«Мамандығым – мақтанышым»

 «Мамандығым – мақтанышым»
Ұстаз болу- жүректің батырлығы,
Ұстаз болу- сезімнің ақылдығы.
Ұстаз болу- мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу- адамның асылдығы,

Өмірде мамандықтың түрі көп. Әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар. Дәрігер адамдарды емдесе, мұғалім оларды оқытады, әнші ән айтады, құрылысшы үй салса, тігінші киім тігеді. Тағы басқа да мамандықтар туралы айта беруге болады.
Адамдар мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек. Өйткені, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана бақытты болады. Ал жүрегі қаламаған мамандық иелері көп қиындықтарға кездеседі.
«Армансыз адам- қанатсыз құспен тең» -дегендей, оқушылар мектеп бітірген соң, өзі армандаған бір мамандықтың иесі болады. Жас жеткіншектер мамандық таңдауда қателеспеуі керек. Мамандықты дұрыс таңдай білген адам: «Мамандығым – мақтанышым»- дей отыра, сол мамандықтың қыры мен сырын меңгеріп, шыңына жете білу керек. Мамандық- жай күнелту, ақша табу емес. Әр адам өз мамандығына рухани күш алып, еңбектің рахатын көреді. Адам атақ-абыройға кенеледі. Кез келген адамнан шеберлікті, қажымас қайратты, еңбектенуді керек етеді. «Ұялмаған әнші болады; Ерінбеген етікші болады»,- деген халқымыздың даналық сөзі бар. Тіпті етікші болсаң да, өз ісіңнің шебері бол. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті , шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажает ететін мамандық та – ұстаздық мамандық.
Менің мамандығым – мұғалім. Қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты бала күнімнен армандадым. Адам баласына көмектесу – игілікті істердің бастысы. Мен қазақ тілін оқыту арқылы көптеген адамдармен танысып, оларға қолымнан келген көмегімді көрсетіп жатырмын. Менің мамандығым әлемдегі ең қажет мамандықтардың бірі. Сондықтан мамандығымды мақтаныш тұтамын.
Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі. (Ы. Алтынсарин)
Ұстаз – ұлы есім, ұлық маман иесі. Өйткені ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер – білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және жақынына да, жат адамдарға да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік нұрын төгетін, қорқыныш пен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек жандар.
«Бала жүрегі – кішкентай күйсандық. Ол күйсандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт жүруі керек» дейді заңғар ақын Мұхтар Шаханов.
Жас ұрпақтың білімді де білікті, парасат – пайымы мол, саналы да сарабдал азамат боп жетілуі үшін тәлім мен тәрбие беріп жүргенім менің кеудемде мақтаныш сезімін оятып, өзіме артылған сенім жүгінің салмағын арттыра түседі.
Менің өмірдегі бақытым – жүрек қалауымен ұстаз болуым. Бұл сөзді мен жай ғана айта салмаймын өйткені бұлай айтуым – маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес. Ол – адам бағдарын жасаушы. Егер де өмір қоғамға бейім, білім нәрімен терең сусындаған, тәрбиелі де ізгі жүректі адам өмірге үлкен мақсаттар қойып, талапшылдықпен, мақсаткерлікпен алға аттатсам – бұл менің өмірімнің ең шынайы әрі ғажайып мәні. Өйткені мен ұстазбын, келешек ұрпақтың сәулетшісімін. Мен мұны мақтаныш сезіммен айта аламын. Менің шәкірттерім егемен елдің, Тәуелсіз Қазақстанның толыққанды азаматы болып шықса, одан артық менде қайдан арман болсын. Міне,
Осындайда
«Ұстаз – ұлық емес ұлы қызмет» деген Бауыржан Момышұлының керемет дана сөзін әрқашан есіме аламын.
Әрине, ұстаз болу жоғарғы педагогикалық оқу орнын бітіру аздық етеді. Ұстаздық атты ұлы шыңға көтерілу үшін өмір бойы оқисың. Өзің шын мәніндегі үлкен оқушы болғанда ғана кемел ұстаздыққа қол жеткізе аласың деп білемін. Бұл менің ұзақ жылдар ұстаздық еткен қызметімнің алтын арқауы, бәйтеректей биік діңгегі.
Ұстаз ретінде мен тек қана жалаң білім беріп қоюмен шектеліп қалмауға барынша тырысамын. Ешбір сәтте есімнен ұлы ғұламамыз Әбу Насыр Әл — Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзі шыққан емес. Басты өмірлік кәсіби ұстанымым ретінде мақсатымды алтын қазыққа байлап келемін.
Менің ұғымымда, біріншіден ұстаз міндеті өз пәнін шәкірттеріне жақсы үйретуден де тереңірек жатыр. Алдымыздағы әрбір бала қайталанбас бір ғажайып әлем десек, сол зерттелмеген таза құпияға терең үңіліп, баланың басқаға ұқсамайтын ерекше қасиеттерін тану, оның жүрегіне, жан дүниесіне жол таба білу – біздердің, ұстаздардың бұлжытпас борышымыз.
Екінші, ең бастысы, мұғалім шын мәнінде баланы жан тәнімен беріле сүюі керек. Алдымен рухани қуат беруі керек. Мейірімділік, шыдамдылық, кешіре білу, баламен тең жағдайда сырласу, оның мүмкіндіктеріне сену, ойын әрқашан құлақ қоя тыңдау тәрізді қасиеттері арқылы ғана мұғалім өз мәртебесін көтере алады.
Үшінші, балаға үнемі қолдау көрсету – үлкен мәнді гуманиеті ізгі ұстаным. Оның астарында не бір қағидалар бар: баланы жақсы көру, оның адами өмір сүру ортасын шама жеткенше ұйымдастыру, баланың бойынан өзінің балалық шағын зерделі көзбен көру.
Төртінші, мұғалім әр оқушының мінез — құлқын, көз қарасын, талғамы мен әдет дағдыларын зерделеп, әр баланың өз шамасына сай дамуын қамтамасыз ететін тәрбие сағаттарына бейімдеу қажет. Бұл сағаттар – ғибратты да әсерлі болуы тиіс – ақ.Қазіргі білім беру саласы қызыметкерлерінің алдында тұрғанн басты проблема – жаңа формацияның жаңа ұстазын қалыптастыру. Жаһандану дәуірі – әлемдегі елдердің бәсекелестік жағдайында халықаралық деңгейде өзара кірігу үрдістерінің жандану дәуірі де болғандықтан, білім – пайдалы инвестиция саласы ретінде еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси даму тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Халқымыздың ғасырлар бойы армандап, сан ғасырлар тоғысында қол жеткізген бақыты – тәуелсіздігіміз. Оның іргетасының мықты болып, нығаюы жас ұрпақтың терең білімі мен тәлімді тәрбиесінде. Ендеше, осы мақсатта барлығымыз бірге күш жұмсап, ел ертеңіне сеніммен қарайық, жаңа табыстарға жетейік, сіздерге әрқашан да шығармашылық табыстар тілейміз, береке- бірлігіміз жараса берсін аяулы да ұлағатты әріптестер.

Дүйсенқұлова Сәния Дулатжанқызы

+13
-2

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии