Ақырзаман ақиқаты

Жарнама

Ақырзаман ақиқаты«21 желтоқсанда ақыр заман болады»деп дүйімжұрт дүрліккелі біраз болды. «Ауруда шаншу, сөзде қаңқу жаман» дегендей дәйексіз айтылған дүниеге дүние жүзі дүрлігеді деп кім ойлаған. «Майя тайпасы күнтізбесі 2012 жылдың 21 желтоқсанымен бітедіекен, ендеше әріқарай өмір жоқ» деп ақырзаманды төгіптөгіп жіберді баз біреулер. Бұған имандай иланған аңғал адамдардың бірпарасы жерастынан өздеріне тұрақ болар орынқазып, олжаққа азықтүлік тасып әуре болуда. Тіпті америкалық ғарыш зерттеу орталығы НАСА өзсайтының бір парақшасын осы мәселеге арнап, адамдардың ақырзаман жайлы сұрақтарына жауап беріп жатыр. Ақпарат құралдарыда бұл мәселені сансаққа жүгіртіп, күрделендіре түсуде. Көпшілік ішінде бола қалсаңыз, ақырзаманның орнағанын бержағы қаламасада, аржағында қорқынышымен күдігі арпалысып жүрген жандардың біршама екенін байқайсыз. Өз сөздерінен әрине.

Міне, сондай қорқыныш пен күдікті сейілтіп, сеңдей соғылысып сергелдеңге түскен жандарды сабырға шақыру үшін осы тақырыпты сөз еткелі отырмыз.

Жалпы «ақырзаман» сөзі заманның ақыры, дүниенің соңы дегенді білдіреді. Қазақ дүниетанымында ақырзаман ұғымы ежелден бар. Мұсылманшылықты дәстүрмен сабақтастыра ұстанған көшпелілерде әрине бұл өмірдің мәңгі еместігіне деген сенім нық болған. Дүниені «жалған» деп атауы да сол сенімнен шығып жатыр. Әр ісің мен сөзіңе жауап берер сәт келерін бабалар білген, әрі ұрпағын сол сенім негізінде тәрбиелеген. «Обал» мен «сауап» ұғымдары біздің түсінігімізде содан қалған. Өркениеттің озық жетістіктеріне жаны құмар, астындағы атынан адам шатасатын көлігі мен қолындағы соңғы шыққан «айфонын», құшағындағы «айпады» мен иіріміне икемдеген интернетін, жарнамасы жаһанды жаңғыртқан жеп-ішерін өлердей сүйетін, солардан айрылуды ақырзаман деп білетін бүгінгінің баласындай емес, бұрынғылар ақырзаманды заңдылық, уақытша жаратылған дүниенің аяқталуы, сынақ ғұмырдың бітіп, есеп берудің кезі келуі деп түсінген. Сондықтан да болар, салмақты да сабырлы қалыптарын жоғалтпай әліптің артын бағып, мән-жайды білмей жатып бос даурықпаға ермеген.

            Бұл күндері жұрттың біразы 21 желтоқсанда ақырзаман болады екен деп шуласып жүр. Жалпы еліміздің 70 пайыздан артық халқы мұсылман. Ата-бабамыз мұсылмандықты ұстанып өткендіктен, осы мәселеге мұсылманшылық не дейді?

            Ақырзаман деген діни кітаптарда бар нәрсе. Бірақ оның қашан болатыны бір Аллаға ғана аян. Құранның бірнеше аяттарында да оны Алла Тағала ғана білетіні айтылған. Тіпті Жебірейіл періште адам кейпінде Мұхаммед пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, ақырзаман туралы сұрағанда «мен оны сенен артық білмеймін» деп жауап берген. Ақырзаманның белгілері жөнінде айт дегенде, «баласы анасына қожайын болады, жалаң аяқ, жалаңаш жүргендер биік-биік үй салып жарысады» деген екен. Сондай-ақ хадистерде ақырзаман жақындағанда зілзала мен топан су басу, басқа да апаттардың көбеюі, әйел адамдардың саны ерлерден ондаған есе артық болатыны, бұрын-соңды болмаған аурулардың шығатыны айтылған. Жалпы ақырзаман белгілері үлкен және кіші белгілер болып бөлінеді. Иса пайғамбардың қайта келуі, Дәжжәл (Тажал) атты құбыжықтың шығуы, Яжуж-мәжуж қауымдарының шығуы сияқты белгілері де бар. Бұлар әлі болған жоқ.

Ақырзаманнан ары қарай не болады?    

Адам баласы бұл өмірде сүріп өткен өмірі жайлы Алла Тағаланың алдында жауап береді. Ақырзаман дүниенің ақыры, ол ерте мен кеш пе Алланың қалауымен болатын құбылыс. Одан үркіп-қорықпау керек, жақсы амалдар жасаған адамдарды Алла Тағала игілікке бөлейді. Пайғамбарымызға бір кісі қайта-қайта келіп: «ақырзаман қашан болады?» — деп сұрай беріпті. Сондай пайғамбар әлгі кісінің сұрағына сұрақпен жауап беріп: «Ал сен оған не дайындадың?» — деген екен. Тағы бір кісінің сондай сұрағына «адам өмірден өткенде оның Қияметі (сұрақ-жауабы) басталады» — деген.

Сондықтан, ақырзаман әне болады, міне болады деу дұрыс емес. Осы уақытқа дейін де талай ақырзаман уәде еткендердің айтқан уақытында ақырзаман орнамай қалып ұятты болып қалғанын білесіздер.

Мұсылманшылықты өмірлерінің тірегі еткен бабаларымыз ақырзаман жайлы не деген?

Жалпы ғайыпты болжау дінімізде тыйым салынған іс. Көріпкелдікке шариғат қарсы. «Нострадамус жазыпты, Ванга былай деген екен» деп сілтеме жасап жататындар бар. Ал дуалы ауыз бабамыз Мөңке биді тыңдар болсақ, ол кісі шариғат кітаптарында айтылған жайттарды түйіндей келіп, ақырзаман болардағы жағдайды былай деп сипаттайды:

Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішіне шынтақ айналмайтын
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін
Кекірей деген келінің болады.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің ішпейді,
Бірақ адам оған құмар болады.
Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады.
Ит пен мысықтай ырылдасқан,
Еркек пен қатының болады.
Ертеңіне сенбейтін күнің болады.
Бетіңнен алып түсетін інің болады.
Алашұбар тілің болады.
Дүдәмалдау дінің болады.
Әйелің базаршы болады,
Еркегің қазаншы болады,
Жылқы жұлдыз болады,
Қой құндыз болады.
Кебір – жерге теңеледі,
Әйел – ерге теңеледі,
Көл – теңізге теңеледі.
Сиыр – өгізге теңеледі.
Ақырзаман адамы –
Сағынып тамақ жемейді,
Ащыны – ащы демейді,
Тапқанын олжа дейді,
“Алһам” білгенін молда дейді.
Бір-біріне қарыз бермейді,
Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді.
Сарылып келіп тосады,
Құны жоқ қағазды судай шашады…

Заман ақыр боларда — Жер тақыр болар,
Халқы пақыр болар.
Балалар жетім болар,
Әйелдер жесір болар,
“Ә” десе “мә” дейтін кесір болар.
Бас қосылған жерлерде,
Әйел жағы ден болар,
Жаман-жақсы айтса да,
Өзінікі жөн болар.
Орай салып бастарын,
Жалпылдатып шаштарын,
Тақымдары жалтылдап,
Емшектері салпылдап,
Ұят жағы кем болар,
Сөйткен заман кез болса,
Түзелуі қиын болар.

            Бұл айтылғанның барлығы дерлік бүгінгі күні бар дүниелер сияқты. Дегенмен ақырзаман болады екен деп салы суға кетпей бір күн болса да жақсылық жасап, мағыналы ғұмыр кешу керек болар?

Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Қиямет орнап жатқанда қолыңда бір түп ағаш көшеті болса, оны жерге отырғыз» деген екен. Яғни дініміз ақырзаман болады, бұл дүние жалған екен деп барлық нәрсені тәрк етуге емес, керісінше жауапты болуға, еңбекқорлыққа, қолдан келген жақсы істің барлығын аянбай жасауға шақырады. Сондықтан 21 желтоқсан ақырзаман болады деп дүрлікпей, күнделікті істеген істерімізге есеп беріп, әр кеште ұйқыға жатарда тілімізді кәлимаға келтіріп, қателік-кемшіліктеріміз үшін Жаратқаннан кешірім сұрап жүрейік. Өйткені пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Таң атқанда кешті, кеш батқанда таңды күтпе» дейді. Ертеңгісін үйімізден шығып кеткенде кешке өз аяғымызбен оралу-оралмауымызды бір Алла ғана біледі. Ал түнде ұйқыға жатып, көзімізді жұмғанда, таңертең ояну-оянбауымыз да Жаратушының құзырындағы іс. Оның үстіне қазіргі замандағы жол апаты, су, от апаттары сияқты күнде болып жатқан апаттар бар. Әрине барлығымызды бір Алла сақтап, Өзінің қамқорлығына алсын. Ақырзаманның белгілері қайталанып жатыр екен деп, оны бүгін-ертең болады деп болжауға ешкімнің де хақысы жоқ. Қайталап айтайын, оны тек бір Алла ғана біледі. Пайғамбарының өзі мен оны білмеймін дегендіктен, пайғамбардан асып ешкім де пәлен күні болады деп айта алмасы анық. Сондықтан жақсы амалдарды жарыса жасап, Құдайға құлшылық етуге, өзімізге жүктелген парыздарымызды өтеуге, балаларымызға дұрыс тәрбие беріп, ел игілігі үшін еңбек етуге асығайық.

 Автор: Жандос НЫҒЫМАН


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz