Ғұмыр-ғайып

Жарнама

I

                                                                    Шын мәнінде малдарың, балаларың бір сынақ.
Үлкен сыйлық Алланың қасындағы.
(Тағабун сүресі, 15-аят.)

 Ай­на­ла­сы тас қараңғы тұңғиық түндей бо­ла­тын. Көзіне түк көрінбейді. Не иненің жа­су­ын­дай саңылау жоқ, не жылт ет­кен бір сәуле жоқ. Күллі дүние қап-қара түпсіз суға айналған. Сон­да да тірі екенін сезеді. Ла­у­хыл-Мах­фуз тақтасына ал­дын-ала жазылған тағдыр-та­лай­ы­на мұңаза ай­тып шы­рыл­дай­ды. Шы­рыл­дай­ды да шүкір етеді. Өйткені  тұл түнек, тар қапастан шығуға арналған жалғыз қақпа ғана бар. Бірақ ол әзірше жабық еді. Ашы­ла­тын мезгілі кел­ме­ген. Қай жер­ден ашы­ла­ты­ны да белгісіз. Де­ген­мен оған әлі дай­ын емес. Ал дай­ын болған күні қақпа да ашы­ла­ды. Қолында кілт бар, оны Ал­ла ұстатты. Ба­сын­да тыл­сым ой бар, оны Ал­ла сал­ды. Әрнені бір ой­лай­ды. Міне, тағы да ойға берілуде… жа­пан-түзде ада­сып қалған жұмбақ жо­ла­у­шы­дай…

«Мы­на бей­та­ныс әлем бүтін тұлғамды қақ жа­рып тұрғанға ұқсайды. Бұл жер­ге мен өзі қалай тап бол­дым екен? Ке­ше ғана жан-жағым нұрға то­лы кең ме­кен­де жүр едім. Әлде оның бәрі түсім бе? Шы­нын­да мың жылдық ұйқыдан оянғандаймын. Кезінде өзімнің періштеден де пәк, сұлу, жас болғанымды түйсінемін. Сондағы бал күн, балғын дәуренімді сағынып кеттім. Құрдым жұтып қойғандай аппақ қанаттарымнан да дым қалмаған. Керең тірліктен, соқыр тірліктен, мылқау тірліктен қашан құтылады екенмін? Мұндай күйге қалай түстім? Түсінбеймін. Маған бәрі түсініксіз.

Кеудемдегі құйттай жүрегім дүрс-дүрс етіп жарқын өмірді аңсап соққан сай­ын баяғы нұрға то­лы кең ме­кен елестейді. Со­дан соң бірте-бірте сағымға ай­на­ла бұлдырап қараңғыға сіңіп жоқ бо­ла­ды. Аппақ қанаттарым сол сағымның ішінде менсіз ұшып ба­ра жа­та­ды. Соңынан жан ұшыра қанша жүгірсем де же­те ал­май­мын. Қанша айқайласам да естімейді. Сөйтіп бал күн, балғын дәуреніммен қимай-қимай қоштастым. Ақырында бәріне көнуге, бәріне шыдауға ту­ра келді. Тағы да Жаратқан Иеме жал­ба­рын­дым.

Күллі дүние қап-қара түпсіз суға айналған секілді. Тек құлағыма еміс-еміс да­у­ыс­тар естіледі. Қақпаның арғы жағынан шығатын сияқты. Біреулер күбір-күбір сөйлесіп жа­тыр ша­ма­сы. Не ай­тып отырғандары ұғынықсыз. Бәлкім мен ту­ра­лы әңгімелескендері шығар. Қайта-қайта төңірекке құлақ түремін. Қақпа орналасқан тұстан үміт сәулесі жылт етер­дей алаңдаймын. Соған сеніп, өз-өзімді алдарқатып қоямын. Әне… әне… анау сол ғой… мен күткен соның дәл өзі…»

Жоқ! Өкінішке орай ол үміт сәулесі де, өмір шырағы да емес. Тіпті жұмақтан кел­ген құтқарушы періште де емес. Керсінше, қараңғыдан да қараңғы шайтанның нақ өзі екен. Үнемі уын сеуіп жүретін ібілістің ұрпағы әуелден Құдайдың қарғысына ұшырағандардан еді. Сол үшін ол өзінен басқасын жек көреді. Жой­ым­паз малғұн қарқ-қарқ күліп со бой­да әлгі қақпаны тозақ оты­мен өртеп жіберді. Ор­нын­да күл ғана қалды. Бұрынғыдан бе­тер шы­рыл­дай бас­тап еді, қолындағы кілтті жұлып алып, кіндік-та­мы­рын бал­та­мен шап­ты да тас­та­ды. Жазғанның жазығы жоқ еді-ау. Үнсіз шырқырауын тірі пен­де­ден ешкім естімеді. Пәк, сұлу, жас қалпында жа­ны Иесіне ер­те қайтты. Енді тек Алланың қасындағы үлкен сыйлықтан құр қалмаса екен деп тілеймін. Өмір сүруге сон­ша құштар еді. Амал қанша. Бәрі бітті. Мүмкін бұл да бір сынақ. Ал­ла белгілі бір се­беп­пен осы­лай істеген шығар. Ол жағы құпия. Айтпақшы, біраз бұрын естіген күбір-күбір әңгіменің соңы ақшаның сытырлаған үніне ұласқанын қайдан білсін бей­ша­ра!

Ша­ра­на ту­ыл­май жа­тып өлді. Жа­тыр тақырға ай­нал­ды…

II

                                                                               Жарлылықтан балаларыңды өлтірмеңдер.
Сендерді, олар­ды біз ризықтандырамыз.
(Әнғам сүресі, 151-аят.)

 Ара­да үш ай өтті. Жай өткен жоқ, үш жыл, бәлкім үш ғасырға созылған ауыр кезең сияқты жан­ды қырнап, жүректі тыр­нап кетті. Бұдан әріге төзе ал­май­тын­дай хал­ге жетуі соның зар­пы­нан. Қырсық бір ай­нал­дыр­са шыр ай­нал­ды­ра­ды де­ген рас екен. Бұрынғыдан бе­тер ба­сы қатты. Істерін істеп болғаннан кейін не істерін білмеді. Шіркін уақытты үш жыл емес, үш ғасыр да емес, бар болғаны үш айға кейін шегеретін құдірет берілсе, сол үшін басқасының бәрін құрбан ету­ге бар еді. Бірақ он­дай мүмкіндік берілмейді, ол күн қайта орал­май­ды. Өткенге өкінді де өксіді, өксіді де өкірді…

«Қатал тағдыр талқысына түскенімді кейін білдім: мені тәлкек қылды, ая­ма­ды, жа­за­ла­ды. Кішкентайымнан кітапты құмартып оқып, ки­но­ны қызығып көргеннен соң қияли боп өстім. Өзімді бақытты сезіндім және мәңгі бақытты бо­ла­ты­ны­ма иман­дай сендім. Әке-шешемнің үкілеген жалғыз үміті мен едім. Олардың сенімін ақтау үшін ауыл­дан қалаға ар­ман қуып кел­ген себебім де сол. Мектепті үздік бітіргендей мұндағы оқуымды да жақсы аяқтап, өзім қалаған мамандық иесі атан­сам дедім. Ал шын мәнінде мүлде олай емес, бәрі басқаша екен. Адамның ойлағаны орын­да­ла бермейтінін кеш түсіндім. Соңғы бір жылдың ішінде аңғалдығымның кесірінен сағымға ал­дан­дым, елес­ке ар­бал­дым.

Мен үшін осы­нау жарық дүниедегі ең ая­у­лы сезім ма­хаб­бат еді. Одан асқан киелі ұғым осы күнге дейін ми­ы­ма кіріп-шықпапты. Оған адал бо­ла­мын, жүрегімде кіршіксіз сақтаймын деп өзіме ант бергенмін. Оны еш нәрсеге ай­ыр­бас­та­май­мын деп өзіме серт бергенмін. Сөйте тұра ауыр қылмыс жа­са­дым, үлкен күнәға бат­тым. Сол үшін өз-өзімді ешқашан кешіре ал­май­мын. Сірә, ешкім де кешірме қоймас. Ауылға енді не бетіммен ба­ра­мын? Мы­на түрімді көрген әке-ше­шем шо­шып кет­пей ме? Сон­да не деймін? Ми­ым­ды жегідей же­ген сұрақ көп…

Оқуға төлейтін ақшаны дәрігерге, одан қалса дәріге жұмсап жібердім. Қасымдағы бөлмелес құрбылардан қарыз ал­дым. Жүйке-жүйем әбден жұқарып бітті, тоз-то­зы шықты. Сол түнді есіме ал­сам өксіктен өртеніп ке­те жаз­дай­мын, ор­ны тол­мас өкініш ішімді тозақ отын­дай қарып күйдіріп ба­ра­ды. Қарғыс атқыр Ва­лен­тин деп аузым­нан жа­лын атып аһ ұрамын. Нағыз әулие өзіміздің ата-ба­ба­ла­ры­мыз екен ғой. Осы бір «ма­хаб­бат күнін» (бол­май кеткір!) той­лай­мын деп мен секілді қаншама қыздың тағдыры тайғақ, та­лайы талқан бол­ды екен. Со­ны ой­ла­сам жас­та­ры­на жөні түзу жол та­у­ып бе­ре ал­май отырған мем­ле­кет са­я­са­тын жек көремін. Ең бол­ма­са жа­сан­ды түсік жасатуға тый­ым салынғанда ғой. Болашақта менің сіңлілерім әбжыланға арбалған бейа­мал ба­ла­пан­дай суаяқ дүниеге ал­да­нып, кейін зар еңіреп жы­лап қалмаса екен деймін. Сүйген жігітім аяғымның ауыр екенін білген күні ме­нен теріс ай­нал­ды. Сот­та­сып абы­рой тап­па­сым­ды біліп, ең оңай жол түсік жа­са­ту деп шештім. Бірақ ол ең қиын жол екенін енді ұғып жа­тыр­мын.

Күндіз күлкімнен ай­рыл­сам, түнде ұйқымнан ай­рыл­дым. Ұйықтай қалсам шо­шып оя­на­мын. Түсіме экранның арғы жағындағы баламның бейнесі кіреді. Ба­сы, қолы, аяғы… бәрі ап-анық көрінеді. Бір кез­де оған қарай бір қап-қара құбыжық жақындап ке­ле жа­та­ды. Ба­лам ме­нен көмек сұрағандай ша­ра­сыз хал­де шыңғыра бас­тай­ды. Бірақ ешқандай дау­сы естілмейді. Тек аузының оймақтай боп ашылғанын ғана көремін. Сұмдық-ай… Бұдан әріге төзе ала­тын емеспін… Қош…»

Ара­да сөйтіп үш ай өткен еді. Үш ай­дан артық уақытқа қыздың нәзік жа­ны, үлпілдеген жүрегі шы­да­ма­ды. Ол соңғы ха­тын аяқтап бо­лып, өміріне де нүкте қойды. Ақырында… асы­лып тын­ды… «Қымбат-ау қыздың ар-мұңы, қиын-ау, қиын, тым қиын, не бо­лар екен тағдыры, үйіріліп соқса бір құйын…» (Мұқағали). Құйын соқты де­ген осы. Қайран дүние-ай…

 
Асыл­бек ЖАҢБЫРБАЙ


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

1 Пікір на "Ғұмыр-ғайып"

avatar
Сарқытқанұлы Қастер
Қонақ

қанша айтылып, көп жазылса да ескірмейтін, өксік үні естілмейтін тақырып. Түбі бір күн жетер ұлттың түбіне!

wpDiscuz