Тастоқылдақ (малатас)

Уақыт ағымы – асау өзен секілді, ағып өтеді, бір өткен жерінен қайта өтуі мүмкін емес. Әрбір уақыт өзімен бірге жаңа зат ойлап тауып, көнергенің заман ағымынан ысырып отырады. Осылай, «көзден кеткен, көңілден кетеді» демекші, сол көнерген затпен бірге оның атауы да ұмыт болады. Кейінгі ұрпақ оны ұмытады. Бұл жағдайды тек қана музейлер ғана реттейді. Музей қызметкерлері осындай ұмыт болып, заман ағымымен шетке шығып, топырақ астына көміліп, сарайлар мен шатырларда қаусап қалған көне бұйымдарды жарыққа алып шығып, қалпына келтіріп, оның тарихын зерттеу арқылы кейінгі ұрпаққа таныстырады.

Міне, сондай көне бұйымдардың бірін бізде жарамсыз болып жатқан жерінен жарыққа алып шығып, қалпына келтіріп, музейдің төрінен орын бердік. Бұл бұйымның атауы «тастоқылдақ», тағы бір атауы «малатас».

Тастоқылдақты орта ғасырларда егін шаруашылығымен айналысқан диқандар күзге қарай піскен бидайды сабағынан бөліп алу үшін қолданған. Тастоқылдақты жасау үшін өзен арналарында, оның теңіздер мен көлдерге құяр сағаларында, теңіз жағалауында болатын тау жыныстарынан, таутастарынан жасаған. Әртүрлі пішіндегі таутастарынан тастоқылдақ жасауда оңай шаруа емес. Қазіргі замандағыдай түрлі электрлі құрал-саймандар болмағаны белгілі, темірден құйылған түрлі қашаулар, балғалар, егеу-қайрақтарды қолдана отырып, тамаша пішіндегі, әбден ойластырылған кереметтей тастоқылдақ жасап отырған.

Бидайды сабағымен қоса бастарын бір жақа қаратып жерге ұзынынан жайып қояды, содан тастоқылдаққа өгізге ұзын арқанмен жегіп, ары-бері бидайдың үстімен жүргізеді. Осы сәтте бидай сабағы мен қауашағынан ажырап түседі. Одан әрі бидайды өңдеуге жол ашыла түседі. Осыдан барып, бидайды суырады. Суыру үшін ыдысқа бидайды салып, 1-2 метр биіктіктен жерге қарай жаймен төге бастайды. Осы сәтте бидайдың салмағы басым болғандықтан жерге тез түсе бастайды, ал қауашақтары мен шөп-шаламдары жеңіл болғандықтан желмен бірге аспанға ұша жөңеледі. Осылай таза бидай алу үшін бірнеше өңдеу процесінен өткізетін болған. Одан әрі бидайды бір жуып алып, оны қол диірменге тартып ұн алатын болған.

Көне уақыттарда, ешбір халықта ешқандай зауыт-фабрика, түрлі машиналар болмай тұрған заманда қазақ халқы түрлі құрал-саймандар ойлап тауып, оны жетілдіріп, таза, табиғи түрлі ас-ауқаттар жасай алған.

(жалғасы алдағы уақытта шығады)

Арыс қаласы музейінің қор сақтаушысы
Қанат Әмірбеков

+2
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии