Сонау 1985 жылы алғаш Қытайдың Шынжаң университетінің есігін ашқанымда, ана тілімнен өзге тілде дәріс ала бастадым. Өзге тіл деп отырғаным түбі бір ұйғыр тілі еді. Сол кездерде Қытайдағы 1,5 млн. қазақ үшін ғылыми, әдеби, тарихи-этнографиялық, медициналық, танымдық, педагогикалық және саяси бағытта 30-дан аса журналдармен бірге 10-нан аса газет түрлері тек қазақ тілінде тұрақты жарық көріп тұратын. Мен секілді қазақ мектебінің түлегі үшін осы басылымдардан сусындап отыруда жеткілікті еді. Алайда, студент аталған соң ізденіс пен талпыныс ұйғыр тіліндегі басылымдарға ойыстырды. Себебі, ұйғырлар — Шынжаң ұйғыр автономиялы ауданындағы халық саны ең көп әрі автономиялы ауданның атын иелеген ұлт болғандықтан олардың баспа сөз әлеуеті одан бетер зор болатын. Қазақ тілінде таппай жүрген дүниелерімді осы тілден тауып марқайып жүргенімде, университеттің үшінші курсынан бастап қытай тілінде сабақтардың оқытылуы аузын айға білеген айдаһардың тілімен әлемдік әдебиеттерді ақтаруыма мүмкіндік берді.
Кейін 1998 жылы Қазақстанға оралғанымда, орыстың тілімен ой саптаған ормандай қалың білім дүниесіне тап болдым. Бірінен-бірі терең, бірінен-бірі шексіз тіл мен білім-ғылымның мұқитына сүңги жүріп, әлем тілдерінің аспанындай білінетін — ағылшын тіліне аңсарым ауа бастады. Оған басты себеп бұл тілдің дүниежүзінің кез-келген бұрышынан алдыңнан шығатындығы. Оған өзім ғылыми және оқуға байланысты Еуропа елдеріне сапар шеккенімде көзім жетті. Шетелде болған кез-келген азамат «Шіркін осыдан елге жетсем, осы ағылшын тілін үйренбесем бе?»-деп нық сеніммен келері анық. Ал келген соң сол дағдылы тіршілігімізге көшемізде ол ойымыз, екінші мәрте шетелге барғанша сана түкпірінде «ұйықтап жатады». Мен де сол қалыпта қалып қоймайын деп елге оралған соң жұмыстан тыс уақытымда ағылшын тілін үйренуді жалғастыра бердім. Ол үшін ең алдымен өз мамандығыма керек дүниеден бастадым. Соның нәтижесінде «Дүниежүзінің экономикалық және әлеуметтік географиясы» курсы бойынша біліктілігін жаңаша мазмұндармен толықтыру мақсатында «Geographic overview of G 20 and Kazakhstan» (Әлемдегі ең ықпалды 20 ел және Қазақстанның жалпы географиялық жағдайы) оқу құралы мен «English-Russian-Kazakh dictionary of economic and social geography»көмекші сөздігін құрастырдым. Осы оқу құралдарын дайындау барысында өзімнің ағылшын тілі бойынша кәсіби біліктілігімді арттыруға мүмкіндік алып отырдым.
Аталмыш оқу құралдарына қатысты ізденістерім еліміз үкіметінің «Үш тұғырлы тіл»-бағдарламасын ортаға қоюдан ілгері басталған еді. Әрине ол менің жеке басымның қызығушылығынан, талпынысымнан болар. Қалай қарасақта ағылшын тілінің әлеуетін жоққа шығара алмаймыз. Қазіргідей ғылым мен техниканың ғаламдануы жағдайында ол тілдің маңызы артып отыр. Жалпы елімізде ағылшын тілінің керектігі соңғы кездерде жиі айтылып, қолданысқа ие болғанымен әлемнің көптеген дамушы елдерінде ол бұрыннан іске асып үлгірген тіл. Басқа емес, болашағымыз саналатын балалар әдебиетіне қатысты интернет көздерінен материал іздесеңіз ағылшын тілінде 2 млн. 600 мыңнан артық, қазақ тілінде 4 мыңнан артық нәтиже көрсетеді. Демек ағылшын тілінде әдебиет қай саладан болмасын қазақ тілінен артық екені даусыз. Әрине оған қазақ тілі жазықты емес, аз халықтың осынша көп дүние жазып, оқи қоярлық мүмкіндігі де жоқ. Алайда, заманымыздың талабына сай, ұрпақтарымыздың мол білім алуы үшін осындай аса мол мүмкіндігі бар тілді үйренуі өте қажет.
Алайда, «Үш тілділік» мәселесіне келгенде ана тіліміздің мәртебесі мен әлеуетін бағалауымыз тіптен керек дүние. Мұнда ол тілдер қазақ тілімен қатар пайдалануды емес, қазақ тіліне қоса, оның толтыра алмай жатқан жерін толықтыру, жетпей тұрған қолын жеткізу мақсатында болуы тиіс. Елбасы айтқандай «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сөздің мағанасын түсінуіміз керек. Ана тіліміздің мәртебесі оның Конституциямен бекітілгендігінде болса, аса мол әлеуетін былайша түсінуге болады: Қазақ тілінің сөйлейтін адамдарының саны жағынан әлемдік тілдер арасында 70-ші орында болғанымен, тіл байлығы бойынша алдыңғы қатарда тұрады. Мысалы, Әлемдегі ең бай тіл — араб тілінде 12 миллион 300 мың сөз бар болса, дүние халқының әр 6-шы тұрғыны сөйлейтін алып қытайдың тілінде 80 мыңнан артық иероглиф бар екен, ал сөзінің қанша екенін осыдан шамалауға болады. Ағылшын тілінде 750 мың болса, қазақ тілінде 600 мың. Демек, қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің бірі. Оның әлеуетін тек сөз қорымен ғана емес, фонетикалық ерекшелігімен де бағалауға болады. Мысалы, қазақ тілін әлемдегі фонетикалық құрылымы күрделі қытай тілімен сылыстырып көрейік. Қытай тілі әріптік емес, иероглифтік сипат алғандықтан, бір иероглиф бір сөз рөлін атқарады. Сондықтан фонетикалық тұрғыда дұрыс оқу аса үлкен маңыз алады. Дыбыстың аз ғана өзгеріске ұшырауы немесе екпіннің жаңсақ түсуі бір сөздің мәнін мүлде өзгертіп, басқа мағана қалыптастырады. Оның үстіне сөздер жеке әріптерден құралмайтындықтан олар кез-келген халықтың тілін, міндетті түрде өздерінің иероглифтік сипатына бағындырады, онсыз болмайды. Сол үшін де әр қандай техниканың, әр қандай дүниенің қытайша атын сөз жоқ ойлап табады. Бұл жағынан келгенде олар қазақ тіліндей икемділік таныта алмайды. Орыс тілінің өзі де әріптік негізде жасалғанымен қазақ тіліндей дыбыстарды анық әрі дұрыс дыбыстай алмайды. Мысалы, орыс тілінде Ө, Ү, Ұ, Ғ,Ң, І, Ә ,Һ, Қ әріптері дыбысталмайды. Ал қазақтар орыс әріптерін барлығында дұрыс дыбыстайды. Қытай тілінің ерекшелігі саналатын ZH, CH, SH, R, Q дыбыстарын да қазақтар еркін айта береді. Одан тыс, араб, парсы тілдерінің де ерекше дыбыстарын еш қиындықсыз дыбыстай алады. Бұның барлығы ана тіліміздің мол мүмкіндігі, артықшылығы. Бір өкінерлігі еліміздің ұзақ уақыт Ресейдің ықпалында болғандықтан Қытайға қатысты жазба дүниелер орыс тілінің заңдылығымен жүріп келеді. Біз өзіміз қытай тілінің кез-келген сөзін дұрыс айта алатынымызға қарамастан, орыс тіліндегі қате айтылған, жазылған үлгімен келеміз. Мысалы, «Хуанхэ»-деп жүрген өзеннің қытай тіліндегі дұрыс айтылуы «Хуаңхы». Мұндағы «Хуаң»- сары, «Хы»- өзен деген мағана беретін сөздер. Ал орыс тіліндегі «Хуан» мүлде басқа мағана берсе, «Хэ» деген сөз мүлде жоқ. Міне осындай бір-бірімен «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» екі үлкен тілдің арасындағы алшақтықтан туындаған ағаттықты сол күйінде қабылдай салу, қазақ тілі секілді мүмкіндігі мол тіл үшін өкінішті әрине.
Тіліміз қанша бай болғанымен, қолданыс аясының тарлығы оның өз келбетін толық көрсетуге мүмкіндік бермей келеді. Оған басты себеп — тіліміздің ғылым мен техниканың және экономиканың тілі бола алмауында жатыр. Міне осы екі олқылықты толтыруда әлемдік тілдер керек. Соның бірі — орыс тілі. Ол – Кеңес жылдары білім-ғылымды дамытуға үлес қосса, қазіргі кезде саяси және мәдени өмірімізде үлкен рөл атқаратын тіл екені даусыз. Бастысы біздің тарих еншісіне айналған мәдениет, тарих, әдебиет, саясат, экономика және басқа да ғылым саласындағы мол мұрамыз әне сол тілде сақтаулы жатыр, тек сол тіл арқылы оларға қайта соғып, қол жеткізуге болады. Ал Ағылшын тіліне – қазақстандықтарды әлемдік деңгейге шығаратын, бәсекеге қабілетті қылатын басты құрал ретінде оң көзбен қарау керек. Ана тілінің болашағынан алаңдаған азаматтар арасында: «Ағылшын тілі жыл сайын өзінде жоқ 25 мыңдай сөзді басқа тілдерден алып, толыға түссе, осыншама тіл өмір сүруін тоқтатып жатады, осы тілдердің қатарында қазақ тілі де өмір сүруін тоқтатар ма?»-деген қауіп жүр. Бұл үрей кезінде менде де болды. Жаңылмасам 1980 жылдардың соңғы кездері болар бір француз ғалымы осы мың жылдықтағы жоғалатын тілдердің тізімін жасаған екен. Соның ішінде қазақ тілі де болды. Ол кез әрине заман басқа болатын, қазақ тілінің емес, халықтың өзі де құрдымға кетуге шақ тұрған еді. Ал қазір мүлде бөлек әлем, егеменді елміз. Сан ғасырлық тарихтың талқысынан аман өткен тіліміздің қайсарлығы сөздік қорымыздың 60 пайызының түркілік түбірде жатқандығы болса керек. Түрік тілдес халықтардың еш бірінде осындай жоғарғы көрсеткіш жоқ.
Ағылшындарда: Ағылшындар мақсаты биік, бірақ саны аз халық қой-деген ұлағатты сөз бар. Жер ауданы 243 809 км², халық саны 63 млн.нан артық ел осылай деп айтса, жері одан он еседей үлкен, ал халқы саны керісінше одан әлде неше есе аз қазақтардың мақсаты ағылшындық мақсаттан сонша есе биік тұруы керек. Ал ол үшін олардың тілін олардан да артық білуіміз керек. Бұл заман талабы. Алайда, ол — ана тілінің қадір-қасиетін бағаламау дегендік емес.
Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педпгогикалық университеті,
Елтану және туризм кафедрасының доценті
Қастер Сарқытқан
Корліңдерме орыс тілі дыбыстарының мумкіншілігі аз