Сақ тарихы – біздің түпкі тарихымыз

Жарнама

СақтарҚазақ халқы ежелгі замандардан-ақ ұлан-байтақ Орта Азия өңірін мекен еткен түркі тілдес халықтардың брі. Ерте Сақ заманындағы бірнеше ру-тайпалардың ұзақ тарихи даму барысында, ортақ бір территорияда, бірге өмір сүріп, этногендердің жалпы заңдылықтары бойынша бірте-бірте бірігуі мен дамуы арқылы өз алдына жеке халық болып қалыптасты.

Қазақ халқын қалыптастырған негізгі этникалық құрам көне тайпалардың аттары мен таңбалары, ұрандары еді. Олардың шығу тегі мен таралуы туралы мәліметтер мен деректер, көбінесе — шежірелер,  ауызша әңгімелер, қолжазбалар және аңыз-жырлар түрінде ұрпақтан-ұрпаққа тарап, біздің заманымызға дейін жетті.

Қазіргі қазақ даласын мекендеген ертедегі тайпалар мен ұлыстардың аты көнеден сақталып келе жатқаны белгілі, демек қазақ халқы  осы дала көшпелілерінің тікелей ұрпақтары екені даусыз. Мұндай пікірді көптеген ғалымдар өздерінің зерттеу еңбектерінде де жариялаған болатын. «Мен сақтың баласы қазақпын» деп бабалар айтқандай сақтар біздің түп атамыз. Олардың бізге жеткен  мәдениетінің, салт-дәстүрлерінің және де аманат етіп қалдырған ұлы даласының заңды мұрагерлері біз болып табылатындығымызды әсте естен шығармауымыз керек. Бұған дәлел  ретінде қазақ тарихын зерттеген көптеген тарихшы, этнограф, антрополог, археолог ғалымдарымыздың келтірген мәліметін айтуға болады. Олардың бірсыпырасы қазақ халқының арғы тегі ерте заманда б.з.б 7-4 ғасырларда Орта Азияны мекен еткен ежелгі сақ тайпаларынан шыққан дейді. Бұл жайында әйгілі ғалым А.Н. Бернштам, қазақтын атын сақтармен байланыстыра отырып: «қазақ» деген сөз ерте замандағы «қаспи және сақ» деген екі тайпаның қосылуынан шыққандығын, яғни қаспи-сақ, қас-сақ-қазақ болған деп тұжырымдайды. Ал тарихшы М.Ақынжанов қазақ деген сөз — «қас» (нағыз), «сақ» (тайпа аты) деген екі сөзден  «қас сақ» (нағыз сақ) дегеннен шыққан деп өз еңбектерінде атап көрсетеді. Сондай-ақ, сақ тайпалары туралы  сол замандағы парсы және грек тарихшылырының жазба деректерінде де мәліметтер жақсы сақталған. Ежелгі грек авторлары  оларды «Азиялық скифтер» деп атаса, парсылар  «сақ» деп атаған. Осы деректерге  қарағанда б.з.б. 1 мың жылдықтың ортасынан бастап, Қазақстан жеріндегі көшпелі тайпалар  «сақ» атауымен аталғаны және  олардың Қазақстанның барлық этникалық территориясында қоныстанып, бірнеше топқа бөлінгені де көрініс табады.

Сақ дәуіріндегі Парсының сына жазуы текстерінде, оның ішінде накширостемдегі жазуында сақ тайпаларының үш тобы айтылады. Олар: хаомоварга сақтары (хаомо ішімдігін істейтін сақтар), парадария сақтары (теңіздін арғы жағындағы сақтар) және тиграхауда сақтары (шошақ төбелі тымақ киетін сақтар) деп аталса, Ежелгі грек жылнамашыларының деректемелерінде сақтардың бірсыпыра тайпаларынын аты, сонымен бірге олардың қоныстанған өңірлеріне  дейін атап көрсеткен. Мысалы, грек жазбаларында кездесетін массагет, яксарт, дай, дахи, аби, фарат, асқатағ, исседон, сармат, каспий тағы басқа да сақ тайпалары өз заманында Орта Азия мен Қазақ даласының ұлан-байтақ өңірін мекен еткен тайпалар еді. Мәселен, Массагет, Яксарт тайпалары — Көк теңіздің (Арал теңізінің) оңтүстік және солтүстік өңіріне, Сырдарияның оң жақ алқабына қоныс тепкен. Осы Яксарт тайпасына қатысты Сырдария өзені де «Яксарт» деп аталған. Дай немесе Дахи тайпалары болса, сырдарияның төменгі жағын қоныс етіп, Аби тайпасы — Қаратау бойын, Сырдарияның алқабын, ал Фарат тайпасы — Талас Алатауы мен Қаратаудың шығысы мен солтүстік бөлігіне  қоныстанған. Асқатағ тайпасы — Шу өзені мен Талас өзенінің аралығында, қырғыз алатауының етегінде тұрған. Иссодон тайпасы — Іле өзені мен Шу өзенінің бойын, оның шығыс жағындағы Тарбағатай тауына дейін созылған алқапты мекендеген. Ал Сармат тайпасына келетін болсақ, олар Каспий теңізінің терістігінде, шығыста Жем өзеніне дейін, солтүстікте Жайық өзенінің басына дейінгі жерлерде тұрған. Каспий тайпасы — Каспий теңізінің шығыс жағалауын мекендеген. Осы аталған сақ тайпаларының барлығы тек көшпелі қауым болды деуге болмайды, үйткені ерте темір дәуірінде олардың дала мен қала мәдениеті қатар дамыған. Мәселен, Сыр өңіріндегі сақтар отырықшы әрі қалалық өркениетті жақсы меңгерген, егін егіп, бау-бақша өсіріп, қала салған. Бұған Сырдария өзенінің арнасы Жанадарияның сол жақ жағалауындағы ең биік төбенің үстіне орналасқан Шірік – Рабат қаласы айғақ бола алады. Себебі, антикалық дәуірдегі грек және парсы халықтарымен осы өңірдегі жергілікті сақтардың мәдени және саяси байланыста  болғаны ықылым заманнан белгілі. Мұны сонау 20 ғасырдағы атақты ғалымдар өз зерттеу еңбектерінде дәлелдеген болатын. 1937 жылы Хорезм археологиялық және этнографиялық экспедициясының жетекшісі археолог, академик С.П.Толстов Хорезм жерінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді. 10-нан аса археологиялық ескерткіштер қазылып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде көптеген Сақ дәуірінің асыл мұраларын тауып, Сақ тайпалары мен мәдениеті туралы бірнеше мәліметтер жинақтайды. Сол жинақтаған деректеріне сүйене отырып, ол өзінің еңбегінде: «Біз ең алғашқы күмбезді архитектураны Рим империясының Рим архетектурасына жатқызсақ, ол біздің дәуіріміздің I-ші ғасырына жатады ғана, ал дала Сақтары, яғни Арал, Сырдың маңын мекендеген сақ тайпалары оған дейін 400 жыл бұрын керемет күмбезді архитектураның үлгілерін көрсеткен» — деп өз тұжырымын айтады. Осылайша атақты ғалым өз зерттеулерімен сол кездегі Сақ мәдениетін әлемнің озық үлгісі ретінде көрсете отырып, Еуропа елдеріндегі ұлы мәдениеттің қай жақтан бастау алғанын да анғартқандай болды. Осы уақыттқа дейін батыс ғалымдарының біздің бабаларымызды: «адамзаттың арамы, түз тағылары, қарақшылар, дала кезбелері, мәдениетті бізден  үйренді» деген көзқарастарына археологтың бұл сөзі қатты соққы болып тигені анық еді. Сонымен қатар, осы кезге дейінгі археологиялық қазба зерттеу жұмыстарының нәтижесінде табылып жатқан бабаларымыздың асыл жәдігерлері, алтын мен күміске көмкерілген киімдері, әрі күнделікті тұрмыс тіршілігіне қолданған әр түрлі қыш (керамика) ыдыс аяқтары, тағы басқа жәдігерлері сол ғалымдардың ауыздарына  құм құйғандай еді. Енді кейбір батыстық ғалымдар біздің бабаларымыздың мәдениетіне ортақтасып қалу мақсатында жәдігерлерді өздерінен шыққанын, сосын олар Орта Азияға келгенін алға тартып жүргендері де жоқ емес. Бірақ, біз бір нәрсені есте жақсы сақтауымыз қажет: ол – б.д.д Ұлы көштің, яғни «халықтардың қоныс аударуы» батыстан емес, шығыстан батысқа қарай жүргендігін және осы арқылы шығыстық мәдениеттің батыс өңіріне дейін таралғандығын мойындау болатын. Демек, көшпелілердің мәдениеті мен өркениеті сол кезеңнің өзінде-ақ Еуразия даласына тарады деген сөз. Меніңше батыстық ғалымдардың «Көшпелілерде мәдениет жоқ» деген пікіріне мына мысал жеткілікті болар деп ойлаймын: ол ұлы дала көшпелі перзенттері  жылқыға мінгенде ынғайлы болатын үзеңгіні және киетін шалбарды ойлап тауып қойғанда, олар етегі ұзын белдемше киіп жүргендігін, үзенгінің не зат екенін білмегенін айтудың өзі жеткілікті және Түркі халықтарының озық мәдениеті мен тарихын зерттеген атақты ғалым, түркі мәдениетінің жанашыры Л.Н.Гумилев та бұл туралы өз еңбектерінде нақты айтқанын да айтуға болады. Ал, сақтардың бірыңғай көшпелі тайпаларына келетін болсақ, олардың да өзіндік  дала мәдениеті мен өркениеті ерекше қанат жайғанын бүгінгі ғалымдарымыз дәлелдеп жүр. Қазақ даласында әлі де зерттеуді қажет ететін сақтардан қалған  қоныстар мен обалар жеткілікті. Еліміздегі әр тарихи орындарды зерттеген сайын қазақ тарихын тың деректермен толықтыра түседі. Көне замандарда кең сахараны мекен еткен көшпелі және жартылай отырықшы халықтардан  қалған   талай тарихи сырды ұлы дала өз қойнауына бұғып, біз білмейтін қаншама сырды жасырып жатыр десеңізші?

