Жаңартылған білім – болашақтың кепілі

Бүгінгі күні білікті мамандар даярлау мен білім саласын әлемдік стандарттарға сай ету  басты назарда тұрған елеулі мәселе боп табылады. Тәуелсіз мемлекетімізде білімнің маңыздылығы жоғары бағаланып, оған барынша жан-жақты қолдау көрсетілуде. Жаһандану заманында жас ұрпақтың сыни тұрғыдан ойлау қабілетін, белсенділігін арттыру, оқу-білімге деген құштарлығын ояту, бала бойына құндылықтарды  дамытып отыру ұстаздың қазірде басты міндеті болмақ. Аталған міндеттер орындалу үшін кез-келген маман «смарт педагог» болуы қажет деп ойлаймын. Ол үшін барлық мұғалімдер «Қазақстан Республикасы орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсын тәмамдау керек.

Біз былтырғы оқу жылын  жаңа бағдарлама және жаңа оқулықтар бойынша, оқу жетістіктерді критериалды бағалау жүйесі бойынша бастадық. Шынымен-ақ оқыту нәтижесінде оқушылар сабаққа белсенді араласып, олардың оқуға деген ынта-жігері, қызығушылықтары арта тусетінін байқадым. Топпен және жұппен жұмыс істеу кезінде оқушылар өз пікірлерінің дұрыстығын дәлелдей білді, ынтымастықпен жұмыс істей алды, бірін-бірі бағалап, өзін-өзі бағалау дағдысын қалыптастырды. Ата-аналар үшін балаларды бақылауда ұстаудың тиімді жүйесі қалыптасты деп айта аламын. Орыс тілді мектептерде қазақ тілін оқытуда  оқушылардың бойында тілдік құзіреттіліктерді   қалыптастыру бойынша қолданылатын белсенді оқыту стратегияларын тәжірибе барысында іске асырдық. Мұғалімдердің сабақ беру үрдісінде негізге алатын үш құжатпен – оқу бағдарламасы, оқу жоспары және қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмалар жинағымен жұмыс жасадық.    Мұндағы жаңа оқу бағдарламасының ерекшелігі – оның ХХІ ғасыр дағдыларын дамытуға бағытталғандығында, яғни ақпаратты іздеу, талдау және интерпретациялау дағдыларын дамыту; адам, табиғат және қоғам туралы олардың бастапқы білім қорларын қалыптастыру, рухани-адамгершілік құндылықтарын дамыту. Бағдарлама негізінен оқушының төрт тілдік дағдысын: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым жетілдіруге бағытталған. Бұл төрт дағды оқу жоспарында «Шиыршық әдісімен» орналастырылған және бір –бірімен тығыз байланысты, жыл бойына бірнеше рет қайталанып отырады және сынып өскен сайын тілдік мақсат та күрделене түседі.

Жақында екінші рет, қазақ сыныптары үшін «Қазақстан Республикасы орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсын оқып аяқтадым. Орыс сыныптары үшін қазақ тілінен соншалықты айырмашылығы жоқ, десекте екінші рет қайталап оқу, оны тәжірибемен ұштастыру, нағыз жаңашыл мұғалім болуға лайықтандырып, қанат бітіретінін байқадым. Тренеріміз Бахтиярова Рысканым Жолболсыновна-жаңа бағдарламаны меңгеру барысында мына әдіс-тәсілдердің:  «Галереяны шарлау», «Хан жарлығы», «Ыстық орындық», «Серпілген сауал», «Сана саяжолы», «9 ромб», «5 қадам», «Жылдам дебат» әдісі, «ПОПС» әдісі, «Форум» әдісі, графикалық органайзерлер – «Балық қаңқасы», «Қос диаграмма», «Жылқы сұлбасы», «Хикаят картасы», «Эмоция кестесі», «Тұжырымдамалық карта», «Уақыт тізбегі», «Өрмекші торы», «Торлы диограмма»,  т.б. сабақтың тиімді өтуіне, оқушы бойында қажетті төрт  дағдыны қалыптастыруға ерекше ықпал ететінін айтып, үйретті.

Қай елдін болсын өсіп-өркендеуі, ғаламдық дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына байланысты. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа сапалы, мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру-бүгінгі күннің басты талабы.Үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп. Жаңартылған білім – болашақтың кепілі. Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен, ұлы ағартушы Шоқан Уәлиханов: «Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен  азаттық  пен білім қажет» деген. Азат, тәуелсіз мемлекетпіз, енді жүйелі білім беру міндеті ғана тұр. Бұл міндетті абыроймен атқару үшін күні-түні іздену, әлемдегі озық әдіс-тәсілдерді барынша мектеп өміріне ендіру – ұстаздар үшін парыз. Осы бағдарлама толық енгеннен кейін, оқушының білім деңгейінің көтерілуімен қатар, ұстаздар қауымының беделі бұрынғыдан да жоғарылай түсетініне нық сенім білдіремін!

МЕРУЕРТ  ЕШНИЯЗОВА

Зеленов ауданы
Егіндібұлақ ЖОББМ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

+9
0

Share This Post

guest
0 комментариев
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии