әйтпесе, ұлттық сусындарымызға құлқынның қамы ма, әйтеуір сырттан «құда түсушілердің» қатары көбейді. Қарекетсіз отырғанда, шетелдіктер қымызды қоймай, шұбатқа патент алсақ деп ниет етіп жатыр дейді «ұзынқұлақ». Онда, омалып отырғаннан пайда не бізге? Кейін шамданып, шалқамыздан түспес үшін шұбатты да, қымызды да экспортқа шығарып, "қазақтікі" деп, қол қойғанымыз дұрыс қазір. Қалай десек те, қымыз, шұбат қазақтікі.