Әрине, бесік пайдалы екен деп, баланы күні-түні таңып қоюға болмайды. Арасында шешіп алып, аяқ-қолын созып, жаттығулар жасау керек. Бала бесікте жатпаған уақытта бесік көрпешелерін далаға күннің көзіне, қыста аязға жайып алу қажет.
Ал бесіктің пайдасына оралайық. Жаман айтпай жақсы жоқ, бала ауыра қалса, дәрі-дәрмек бергеннен гөрі, халық емін, әсіресе мал майымен, балмен сылау жақсырақ екені белгілі. Ал осы шараларды қолдану үшін бала ораулы, жақсы жабулы болуы шарт. Ал жыбырлақ баланы орап қою да оңай шаруа емес!.. Осындай кезде бесік бірден бір көмекші болып табылады.
Тағы бір жақсы жағы – бұл ұйықтап жатқан баланы бір бөлмеден бір бөлмеге көшіру керек бола қалған жағдайда керуеттегі немесе жерде жатқан баладан гөрі, бесікте таңулы жатқан баланы көшіру оңайырақ емес пе?!
Кейбір аналар жас сәбиін қасына алып жатады. Ұйқы өліммен тең деп жатады ғой халық. Көзі ұйқыға кеткен ана қасындағы баланы басып кету және оны тіпті байқамай қалу қаупі де өте зор. Ал бесік бұдан сақтайды. Немесе «сәбиімді басып кетем-ау» деп алаңдаған ананың ұйқысы да тыныш болмайды. Ал бесікте жатқан баласының қауіпсіздікте екенін сезген ана тыныш ұйықтайды.
Айтып айтпай не керек?! Жас аналарға, балалы болғалы болып отырған болашақ аналарға айтар кәдем – сәбилеріңіздің бойын бесікке үйретудің қамын жасаңыздар. Бұл – көненің қажетсіз қалдығы емес, бұл – ақылды аналарға арналған «ақылды жиһаз».
Автор: Әсел ШЫНТАС
Фото: http://ip-dos.ucoz.kz
+4
0