Қазақтың намысы қашан оянады?

Жүрсе ұрпағы, кіл жалаңаш,
Жанашыр жан құр қарамас.
Қызың құзға бара жатыр,
Есіңді жи жылдам, Алаш!

                             Әбу Хамза Жаһаншах

Иә, ес жиятын кез келсе де қазақтың намысы әлі ұйықтап жатыр. Қыз намысын ел намысына балаған халқымыздың қазіргі хәлі мүшкіл күйге түскендей. Олай деуіме себеп болып, қолыма қалам алдырған мәселе, талай жанды  абыройының биіктігімен, инабаттылығымен, пәктігімен қайран қалдырған «қазақ қызы» деген асыл ұғымның аяққа тапталуы. Қазақ қыздарының тыр жалаңаш күнтізбеге түсіп, оны бүкіл халыққа жариялауын мен дәл осылай қабылдадым. Себебі бұл қылық менің санамда ешбір адамгершілік құндылыққа жатпайды.

Қазақстандықтар бұдан бұрын журналист Гүлжан Ерғалиеваның  өз веб-сайтын танымал ету үшін: «Әдемі өтіріктен жалаңаш шындық артық»  деп, камера алдында  шешінгенін әлі ұмыта қойған жоқ. Қоғам бұл көріністі ұмытып үлгерместен,  қараша айында алматылық 12 әйелдің жалаңаш суреті басылған күнтізбе жарыққа шықты. Ұлтымыз қыз баланың ізеттілігі мен мәдениеттілігін —  сыртқы бет-пішіні мен киім киісіне қарап бағалаған. «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, руыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген даналардың сөзі бар. Ұлт мәдениеті құлдырауының шегі ма әлде бұл?

Бір таң қаларлығы, бүкіл ақпарат құралдары ұлардай шулап жар салса да, бұл сорақылыққа «әй, дейтін әже, қой дейтін қожаның» табылмауы. Осыншама уақыт өтсе де, ұятсыздықтарын жария қылған қыздардың қылығына қарсы бірде-бір бас көтерер шараның болмауы — еліміздің басына Мөңке бабамыз айтқан:

«Заманақыр боларда,…
Әйел жағы ден болар.
Жаман-жақсы айтса да,
Өзiнiкi жөн болар.
Орай салып бастарын,
Желпiлдетiп шаштарын,
Тақымдары жылтылдап,
Емшектерi салпылдап,
Ұят жағы кем болар…», — деп жырлаған заманақырдың жетейін деп қалғаны ма деген  ой келеді.

Тіпті, бұл аз дегендей келесі жолы ақын-журналист қыздарды шешіндіреміз деуі — барлық шектен шығып кеткен жоқ па? Өз заманында халықтың болашағының бұзылуы ең алдымен әйелдерге байланысты екенін ескертіп кеткен  ғұлама жазушы М.Әуезов «Мешел болып қалмаймын десең, бесігіңді түзе» деп бекер айтпаса керек. Мешелдіктің басы осы емей немене? Тәрбиелеп отырған қыздарымызға осыдан кейін кіндігіңді жап деп қалай айта аламыз?

Өлімнен ұятты күшті санаған халықтың ұрпағы үшін бұдан артық қандай масқара болуы мүмкін? Орамал тағып, етегін жапқан қыздар «көздеріне күйік» болған ағаларымыздың діттеген мақсаты осы ма еді? Әлде олар да Айдос Сырым, Досым Сатпаев ағалар сияқты бұл шараға қолдау көрсетіп отыр ма? «Көк орамал таққан қыздар көзге күйік болды»  деп мақала жазған Дос Көшім аға бұл жолы неге үнсіз қалды екен? Хиджабтан қауіп күткен ел басындағы азаматтар бұл оқиғадан еш қауіп көрмейтін сыңайлы. Санада сансыраған сұрақтар көп. Жауап берер жан болса.

Өзінің ұлттық намысын ешкімге таптатпайтын өзбек билігіндегі азаматтар «Қыз абыройының салмағы» фильмінің авторы Умида Ахмедованы өз халқына «жала жапқаны және ар-намысына тигені үшін» соттап жіберді. Араларында психологтар, дін өкілдері және өнертанушылар бар сарапшылар Умида Ахмедованың фотоальбомы мен фильмінде келтірілген әдепсіз түсініктемелердің өзбек халқының ұлттық діңгегі мен салт-дәстүрінің беделін түсіруге бағытталған жасырын, астыртын мағынасы бар деген қорытындыға келген. Таң қалмасқа шараң жоқ. Біздің елде одан да сорақы  қазақ әйелдерінің намысын таптаған «Келін» фильмі шыққанда да бұндай шараның жеңілін де қолданбадық. Қазақтың салт-санасындағы ибалылық пен сыпайылықтың үлгісі болған «келін» атаулының абыройын қара жамылдырған бұл фильмді халықаралық байқауларға ұсынып мәз болдық.

«Қызды қымтап ұстаған ұялмайды»,- дейді қазақ. Ұрпағын ұлағаттылыққа тәрбиелеп, жезөкшелерінің желкесін қиған Құнанбайларды аңсап кетесің осындайда. Ел намысын қорғамаса, азаматтардың болғанынан не пайда?

Сөз соңын Мәшһүр Жүсіп бабамыздың «Жақсы әйел» деген өлеңімен түйіндегім келеді:
Жалғанның жарастығы жақсы ұрғашы,
Қиылып маңдайында көз бен қасы.
Бір талы нама харамға көрінбес пе,
Астында жаулығының тұрса шашы.

Фото: http://www.photodom.com/photo/1721809

+12
0

Share This Post

guest
4 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии
конак
конак
10 жыл бұрын жазылды

макалага селт етіп ешкім пікір жазбаганына караганда казактың намысы әір ояна коймайды-ау, осындай сөздерден оянбаған намыс енді қашан оянар екен?

Саян
Саян
7 жыл бұрын жазылды

сатқын ұлы жүз

Бақытжан
Бақытжан
7 жыл бұрын жазылды

Қыздың намысын ер жігіттер қорғамайтын ба еді,егер елде ер жігіттер жоқ болса кімге өкпелейміз? Сондықтан ер жігітпін деген бүткіл ҚАЗАҚ жігіттерін бірігуге шақырамын!Менің телефон нөмірім 7714530373 БІРІГЕЙІК АҒАЙЫН!

Гульфа
Гульфа
6 жыл бұрын жазылды

Сиздин айткандарынызбен келисемин дегенмен жас урпак тарбиелеп отырган улкендердин кием киеу улгиси, журис турысмен катар талим тарбиесинин натижеси деп ойлаймын. Улкендер жагынан бир бастау болса деген ойдамын.