Жүректің гүлі

Жарнама

Цветок сердцаАдамның жан дүниесін гүлдендіріп, биік дәрежеге көтеретін құнды қасиеттердің бірі адамгершілік екенін ақылымыз мойындаса да, амалға асырарда қиыналып жатамыз. Әсіресе, қоғамдағы дағдарысты, әлеуметтік қиындықтарды жанымызға желеу етіп, адамгершілік ауылынынан алыстап бара жатқанымыз өкінішті-ақ. Есігіне ешқашан құлып салмаған қазекемнің дәл қазірсөмкесінің аузын да ашық қалдыруға қорқатын дәрежеге түскенін көресің. Біреулер заманын кінәлап, «заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген қағидамен жүрсе, енді бірі қоғамын кінәлап сол қоғамның бір бөлшегін өзі құрайтынын естен шығарып алып жатады. Ендеше, қоғамның басты тірегі болған адамзат «адамды адам ететін адамгершілік қасиетінен» жұрдай болып қалудан сақтануы керек сыңайлы. Үлкен кісілердің аузынан «қазіргі адамдар жаман, қиналсаң  қара су да татырмайды» деп жататынын жиі еститін болдық. Адамзаттың рухани әлемінің осыншалықты тоналуына не себеп болып отыр? Бұрын заты түгіл атын естімеген қылмыстардың дәл қазір өршіп тұрғаны ненің салдары?

Әрине бұл сұрақ кез-келген халқының болашағы үшін алаңдаған жанды толғандыратын мәселе. Ата-бабамның ар-ұят адамшылықты«Жаным арымның садақасы, малым жанымның садақасы», — деп бағалағанын кез-келген қазақ біледі. Малынан, тіпті жанынан да ар тазалығын биікке қойған дана аталарымыздың қазіргі ұрпақтары арынан малын артық санап жүргенін көргенде,рухани кедейленіп кеттік пе деп қорқасың. Кісі ақысын жемеу, біреудің ала жібін аттамау деген қағидалар кейбіреулер үшін мүлдем құндылығын жоғалтты. Базардан азық-түлік алуға барсақ, таразымызды қалтамызға салып жүретін болдық. Себебі базардағы көпшілік үшін таразыдан жеу заңды нәрсе болып алғалы қашан?! Жерден тауып алған зат иесіне қайтпайтын болды.

Бір жеңгеміз баласының қымбат телефон тауып алғанын айтып қуанып отыр. Ал оған «Әй, ол біреудің заты ғой, иесін тауып апарып бер!» дейтін ата-ана дәл қазір кемде-кем. Себебі ол үшін мал ардан қымбат болып тұр. Әйтпесе, басқасы басқа бірақ телефонның иесін табу қиын емес. Оның орнына біреу тауып алмасын дегендей дереу номерін ауыстырып, түрін өзгертуге тырысады. Ал бұндай іс пен ұрлықтың арасында қандай айырмашылық бар, екеуі де біреудің затын әдейі иемденуге жатпай ма? Осындай оқиғаларды көргенде «Адамшылық негізі –әйел» — деген кемеңгер жазушы  Мұхтар Әуезовтің сөздері есіме түседі. Шындығында да, ақ сүт беріп өсірген аяулы анасы адалдықтың ақ туын желбіретіп, «ешкімнің ала жібін аттама» деп, құлағына құйып отырса ұрпағы ессіз болмас па еді. Баласы тән ауруына шалдыққанда шырылдап, жанын қоярға жер таппайтын ана, баласының рухани құлдырауға ұшырап бара жатқанына да қамкөңіл болмауы керек. Себебі тән ауруы жазылар, бірақ рухани дертке шалдыққан адамның жазылуы өте қиын.

Жер бетіндегі барлық мақұлұқтан артық жаратылған адам баласының байлығы — оның сыртқы дүниесі емес, түсінген адамға ең үлкен байлық – жан дүниенің байлығында жатыр. Жан-жағымызға мейірім шуағын шашып, әрбір жүрекке адамгершілік гүлін егуге талпынайық. Себебі, әрбір жүректе бүр жарған гүл – жан-жағына махаббатың дәнін себеді. Ал мейірім мен махаббаттан құралған қоғамның болашағы да зор болмақ…

Автор: Айнур Сарбала


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

1 Пікір на "Жүректің гүлі"

avatar
Омарова Гүлжан
Қонақ

Аллаһ разы болсын. Расында әрбір ата-ана өз балаларының құлағына жақсы істерді құйып, жаман істерден қайтарып отырса қоғамымызда да тәртіп болары сөзсіз. Өкінішке орай қазіргі таңда жан қайғысы мен мал қайғысы бала тәрбиесінен де маңыздырақ орын алып тұр. Өзімізіздің де, ұрпағымыздың да жан дүниесін байытуға ұмтылайық.

wpDiscuz