— Вадильо мырза, бүгінгі таңда Қазақстандағы ипотекалар әлемдегі ең қымбат ипотекалардың бірі болып отыр. Банкрот болып, қарызға батқан адамдардың өз-өзіне қол жұмсап жатқан жағдайлары бар екені жасырын емес. Ислам банкингі мұндай келеңсіз жағдайларға жол бермейді деп ойлаймын.
— Өкінішке орай, қазіргі таңда «ислам банкингі» деп аталып жүрген банк жүйесінің исламға ешқандай қатысы жоқ. Ислам банктері адамгершілік құндылықтарды ұстанады және зайырлы банктердің орнын алмастырады дегеннің барлығы жалған сөз. Егер сіз олардың жұмыс істеу жүйесін мұқият зерттесеңіз олардың кәдімгі банктерден ешқандай айырмашылығы жоқ екеніне көз жеткізесіз. Жай атауы ғана басқаша. Сондықтан мұсылман елдеріндегі борышкерлердің жағдайы мәз емес. Адамдар ислам банктерінің қулығына түсіп, өсім пайыздарын төлейді. Айта кететін жайт, ислам банктерінің өсім пайыздары зайырлы банктерге қарағанда жоғары. Міне осындай парадокс. Сол себепті жағдай одан да күрделірек болуы мүмкін.
— Қазақстанда адамдар ипотекаға сатып алған пәтерлеріне оның өз бағасынан 260 пайыз артық төлейді. Сонда одан да жоғары пайыз бар болғаны ма?
— Егер сіздің еліңіздегі зайырлы банктер ипотеканы 260 пайызбен беретін болса, ал ислам банктері ипотеканы 280 пайызбен береді. Ислам банктері әрқашан қымбатырақ, себебі олардың операция методологиясы зайырлы банктерге қарағанда тиімсіздеу. Сондықтан олардың капитал көлемі және клиенттер базасы шағын. Егер сіз интернеттен ислам банкингі туралы ағылшын тіліндегі мақалаларды іздесеңіз, бұл жүйені сынайтын көптеген пікірлерді көріп, жағаңызды ұстайсыз. Сондай-ақ ислам банкінің проблемалары туралы танымал ғалымдар жазған.
Қазір әлемде ислам қаржысының жетекшісі болып отырған Малайзияда ғалымдар ислам банкингі өзінің дамуындағы жиырма жыл ішінде банк секторын ешқандай жақсартпағанын ашық жазып жатыр. Ол тек мұсылмандарды зайырлы банктерден өздеріне тартып алудан басқа ешқандай табысқа жеткен жоқ.
Ислам банкі дегеннің өзі қайдан шықты? Оның басында банк бизнесіндегі тиімді, оңай пайданы көздеген адамдар болды. Шындығында бұл пайдалы бизнес. Сөйтіп олар: «Егер біз бір банк құрып, оған ислам атын беріп, мұсылман клиенттерді өзімізге тартсақ қалай болады?»,-деген ой тастады. «Ислам банкі» атауындағы «Ислам» — маркетингтік айла, исламның қасиетті атын пайдаланып мұсылман капиталын тартудың амалы. Тағы да бір дәлел. Ойлап қараңызшы, неліктен Еуропаның барлық ірі банктерінде ислам филиалдары бар? Егер ислам банкингі басқаша принціптермен жұмыс істейтін болса не үшін олар ислам филиалдарын ашуға қызығушылық танытып, құштар болып отыр? Тағы бір айқын мысал — (ВИЭФ бағдарламасын парақтап отыр) осы форумдағы баяндамашылардың бірі, англосаксондық есіміне қарағанда мұсылман емес. Міне ол туралы не жазылғанын қараңыз. Ол шариғат қаржысының ардагері, сол саладағы тәжірибесі 30 жылдан астам. Міне осындай адамдар ислам қаржысының жүйесін жасап отыр!
— Ислам банкингі Қазақстан нарығына еніп жатыр. Осы жөнінде не айтасыз?
— Мұсылмандар менен сұрайды: «ипотеканы қайдан алғаным дұрыс, ислам банкінен бе әлде зайырлы банктен бе»,-деп, мен оларға айтамын: қайда арзан болса сонда бар. Басқаша айтқанда алдымен ислам банкіне бар, есепте, сосын зайырлы банкке бар, есептеп көр, сонда сен зайырлы банк тіпті арзан екеніне көз жеткізесің. Көптеген мұсылмандар ислам банктерін таңдайды. Себебі оның талаптары бәрібір адамгершілікті, пайыздары төмен болады деп ойлайды. Шындығына келгенде зайырлы банктер ислам банктеріне қарағанда әлдеқайда арзан. Бұл Малайзияда барлығына белгілі. Ал кейбіреулер ислам банкі қымбат, бірақ ол қанша дегенмен ислам банкі ғой, ол халал, ислам шариғатына сай ғой деп айтады. Мұның барлығы — бос сөз. Себеі оның бәрі — жалған.
Мен қарапайым қазақстандықтарды мұндай айлаға алданып қалмасын деп ескерткім келеді. Менің білуімше ВИЭФ аясында толығымен бір сессия ислам банкингіне арналуы қарастырылған. Өкінішке орай, мені осы сессияға баяндамашы ретінде тіркемеді. Жалпы көріністі бүлдірмесін дегені болар. Алайда мен бұл мәселе туралы 2009 жылы ІІ Астана экономикалық форумында сөйледім. Шамасы, мені сол кезде сол сессияға қателесіп кіргізіп қойған болар. Сол кезде мен ислам қаржыгерлерінің алдына бірнеше мәселелерді көтерген болатынмын. Олар менің қойған сұрақтарыма жауап бере алмады. Қазақстандық тыңдаушылардың реакциясы қызу болды, олар көп мәселеде менімен келісті. Сөз соңында айтарым, бүгінгі таңдағы қаржы дағдарысының шешімі ислам банкингінде емес.
Орысшадан аударылған. Бұлағы: http://megapolis.kz/art/Umar_Ibrahim_VADILO_Islamski