Осы сәуір айында осындай тарихи археологиялық қазбалардың бірі Жамбыл облысында орналасқан Республикалық дәрежедегі ерте темір дәуіріне жататын Берікқара обалар қорымына  да жүргізілді. «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің қатысуымен оған ҚҰУ-нің оқытушысы, т.ғ. кандидаты, «Гоеархеология» орталығының басшысы Ғалымжан Бексейітов жетекшілік жасады.  Осылайша ерте замандағы тарихтың сырына куә болу  мақсатында киелі Қаратау өңіріне де  бет бұрдық. Берікқара қорымы – киелі қарт Қаратау жотасының теріскей бетіндегі өзі аттас шатқалдың тау алды жазығында орналасқан ерте темір дәуіріне жататын көне Сақ тайпаларының жерлеу орындары болып есептелетін үлкен ауқымды обалар тізбегі. Бұл өңірді жоғарыдағы грек жазбаларында айтылатын, Қаратаудың биік те құзды шатқалдарын жайлаған Сақтардың Аби және Фарат тайпалары қоныс еткенін дәлелдедік. Демек, Берікқара қорымдары сол екі тайпаның бірінен қалған обалар болатынын да болжауға болады. Бірнеше үйіндінің үсті түгелімен ақ тастармен жабылған. Қорымдар солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай созыла тізбектеле жайғасқан. 1936-1938 жылдары осы Берікқара обаларына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген А.Н. Бернштам, мұнда ұзын-саны 457 обалардың орналасқанын еңбектерінде жазған болатын. Берікқара обалы қорымдарына 1989-90 жылдары Ресейлік ғалым археолог Исмагилов Рамиль Бакирович археологиялық қазба зерттеу жұмыстарын жүргізіп, инәтижесінде: қыш ыдыстар, алтын, қола және мыс сырғалар, салпыншақтар, ауызынан құстың басы шығып тұрған жолбарыстың басы тұрпатты қола айылбас, темір пышақтар, күміс қасықтар, ат әбзелдері, қорамсық, екі және үш қанатты құйрығы бітеу жебе ұштары, семсердің басы сияқты көптеген жәдігерлерді тапқан еді. Бұл материалдар Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитажда сақтаулы тұр.

Осы археологиялық ғылыми-зерттеу жұмысы барысында төрт сақ обасына қазба жұмыстары жүргізілді. Өкінішке орай, археологиялық экспедицияның жетекшісі т.ғ.к доцент Бексейтов Ғалымжанның пайымдауынша аталған обалар ерте кезде тоналған болып шықты. Алайда, патша өкіметі тұсында және одан кейінгі 19 ғасырдың басы мен 20 ғасырдың аяқ жақтарында бұл өлкелерге қоныс аударып және зерттеуге келген көптеген келімсектер, осындай тарихи орындардан алтын іздеп, онан шыққан құнды жәдігерлерді Ресейдің орталығына алып кеткенін естен шығармағанымыз да абзал. Дегенмен, қазба жұмыстарының нәтижесінде төртінші обадағы адам мәйітінің жанынан қола айна, күміс және мыс жалатылған білезік, күміс шаш түйреуіш, қабірдің бас жағынан қыш құмыралар табылды. Жалпы, табылған жәдігерлердің маңызы мен олардың көлемі көз тоярлық болды. Мәселен: қола айнаның жалпы көлемі 10 см, қалындығы 1 мм, білезіктің көлемі 7см, жалпақты 5 мм, ал шаш түйреуіштің ұзындығы 38 см, бас жағының доғалы 4 мм, одан төменгі жағы ұшына дейін 3 мм. Осы жәдігерлерге қарағанда бұл әйел адамының қабірі деген болжам жасалды. Аталған жәдігерлерді ғалымдар Алматы қаласына ғылыми зерттеу орталығына өндеуге алып кетті. Болашақта бұл жәдігерлерді Жамбыл облыстық өлкетану музейіне табыс ететін болады. Осы киелі Қаратаудың етегіндегі Берікқара обалар қорымынан табылған жәдігерлер арқылы көшпелі сақтардың  мәдениеті батыс мәдениетінен әлде-қайда жоғары болғандығын және бірнеше ғасыр бұрын дамығандығын байқауға болады. Сақ мәдениетінің сарқыты саналатын Берікқара қорымдары әлі де толыққанды зерттеуді қажет етеді. Өйткені, біздің мәдениетіміз бен өркениетіміздің дамуы сонау ерте Сақ дәуірінде жатыр, әрі осындай ерте темір кезеңіндегі обаларды зерттеу арқылы тарихымыздың тым тереңде жатқандығын тағы бір дәлелдейтін боламыз.

Тарих – сенің өткенің және болашағың. Онсыз адам баласы өзінің кім екенін біле алмайтыны ақиқат. Сақ тарихы – біздің түпкі тарихымыз, негізгі өркениетіміздің бастау көзі. Тарихи сананың ұлттық тарихымызды танып — білуде маңызды орын алатынын ескерсек, бұл ретте археолог — ғалымдарымызға жүктелген міндеттер жеңіл болмасы анық. Еліміз егемендік алған жылдардан бастап тарихымыздың көптеген ақтаңдақ беттері ашылып, ғылыми — зерттеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіле бастады. Осы негізде археологиялық ізденістер де жандана түсіп, отандық ғалым — археологтардың өз міндеттерін нағыз кәсіби дәрежеде атқарып, сүбелі үлес қосып отырғанын айта кеткен орынды. Президентіміз биылғы жылы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ жеріндегі көптеген рухани орындар мен киелі мекендердің тарихын қалыптастыруды тапсырған еді. Ал, біздің тарихи орындарымыз бен киелі жерлеріміздің тарихы — ол сонау Сақ дәуірінің ұлы мәдениеті мен дала өркениетінен басталып, қазіргі Ұлы Қазақ елінің тарихымен ұласатыны белгілі. Біз – жері де, өркениеті де, тарихы да бай елміз.

 

Мадияр Кисиков

Жамбыл облыстық халық
шығармашылығы орталығының
«Тарихи-мәдени нысандарда іс-шаралар ұйымдастыру» бөлімінің маманы
kisikov.1989@mail.ru

 

 

 

 

 


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz