Ал мұсылмандардың сезімі басқалай болуы керек. Мүмін үшін Аллаһқа және Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілік барлық нәрседен де артық тұруы тиіс. Бірақ кейбір мұсылмандардың арасында да Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген жақсы көру сезімін қалай оятсақ болады деген сұрақтың жауабын іздегендер де табылады. Бұл сұраққа кімнің Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігі әлсіз болса, онда оның Аллаһқа деген сүйіспеншілігінің де әлсіз болғаны деп жауап беруге болады. Себебі кім қаншалықты Аллаһты сүйсе, оның Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігі де соншалықты болғаны. Және Аллаһқа деген бойұсынушылығы қандай дәрежеде болса, сондай дәрежеде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бойұсынады. Құранда Аллаһ Таъала:
«Мұхаммед (с.ғ.с.) оларға: «Егер Аллаһты сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Аллаһ таъала сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені Аллаһ аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» де. (Әли ғымран, 31) деген.
Және Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Жаным қолында Болғанмен ант етемін! мені өздеріңнен де ата-аналарыңнан да, жанұяларыңнан да және дүниедегі бүткіл адамдардан артық жақсы көрмейінше сендердің ешқайсыларың иман келтірген болмайсыңдар» деген. Иә, Нәбиге болған махаббаттан мүмін иманының қандай екендігін аңғаруға болады Біздерде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншіліктің болуы міндет. Себебі ол сезім иманымыздың ажырамас бір бөлігі болып табылады.
Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген махаббатты оятудың бірден бір жолы оның өнегелі өмірін оқып білу. Көркем мінездің бүткіл қасиеті бойына дарыған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғибратқа толы ғұмырын оқи отырып, оған деген сүйіспеншіліктібойға дарыта аламыз. Тәрбиешілердің ұлысы Аллаһтың тәрбиесінде болған ол кіршіксіз таза өмір жолын кешті. Айша анамыздан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы сұрағандарға: «Оның мінезі Құран болатын» деп жауап қататын. Үлкенге құрмет, кішіге кішіпейілділік танытқан Ол (с.ғ.с.) надандықтың себебінен кесір тигізгендерге кешіріммен қарап қана қоймай, зұлымдығын жақсылықпен қайтару арқылы оның қас-жауларының қаншамасы исламды қабылдап, ажырамас досына айналды. Жетім, жесірге қамқор болып, кедей-кепшікпен бірге отырып тамақтанудан еш арланбайтын. «Ухуд тауындай байлығым болса, оны үш күннен артық ұстамас едім» деген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйіне келген сый сыйапатты сол арада ақ жоқ-жітіктерге таратып беретін. Үйінде айлар бойы тамақ асылмай, құр құрма мен суды қанағат еткен күндері де аз емес еді. Үй ішінде өз киімін өзі жамап, аяқ киімін өзі жөндеп, ешкі де сауатын. Әрдайым науқастарды зират етіп, олардың көңілін сұрайтын, көршілерімен тату, сахабаларының арасында өзін тең дәрежеде ұстайтын. Қарапайымдылықты ұнатқан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзін басқалардан бөлектегенді ұнатпайтын. Ол адамдардың арасында ең жомарты, ең батылы, тілі тек туралықты сөйлейтін шыншыл, әрі ең әділі болатын. Және де ол қыздан да бетер ұялшақ болатын. Ол (с.ғ.с.) аяқтары ісіп кеткенге дейін намаз оқитын. Одан: «сіздің өткен және келер күнәларыңыз кешіріліп қойған емес пе?» деп сұрағанда: «Шүкір етуші құлдардан болмаймын ба?!» деп жауап қататын.
Иә, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы айта беретін болсақ, әлі де көп нәрсе жазуға болар еді. Оның ұлы ахлаққа ие екендігі туралы Аллаһ Таъала Құранда:
«Шын мәнінде сен ұлы көркем мінез иесісің» (аль-Калам:4) дейді. Осыншалықты көркем мінез иесі болып табылатын Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) сүймеу мүмін үшін мүмкін емес шығар.
Сахабалардың Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) қалай жақсы көргендігі туралы оқиғаларды білу арқылы да олардан көптеген үлгі алуға болатынына көзің жетеді.
Бірде Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) Омар қол ұстасқан күйде бірге келе жатты. Омар: «Иә, Аллаһтың Елшісі, өзімнен басқаның барлығынан сені артық жақсы көремін» дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «сен мені өзіңнен де артық жақсы көрмейінше иман келтірген болмайсың» деді. Сонда Омар: «Иә, Аллаһтың елшісі, шын мәнінде, енді мен сені өзімнен де артық жақсы көріп кеттім» дейді. Бұған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Міне, сен енді иман келтірдің, Омар» деді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанында әрдайым жүретін сахабалар оны бір сәт көрмесе тағат таппай, сағыныштан оны қайта көруге асығатын. Бірде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір сахаба келіп: «Иә, Аллаһтың Елшісі, шын мәнінде, мен сені өзімнен де балаларымнан да бүткіл адамдардан да артық жақсы көремін. Ал қашан мен үйге барып, сен туралы жанұямның арасында айта бастасам, менің күш қуатым мен сабырлығым оған жетпей, сені қайта көруге және сенің дауысыңды есту үшін мен үйден атып шығып саған қарай аялдаймын. Бірақ мені бір нәрсе алаңдатып жүр. Аллаһ Таъала жәннәттің ең жоғарғы сатысын саған беруге уәде етті. Егер сені онда көре алмасам ол жақта мен не істеймін?» дейді. Бұған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ешнәрсе деп тіл қатпады. Себебі Ол не жауап қатарын білмеген еді. Бірақ та кейін оның жауабын Аллаһтың Өзі жіберген еді:
«Ал және кім Аллаһқа, Пайғамбарға бойұсынса, міне, солар Аллаһ Таъала нығметке бөлеген пайғамбарлар, шыншылдар, шәһиттер және игілермен бірге болады. (Ниса 69)
Иә, бұл Аса Мейірімдіден болған ұлы жауап еді. Жақсылықтың қайтарымы тек қана жақсылық.
Тағы бірде бір сахаба Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Иә, Аллаһтың елшісі, Қиямет күні қашан болады? деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) одан: «Ал, сен ол күнге не дайындадың?» деп сұрағанда, әлгі сахаба: «Мен бұл күнге Аллаһқа және Оның Пайғамбарына деген махаббатымды дайындадым» деп жауап береді. Сонда Аллаһтың Елшісі: «Ендеше, сен сол күні өзіңнің жақсы көргендеріңмен бірге боласың» деді. Шын мәнінде, біз кімді қатты жақсы көрсек, Қиямет күні сол адаммен бірге болады екенбіз. Ол күні Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) шапағат ету құқы беріледі. Ендеше Нәбиді бүкіл жаратылыстан артық жақсы көрсек, ахиретте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қасында болады екенбіз. Нендей жақсы жолдас!
Сонымен қатар, сахабалар сезімдерін тілмен айтумен ғана шектелмей, іс жүзінде де дәлелдей білді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шақырғанда Исламды еш күмәнсіз қабылдаған Әбу Бакрмен бірге Мединеге хиджра жасағанда ол Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) біресе озып, біресе арта қалып келе жатты. Мұның себебін сұраған Нәбиге: «артыңнан қауіп келіп қалатын сияқты болғанда арта қаламын, ал енді қауіп алдыңғы жақтан келе жатқандай болып көрінгенде алдыға озамын» деп жауап берді. Ал ансарлықтар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Мединеге хижра жасайтынын естігенде жүректері қуанышқа толып, Оны (с.ғ.с) көруге асығып, күнімен, түнімен тағатсыздана күтумен болды. Ал ол келе жатыр деген хабар жеткенде қуаныштарында шек болмай, Аллаһқа тәкбир, тәхмил айтып алдынан қарсы алған еді. Кейін мұсылмандар Меккені бағындырғаннан кейін ансарлықтар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қайта көшіп кетеді ме деп қатты алаңдады. Бірақ Нәби: «Иә, ансарлар, сендер мененсіңдер, ал мен сендерденмін» деді. Бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Мединеде қалатындығын білдіргендігі еді. Мұны естіген ансарлықтар қуанғандарынан көз жастарына ерік берді, тіпті, олардың жылағаны соншалық, жастарынан сақалдары суланды.
Сол сияқты мына бір оқиға қандай да бір адамды болмасын таңырқатпай қоймасы анық: Хунай шайқасында жеңіске жетіп қайтып келе жатқанда, мұсылмандардың алдарынан қарсы келе жатқан бір сахаба әйелді көрген Омар оны бірден тани кетті. Бұл соғыста оның үш бірдей жақыны Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) қорғаған шәһидтердің қатарында болған еді. Сонда Омар оған әкесінің қайтыс болғанын айтты. Бірақ та әйел әкесін іздеп жүрмегенін айтты. Бұл жауапқа таңырқаған Омар оған бауырының шәһид болғанынан хабар берді. Әйел бауырын да іздеп жүрмегенін айтты. Бұған одан да бетер қайран қалған Омар оның күйеуінің де қайтқанын білдірді. Сонда әлгі әйел: «Мен күйеуімді де іздеп жүрген жоқпын, мен Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) іздеп жүрмін, ол үшін қатты қорқамын, оған бірдеңе болып қалған жоқ па, жаралы емес пе екен» деп жауап берді. Міне, бұл сахабалардың әйелдерінің Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіпеншілігінің бір ғана көрінісі еді.
Олар өздері жаралы болып өлім халінде жатса да Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) аман ба екен деп уайым шегетін. Тіпті, өз бастарын өлімге тігіп, Нәбиді жан тәнімен жауларынан қорғаудан еш тайынбайтын. Бұл олар үшін тек қана бақыт пен мақтанышты тудыратын. Хубайб атты сахабаны өз руластары ислам қабылдағандығы үшін қатты азаптап, оның денесін бөлшектеп жұлып жатып одан: «Өзіңді құтқарылған күйде, ал Мухаммадты өз орныңда болғанын қалар ма едің?» деп сұраған мүшріктерге денесі қанға боялған Хубайб: «Аллаһпен ант етемін. Менің өз жанұямның ортасында, балаларымның арасында тыныштық пен бейбітшілік те болып, ал Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) тіпті бір тікеннің кіргенін де қаламас едім» деп жауап береді. Қайтпас қайсарлық танытқан бұл сахабаға деген таңқалысыңды жасыра алмайсың.
Иә, бұл сахабалардың Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігінің кейбір көріністері еді. Олардың махаббаттары шынайы еш риясыз болатын. Тек бір Аллаһтың разылығын іздеген, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) адал жолдас болған жандар еді. Ухуд тауындай алтынды садақа етсеңдер де сахабаларыма жете алмайсыңдар» деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) оларға деген сүйіспеншілігі де ерекше еді.
Ал біз Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сезімізді қалай білдіреміз?
Бүгінгі күні біздің Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген махаббатымыз әлсіз. Бір-бірімізбен кездесе қалсақ, Пайғамбар туралы өте аз айтамыз немесе тіпті еске де алмаймыз. Керісінше, біз өмірдегі мәселелерді, жұмысымыз жайлы, балаларымыз туралы сөз қозғаумыз көбірек кездесіп жатады. Бұл иманның әлсіздігінен. Негізінен, әрбір мұсылман үшін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) орны артық болуы қажет. Себебі кімде кім біреуді қатты жақсы көрсе соның айтқанымен жүруге немесе істеген ісін қайталауға тырысып бағады. Сондықтан біздің Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген махабатымыз оның сүннет амалдарын оқып, үйрену, амал ету арқылы күшейеді. Ал оның сүннеті Оның бүткіл өмір жолы болып табылады. Оның ғұмыры тек Аллаһқа бойұсынудан, Оның әмірін адамдарға жеткізуден тұрады. Ал біз қаншалықты Пайғамбар өмірін білсек, соншалықты оның сүннетін орындай аламыз. Оның сүннетімен жүру арқылы біз оған деген махабатымызды дәлелдейміз. Ал Нәбиге деген махаббат Аллаһқа деген махаббаттың айғағы. Кім Аллаһ махаббатына ие болса ол Иншаллаһ біздің көздеген мақсатымыз жәннәтқа ие болады.
Автор: Гүлнұр Шаймерденқызы