Күні бойы аузын астан, шөлден тыйған адам ауызашар сәтте жүрегі дүрсілдеп, көңілі қуанышқа кенеледі. Дәл осы сияқты он бір ай бойы біздің рухымыз да шөлдеп, ашығып, рамазан айының келуін асыға күтеді. Рамазан айы жақындаған сәтте көңілі қобалжып, бейне-бір зарығып күткен қонағы есігін қағып тұрғандай күй кешеді. Иа, бұл иманның ләззатын сезген құлдың бойында болатын сезім. Пайғамбарымыз с.ғ.с. бұндай адамдар жөнінде : «Кімде-кім Рамазан айының келуіне қауанатын болса, Алла Тағала оның денесін тозақ отына харам қылды», — деген. Алланың сүйікті елшісі с.ғ.с. мен оның саңлақ сахабалары да рамазан айына аман есен жеткізуін сұрап Раббысына жалбарынатын еді.
Рамазан айының әрбір сәті төгілген інжу-маржан секілді. Оны жинаған да, жинамаған да өкінеді. Жинамағандар «неге жинамадым», — деп өкініштен өртенетін болса, жинағандар «неге көбірек жинамадым», — деп өкінеді. Себебі, тастың алтынға айналғаны секілді бұл айда жасалған әрбір жақсы амалдың сауабы еселеніп беріледі. Алла Елшісі: Тіпті, Раббымыз «оразаның сыйлығын пенделеріне Өзім берем» деп ескерткен. Пайғамбарымыз с.ғ.с.-ның хадисінде: «Алла Тағаланың көздерің көрмеген, құлақтарың естімеген және ешкімнің ойына да келмеген нығмет толған дастарханына тек ораза ұстағандар отырады.», (Табарани) — делінген.
Таң сәріден жақсылыққа ұмтылған, намаз бен Құраннан ләззат алып, мұқтаж жандарға қол ұшын беру, ораза ұстағандарға ауыз аштыру сияқты ізгі амалдардан інжу-маржан терген шынайы мүміндер туралы Пайғамбарымыз с..ғ.с.: «Рамазан береке айы. Алла Тағала бұл айда күнәларды кешіреді, дұғаларды қабыл етеді. Бұл айдың құнын біліңдер! Тек жаһаннамға баратын адам бұл айда рахметтен мақұрым қалады» (Табарани), — деген.
Әсіресе, мың айдан қайырлы болған Қадір түні жасырынған соңғы он күндігінің түндерінде Раббымыздан дұға сұрап, таң атқанша құлшылық етудің маңызы зор. Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Егер кімде-кім иман келтіріп, сауабын Алла Тағаладан тілеп, Қадір түнін таң атқанша көз ілмей ғибадатпен өткізсе, онда мың ай Алла Тағалаға ғибадат жасағандай болады және жасаған күнәлары кешіріледі», — деген. Періштелер жер әлеміне түсіп, Алла Тағала құлдарының дұғаларын қабыл етеді.
Бізді жоқтан бар еткен, жүрегімізге иман нұрын құйып, хақ жолына салған Алла Тағалаға сансыз мақтау мен мадақтар болсын. Осындай нығымтерге толған айдың әрбір сәтінен мол несібе алып, Мейірім мен Рақым Иесі барша дұға тілектерімізді, құлшылықтармызды қабыл еткей!!!
Ия Рамазан келип ,зу етип оте шыкты ,коп сауапты истер истеп,Аллахтан кеширим сурап,Аллахка лайыкты турде кулшылык етуин насип етсин. Амин