Көп балалы отбасы-бақытты отбасы

Негізінде, көп балалы отбасы — ол үлкен, бақытты, шаттыққа толы жанұя. Көп балалы отбасы — береке бірліктің тоғысқан жері. Бала деген сөздің өзі сондай керемет емес пе?! «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деп, дана халқым бекер айтпаған. Бала үйіміздің берекесі, көз қуанышымыз, жүрегіміздің жұбанышы және ұлтымыздың баға жетпес құнды қазынасы десекте болады.

Қазіргі таңда, көп балалы отбасы көрсек таңғаларлық жағдайға жеттік. Неге? Бұрынғы қазағымның кезінде ең кем дегенде 6 — 9 бала  болмап па еді?! Ал қазір ше, басым көпшілігі 3 бала, 6-7 баласы бар отбасы жоқтың қасы. Кезіндегі қызу қанды қазағымның бала санының азаюына қазіргі таңда қандай жағдай түрткі болды. Не себепті ұлттық санамыз төмендеп, сол баяғы батыстың, 70 жылғы Кеңес өкіметінің бодандығынан не себепті әлі де ажырай алмай жатырмыз? Осы секілді сұрақтар мені ғана емес, бүкіл қазағымды ойландырып, мазалайтын көкейтесті сұрақ деп үміттенемін.

Мәселен, бүгінгі таңда көпшілігі, яғни бәрі емес әрине, 1-2 баладан артық тууға қорқады. Неге? Өйткені олардың уайымы ол балаларды кім бағады, қалай өсіремін? Үкіметке қарасаң аш қаласың деген ұстанымдарды ұстанып, Еуропаның  идеологиясынан әлі де шыға алмай жатырмыз. 1 — 2 бала жетеді деп ойлайды. Кезіндегі орыстану саясаты әлі де санамыздан шығар емес. Қазіргі қазағым орыстанып барады. Бала саны, отбасындағы тәрбие, ұлттық сана бәрі бұрынғымен салыстырғанда мүлдем басқаша. Негізінде дана халқым «Бір қозы туса,  жусан айыр өседі », «әр бала өз несібесімен туылады» және «Аллаға тәуекел ет» деп бекер айтпаған. Расында баланы асырайтын да, бағатын да біз емес, құдіреті күшті Алла екенін ұмытпағанымыз жөн болар. Біз жай ғана амалын істеп, әрекет етсек, ризық несібенің өзі — ақ Алладан келеді. Алла ешкімді тастамайды және аш қалдырмайды. Біз түпкі ойымыздан болмашы проблемаларды алып тастауымыз керек.  Кейбір ата – аналар 1-2 бала  туып, соларды бағып қағып, саналы бала тәрбиелеп, өсіреміз деп ойлайды. Жоқ, бұл дұрыс ұстаным емес. «Саннан сапа шығады» деген қайда қалды? Керісінше, неғұрлым көп бала болса, соғұрлым сапалы ұрпақ шығуына мүмкіндік көбірек.

Баланы 9 ай көтеріп, толғатып туу әрине, бұл әйел адам үшін үлкен ерлік. Сол сиякты  көп баланы дүниеге алып келуде қажымас қайсарлықты, психологиялық, физикалық күштілікті қажет етеді. Және бала санын көбейту ол ұлттық құндылығымызды арттыру, мемлекетіміздің демографиялық тұрғыдан өсіп — өнуіне, халқымыздың саны артып, жағдайымыз жақсаруына септігін тигізеді.

Өткен тарихымызға шолу жасасақ, біздің, яғни қазақ халқының барлық Ұлы тұлғалары, ақиық ақындары, халық көшбасшыларының барлығы көп балалы, қарапайым отбасынан шыққан еді. Мысалға айта кетсек, Алихан Бөкейхан  6 балалы отбасынан шыққан, әкесі қарапайым ғана етікші еді. Сондай қарапайым отбасынан елін, жерін  сүйетін, халықтың жанашыры, Қазақ халқы ұлт азаттық қозғалысының, «Алаш» партиясының көшбасшысы Алихан Бөкейхан атамыз шыкты. Тағы да сол сияқты Шоқан Уәлиханов  13 балалы отбасынан шыққан, ол кісі де көп  балалы отбасынан шыққан, ол қазақ тарихына 30 жыл өмірінде өшпес із қалдырған еді. Қарап отырсақ, шыныменде көпбалалы отбасынан барлығы да шыққан. Және де ол заман мүлде басқаша еді. Ол кісілердің әке — шешесі баламды кім бағады, қайтіп өсіремін деп еш алаңдаған емес . «Бала деген Алланың берген сыйы» деп қабылдап, ризықтарын Алладан күткен. Және де ол заманда біздің қазіргі таңдағыдай жағдайлар мүлдем жасалмаған тұғын. Жарық (свет), газ, дайын көлік, сапалы ауруханалар, дәрілер, қолжетімді тағамдар жоқ тұғын еді. Ол кісілер сол қолында барына шүкірлік айтып, «байлығым балаларым» деп ойлайтын. «Саннан сапасы шығады» деген асыл сөздің түп мағынасын осы Ұлы тұлғалардың өмірінен іздесекте болады екен. Ал енді бізге осындай жағдайдан кейін көп балалы отбасы болуымызға, «Үлкен отбасы» атануымызға не кедергі бар? Иә, шындап келгенде ешқандай да  кедергі жоқ екен. Барлығы тек қана сылтау десекте болады.

Не үшін баланың санын көбейтуіміз қажет ?

  1. Көп баланың өзіндік пайдасы да бар . Мәселен, көп балалы отбасында туылған, өскен бала мейірімді, бауырмашыл болып өседі. Ал керісінше, отбасында 1-2 бала бар үйдің балалары өзімшіл, қызғаншақ болады. Бұл нәрселер баршамызға белгілі, айдан анық нәрсе.
  2. Біздің мемлекетімізге көмек ретінде үлес қосуымыз, адам санын көбейтуден басталады.
  3. Қазіргі таңда биылдан бастап, үкімет басындағыларда көптеген жағдайларға байланысты көпбалалы отбасыларға көмек көрсетуде.

Демек, қазақ ұлтына жанашырлық  танытудың  жолы және сапасын көтеру үшін, қазақ санын көбейту керек.

 

                                                                                        Ақмолдаева  Ғалия

+10
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии