Одан кейін жаңа шыққан сусынның, шайлардың жарнамаларында көбіне әйелдердің бейнесін көресің. Сонда ондай тауарларды әйел атаулыдан басқа тұтынбай ма?! Одан да бөлек иіссулардың неше түрлері шығып үлгерді. Әрине, оларды да жарнамаламасқа болмас. Бірақ, жарнамасына көз салсаңыз бәрі әтірдің иісімен әйелдерді есінен тандыру, қыз біткенді өзіне қарату идеясымен көрсетеді. Мұндай сұрықсыз көріністер сүйегі қатпаған жастарымызға зиянын тигізе ме деп қорқасың. Себебі, айналадағы әсем табиғатты жасырып, жалаңаш жарнамалар менмұндалап тұрады. Міне солар сол жастардың көзімен көргені, көмейінен өтіп, нәпсіқұмар, қуыскеуде болып қалса зияны елге.
Қазағым кейде рас Құлагерсің,
Құлагер қашанғы енді құлап өлсін.
Жарнамаға алданған жастарымыз
Көңіліне қайдан иман, шуақ енсін, — дегендей, бұлда болса
ертеден мұсылман болған қазаққа келген қарымды қауіп па деген ойға қалам.
Осы орайда мынадай өлең шумақтары есіңе түседі:
Құртпасын құмарлардың құлқы бізді,
Жарнама бұзып жатыр шырқымызды.
Күнәні көркем етіп көрсетеді,
Іріту үшін іштен ұлтымызды.
Сонымен қазіргі жарнаманың жағдайын айттық. Бұдан да басқа былықтарын көз көріп жүр. Негізі жарнама деген тауарларды, мекемелерді жарнамалап кәсіпті дөңгелету мақсатында жасалады. Ал қазір, зат жарнамасы емес, қыз жарнамасы болып барады бәрі. Жай қарап жүре берсең жарнама дегенің жағадан алып, намысымызға тиюде. Неге десеңіз, жарнамаға тәнін сатып саудалаған қыздардың ішінде қазақтың қыздары да кездеседі. Мұндай жайттарға үлкендерімізде қарсылық білдірмейтін болды. Оларды да түсінуге болар, себебі, аузы қисық байдың баласы сөйлейтін заман ғой.
Халық тұтынатын тауар, тұрмыстық заттар, қызмет түрлері жаңадан шығып, олда болса сапалы болып жатса қуантарлық жайт. Ондай дүниелерді шығарып жар салып жарнамалаудың да айыбы жоқ. Ол кезде халық тауарды қуана тұтынып, тауар иелерінің қалтасын қалыңдатып тастайды. Алайда, сол кәсіпкерлер тауарларын әдепсіз, ұятты, ұнамсыздау көріністермен жарнамалап жатса, ызаң келеді.
Ар ұятты байлықтан артық қойған халық екенімізді ескерсек, осының бәрі намысымызды найзалап, жігерімізді жіліктей жейді.
Жауға кетсе есеміз,
Қайтпас бүгін, кешеміз.
Кете берсе осылай,
Бүр күндері өшеміз.
Бұл да бір саясаттың салқындығының салдары. Менімше бұл жағдайды заң жүзінде қолға алу керек сияқты. Ал халық та халық болып қапаланып, арызын айтса, халықтан асқан кім бар!? Халықтың арызынан ары кете алмас. Осындай мәселелерді айтып тұрмасаң, көзі үйреніп, бойы қалыптасқан қара халық қарап қана жүре береді.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Иман мен ұят бір жерде. Біреуі кетсе екіншісі өзі-ақ кетеді» деген. Сондықтан да, мұндай нәрсеге намысыңыз оянып, ұятыңыз қозғалмаса, иманыңыз қайда қалды!? Әрине бұның бәрін елді айдап, арасын алалайын деген ойда айтпадым. Мемлекетті де сынап, мін тағайын дегенде мақсат емес. Жалпы алғанда айрандай ұйып отырған елді келе бере ашытуға апаратын осындай жағымсыз нәрселерді айтқым келді. Саралау мен таразылауды еншілеріңізге қалдырдым…
Автор: Нұрқанат НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ,
Алматы қаласы
Жалаңаш жарнамалар жиіркендіреді!
Жақсы тақырып көтерген екен ағамыз. Жөні жоқ, жосығы жоқ жарнамалар қаптап кетті елімізде. Қандай да бір затты жарнамаласақ та міндетті түрде жанына жалаңаш қызды қосып қоятын болдық. Не деген масқара! Сонда ешбір затымыздың жалаңаш қыздарсыз елге жол тартпайтын болғандығы ма?!