Алжапқышқа айналған азаттығымның Туын-ай!

Жарнама

Тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз қажет. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы тиіс. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы». Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқан парасатты сөз. Мұнымен келіспеген адаммен керісіп жатпаймыз. Себебі, жаманды түзейтін біз бен сіз емес, тәртіпке бағындыратын Заң бар. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 354-1-бабы. Мемлекеттiк нышандарды пайдалану тәртiбiн бұзу. «Жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк нышандарын заңсыз пайдалануы – ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады». Кодексте көрсетілген кесім бұл.

Бірақ, «Закон қуаты қолымызда» болғанымен, бүгінде мемлекеттік туды мансұқтап, мазаққа айналдырғандарға тосқауыл болмай тұр. Оларды «тәубесіне» түсірудің орнына төбемізге шығарып, әңгіртаяқ ойнатамыз. Осынымыз орынсыз опық жегізетін осал тұс. Ата-бабамыз қашанда байрағын биікке көтеріп, бағын асырған. Сөзімізге тұздық болсын: «Ер Қабанбай ту байлап, Арқартаң атты борбайлап, Ақтамберді айқайлап, Қалмаққа кірді желіге…» – деген зар заман ақыны Дулаттың жыры дәйекті дәлел. Міне, туды тұғырдан түсірмеген осы тектілік түп қазық болған қазаққа. Ал, қазір ше?

Бүгінгі буынның бәзбірі ұлттың ұлағатын ұлықтауға емес, керісінше құндылықтардан қол үзген «ұлтан» болуды қостайды. Құрғыр, құл болған сана-ай. Айтайық енді, көк ту турасында көз көрген кесірі көл-көсір кемшіліктерді. Күні кеше Алматыда өткен «Мисс-Қазақстан 2011» сұлулар байқауын телеарнадан көрген біздің өңешімізге өксік тығылды. Санымызға біреу біз сұққандай. Өңшең өзіміздің жалаңаштанған «шөп желкелеріміз» шүберек таппағандай, қастерлі туымыздан «алжапқыш» жасап, көпшілік алдына киіп шыққаны шымбаймызға батты. Өкпеміз қара қазандай боп, көгілдір экран алдында «әй, қап!» деуден әрі аспадық.

Сол әттеген-ай, ар-намыс деген арда қасиеттерді сылқымдарымызға ана құрсағында сыналап, бойларына сіңдіре алмағанымыз. Өкінішті-ақ. Бүгінде батысқа еліктеп, былыққа батуымыздың басы бұл емес. Бүлінген елдің бүлдіргісіне бүйіріміз бір табан жақын тұратындығынан «тұнығымыздың» лайланғаны қашан. Тұттай жалаңаштыққа тәрбиелейтін жыл сайынғы байқаулар бұлғақтаған бұрымдыларымызға бұғау салған. Арулардың арын аяққа таптайтын, жаулықтыларымызды «жалаң бас» етіп жарнамалайтын, қазақы жанымызға жат жарысты қолдайтындар тек «құлқынның құлдары».

Бұқараның бұған бұрыннан бүйрегі бұрады деу бос сөз. «Әуелгі» әуенінен жаңылған бұраң белдердің «әпербақан» әрекеттерінің бұлай әспеттелуі әсіре әбестік. Отансүйгіштікті байраққа оранып шығумен өлшеген «шашы ұзындардың» шалалығы шаншу боп қадалды, қалай десек те. «Қадірдің қашқаны ма» дерсің мұндайда. Өйткені, көк тудың күйін кетірген келеңсіздіктерден қазір көз сүрінеді. Жазылған жайлардың жаңғырығы, бірер жыл бұрын байрақтан тігілген іш-киім базарларда самсап тұрғанда, ішіміздегі қыжыл қыз-қыз қайнаған. Туымызды тұрлау қыла алмағанымыз онымен шектелмеді, шындығын айтсақ. Елімізге белгілі бір колледж студентерінің мемлекеттік туды төмен түсіріп, түсіріп қана қоймай, онымен күл-қоқыс шығарып жүрген бейнесюжеті ғаламторды жайлап, дүйім елді біраз дүрліктіргені де бар. Қайран қалғанымыз, көкірегінде көрсоқырлық көн боп қатқан қара ниетті қағынған сол жастардың қарекетін қатты сынға алып, сол жағдайдан соң әлгілерді жауапқа тартқан жайды біз естімедік. Әлбетте, бұдан шығатын қорытынды біреу. Бұл – байрағыңа «күл болмасаң, бүл бол», «тәуелсіздігіңе түкірдім» деген намысы таяз тексіздердің тірлігі.

Сонда ілеуде біреу ғана болмаса, осы мәселеге ұлттық тұрғыдан аса маңыз берген ешкім жоқ. Ең қиыны, «қыңқ» деп қыбыр еткен құзырлы орын болмады соған. Кеңінен көсілген екенбіз, өзге елдердің туға деген құрметін тілге тиек етіп, өтейік. Түркияның қай қаласына ат басын бұрсаңыз да, бір байқайтыныңыз Ай-жұлдызды байрағының желбіреп тұрғаны. Әрине, түрік бауырлардың ту тұғырлылығын тереңнен түсінетіндігін құптап, қуаттайсың. Қырғыздар да қызыл туын құрметтеуді қолға алды, кеш те болса биыл. Бірақ, бұл айтылғандарға қарап, бізде ту туралы Заң жоқ деп тон пішудің қажеті жоқ. Бар. Соның барын да айттық қой, тек кодекстің орындалуы мен қолданылуын қадағалауда немкеттілік танытуымыз қынжылтады. Көз салыңыз, Елордадан бастап, барлық аймақта қыранымыз бен шұғылалы күніміз бейнеленген көк байрақ желбіреп тұр. Алаштың рухын асқақтатар айбынды байраққа қарап, Құдайға шүкір айтамыз.  Алайда, айтылмаса сөз жетім: тап қазір кейбір мемлекеттік мекемелердің төбесінде тоз-тозы шығып, оңып кеткен туларды көресің де, еріксіз күйінесің. Тіпті тәуелсіздіктің жиырма жылдығында бір жаңартып қойса болмас па еді дейсің. Ой тастау бізден, сол баяғы. Ал жаңармаса, ашық жараға себілген ащы тұз деп қабылдаймыз. Қабылдап та жүрміз. Амал қанша.

«Бәрін айт та, бірін айт», Біз жабы емес – тұлпар, құланды емес – сұңқар халықпыз. Онда ар-ұят аяққа басылып, алаштың арманы «азаттық» аяусыз жерленіп, елдің намысы болған нышандар; ту, әнұран, елтаңба деген аяулы ұғымдар әдірам қалмасын десек, соларды ардақтай білейік, ағайын. Айтарымыз осы.

Автор: Алмат Әбдіраман, журналист
www.namys.kz


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz