Рақымды Ием Пайғамбарын жіберді,
Кісі ізгісі, ел сарасы жігерлі.
Түнек түнде шамы болып халықтың,
Саған жұртқа нұрын шашты жарықтың.
Жүсіп Баласағұн
Дүние есігін ашқаннан бастап адам баласы әртүрлі мектептерден өтеді. Алғаш аналық мейірімнен басалатын тағылым мектебі, білімнің қайнарына жалғасып, әрі қарай тізбектеліп өтеді. Әрқайсысы санаға өзіндік өрнегін салып, жүрегінде өшпестей із қалдырады. Осылай алысқа сапар шеккен жолаушыдай асығып, зымырап жатқан уақытқа ілесіп, өміріміздің тез өтіп кеткенін байқамай да қаламыз. Кейде Алла Тағала жаратылыстарының ішіндегі ең көркемі Адам болып жаратылғанымызды, адам болып өмір сүру керек екенін ұмытып та кетеміз. Ал осы ақыл мен парасат иесі болған дара жаратылыстың өмір сүрудегі мақсаты не? Адам деген атқа лайық өмір сүру үшін не істеу керек? Адам болып өмір сүруді кімнен үйренеміз?Әрине, кез-келген нәрсенің сырын иесі білетіні сияқты, адамның жаратылу мақсатын Жаратушы Иесі жақсырақ біледі. Алла Тағала адам баласын көркем бейнеде жаратып, жер бетіне жібергенде олардың өмірінің ақиқатын ашық түсіндіретін елшілерін де жіберді. Тарихтың тағылым беттерін ақтарған жан орта ғасырдағы әлемге таралған жарық нұрды бірден аңғарады. Ол нұр – сахараның шөлдң мекеніндегі Хира үңгірінен бастау алған. Адамзаттың арасындағы абзалы, Өзінің сүйікті құлы Мұхаммедке (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұлы нығмет – Құранның қасиетті сөздерін Жебірейіл періште арқылы оның кеудесіне салған еді. Осыдан бастап талай жанның жүрегін нұрландырып, ізгілікке бөлеген, тәлім мен тәрбиенің, ақиқаттың мектебі – Ислам дінінің қайнар бұлағы жан-жаққа тарай бастады. Сол мектептің қияметке дейінгі ұстазы, Раббысынан алған білімді күллі адамзатқа мейірім етіп таратқан ардақты елші Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғс.) – адамшылық сырын ұқтырған ізгілік мектебінің ұлы ұстазы еді. Бұл туралы Ұлы Раббымыз былай дейді: «Алла сендерге бір еске алатын (Құран) түсірді. Сондай-ақ иман келтіріп, жақсы амалі істегендерді қараңғылықтардан жарыққа шығару үшін Алла сендерге аяттарын оқитын елші жіберді» (Талақ сүресі, 10,11-аяттар) және басқа аятта: «Ол сондай Алла – сауатсыздардың ішінде өздерінен оларға Алланың аяттарын оқып, оларды тазартатын, сондай-ақ оларға Кітапты, даналықты үйрететін бір Пайғамбар жіберді. Негізінде олар бұрын ашық адасуда еді.» (Жұма сүресі, 2-аят)
Хақты танып, кемелдікке жетуге кез-келген адам тырысады. Сол кемелдіктің кілтін көрсетіп, екі дүние бақытына жетудің ізгі жолын көрсеткен Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарлыққа дейін де өзінің адалдығымен, шыншылдығымен, сенімділігімен ерекшеленетін еді. Ол осы ерекшеліктеріне қарай «әмин» (сенімді) деген атқа ие болды. Осындай аманатшыл адамға ең ұлы аманат – дінді үйрету аманаты Алла тарапынан тапсырылды. Және Ұлы Раббысының көмегімен Ислам нұрын әлемге тарата алды. Алла елшісі де (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үнемі: «Алла мені мұғалім (үйретуші) етіп жіберген» (Ибн Мәжа) дейтін.Дінді үйретуді оған Әлемдердің ұлы Раббысы Өзі үйретті. Ұлы Жаратушы Оған: «Раббыңның жолына әсем насихатпен, хикметпен шақыр» (Нахл сүресі, 125 аят) деп әмір етсе, Ол Раббысының әмірін ықыласпен орындайтын. Бұл туралы Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі былай дейді: «Раббым мені Өзі тәрбиеледі және тәрбие болғанда да ең керемет үлгіде».
Ардақты Елші (с.ғ.с.) жаңа қоғамның кірпіштерін қалауда тәлім беріп, дін ілімдерін үйретуден жалықпады. Қоғамның әрбір мүшесін Ислами ілімнен нәсіпкер болуын қадағалап, сол жолда қолдан келген мүмкіншіліктің бәрін жасады. Сахабаларын да мұғалім, иман дәнін шашушылар етіп тәрбиелеп, біліммен қаруландыратын. Бұл жолда Раббысы үйреткендей, сабырлық, мейірімділік таныта білді. Алла елшісінің көркем тәлімін алған сахабаларының бірі Муғауия ибн әл-Хакам өзінің басынан кешкен оқиғаны былай баяндайды: «Бірде біз Пайғамбармен (с.ғ.с.) бірге намаз оқып тұрған едік. Бір кезде бір адам түшкіріп қалды. Сол кезде мен: «Алла сені мейіріміне бөлесін», — деп қалдым. Сол кезде барлығы маған ажырая қарап қалды, мен шыдамай: «Не болды сонша, неменеге қарайсыңдар?» — деп қалдым. Адамдар мені бүйірімнен ұра бастады, сол кезде маған үндеме деп жатқанын түсіндім де дыбысымды шығармадым.Содан соң Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намазын оқып бітірді. Ол үшін әкем де шешем де садақа болсын. Мен өмірімде оған дейін де, одан кейін де одан көркем, ұлы ұстазды көрмедім. Алланың атымен ант етейін ол мені ұрған да жоқ, ұрыспады да тек былай деді: «Намаз оқып тұрғанда адамдарға сөйлеуге болмайды, себебі ол – Алла Тағаланы пәктеу мен мадақтау. Құран аяттарын оқу болып табылады», — деді.» (Муслим) Ол Исламның құндылықтарын осылай үйрететін.
Кез-келген мықты педагогтың өзі Пайғамарымыздың (с.ғ.с) тәлім-тәрбие берудегі кемелдігіне таң қалар еді. Өзіңіз елестетіп көріңізші, бірде Ол өзінің сахабаларымен бірге мәжіліс құрып отырған еді. Сол кезде бір бәдәуи кіріп келіп, Пайғамбардан (с.ғ.с.) қыруар ақша сұрады. Оның сөзінен өзі немесе танысы бір адамды өлтіріп, соның құнын өтемекші екені білінді. Пайғамбар (сғ.с.) оған бір нәрсе берді де мейіріммен қарап: «Мен сен үшін жақсы адаммын ба?» -деп сұрады. Бәдәуи: «Жоқ, сен мен үшін жақсы да сыпайы да адам емессің» — деді. Бұл сөздерді естіген кейбір мұсылмандар оған ашуланып, оны ұрмақшы болды, әйтсе да Алла елшісі (с.ғс.) оларға рұқсат бермеді. Содан соң Ол өз үйіне барып, бәдәуиді шақырып, былай деді: «Сен бізге келіп көмек сұрадың, біз саған көмек бердік. Сол кезде сен әлгіндегі сөздерді айттың». Осы сөздерден соң Алла елшісі (с.ғ.с) үйінен бар тапқанын жинап оған берді де: «Ал енді мен сен үшін жақсы адаммын ба?» -деп сұрады. Сол кезде бәдәуи: «Иә, Алла сені және сенің жанұяң мен туыстарыңа береке берсін!», — деді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл сөздерге қатты қуанды. Әйтсе де ол сыртта қалған сахабаларының әлі де болса оған ренжулі екенін, қайсыбіреуі оған ренішін білдіріп қояр ма екен деп қорықты. Сөйтіп олардың жүрегінен сол жек көрінішті алып тастағысы келді де бәдәуиге былай деді: «Сен бізден көмек сұрадың біз оны көрсеттік. Одан соң сен әлгі сөздерді айттың. Менің ізбасарларым сенің сол сөздеріңе әлі ренжулі. Егер сен қазір оларға барып, осы сөздеріңді айтсаң, олардың жүректерінен реніш кетер еді», -деді. Сөйтіп бәдәуи сахабалардың алдына келгенде Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : «Бұл біздің досымыз, бізден көмек сұрап келді, біз оны көрсеттік. Одан соң ол әлгі сөздерді айтты. Содан соң біз оны қайта шақырып, одан да көп бердік. Ол енді өзінің разы екенін айтып тұр. Солай емес пе», -деп бәдәуиге қарады. Сол кезде бәдәуи: ««Иә, Алла сені және сенің жанұяң мен туыстарыңа береке берсін!», -деді. Бәдәуи үйіне кеткен соң Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларына адамдардың жүрегін қалай жаулап алу керектігін үйретеді. Ол былай деді: «Мысал ретінде түйесі қашып кеткен бәдуиді алайық. Бір топ адам өзі үркіп қашқан түйені қуалайды. Сондықтан да үріккен түйе одан сайын қаша жөнеледі. Сол кезде түйенің иесі: «Мені өз түйеммен бірге қалдырыңдар, мен оны жақсы білем», — деді. Сөйтіп ол жерге құлап түсті де дауыстап шақыра берді. Бір кезде түйесі оның жанына келді. Сол сәтте ол онышөгіп, үстіне мініп алды. Егер мен әлгінде сендердің айтқандарыңды тыңдасам немесе оның айтқанына жүгінсем, ол тозақ отына кіретін еді». Яғни, бұл сөздердің мәні, егер олар оны үркітіп қуып жібергенде, ол дінінен қайтпай, тозақтық болар еді. Бұл тек кемел ұстаздың ғана қолынан келетін әдіс. Алдымен іс жүзінде көрсетіп, одан соң көркем теңеумен мән жайды түсіндіру. Ол осы арқылы бүкіл қоғамдағы қараңғылықтың қаптаған бұлтын сейілтіп, қатыгездіктің қатқан мұздарын ерітті, жүректерді сараңдықтан тазартты.
Сол кезден бері адамзат баласы талай оқиғаны бастан кешірді, талай уақыттың тізбегінен өтті. Сол кезден бері талай данышпан дүниеден өтті, талай патша ел биледі. Әйтсе де Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) есімі дәл сол кездегідей әрбір мүміннің жүрегінің төрінен орын алып, «Ұлы ұстаз» кейпінен ажыраған жоқ. Күннен күнге оның үмметтері артып, Қағбаға қарай ағылуда. Аспаннан тамған әрбір тамшы жер бетін құнарландырғандай, Алла Тағаланың хақ сөздері мен ұлы ұстаздың ізгілік мектебі де осы күнге дейін имандылық дәнін себуде. Ол бір Алланың құдіретімен Қиямет күніне дейін жалғаса бермек. Ұлы ұстазға деген сағыныш кез-келген мүміннің жүрегінде бүршік атып, оның көркем бейнесімен жәннатта қауышуды армандайтыны айқын.
Айнұр САРБАЛА