Мұғалімнің кәсіби беделі туралы ой

Жарнама

«Күн сайын талап  пен  талғам  жаңарып  жатқан  қарқынды  даму  кезеңінде   мұғалімдер өз бет-бейнесін, кәсіби беделін, мамандығына сай  мәртебесін  орнықтыра  алуы қажет.  Ұстаздық еңбек асқан талғампаздықты, мол адами қасиетті, рухани тазалықты қажет ететін, жауапкершілігі мол, аса күрделі мамандық.  Ұстаздың бойында бала қызыға қарайтын, мен де осындай болсам екен деп еліктейтін қасиеттер болғаны дұрыс. Себебі баланың ұстазына деген сүйіспеншілік сезімінің болуы оның жақсы білім алуына оң ықпал етеді.  Мектепке сөзі мен ісі  бір жерден шығатын , өз мамандығының  кәсіби  беделін  қорғай білетін   ұстаздар керек Скрипка аспабымен  жай дыбыс гаммаларын ойнауға да болады. Паганинше саусақ ұшын сымға жеңіл  тигізіп, одан ғажайып үн шығаруға да болады.  Мұғалімдер білім  мен  тәрбие беру ісінде   сондай аспапта ойнайтын өнер  иелері болуға  тиіс.

Кез келген адам жақсы ұстаз бола алмайды.  — «Бізді оқытатын адамдар мұғалім деп аталады, бірақ, бізді оқытатындардың бәрі бірдей бұл атаққа лайық емес» деген екен неміс ойшылы Гете. Қай   салада да  мамандардың  кәсіби дайындық  деңгейі  бірдей  емес.  Мұғалімдер  арасында  да білім деңгейіне  көңілі тола бермейтін жақтары  бары  рас.  Мектеп  дайын товар  өндіретін  завод  емес.. Білім саласының басты мақсаты – білімді, тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру. Балалардың рухани дамуына жол  ашу.    Мұғалім   балалардың оқу  қызметінің  кәсіби басқарушы   Сабақ үстіндегі мұғалімнің басқарушылық қызметі  — өнер.  Ол   — балалардың ақыл – ойын, қабілетін,  дағдысын мақсатқа сай пайдалана білу  өнері. Мұғалім еңбегіне тек белгілі бір функцияларды орындаудан тұратын қызмет түрінде қарауға болмайды. Педагогикалық қызметте тікелей адам тағдыры жатқандықтан, оны нұсқаумен орындалатын нормативтермен өлшеуге келе  бермейтіні  тағы бар.

Мұғалім қызметінің тереңіне бойлап,тұнығын іздеген дұрыс.  Қандай  қызмет  саласында  болмасын жетімсіз  жақтары  көрініп  қалып жатады.  Ондайда жағалауды лайлап,ернеуге шығып қалған қиқым деректермен  жұмысын бор қасқа, не боқ қасқа етіп шығару қиын шаруа емес.    Мұғалім  беделі мен қызмет  құндылығы  бала да, ата-ана  да  түсінуге  тиіс.  Қызметі  әділетті бағаланбаған мұғалім балаға  сапалы білім мен тәрбие  бере  алмасы  анық…Бұл  ой  саларлық  жай.

Осындайда  сонау өткен дәуірдегі  орыс патшайымы II Екатеринаның білім мен  тәрбие  саласындағы жасаған қадамдары  ойға  оралады..  Немересі I Александр мен інісі Константиннің тәрбиесімен өзі айналысқан патшайым мемлекеттік тәрбие беру жүйесі жобасын жасауға араласқаны тарихи деректерде жазылған..  Сол деректе   қызмет тазалығы , жақсы үлгімен тәрбиелеу – тәрбиенің басты адамгершілік ұстанымы болуы тиіс делініпті..  Барлық сатыдағы мемлекет қызметкерлерінің мектептерге қатысты мәселелердегі міндеті белгіленген. Мұғалімдер мемлекеттік қызметкер  санатына  ендіріліп,  еңбек ақысын жоғары деңгейде болуы қамтамасыз ету  белгіленген..  . Тәрбие талғамы  мен  талабына  сай үлгі көрсетпей, білім мекемелеріне бөлінген қаражатты қымқыру, білім саласы қызметкерлеріне қысым көрсетіп, үстемдік ету әрекеттерін жасағандар қатаң жазаға тартылатыны айтылған.  Үлгі етуге лайықты дүниенің кімнен, кімнің ақылынан шыққаны маңызды емес, маңыздылығы – ақылға қонымдылығында.

Мұғалім мәртебесін көтеру – мемлекет еншісінде, ал қызмет беделін мұғалімнің өзі  жасай алуға тиіс.. Оқу —  тәрбие  сапасын  мұғалімдердің  ар-ұятына  салумен  ғана    жөндеп  ала   алмайтынымыз  анық.  Өз  кәсібіне  адалдықпен  еңбек  ететін  мұғалімдер  бұрын  да,  қазірде  де  солай  еңбек  етуде. Бүгінгі  мектептер  жетілдіруге ,  жаңартуға  ғана  мұқтаж  емес . Бала  тәрбиесіндегі  азаматтық,   қоғамдық  ұстанымдар нақтылана  түссе дейсің….

Сәкен  Бозаев 
Атырау облысы ,
Құлсары қаласы


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz