Адамның жаратылғаны секілді әркімнің әртүрлі қартаятыны заңдылық. Біреулер шал тартқан шағында үрім-бұтағының ғана емес күллі жұрттың ықыласына бөленіп, ардақтысына айналса, кейбіреулердің бала-шағаның берекесін қашырып жүріп берекесіз шал-кемпір атанатыны шындық.
Қалай дегенде де Алланың берген ғұмырын әркім өз ақыл-парасатымен мәнді етпек. Қоғамның ізгілігі – балалар мен қарттарға жасалған қамқорлықпен бағаланатыны бұлжымас ақиқат. Бұл тұрғыда еліміздегі қариялар мәселесіне тоқталар болсақ, қарттар мен мүгедектер, қорғаушысы жоқ кембағалдар жалпы зейнеткерлер жайы Президентіміздің дәстүрлі халыққа Жолдауында назардан тыс қалған емес. Жыл сайын ардагерлерімізді 9 мамыр Жеңіс күнінде құрметтейміз. Үлкендерге деген сый-құрметтің бір күннің аясында шектеліп қалмау керек. Адам баласының бойындағы бұл ізгі ниет – Алла Тағалам бұйыртқан әрбір секундтың еншісінен бөлінбек емес, бөлінбейді де. Өйткені, бүгінгі жас – ертеңгі қарт. Осы заңдылыққа бас иген қазақ қашаннан үлкенді сыйлауда тәспісінен жаңылмаған. Халқымыздың “Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет” немесе “Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді” секілді пәлсапалық мәні зор қағидаларының жасқа да, жасамысқа да бағдаршам іспеттес болуы соның жарқын айғағы. Аузы дуалы ақсақалы бар ел жастарының қашанда жөнсіздік пен жолсыздыққа бой ұрмасы хақ. Бұған бала тәрбиесіне ерекше ден қойған бабаларымыздың “атаңнан бота қалмасын, бата қалсын”, “түбіріне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы” деген қанатты сөздері дәлел. Әрі бізге бұл тағылымдар тарих беттерінен белгілі.
Сондықтан, қоғамымызда түрлі діл, дін, тіл өкілдерінің өмір сүруіне қарамастан, түсіністіктің, сыйластықтың орнауында Елбасы жүргізіп отырған сындарлы-салиқалы саясатпен бірге аға ұрпақтың да үлесі ерен. Қазақ отбасындағы ата мен әженің орны ерекше әрі қадірлі. Әже — отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, ағайын-туғанның, абысын-ажынның бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі. Атаның да айтары мол, берері көп. Әдетте жас отау иелері тұңғыш баласын атасы мен әжесінің бауырына салады. Осы орайда «Сіздің отбасыңызда ата мен әженің рөлі қандай»? деген сауалмен жас жеткіншектер пікірін тыңдайық. Пікірталасқа орта мектептің оқушылары қатысты.
Ербек Дүйсенбай: Менің үйімде әжем бар. Қоғамда қарттарды сыйлау керек. Қазақта «алпыстан асқаннан ақыл сұра» деген мақал бар. Біз әжемізді ерекше құрметтейміз. Балажан қазақ үшін ата мен әжеге жас сәби жай ғана ермек емес, өнегесін дарытар ерекше ет жақыны. Әже мен немере арасындағы туыстық байланыс өте нәзік әрі берік. Алдымен әже тәрбиесі арқылы бала жақсы-жаманды ажыратып, үлкен-кішіні тани бастайды. Мінез-құлық, тіл тәрбиесі қалыптасып, бала үй шаруасына бейім, елгезек, тілалғыш, мейірімді болып өседі. Әженің бауырында өскен балаға жұрт «тәрбиелі бала» деген баға береді.
Сандуғаш Нұрахметова: Менің әжем сексен үш жастан асса да әлі де жас көрінеді. Ол күнде маған кешке батырлар жырын оқып береді. Жалпы қарттарды сыйлау біздің міндетіміз. Өкінішке қарай кейбір жастар қоғамдық көліктерде қарияларға орын бермейді. Өмірдің сынында ақылын дариядай тұнықтырып, ұрпағына өмір мәнін ұғындырып, көңілдері көлдей көгілдір, ізгі тілектері таудан аққан бұлақтай мөп – мөлдір біздің қариялар өмірдің шам-шырағы. Әже тәрбиесі көбіне «олай істеме, былай істе», «бүйтсең жаман, өйтсең жақсы» деген сипатта, ақылгөйлік мазмұнда болып, әженің мейірімі мен жүрек жылуына бөленіп өседі. Осылайша, жас бала қазақы ортадағы бар құндылықты бойына сіңіріп, адами тұлғаның қалыптасуына ғана емес, дәстүрлі ырым-тыйымдар жүйесінің қағидаларын біртіндеп бойына сіңіре бастайды. Жасынан мейірімді, ақылды, дана бала атанады.
Сахаба Мұратбек: Атаның тәрбиесінен өткен баланы былайғы ел «көргенді бала» деп атайды. Қазақтың «атың барда жер таны желіп жүріп, атаң барда ел таны еріп жүріп» деген нақылы да осы тәрбиенің терең мәнінен шықса керек. Баланың туған ата-анасы да «атасының баласы», «әжесінің баласы» деп ата мен әжеге қарай икемдеуі тиіс. Қандай халықтың болсын өзіне тән өзгеден ерекшелендіріп тұратын салт-дәстүрлері, дағдылары бар. Бауырына салу деген бізбен қатар өмір сүріп жатқан халықтардың ішінде тек қазаққа ғана тән. Әрине, өзге ұлттар да немерелеріне қамқорлық көрсетеді, бағады-қағады. Ал қазақтың ерекшелігі сол, тұңғыш немерені міндетті түрде атасы мен әжесі бауырына салған. Бұл- баланы тәрбиелеуде өздері әлі жас ұл мен келіннің тәжірибесінің аздығын білгендіктен. Өйткені ата мен әже – көпті көрген, өмірдің талай белестерінен өткен, жақсылы-жаманды өмір кешкен тәжірибесі мол адамдар. Ата-әжесі тәрбиелеген баланың тілі ерте шығады.
Ержан Қуанышов: Мен атамның баласы болғанымды мақтан тұтамын. Атам маған өмірде жақсы мен жаманды ажыратуға ақыл кеңесін үнемі айтып отырады. Әже мен атадан тәлім алған немеренің рухани жағынан тәрбиелі, көргенді азамат болып ержетуінің өзі дәстүр сабақтастығы мен ұлттық құндылықтың мәйегі емес пе? Ата – балаға сыншы дейді қазақ. Ендеше, әр әке өз балаларының ерекшелiктерiн, бейiмдiлiгiн дамытуға тырысып, бұл жауапкершілікті атасына тапсыруы да өнегенің көзін тапқанмен тең емес пе?
Ақерке Аманқосова: Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне ерген інілеріне ізеттігін аямайтын, ізінен ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген қарттардың орны ерекше. Әр халықтың бойынды ықылым заманнан бері қалыптасып оны өзгелерден даралап тұратын, тек өзіне ғана тән қасиеттері болады.Біздің халқымыздың сондай ерекшеліктерінің бірі — үлкенді сыйлау,оның сөзіне құлақ асу. Қазақ қарты жасына лайық ауызы дуалы ,сөзі берекелі, ісі тыңғылықты ойы терең ақылы телегей теңіз болып келеді. Міне осындай теңеуге лайық қарияларды жылдың қай мезгілі болса да құрметтеуіміз керек.
Мұхаммед–Омар Ілік: Бала кішкентайынан үлкендердің әңгімесін тыңдап өседі. Үнемі үлкендердің қасында жүретіндіктен атасы мен әжесінің замандастарын «пәленше атам», «түгенше әжем» деп солардың барлығын өңдеп-түстеп, кімнің кім екенін біліп, туысқанын танып өседі. Бала әке-шешесін біліп тұрса да «атамның баласымын», «әжемнің баласымын» деп жөн сұрағандарға ата-әжесінің аттарын айтып жатады. Бұл да жеті атасын біліп, шыққан тегін тануына зор ықпал жасайды десек артық болмас. Білетін боларсыз, ауылдағы белгілі бір жиын-тойда бас ұстап отырған үлкен қариялар, сол жердегі жас балаларға құлақ береді. Бұл да негізсіз емес. Мұның астарында «Жақсы сөзге құлағы түрік болсын», «жақсы сөзді көп естісін», «ұғымтал әрі зерек болсын» деген ниет жатыр. Содан да болар, атасына еріп қонаққа барған бала да міндетті түрде құлақ күтіп отыратыны. Үйдегі әжемнің айтуынша, қазіргі таңда қаламызда қарттар жылдан жылға азайып бара жатыр. Негізінде ата әженің көп болғаны жақсы, өйткені олар жастарға үлгі болып, жақсы жолға жетелейді.
Бекзат Шайхиев: Шіркін, ата-әжеңмен бірге тұрғанға не жетсін? Менің атам да әжем де бар. Олар маған күнделікті тәтті тағамдар алып, сабағымды қадағалап отырады. Ата мен әженің баласы болу бақыт деп есептеймін. Өкінішке қарай қазіргі қоғамда кейбір ағаларымыз ата-анасын қарттар үйіне өткізеді. Қартайған шағында оларға демеу болып, немере сүйгізудің орнына қарттарды сыйламайды. Бірақ бәріміз де өскенде ата мен әже атанамыз. Сондықтан үлкенді құрмет, кішігі ізет көрсетуіміз қажет.
Дамира Орын: Қариялардың жайын «қарттар күні» ғана ойлайтынымыз бар. Сол күнді сылтауратып, майда-шүйде сыйлық жасағансып, көңілдерін аулағанситынымыз да өтірік емес. Безбүйрек баласы мен келініне сыймай, ел аман, жұрт тыныштықта үйінен безген қарттардың күйін ешқайсысымызға бермесе екен дегеннен өзге тілек жоқ. Бәрміздің де ертең тірі болсақ қария болатынымызды ұмытпайық. «Жақсылық жасасаң, өсерсің, жамандық жасасаң, өшерсің» — демекші, жақсылық жасауға асығайық, достар!
Дана Аразмұхамедова: Мен өзімнің замандастарым айтқан сөздерімен қосыла отырып, қарияларға арнап өлең оқып берейін:
Қарттарым сіздерге Алла саулық берсін
Денсаулық ауыз-бірлік бола берсін
Тап-таза абыройлы болғаныңды
Қазіргі ел билеген жастар көрсін.
Абырой амандығын арта берсін
Бақ дәулет қызығымен қатар берсін
Ұрпағың жақсы көрген жиі келіп
Таусылмас дәм-тұзыңды тата берсін.
Айдана Боранбаева: Қазақ қашанда қартын құрметтеген. Туған елінің туын биік ұстауды мақсат тұтқан Елбасы әрқашан еңбектеген баладан, еңкейген қартына дейін ұлықтауды ұлы дәстүрге айналдырып, өскелең буынға ұлағат етіп келеді. Қарттарын ардақтай білген елдің рухы үстем, шаңырағы биік. Шындығында да «өсетін елдің өнегелі ұрпағы дария-теңіз – қариясын» құрметтеп, кейуанасын сыйлауды әрқашан өмірлік қағида тұтқан. «Үйдегі қарияң — жазып қойған хатпен тең», демекші, қарттарын құрметтеген елдің ертеңі биік, мерейі үстем болары хақ.
Мунера Төлегенова: Қазақ – қариясын сыйлаған халық. Қарияның батасынсыз, даналығынсыз қазақ қоғамында қордалы байламдар жасалып, іс басталмаған. Атам заманнан бері келе жатқан игі дәстүр бұл. Осы бір көнеден келе жатқан үйлесім мен үлкенді сыйлау дүниетанымы бүгіндері өзгеріске ұшырап, қарияны сыйлаған дәстүр ескінің сарқыншағы іспетті ақырындап, ғасырлардың қойнауына еніп бара жатқанын байқамау мүмкін емес.
Жаһандану дәуірі жетті. Жастар өз ұрпағына заманауи, жан-жақты тәрбие бергісі келеді. Түрлі тілдерді меңгертіп, сан алуан кәсіптің құлағында ойнаса деп армандайды. Бұл дұрыс. Болашағының бақытын ойламайтын ата-ана жоқ. Бірақ, сол армандар мен мақсаттарды қалай және қашан жүзеге асырмақ? Таңертеңнен қара түскенше жұмыста. Демалыс күндері үйдің ұсақ-түйек шаруасы. Баланы үш жасқа жетілдірмей-ақ, балабақшаға тапсырып, санасына жастайынан сіңірілуі тиіс тәрбиенің мазмұнды бөлігінен құр қалдырамыз. Мұндайда әрбір баламен жеке жұмыс жасайтын тәрбиеші қайда? Демек, бала үйде де, түзде де ұлттық тәрбиеге жарымайды. Жарылқайтын ата-ана жоқ. Қызметіндегі «стрестік ахуалымен» тек тыныштықты қалап барады үйіне. Сөйтіп, баласымен сөйлесу былай тұрсын, артық қимылы үшін жекіп-нұқып, өз бөлмесіне «қамап» қоямыз. Ал әжесімен әңгімелесіп отырған баланы көз алдыңызға елестетіңізші! Әңгімелері қандай жарасымды! Бірінің тілін бірі білетіндей. Өзіне жағымды болған әңгімелесуден кейін, баланың кенет көңіл күйінде үлкен өзгерістер байқалады. Қуанады, сұрақтарды үсті-үстіне қояды, тіпті сауал қоярдың алдында кәдімгідей ойланады, жауабына қанағаттанса шаттанады, себебі әжесі жәй ғана баяндап қоймай, көңіл кілтін анықтап алғандай, өзгелерге емес, дәл өзіне ғана арнап айтады. Қариясы бар үйдің қазынасы бар.
Ақиық ақын Сағи Жиенбаев қазақтың қазыналы қарттарының жиынтық бейнесін:
Дүниеге келер бір рет,
Дария кеуде, тау мүсін.
Құрыштан құйған құдірет,
Қарттарым, аман саумысың, – деп төрт шумақ өлеңге сыйғызған екен. Дария кеуде, тау мүсіндерге ақыннан артық теңдессіз теңеу мен тамаша тілек таппаспыз, сірә. Алдағы уақытта өзге де тақырыптарға ой өрбітетін оқушылар мен ұстаздар болса мектебіңізге барып, пікірталас өткізуге біз әрқашан дайынбыз.
Гүлсім МҰРЫНОВА.