Елдің ертеңі — жастар

Жарнама

jastarҚазіргі таңда білім-ғылымның, техниканың күндеп емес, секундтап дамып жатқан уақыты.  Ал, сол қаршындап дамып жатқан ғылымға  жастардың тигізіп жатқан пайдасы да зор. Көптеген ғалымдар жастарды тілсіз жауға, өртке не топан суға теңеп жатады. Егер өрт өршіп барып жанатын болса бәрін күл қылады, ал топан су з арнасынан асып,таситын болса бәрін жермен жексен етеді.Өкінішке орай қазіргі кезде көптеген жастарымыз пайдасыз дүниемен айналасып, еріккеннің  ермегін сылтау  етіп, мектеп табалдырығын аттағаннан бастап білімді керексіз дүниемен айырбастап, өзінің болашағына балта шауып жатады. Әсіресе қазіргі біздің қоғамымызда ересек өмірмен ерте араласып, батыстың тәрбиесін үлгі тұтып, жас жеткіншектер бір-бірімен ерте қауышып, болашақ әке болатын, тепсе-темір үзетін азаматтардың күйдіргі болып, ал  кешегі арын бірінші орынға қойған аналарымыздың жалғасы болған қара-көз қарындастарымыз көкек ана атанып жатыр. Бір биеден ала да туады, құла да туады, тектіден тексіз туады, тексізден текті туады. Кеше ғана тәуелсіздік алып, бабаларымыздың бізге қалдырған сондай бағасыз, теңдессіз тәрбие, салт-дәстүр және әдеп-ғұрып деген ұлттық құндылықтарымызбен енді- енді қауышқан шағымызда неше-неше сұмдық жағдайяттарға куә болып отырған жайымыз бар.

Бұл туралы көгілдір экраннан қаншама жаңалықтар көрсетіп жатыр. Соны көріп кешегі асыл текті бабаларымыз осы үшін бізге осынау ұлан байтақ жерді қалдырған ба? деген сұрақ сап ете қалады. Шаранасын  қоқысқа, дәретханаға тастап кетіп жатыр. Болмаса қазақтың баласы, өзіміз тіптен аз халықпыз. Ал енді осы жағдай одан әрі өрши берсе, түгіміз қалмас. Осындайда ғана жан айқайына салып, терлейміз.Бұдан бұрын немен айналыстық?Осының алдын алуға жоғарыдан қандай шаралар қолданылып жатыр.Егер осындай жағдай тоқтамаса,алдын алмаса,еліміз құриды,ар-ұят,иман деген рухани құндылықтардан алыстаймыз.Ал рухани құндылықтардан алыстаған адам елдің ақшасын жеп,елді-жерді сатып,ата-анасын қарттар үйіне тастап,нашақорлық,зорлық-зомбылық деген құйтұрқы әрекеттер орын ала бастайды.Қазірдің өзінде бұл жағдайлар көптеп орын алуда.Әлихан Бөкейхан ағамыз: «Қазақ бұзылмаған халық,оны бұзатын сырттағылар»деген сөзін оқып қалып едім.Расында «дос болғанға құшақ жаяр туыспыз,қас болғанға қиып түсер қылышпыз»деп ұрандаған кешегі асыл текті бабамыздың аманатын қаншалықты жалғастырып жатырмыз.

Осының себебіне тоқталсақ.Тәрбие тал бесіктен,ел болам десең бесігіңді түзе. Ертеде қазақ қандай да бір елдің ертеңіне төніп тұрған қауіпті байқаса, дереу алдын алуға кірісіп, ер балаға кішкентайынан «сен ертең елдің қорғаушысы,жердің иесі, елге тірек боласың»деп тәрбиелесе, қыз баласына қырық үйден тыйым деген тәлім-тәрбиеге мол өсиет қалдырған. Соны кішкентайынан бойына сіңіріп өскен бала ертеңгі күні жауапкершілікті сезінуі анық. Яғни, бағыт берушіге байланысты. Бізге бағыт беретін кім? Әрине ата-ана. Әсіресе шаңырақтың тұтқасы ер адамдардың дәрежесі түсіп, сағы сынып,иманы бойынан сөніп бара жатқан секілді. Кеше итің ұры десе намыстанатын қазақ, бүгін қызы босағада отырып  бала тапса да былқ етпейді. Осының бәрі айналып кеп өзімізге тиеді. Неміс фашистері славян қыздарын зорлап, қарттарын аямай өлтірген. Сонда Гитлерге хат жазады екен «Құрметті біздің басшымыз, біз жеңістен үмітімізді үзіп бара жатырмыз, себебі қыздырының ары таза, ал арын сақтай білген елдің ер-азаматтары текті, елге зияны тимей, пайдасын тигізіп, намысты сақтай біледі»деген екен. Қыздың арын жоғары қойған елдің азаматтары намысшыл келеді. Кешегі Бауыржан Момышұлы «Намысты нанға сатпа» деген сөзі бекер айтылмаған. Жануар екеш жануар өз төлін туыла сала оны жалап, мейірімін төгіп, қорғайды. Ал адам баласы осындай жиіркенішті іске барып жатыр, яғни адами қасиеттен қалып, жануарлардан төмен дәрежеге бойлап барады. Осындай әркеттен елдің ертеңіне қауіп төндіретін, тексіз ұрпақ дүниеге келіп жатыр. «Махабатсыз өмір бос» деген сөзді де дұрыс түсіне білген жөн. Біле білсеңіз бүгінгі махаббат нышанына айналған кешегі Ләйлі-Мәжнүн, Қозы көрпеш-Баян сұлу, Еңлік — Кебек те қосылмай кеткен еді. Махаббат та ақыл мен тәрбиеге байланысты гүлдейді.

Елбасымыз: «Елдің ертеңі жастарымыздың қолында, ал жастардың ертеңі ұстаздардың қолында»деген еді, яғни бізде ата-анамыздан кейінгі тәрбие беру тұтқасы ұстаздарымыздың қолында. Яғни мектеп қабырғасында жүргенде тәрбиені дұрыс бере білсе, одан кейін ЖОО қабырғасында да жастарымызға дұрыс бағыт-бағдар бере берілсе ,онда жастарымыз да артындағы жеткіншектерге үлгі бола біледі.Ұстазы жақсының ұстамы жақсы болмақ. Жігіттері қашанда жігерлі,қайратты және бірлікте болса онда оны жау алмас. «Ақыл қайрат жүректі бірдей ұста» деген дана Абайда өзінің шығармаларында тәрбие мен адамгершілікті тиек етеді. Басты себеп те осы сияқты. Барлығы келіп білімге тіреледі. Адам білімді тәрбиемен ұштастыра да білуі керек. Ақын-жазушыларымыздың шығармаларын ашып қарайықшы. Қайсысын оқысаң да жүрегіңе иман нәрін сеуіп, ақылыңа ақыл қосып, көзіңді аша түсетіні анық.

Абылай хан бабамыз «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмедік» деген еді.Алаштың ұландары, қазақтың баласы! Өзімізге өзіміз жанымыз ашымаса кім бізге жанашырлықпен қарасын! Бабамыздың білектің күшімен,найзаның ұшымен қорғаған даласын енді біздің қара қаламмен, жүйрік оймен қорғаумыз керек.Сөз соңында: Жаратқан Елімізді бірліктен, жастарымызды иманнан айырмасын!


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz