Алаштың айбынды ері — Бердіқожа батыр туралы

Жарнама

XVIII ғасыр еліміздің тарихында мәңгілік қасіреттің ізін қалдырған дәуір болып есептеледі. Қазақ пен Жоңғар арасындағы кескілескен шапқыншылықтардың жүрген кезі. Мұны Алаш тарихындағы қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы Ұлы Отан соғысы деп атайды. Қазақ халқының XVIII ғасырдағы экономикалық-әлеуметтік жағдайы өте қиын күйде болды. Қазаққа зұлмат отын әкелген бір шетінде Жоңғар хандығы тұрса, бір шетінде Ресейге арқа сүйеген Қалмақ хандығы жерімізге көзін алартқан. Жан-жақтап күрескен сорлы қазақты елінен босытып, өзге жерге «Елім-айлап» көшуге мәжбүр етті. Бұл шапқыншылық — «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атанған халықтың зары мен мұңына ұласып, елдің басына адам айтса нанғысыз қайғы-қасіретті әкелді. Тәуке ханның дәуіріндегі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманнан айрылған елдің тоз-тозы шыға басы ауған жаққа үдере көтерілді. Міне, осы бір қиын-қыстау шақта үдере көшкен елдің басын қосып, жері мен елі үшін күресуге шақырған қазақтың ұлы тұлғалары Ұлы Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Бұқар жырау секілді ұлт жанашырларының ерен еңбегі өз жемісін де берді. Алғашқы жоңғардың бетін қайтарған ең ірі соғыс 1729 жылы өткен «Аңырақай қырғыны» еді. Бұл соғыста үш жүздің  баласы тұтастай басын қосып, ата жауға деген ыза-кекпен «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығара білді. Аңырақайдағы жеңіс үш жүздің біріккен қолының жеңісі еді. Жоңғарлар күйрей жеңіліп, өз хандығының жеріне қарай ойысты. Осы жеңіс қазақ үшін болашақ елдігінің ертеңіне деген үміт отын жақты. Осындай ел басына күн туған шақта қазақтың Бөгенбай, Жәнібек, Жауғаш, Хангелді, Қойгелді, Бердіқожа секілді көптеген батырлары елі үшін жанын пида етті. Қазақ халқы үшін Ұлы Отан соғысы деп атауға лайық жоңғар-қазақ шайқасы толарсақтан қан кешіп, елім деп еңіреген мың сандаған батырларымызды тарих сахнасына шығарды. Солардың ішінде аты аңызға айналған шанышқылы Бердіқожа батырды ерекше атап айтуға болады. Ұлы жүздің шанышқылы руынан шыққан Бердіқожа батыр шамамен 1708 жылы Ташкент, Шыршық маңында дүниеге келеді. Тарихи аңыздарға сүйенсек, Бердіқожа батырсыз хан кеңесі өткізілмеген, жорыққа да шықпаған. Оны Ұлы жүзде Төле биден кейінгі үлкен саяси қайраткер, ірі қолбасшы мәртебесінде құрметтеген. Өзінің айбынды ерлігімен көзге түсіп, Абылай ханның ең сенімді серігі болған екен. Кезінде Бердіқожа батыр туралы көптеген аңыз-жырларды жинақтаған атақты Мәшһүр Жүсіп:

«Тауының Арқар деген аты Құлжа,
Жігіттер, атқа түйе тегін олжа.
«Хан Абылай аттанды» дегенді естіп,
Келіпті Шанышқылыдан Бердіқожа» – деп жырлай келе: «Ол Абылай за­манын­дағы ең атақты, ең сенімді батыр­лардың бірі болған еді» деп сипаттайды.

Ал, ауызша аңыз-жырларда: «Ұлы жүз­де оны Төле биден  кейінгі ірі саясаткер, даңқ­ты қолбасшы, шебер дипломат ретінде ұлық­таған. Айбынды қолбасшы, жекпе-жекте жау түсірген жаужүрек. Бердіқожа атақты  Қабанбай батырмен қанаттаса жүріп Ұлытау өңіріндегі Бұланты, Білеуті және Сарысу бойындағы Итішпес-Алакөл маңындағы Аңырақай шайқасында, Іле басындағы Талқы, Ебі, Алакөл, Алтайдағы Ұлансу, Мамырсу, Шар, Шарға шайқастарында қол бастаған, ерен ерліктерімен көзге түскен батыр» — деп суреттейді. «Бердіқожа батыр туралы қазір 175-ке жуық ғылыми-зерттеу еңбектер жарық көрді. Оның ішінде Қытай мұрағаттарынан – 36, Қырғыздан – 35, орыс деректерінен – 22, түріктерден 1 мәлімет табылды. Ал, Қазақстан бойынша 81 материал табылып, ғылыми айналысқа түсті» деген деректерді білеміз. Артына өшпестей атын қалдырған атақты батыр туралы кезінде Қабдеш Жұмаділов, Ақселеу Сейдімбеков, этнограф Бақтыбай Қасымбеков, Марат Дәдікбай секілді көптеген ғалымдарымыз қалам тартты. Белгілі қазақ ақыны Несіпбек Айтұлы болса Бердіқожаның ерлік істері туралы арнайы поэма жазды. Бұл батырдың ерлік істері әсіресе XVIII ғасырдың аяқ жағына қарай қазақ пен қырғыздың соғысы кезеңінде, оның қау тартқан шағында қайта жаңғырады. Қырғыздар қазақтың жоңғармен соғысынан титықтап шыққанын пайдаланып, оңтүстік өңірлердегі қазақ жерлеріне басқыншылық әрекетін жасаған кезде Абылай ханның өзінің жеке батырларымен қырғыз еліне қырғын салғаны белгілі. Міне, осы шайқаста Абылай хан жер жағдайын жақсы білетін оңтүстік қазақтардың батырларымен шайқасқа кіргені аңыздарда айтылады. Сол соғыста Бердіқожа батыр ерен ерлік көрсетіп, көзге түскен ерекше батыр болыпты. Шапырашты Қазыбек бек те өзінің «Түп-тұқианнан өзіме шейін» атты кітабының 384 бетінде: «Бұл соғысқа Қабанбай үш мыңдай қолмен араласты. Әсіресе, қырғыздың жер жағдайын жақсы білетін Дулат-Шымыр Шынқожа, Дулат-Ботпай Қоралас, Дулат-Сиқым Мәлік, Шанышқылы Бердіқожа батыр қырғызға қырғын салды. Қырғызды тіпті таптап жіберер еді, дегенмен аяушылық болды» — деп оның батырлығына тәнті болады. Қайран батыр қартайғанша ат үстінен түспей елім деп еңіреп өтеді. Бірақ та жасы келген шағында өз ажалынан өлмей, дұшпандарының қолынан 1786 жылы қаза табады. Оның денесін өзі жайлаған Қарқаралы жеріндегі Көкшетау мен Дуана таулары арасындағы Дағанделі өзенінің бойындағы биік төбенің басына әкеп арулап қояды.

Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған, елі мен жері үшін жан беріп, жан алысқан бабамыздың өшпес ерлігін ел алдында насихаттау мен тарихымыздың жарқын беттеріне қосу біздің бабаға деген құрметіміз. Халық ерімен елге айналады, елімен ер атанады. Отанын қорғап, қиын-қыстау кезеңде жанын шүберекке түйген ерлеріміздің даңқын асқақтату парызымыз!

Асылжан Шайдилдаев
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени
қорық-музейінің ғылыми қызметкері


Жарнама

Share This Post

Сіз не дейсіз?

Пікір жазып бірінші болыңыз!

avatar
wpDiscuz