Бұл Айдаһар қай Айдаһар?

Жарнама

Көре көре көсем боласың деуші еді қазақ. Ай, қайдам, біздің Қостанайда көз сүрінген қателерді көре-көре көсем болмақ түгілі, көзің үйреніп, керқамшы болған көтерем көліктей етің өліп кетеді. Қате шіркінің қанша арпалыссаң да, жеті ба­с­ты жал­мау­ыз­дай «жұмыртқасын жа­рып» шыға береді. Қош, бұл жолғы әңгіме әріп қатесінен де әрі болмақ.

Га­зет-жур­нал са­та­тын дүңгіршікке әдеттегідей бас сұққам, «Абыз» деп ата­ла­тын ар­найы шығарылым еріксіз көзімді аудар­ды. Ой­ым­ды бөлгені он­да жазылған «Ғаламат. Тыл­сым. Ғанибет. Бол­жам» де­ген сілтеме мен 2012 жылға арналған жұлдыз жо­ра­мал емес, ешкі мүйізді, аузы ақсиып күрек тісі сорайған, жарқанат қанатты, шегіртке тек­тес құбыжық пен бат­ти­ып тұрған «АЙДАҺАР жылының ерекшеліктері қандай?» де­ген тақырып еді. Ша­ма­сы шекесінде жазылған «ғаламаты» осы «айдаһар», «тыл­сы­мы» бірінші беттегі түсініксіз су­рет бол­са ке­рек. «Ғанибетін» ішін оқығандар ұға жа­тар, «бол­жа­мы» соңғы бет­те беріліпті. Біздің мақсат он­да не жазылғанына жар­на­ма жа­сау емес, бат­ти­ып тұрған «Айдаһардың» қайдан шыққан «Айдаһар» екеніне «ба­сы­мыз жетпегендіктен» сұрау са­лу…

Айтпағымыз, Шығыспен та­мыр­ла­сып жатырған қазақ жыл са­на­у­ын­да «Айдаһар» де­ген ұғым бар ма еді?! Жасының өзін жы­лы­на қарап ай­ы­ра­тын қазекем Қояннан кейін кіретін жыл­ды Ұлу дейтін негізі. Ал, біз білетін «айдаһар» Шығыстағы алып көршіміздің бойтұмары. Бұл не сон­да, мұнайыңды ба­у­ы­ры­на ба­сып, жеріңді тықсырып, арзанқол та­у­а­ры­мен санаң мен тұрмысыңды бірдей жа­у­лап жатырған «қиғаш қабақ» көршіге өз еркіңмен мойынсұну ма?… Өзіміздің дәстүрлі, та­мы­ры терең та­ным қайда қалады?!

Біреуіміз бы­лай деп, біреуіміз олай деп әйтеуір ай ат­та­рын қаңтардан — желтоқсанға дейін әрең түгендеп алғанымызда, сорақы осы жыл ат­та­ры­нан шығып тұр. Мы­са­лы, Мешін жы­лы те­ле­ди­дар­дан әнші аға-әпкелеріміз «май­мыл жы­лы, май­мыл жы­лы» деп тақылдап, «өкпемізді» уақытында жергілікті баспасөзге «түртіп» едік. Ба­ра ба­ра Доңыз жы­лын «Шошқа жы­лы», Тышқанды «Көртышқан», Си­ыр­ды «Бұқа» Ба­ры­с­ты «Жол­ба­рыс», Тауықты «Әтеш», Қоянды «Көжек», Ұлуды «Айдаһар» Жы­лан­ды «Кесіртке», Жылқыны «Бие», Қойды «Қошқар» тағы бірдеңе деп әбден шатаспасақ жа­ра­ды.

Қазақ тілі си­но­ним­ге бай тіл, кез кел­ген атау, ұғымның ба­ла­ма­сы оңай та­бы­ла­ды.  Бірақ, ба­ла­ма­ны қолданатын жер бо­ла­ды, қолданбайтын жер бо­ла­ды. Мы­са­лы, мешінді май­мыл деу «миға қонғанмен», ұлу мен айдаһарды ұқсату қиын. Ша­ма­сы, бұл жердегі өрескел қателік аудар­ма­дан кет­се ке­рек. Бізге алдағы жылдағы өмірімізді алақанға салғандай қылып «бол­жап» бер­ген ба­сы­лым ма­те­ри­ал көзін орыс (не­ме­се қытай) тіліндегі ақпараттардан алғандай көрінді. Алған да сөзбе сөз ауда­ра салған ша­ма­сы. Басылымның ре­дак­то­ры мен дизайнерінің фамилияларындағы «Қ,Ғ,Ұ,Ү» сияқты әріптердің ор­ны­на «К,Г,У,У»-дің тұруы олардың орыс тіліне де­ген бүйрегінің қалай бұратынын меңзегендей. (Осын­дай­да қазақша га­зет шығармақшы адам­дар әуелі ата-тегін, аты-жөнін қазақша дұрыс жа­зып ал­са ғой де­ген ой қылаң береді көкейде).

Қысқасы, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы да өтер, «той сыл­та­у­ы­мен то­ным біттінің» керімен. Ай бұрын жағып қойған шыршамыздың қасында ән шырқайтын шақ та ке­лер. Ең ба­с­ты­сы, те­ле­ар­на­лар абай бол­са екен. «Айдаһар жы­лы» деп «айқайлайтындардың» аузы­на қақпақ қойып, он­дай өрескелдікті эфир­ден өткізбесе екен.

P.S. Бірде «мысық жы­лы» деп қазақша жазылған, бетінде 4-5 мысықайын емізген суреті бар күнтізбені көріп бір есім шығып еді. Мы­нау «айдаһарың» одан олқы түсіп тұрған жоқ. Бо­дан күнде тіні босамаған жыл­са­на­у­ы­мыз­ды азат күннің жи­ыр­ма жылдығында бүйтіп бүлінгені жаныңды жабырқатады екен. Жыл­са­на­у­ды жөнге келтіру ке­рек, әйтпесе, түбі «түбімізді та­ба ал­май» қалатын түріміз бар. Сіз не дейсіз?…

Автор: Абы­лай Мау­дан, Қостанай қаласы
8-777-634-80-20


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz