Ойтолғақ
Бас көтертпес бәсеке кімге керек?
Бақталастық, бақастық қазір өмірдің барлық қойын-қолтығына кіріп, жан біткеннің бойын жаулап алған. Онсыз да қызу қанды қазақтың тынымын алып бітті.
Бәріне кінәлі -өзіміз. Бұқар жыраудың «Бас-аяғың бай болып, бәсеке дәурен сүрген жұрт» деген сөзі дәл қазіргі заманға арналса керек. Олай демегенде ше? Тарихпен бірге қалыптасқан ата салтымыздан аттап, сол бәскенің құлы болып, өмірдің мағынасын түсінуден қалып барамыз.
Бүкіл әлемге ойда жоқ жерден әңгіртаяқ ойнатып, құрығын салған экономикалық дағдарыс тұтас мемлекетпен бірге, оның бөлшегі іспетті әр шаңыраққа да сын деп түсінетін уақыт жетті. Үкіметіміз әр жанұяның қамын жеп, дағдарысқа қарсы қанша дайындық жасап, елге салмағын білдірмеу бағытында жарғақ құлағы жастыққа тимей жатқанда әр отбасы осыған өзіндік қам жасап, есепсіз әлектену мен бәсекеден аулақ болып, етек-жеңді жинайтын кез басталғалы қашан?! Көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен «Ал құдай, аузыма сал құдай» деп бәрін үкіметке жаба салуға үйренген ел ішіндегі біз айтқалы отырған дерттің бірі — өлім болған үйдің ысырапшылдық әрекеті. Бір білеріміз- қазіргі садақалардың тойдан бір кем емес, орасан молдығы. Осыған қарап, «үрерге иті, сығарға биті жоқ» отбасы болмағандығына қуанып, риза боласың. Бірақ, олай жалған малдануға көңіл сене ме, «аттыға ерем деп жаяудың таңы айрылатын» жайттар ел ішінде жетерлік. «Көрпесіне қарап көсілуге» жағасына жайласқан бақталастық шіркінді қайда қоясың?
«Өлім байдың барын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөз баяғыдан бар. Бұл — өлімді сыйлау, өлген адамға құрмет көрсету мағынасында айтылған сөз. Хадисте де «Өлмей тұрып даярлығыңды көріп қой» деген бар. Негізгі мақсат- мүрдені таза күйінде жер қойнына беру, садақаларын таратып, оның тірліктегі жақсы істерін айтып, құрмет көрсету. «Жүре берсең, көре бересің», қазір өлімнің де, өлікті жөнелту, артын күтуге қатысты қиюы қашқан мәселе көп. Қайсы бірін айтасың, сорақысы, адамынан айрылған үйдің белсенді бес жаны сол күннен бастап базар жағалар. Ала сөмкені толтырып, базар мен үй арасына жол қылар. Оның тіпті қайғыратын уақыты болмас. Аза тұтып, жақынын жоқтайтын жандардың уайымы «дастархан мәселесі» болады да шығады. Құстың сүтінен басқаның бәрін қойып, жайнатып жаймаса басы ауыратын халге жеткен. Осы кімге керек? «Ел сөйтіп жатыр ғой, мен одан қалмауым керек» деген ұстаным бәрінен жоғары тұрғаны ма? Нөпір халықтың алдына ас қойып, босаған аяқты жуып, «ертеңгі тамақты қайтеміз, ақшаны қайдан аламыз?» деген сансыз сұраққа шырматылар. «Өлі- тірінің азығы» десек те, жасы келіп, жасарын жасап, асарын асап жатқан жан болса бір сәрі, он екіде бір гүлі ашылмай, біреудің жалғызы, біреудің жартысы кетіп жатырғанда жайланып отырып, ас ішу кім-кімге де абырой әпермейтінін ұмытқанбыз. Ас ішу өз алдына, төбе құйқаңды шымырлатар жоқтау айтып, қайғыдан қан жұтқанның көңілін аулауға келгендердің біразы шеті жоқ әңгімеге көңілді кірісетіні тағы бар. Сыры көшкен ескі сөмкеге өзімен жасты шүберекті салып әкеліп, соны шамасы келсе толтырып алып кетуді де тастай алмай жүрміз. Аурудан жаман әдет осындайда көрінеді-ау!
Ысырапшылдық –қазақты қашан жарытып еді? Жағадан алған қиындыққа мойымай, «бұдан да жаманымда тойға барғанмын» деп шіренуді азайтып, той мен садақаның ара жігін ажыратып алайықшы. «Дағдарыс келіп қалды!»- деген орынсыз үрейді ақыл мен сабырға жеңдіріп, отбасы шығынын азайтуды қолға алған дұрыс болар.Қолда барды қанағат тұтып, өзіңде жоққа ұмтылып, бәзбіреудің қылықтарын қайталаймын деп әуре болудың қажетсіздігі белгілі емес пе?
Жаманды санамалағанда бәрінен де жоқтың жаман екенін білмей айтқан жоқ. Шүкір, қазір бар заман. Олай болса, барды бағалай білейік. «Тарта жесең, тай қалар, қоя жесең, қой қалар» қағидасы есімізде болса екен.
Автор: ТАҢСҰЛУ ЖАКЕШОВА