Ұлттық өнер — өміршең қазына

Сыры ғасырлар бойы  сақталған өнер қазынасының  бір  арнасы —  Қазақстанның  батыс өңірінің күйшілік, әншілік, жыршылық дәстүрі  мен ән өнері . Осы  өнер  қазынасын  зерттеп , өткен  кезеңдерде  өмір  сүрген өнер иелерінің  әндері мен  әншілік дәстүрлерін лайықты түрде өз орындарына қоюға    қадам жасап жүрген өнер зерттеушілерінің бірі ,  жас  ғалым  — Тұрмағанбетова Бақыт Жолдыбайқызы .

Бақыт  Жолдыбайқызы  Тұрмағанбетова – Өнер тану ғылымдарының  кандидаты ,  музыка  танушы  ғалым.  Ол Атырау  облысы,  Жылой  ауданы, Құлсары  қаласындағы  № 1   орта мектептің түлегі. 1992-1996 ж. Ақтөбедегі  А. Жұбанов атындағы университеттің музыка  факультетін бітірді.. 1996-2002 ж.  Құрманғазы  атындағы  Қазақ  Ұлттық  консерваториясында  оқытушы,  музыка  зерттеуші  мамандығын  игерді. 2004-2006 ж. М. Әуезов  атындағы  Әдебиет және өнер  институтының  аспирантурасында  білімін жалғастырды.  2009 ж. Қазақтың ән  жанрына  арналған  ғылыми  еңбегін  қорғап шықты. 2010 ж. Дарынды  жас ғалымдарға  арналған  мемлекеттік  стипендия  иегері  болды. 2011 ж. Зерттеушінің  «Қазақстанның  Батыс  аймағының  ән  мәдениеті»  монографиясы  академик С. Зиманов  атындағы  республикалық қоғамдық ғылымдар  саласындағы  жас ғалымдар  еңбектері  конкурсында  алтын  медальға  ие болып,  арнайы  жүлдемен марапатталды.  Бақыттың  бұл  еңбегі 2011 ж. ТМД  елдерінің  Москва  қаласында өткен  жас ғалымдар  ғылыми  еңбектерінің  «Дебюттер  достығы»  конкурсында  «Қайта жаңғырту , насихаттау»  номинациясы  Дипломымен  марапатталды.

Бақыт  зертеушілік  еңбегі  арқылы бүгінге дейін арнайы зерттеу нысанасына алына қоймаған батыс өңірінің 300-ге жуық әндерін ұлттық өнер қалыбында талданып, ғылыми айналымға  қосуға ұсыныс жасады..Оның зерттеушілік  жұмыстарының теориялық және практикалық маңызы арнайы ғылыми  кеңестерде сараптама жасалып ,  өз  бағасын  алды.   Музыка тану, филология  саласында  жиналған материалдарын арнайы орта және жоғарғы оқу орындарында «Қазақ музыка  фольклоры», «Қазақ музыкасы тарихы», « Мәдениет тану» курстарын жүргізуге   және  оқу құралдарын дайындауға да  пайдалануға болатыны  туралы ұсыныс  берілді.

Бақыттың  «Ұлттық  өнер – өміршең қазына»  атты   ғылыми  зерттеулер мен мақалалар  жинағы 2013 ж. Алматыда  кітап болып  басылып шықты. Бұл  кітабы өнер  зерттеушілерге ,  ізденушілерге  және өнер сүйер  оқырмандарға  арналған.  Кітапта қазақ  ұлтымен  бірге  жасайтын ұлттық  музыка  мәдениетінің  сан  алуан  тақырыбына  арналған , ән  мен  орындаушылық проблемаларына қатысты   ізденістері  жазылған.  Сонымен  қатар,  жинаққа    соңғы  онжылдықта  республикалық және халықаралық  конференцияларда  жарық  көрген зерттемелері  мен  баспасөз  беттерінде  жарық  көрген  мақалалары ендірілген болатын.

Өткен жылы  Құлсары  қаласындағы  №  1 орта  мектептің  30 жылдығы  атап өту  шарасына   осы  мектептің  түлегі  —  Бақыт Жолдыбайқызы арнайы  шақырылды.  Сол  кездесуде  Бақыттан  өнер  жолын  таңдап,  ән  өнерін  зерттеушілікпен  айналысуыңызға   не  себепкер  болды деп  сұраққа орай  сұбқат  берген  еді.

