Жер бетінде әрбір 40 минутта бір адам өз өміріне қол салатын болса, Қазақстанда әрбір бір сағатта бір адам өз-өзіне қол жұмсайды екен. Сонда, адам жанының ызың-ызың етіп, таң атқаннан күн батқанға дейін тіршілік үшін күрескен шыбын құрлы жігерінің болмағаны ма? Алдынан кездесен уақытша қиындықтардан қорқып, өз өмірін қию арқылы алдынан оны күтіп тұратын мәңгілік азапқа жолдама алып жатқанын білер ма екен?! Себебі, өз-өзіне қол жұмсау Жаратушыға серік қосқаннан кейінгі екінші ауыр күнә. Алла Тағала Бақара сүресінің 195-аятында: «…Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп қатерге салмаңдар…», — деп әмір етеді. Ал ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз-өзіне қол жұмсау үлкен күнә және оның жазасы ауыр екендігін мына хадисінде баян еткен: «Кімде кім өзін таудан (биік жерден) тастап жанын мерт етсе, ол жаханнам отына мәңгі биіктен тасталынып азапталады. Кімде кім у ішіп өзін өлтірсе, жаханнам отында мәңгі у ішіп азапталады. Кімде кім өзін өткір затпен өлтіретін болса, жаханнам отында оның ішіне өткір зат шаншылып азапталады».
Ендеше, адам өз өміріне қол салмас бұрын алдымен – «мені өлгеннен кейін не күтіп тұр?», «Өлім мені азаптан құтқара ала ма, әлде одан да қатты мәңгілік азапқа ұшырата ма?» ,- деген сұрақтар қойғаны абзал. Бұл өмірде кездесетін кез-келген қиындық бітеді. Жаңбырдан кейін жарқырап күн шығатыны сияқты әрбір қиыншылықтан кейін бір жеңілдік келеді. Әсіресе жасөспірімдер арасындағы суицидтің жиілеп кетуінде ата-ананың кінәсі басымырақ секілді. Ата-ана «баламды жұрттың баласынан кем етпеймін», — деп тек тамағын тауып, киім-кешегін бүтіндеумен әлек болып, бір сәт баласының жан дүниесіне үңілуге, бұл өмірдің мәні мен мақсаты неде екенін түсіндіруге уақыт бөлмей жатады. Баласының киімі көк болғанымен көңілі күпті, жаны құлазып ата-анасының мейіріне мұқтаж күй кешуде екендігін көп жағдайда ұғына бермейді. Сондықтан да балаға жастайынан имани тәрбие беріп, өмірдің мақсаты, өлімнен кейінгі өмір туралы түсіндіру арқылы рухани азықтандыруды ды ұмытпауымыз керек.