Сауаптың сарқылмайтын бұлағы, рухани кемелдену айы Рамазанға жеткізген Алла Тағалаға сансыз мақтау-мадақтар болсын. Адам баласына хақ жолды көрсетіп, иман нұрына бөлеген Алла Тағала шайтандар кісенделіп, тозақтың есіктері жабылатын, жәннаттың есіктері айқара ашылатын берекелі айды құлдарына тарту етті. Өзге айлардан ардақты етіп, ішіне Ұлы нығмет Қадір түнін жасырған Рамазан айының мәртебесі туралы Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Айлардың мырзасы – рамазан, күндердің мырзасы жұма, түндердің мырзасы — Қадір түні». Талай жанның жүрек пердесі ашылып, иман сәулесі түскен, түндері құлшылыққа, күндізі оразаға арналған қасиетті айды әрбір мүмін асыға күтеді. Бір Алланың разылығын іздеген жандар үшін күннің ұзақтығы мен аптап ыстығы да кедергі бола алмасы анық. Себебі, адамзатқа Ислам нұры ең алғаш бастау алған мекендер Мекке мен Мединада жыл оны екі ай бойы ми қайнатар ыстық бола тұрса да, Алланың сүйікті елшісі мен оның саңлақ сахабалары рамазан айына аман есен жеткізуін сұрап Раббысынан жалбарынатын еді. Салман Фариси атты сахаба (р.ғ.) былай дейді: «Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шағбан айының соңғы күндерінде айтқан құтбасында бізге былай деді: «Ей, адамдар, ұлы және қасиетті ай жақындады, төбелеріңе көлеңкесі түсті. Бұл айда мың айдан да қайырлы Қадір түні бар. Алла сол қасиетті айдың күндізінде оразаны парыз қылды, түндерінде нәпіл намазын заңды қылды. Бұл айда үлкенді кішілі жақсылық жасаған адам басқа айларда бір парызды орындағандай сауап алады. Бұл айда бір парызды орындау — басқа айлардағы жетпіс парыз болып есептеледі. Бұл ай – Алла үшін аштық пен шөлдің, құлшылық пен тағаттың машақаттарына сабыр мен төзімділіктің айы. Сабырдың қайтарымы – жұмақ. Бұл ай – жәрдемдесу айы. Бұл ай – мүміндердің ризығын арттыратын ай. Бұл айда кім ораза тұтқан мүмінге аузын ашатын бір нәрсе беретін болса, жасаған бұл ісі күнәларының кешірілуіне және тозақтан құтылауына себеп болады. Ораза тұтқан адамның сауабы азаймастан соның алатындай сауабына ие болады», — деді. Иә, осындай нығметтер жасырынған айдың қадірін біліп, әрбір сәтінен құр қалмау үшін мүмін барын салады. Сондықтан да Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Егер адам баласы рамазан айының не екенін лайықты түрде түсіне білсе, бір жылдың бастан-аяқ рамазан болуын қалар еді», — деген.
Оразада адам дене қалауларын тәрбиелеп, нәфсінің құлы болып кетуден өзін азат етеді. Ауызды астан ғана емес, жаман сөздерден, ғайбаттан тыйса, көзді харамға қараудан, құлақты харам нәрселерді естуден тыяды. Көп ұйқы мен көп тамақтану иманның әлсіреуіне алып келеді. Тамақты қажетті мөлшерінен асырып жеу – адамның зейінін бұзады, ар-Рахманға бойұсынуда денені ауырлатып, адамдағы шайтанның жолдарын азықтандырады. Сондықтан, ораза ұстаған адамның әрі денесі, әрі рухы тынығады. Ең бастысы адамның қас дұшпаны болған нәфсіні тазартып, Раббысына жақындай түседі. Себебі, адам үшін ең ұлы күрес – ол нәфсімен болатын күрес екенін Алла елшісі де (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ескертіп кеткен еді. Нәфсіге тойтарыс беріп, көркем мінезділікке, тақуалыққа қадам басу – мүміннің жеңісі болмақ. Сондықтан да, біз қадірін түсінгенше зулап өте шығатын Рамазан айындағы зор нығметтерден құр қалмайық, ағайын! Алла Тағала Рамазанның әрбір сәтінен өз үлесімізді алып, Жәннат қақпаларынан жүзіміз жарқын боп кіруді нәсіп еткей!