— «… Менің  өнерге  деген  қызығушылығыма  екі  себеп  болды.  …Біріншіден,   менің  өскен  отбасым , ата-анам , туыстарым  өнерлі жандар болды.  Әкем  Жолдыбай  Тұрмағанбетов   «Жылойдың  халық  әні»,  «Жылойдың  қоңыр  әні», « Жылойдың  мәтөк  әні»  деген бірнеше  аттас  әндерді  домбырамен  айтатын.  Жылой  топырағында  туған  өнер иелері  Әлеушан,  Нәдірқұл, Қыздарбай,  Сақып  салған  әндерді  орындап, Жылойдың  ән  мектебінің  негізін салушы – Қыздарбай  Досқанұлы  туралы  деректерді  айтып  отыратын. Әкемнің  айтуымен  бұрын  орындалмаған  «Қар жауар Қарашада  қатқақ болып», «Көбеннің  әні» ,  «Жылой»  әнінің бірнеше  варианттары   тұңғыш  нотаға  түсірілген  болатын.  Анам – Қоңырша  Тұрдығалиқызы  баян , пианино  аспаптарында  еркін  ойнайтын.  Мектепте  музыкадан  сабақ  берген  мұғалім  еді.  Апам  Гүлшат  Жолдыбайқызы  жоғарғы  білімді  музыка  маманы .  Інім  Рүстем  Жолдыбайұлы да  өнертануға  құштар ,  менің  зерттеушілік  қызметіме  көп  көмек берген,  музыка  мәдениетінің  шын  жанашыры  болды.

Екіншіден     …90-шы  жылдары   мен оқыған  Құлсарыдағы №1 –ші   орта мектептің    өнер  профильді   жаңашыл  бағыттағы  сыныптар болды.  Осы мектепте  ашылған  профильді кластардың  бірі —  біз  тәлім  алған  « өнерге баулу»  класы  болатын…  Мұнда оқу  бағдарламасына қалай  мән  берілсе, өнерге де  сондай  деңгейде  көңіл  бөлінетін.  Ауданымыздағы  басқа  мектептерден  осындай   өнерге  деген  осыншама  ынтаны ол кезде көре  алмаған едік..  Мектепте  « Бес  дәріс»  аталған  өнер  орталығы  болды.  Олар – «Ұлттық хореграфиялық– би»  үйірмесі,  «Абылдың күй-саз» үйірмесі,  «Жылойдың  сал-серілік  мектебі» ,  «Бала Ораздың  ақындық  мектебі» , « Әйтеке бидің  шешендік  мектебі» деп  аталған  еді.. Оқушы  кезімізде  өнерге  ерекше  мән  берілген осы  мектепте  оқығанымызды  мақтаныш  тұтатынбыз.  Сол   кездегі     өнерге  баулыған  ұстаздарымыз еңбегін   үнемі алғысымызды әлі  айтып  жүреміз» , — деген болатын.

Бақыт  өзінің  туған  жері – Атырау  мен  Жылой өңірінің музыка мәдениетіне де арнайы назар аударыпты.  Бір жағынан Мұхит мектебі, ал екінші жағынан Маңғыстау қайқылары дәстүрінің арасында қалыптасқан өлкеміздің ән мен әншілік дәстүрінің өзгеше сипаттары  ашылып, Жылойлық өнерпаздар Сақып әнші мен  Қыздарбай сал туралы тұңғыш рет мағлұмат берілген.   Жылойдың лирикалық әндерінің өзіндік болмысы, өрнек нышандары мен әуендік екпін-ырғағы ерекшеліктері зерттелген.

Қорыта айтқанда, өлкеміздің ән дәстүріндегі өзіндік ерекшеліктерін танудағы  Бақыт Жолдыбайқызының  зерттеу еңбегі мен жаңашыл ғылми үрдістерге жасаған қадамына Жылойдан шыққан ең жас өнер зерттеуші ғалым ретінде ақ жол тілейміз.

Сәкен  Бозаев .  Атырау  облысы ,  Жылой  ауданы.

+4
-1

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии