Қазақстандағы жорналистиканың қазіргі ахуалын сөз еткенде көзге түсетіні — орыс және қазақ тілді БАҚ-тардың деколонизацияны қалайша сөз етуінде. Алайда, елдегі басты доминант орыстілді жорналистика екенін ешкім жоққа шығара алмаса да, әлеуеті басым ұлттық бағытта қазақ баспасөзі бүткіл бір партияның міндетін атқарып тұр.
Бізде әлі күнге бірізге түскен тәуелсіздік қағидаттары. Жер-су, Жазу-сызу және Ата-тек Елбасы айтқан деңгейде жүзеге аспай отыр.
Тілімізді қайыра түлетудің бірден-бір жолы – жер-су атауын қалпына келтіру. Бұл бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру барысында жергілікті аумақтағы тұрғындардың ұйқыдағы санасына қозғау сала отырып, мемлекеттік деңгейде мәселе көтеру қажет.
Қазақстанның Кеңес үкіметінің боданында болған ғасырға жуық 70 жылдық тарихы – отршылдықтың бірден-бір куәсі. Бұл уақытта Қазақстандағы жер-су атаулары жаппай орыстандырылды. Еліміздегі дәуірлер бойы сақталып келе жатқан географиялық атаулар осы кезде қатты өзгерістерге ұрынып, олардың төл аттары халық жадынан өшірілді. Мұқым бір ауылға шоқша сақалды бір мұжықтың атын қоя салу өріс алды. Қазіргі кезде еліміздің әр түкпірінен сол күндердің тірі куәлары іспеттес орыс ағайындардың арбиған атауларын жиі кездестіреміз. Тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жинағалы да бір бозбала ержетті. Алайда, қазақ даласындағы осы сұрықсыз көрініс сол күйінде қалып келеді. Біздің ауданда да осы тектес күй. Бейне бір Ресей жерінде жүргендейсің… Алдыңнан Романның ауылы қарсы алып, Дмитрий мен Ивандар аулына жалғасады да, Сосновка, Березовка болып ұласып, соңында Песчанка болып құмға сіңіп жоғалады.
Біздің басымыздағы осы зар бұрынғы империялық елдер мен колониялық елдерді де алаңдатып отырса керек. Мәселен, Ресей өз аумағындағы құлаққа жағымсыз атаулардан қалай құтыларын білмей дал болуда. Ал ондай атаулар орыс көршіде жетерлік қой. Ал, біз болсақ: «Несін ауыстырамыз?», «Қажеті қанша?», «Осы кімге керек?» деген кері тартпа күштерден аса алмай, әлі жүрміз. Орысша атауларымызбен бүкіл Алашқа мазақ болып отырғанымызды біреу түсінсе, біреу түсінбейді. Соның көбі өзіміздің қаракөздер. Өкінішті, әрине.
Белағаш ауданы 1944 жыл таратылып, одан үш орыс тілді аудан бөлініп шықты: Бородулиха, Новошульба және Новопокровка (кейін Жаңасемей) бөлініп шығып, 1990 жылдардың соңында қайта осы үш аудан біріктірілді. Қазір аудан аумағында өзгертуді қажет ететін (бүгінгі күннің көзқарасымен алғанда) жер-су атауы бүкіл аудан көлеміндегі атаулардың 90 – 95 пайызын құрайды. Яғни, аудандағы атаулардың бәрі дерлік орыс тілінде деуге болады. Соңғы жылдары бірен-саран көше аттары өзгертіліп, тұрғындар арасында азды-көпті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Алайда бұл аздық етеді. Кең көлемді жұмыстар жүргізуге аудандық ономастикалық комиссияның қуаты жетпейді. Бұл іске мектеп оқушыларын, жалпы тұрғындарды, зиялы қауым өкілдерін, үкіметтік емес ұйымдарды көбірек тарту қерек. Ономастикалық комиссияның жанынан түсіндіру және насихаттау жұмыстарымен айналысатын жұмыс топтары құрылса. Оларға тарих, әдебиет, тіл салаларының мамандары басшылық жасай отырып, халық арасында жұмыс істеуі тиіс. Ал, бұл топтардың қызметін үйлестіру, оларға жалпы басшылық жасау – ономастикалық комиссияның құзіретіне енуі қажет.
Соңғы кездерде ономастикалық комиссия жер-су атауларының төл атауларын іздеу бағытында жұмыс ұйымдастырып отыр. Соның нәтижесінде, жергілікті көнекөз қарттармен әңгімелесу барысында бірқатар елді мекендердің бір кездері қалай аталғандығы туралы болжалдар анықтала бастады. Мәселен, бір кездері Петропавловка ауылы – Ақсақал, Новопокровка – Жыра, Жексенай, Қайыңды (осы үш атаудың бірі), Камышенка – Үш тал, Ремки – Қара өзек, Жерновка – Диірменді, Пролетарка – Ақши, Уба-Форпост – Қу қала, Новодворовка – Жаңа қорған, Дмитриевка – Шұңқыращы, Переменовка – Өткелді аталған екен. Жақында бір ағамыз: «мен жер-су аттарының өзгергеніне қарсымын және жүрген-тұрған жерімде осыны насихаттаймын, өйткені халықтың қалтасынан ақша шығып кетеді», – деп мардымсиды. Ол кісіге және жалпы осы ниеттес жандарға айтарымыз: Ұлт рухы ақшадан да жоғары!
Жер-су аттарын өзгертуге әрине қалай болса солай келе салуға болмайды. Бұл саяси тұрғыдан да салмағы бар іс. Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде өзінің тәуелсіз тарихын, жаңа тарихын жазып жатқан кезде, елді-мекендерге, географиялық объектілерге ертең өскелең ұрпақ мақтан тұтатындай айбынды да айбарлы, қазақы рухтан қайнап шыққан атаулар берген дұрыс. Бұл атаулар жас ұрпаққа отансүйгіштік бағытта тәрбие беруге лайық болғаны абзал. Айтқанда құлақ құрышы қанатындай әуезді болғаны да ләзім.
Жер-су атауларын өзгерту бір күнде орындала қалатын оңай шаруа емес. Бұл көп еңбек етуді, отансүйгіштік пен шыдамдылық танытуды қажет ететін іс. Жергілікті жерде әйтіп-бүйтіп жүріп, қыңырайған өңкей кесірді көндіріп, атын өзгертуге қол жеткізгенмен іс бітпейді. Осы өзгерістің облыста, үкіметте бекітілуі үшін бірнеше жыл керек. Тіпті, сарылып сан жылдар тосқанда, үкіметтен бекітілмей кері оралуы да мүмкін. Ия, қаншама еңбек, қаншама жүйке зая кетті деген сол. Осы жүйені оңтайландырса, бәлкім, бәрі басқаша болар ма еді? Ал, көше аттарын өзгерту ептеп оңайлау. Оны жергілікті билік өзі шеше береді. Тек ниет пен көзқарас оң болса болғаны. Алайда осы оңай істің толғағын тоқсан қып жіберетін де өзіміз ғой.
Ауданда соңғы жылдары бірқатар көше аттары өзгертіліп, игі істің ұшы шыққандай болды. Камышенка ауылында Песчаная көшесіне Д.Қонаевтің есімі берілді. Михайличенково ауылында Ленин көшесіне Абай есімі берілсе, Калинин көшесі Достық көшесі деп қайта аталды. Новошүлбі ауылында Советская көшесіне – Абай, Киров көшесіне – Қ.Сәтпаев, Союзная көшесіне – Ә.Молдағұлова, Колхозный көшесіне – М.Мәметова, Школьный көшесіне – С.Бурлаченко, Комаров көшесіне – М.Меркулов есімдері берілді. Новопокровка ауылында Советская көшесі Тәуелсіздік көшесі деп қайта аталса, Семилетка көшесіне Т.Аманов есімі берілді. Красный Яр ауылында Ленин көшесі Достық көшесі деп өзгертілді. Аудан орталығында да төрт көше өзгертіліп, Крупская көшесі – Тәуелсіздік, Ленин көшесі – Достық, Киров көшесі – Бірлік көшелері деп өзгертілсе, Коммунистическая көшесіне жерлесіміз, ІІ жаһан соғысының Шығыс (орыс-алман) майданының батыры Ф.Серединнің аты берілді. Бұның бәрі қуанарлық жай. Тек, осындай іргелі істер жалғасын таба берсін.
Осылайша, Тәуелсіздіктің бірінші жолы – жер-су атауын қалпына келтіру осы турасында Қызылжар қазақтары мемлекеттік деңгейде үлкен мәселе көтеріп, АЛАШТЫҢ ұйқыдағы санасына қозғау салды. Империялық елдер мен бұрынғы колониялық елдерді неоколонолизм дәуіріндегі алаңдатып отырған ортақ мәселенің бірі — жер-су аттары. ТМД кеңістігіндегі РФ-ында жағымсыз ұғынылатын ауылдар: Тамбовта – Отхожее; Тверьде– Большие Пупсы, Задово; Калугада – Нижнее Белевково, Дешовки; Курскіде – Курица; Омбыда – Большие Мурлы, Малые Мурлы; Воронежде–Хренище; Архангельскіде–Задовая; Ленинград облысында–Мошня; Нижегородта– Какино; Псковта – Сопляково, ал бүкіл Ресей бойынша: Блохи, Обляищево, Дурниха, Дрочево, Овнище, Опухлики, Выпуки, Парашино, Блява, Блядищево, Заднево, Косые Харчевни, Сковородка, Скотное, Большие Жеребцы, Бухалово, Вагино, Гниломедово, Горюново, Дураки, Дураково, Пердунова, Херовка, Негодяиха, Погулянка, Ссакино, Собакино, Козлы, Козявкино, Куекнуло, Лобково, Лопухи, Лохушкино, Лоханкино, Соволохи, Мачехин Конец, Зады, Дурлай, Новые Маты, Большие Носки, Первая Зубачистка, Мартышкин Хутор, Тараканы, Малые Гнилуши, Кобелиное, Голодранкино, Манды, Мочилы, Мошня, Мусорка, Муходоево, Ново Блудово, Новопозорново, Попки, Пьянкино, Сучки, Трусово, Тупица, Выбье, Жупкино, Педрилово, Поносово, Жучки, Вислое, Крысиха. Бұның бұлай болуын аз санды 100 аса ұлттың мүлдем орыстанып, өз тілі мен тегінен айырылуында екендігінде қазір олардың тілінде ешкім сөйлемейтіндіктен заманауи орыс әдеби тілінде бұл атаулар халықтық этимологиямен ұғынылып отыр дейді РҒА мүшесі ф.ғ.докторы, проф. Евгений Красин.
Осындай тәлімсіз атаулардан Францияның “CONDOM” ауылы эхотуризммен жер-су атауын тіркестіріп пайда да тауып отыр. Біз орысша атауларымыздан әліде арыла алмай отырмыз. Орысша атаулы ауылдарға әкім болған әкімдер әкіреңдемесе, біз жаза-жаза әкіреңдеп болдық. Сіз не дейсіз, оқырман, орекеңдер өз атауларынан қалай құтыла алмай отырғанын сөз еттік. Біз кеңес үкіметіндегі атаулардан арылып бұрынғы тарихи атауларды қайтадан қалпына келтіріп бүгінгі егеменді еліміздің талаптарына сәйкес қазақша атауға бет бұрайық!
Бірақ, біздің ауданда осы бағытта біршама жұмыстар жүргізіліп, көше атаулары замана ағымына сай өзгертіліп, жаңаша аталып жатыр. Аудан әкімшілігінің осы қадамына жұртшылық дән риза. Енді Бородулихаға (Қарағайлыға) бұрынғы Белағаш ауданы деген 1944 жылға дейінгі тарихи аталуын қайтарып берсек, нұр үстіне нұр болар еді. Одан да арғы жағдайды алатын болсақ, Бұқтырмадан бастап, Құлынды даласына дейінгі Ертістің оң жағы «Ішкі округ» деп аталған. Сол «Ішкі округтің» де орталығы Белағаш ауылы болған, Белағаш ауданы құрылғанға шейін, яғни ХІХ ғасырдың ортасынан Қазан төңкерісіне дейінгі аралықта қазіргі Бородулиха ауданы өңірі «Белағаш даласы» деп аталған. Енді аудан мен ауылдың аражігін ашып, Аудан атына–Белағашты, ауыл атына–Қарағайлыны қайтарып беріп, ақ және қызыл отаршылары теліген Бородулихадан құтылатын сәт туды.
Осы бағытта ерен еңбек етіп жүрген Бородулиха ауданның құрметті азаматтары С.Тәбәрікұлы мен Т.Рымжановтың ақсақалдық кеңестері мен ойлы мақалары белағаштықтардың ұйқыдағы ойына қозғау салды.
Енді мәселенің екінші қыры қазақ әліпбиіне көшейік.
Біріншіден біз 42 әріптен әлі құтыла алмай отырмыз. Оның себебі бір кездері тілден ғылыми диссертация қорғағандардың өз еңбектерін қызғыштай қоруынан, айтатын сылтаулары тіл қысқалықты сүйеді. Осы арқылы ч, ю, я, щ, ц, у, қосарларын заңдастырмақ. Халықаралық лингвистикалық заңдылық бойынша ф, в, э, х, һ, және й дыбыстары тілімізде орнығу үшін осы әріп-дыбыстардан басталатын қазақтың төл сөздері болу керек. ь, ъ дыбыссыз таңбалары бізге керек те емес, түркі сингормонизмін бұзады. Енді осы дыбыстарды, әріптерді алып тастасақ, тілімізде Байтұрсынов әліпбиіндегідей 28 әріп ойнап шыға келеді, а-ә; о-ө; н-ң; к-қ; г-ғ; ү-ұ-у жуан-жіңішке сыңарларын (a` /ә/; о` /ө/; н`/ң/; к`/қ/; г`/ғ/; `у /ү/ және у` /ұ/) түрінде жазатын болсақ, далаңдап латынға көшпей-ақ, камп (кампьютер) кілибәтіне (перне тақтайына) өзіміздің төл әрпімізді сыйдыра аламыз. Бұл үшін данышпан болудың керегі де жоқ. Тек жаңа кириллица үшін жаңа бағдарламаға ақша бөле білу керек. Сонда орыс әліпбиінің қазіргі үстемдігінен құтыламыз, әрі көзге сүйелдей көрінетін қосымша артық таңбалаудан да артылып, кампта басу жеңілдейді. Оның үстіне ағылшын мен орыс бағдарламасының будандығынан өзімізге тән ұтысқа қол жеткіземіз. Э босап – тырнақша, х мен ъ босап [ ] белгісі, ж орнын – я мен алмастырсақ — : мен ; белгілері, ь – орына «б» қойсақ, ю жоқ болғандықтан – нүкте, б ауысқандықтан – үтір өз орнында қалады да, басуға да жеңіл, ағылшыншаға жақындаған нұсқа орнығып, (`) қою арқылы латынша да қазақ тілінде жаза беретін боламыз. Бұл түбі көшетін латын әрпін меңгеруді жеңілдетеді. Сербияда үш әліпби қолданылады. Оны әркім өз демократиялық еркімен пайдаланады. Біз баба түркі, бір таңбалық жаңарған байтұрсын әліпбиін, латын және жаңарған кирилді жарыса қолдануға болатын 28 әріпке негізделген бірін-бірі оқитын бағдарлама жасасақ, бәрі өз орнына келеді. Ол үшін Елбасының төрт әліпбиге де ортақ әріп таңбасын бекітіп бергені ләзім. Оның үстіне төрт әліпиді оқытатын қазақ жазуы курсы тегін оқытылып, тегін таратылса, көп нәрсе ұтамыз!
Екінші бір түйтіл – ата-тегіміз.
Тәуелсіз Қазақ мемлекеті атанғанымызға да аттай жиырма жылдың жүзі болды. «Осы уақыт аралығында қазақ деген халықтың рухын көтерер, бар тіршілігіне нәр берген, ұлттың бүкіл болмысымен біте қайнасқан асыл мұраларымыздың қаншасын тірілтіп, қаншалықты ұлықтай алдық?»- деген сауал көкейімізде кес-кестеп тұратыны анық.
Орыстардың отарлау саясатының кесірінен атамыздың есіміне – ов, -ев, -ин, -на жұрнақтары жылжымастай болып жалғанды. Осы ұлт болмысын айғақтайтын ерекшеліктің бірі – фамилия мәселесі әлі де болса бір жөнге салынбай келеді. Осы мәселе жөнінде тәуелсіздіктің төл баласы орыс тілді ауыл мен аудан жастарына сауалдар қойған едік:
— Тәуелсіз елде тудың. Ендеше фамилияңдағы орыстан енген тіркес намысыңа тимей ме? Неге қазақтың ұлы мен қызы болғың келмейді. Алып тастауыңа не бөгет?
Батпандап кірген аурудан құтылудың қандай дауасы бар екен?- деп Бородулиха аудандық әділет басқармасына бас сұққан едік.
Бородулиха ауданының АХАЖ бөлімінің төрағасы Сания : «Түк қиындығы жоқ. Ешқандай құжат жинамайды, тек арыз жазса болғаны. Халыққа қызмет көрсету орталығы бар болғаны бес күннің ішінде жасап, бітіріп береді»
Бородулиха аудандық Әділет басқармасының іс жүргізушісі Райхан:
Кәмелеттік жасқа толып алғаш рет құжат алып отырса, жұрнағын алып тастау үшін «Халыққа қызмет көрсету орталығына» келіп өтініш жазу керек. Қазақтың ұлттық ерекшеліктеріне сай емес фамилиялар болады. Мысалға: «Джамбулов» деген сияқты. Біз оның туу туралы куәлігіндегі –ов, -ев, -ин жұрнақтарын алып тастап, өзгертіп бере аламыз. Егер кәмелеттік жастан асып кеткен азамат болса, ондай кезде жеке куәлігінің және еңбек кітапшасының, тіркеу қағазының көшірмесін өзі тіркелген ауданға жазады, содан кейін біз қорытынды шығарып, белгілі бір уақыт ішінде бекітеміз. ҚР-ның 1996 жылы 2 сәуірдегі жарлығы бар. Біз соған сәйкес жұмыс істеп жатырмыз. Және тағы бір қиын мәселе – тіркеуге тұру. Уақытша тіркеуде тұрған азамат жеке куәлік ала алмайды. Себебі тұрақты тіркеуде тұру керек. Жалпы менің өз ойым, ұлты қазақ болса жеке куәлігінің барлығын қазақша толтыруы керек және ерікті түрде емес міндетті қылып, заңға өзгеріс енгізсе деймін,-деп жауап қатты.
Енді ағайын істің жөнін білдің, қазақ болуды ары қарай жалғастыр. Бәрі өз қолыңда Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында ата-баба аруағы алдында азаматтық бір іс жаса.
Ол үшін қазақтарға «ов» пен «ованың» орнына үленген/үйленбегіне орай ( Тасан б. Тасан х.) Тасан бикеш, Тасан ханым, жас ерекшелігне орай: Тасан т. (Тасан тотай) Ер-азаматтарға м. «мырза» сөзін жас ерекшелігі, үйлеген/үйленбегіне қарамай қолдануымыз керек. Сонда қазір Азамат Азат деген «овсыз» қолданулардың қайсы аты, қайсысы фамилиясы екенін білмей қиналудан арыламыз.
Осы үш мәселені шешіп алсақ, біз өзіміздің алаштық сипатымызды қайыра тауып, тәңір текті, бөрілі байрақты ата-бабаларымызға бір табын жақындай түсер едік.
Ел ағасы Н Назарбаев айтқандай, Қазақстанның болашағы қазақ тілінде деп айтқандай, орыс тілді аймақтардағы барша тіл жанашырларына тілдің көсегесін көгертуде еңбектеріңізге Ұлығ Ұлу жылы толағай табыс тілеймін. Ізденуден жалықпаңыздар!
Автор: Әбіл-Серік Әбілқасымұлы Әліәкбар,
Белағаш ауданы, Жұра ауылы, аудандық «Аудан тынысы» газетінің аға тілшісі, филология магистрі
Менің атам Жексенай 1930 жылғы ашаршылық кезінде Ресейден келе жатып Новопокровка манында бір ауылды ашаршылықтан көмектескені жөнінде атам Жексенай ұлы Мәрден атам әңгіме айтып берген. Сол жерде жыра қазып егін егіп сақтап қалған. Сол туралы мәлімет тауып берсеніздер?!
мәлімет болса менің элек.почтама жіберулеріңізді өтінемін! [email protected]